САНСЫРАҒАН ТАҒДЫРЫ БАР САРЫСУ

САНСЫРАҒАН ТАҒДЫРЫ БАР САРЫСУ

САНСЫРАҒАН ТАҒДЫРЫ БАР САРЫСУ
ашық дереккөзі
585

Жер-су атауларына тарих көзiмен қарасақ

Кеңестер Одағын «соқамен қабылдап алып, атом бомбасымен қалдырған» Иосиф Сталиннiң туғанына 130 жыл толуына орайластырылатын «Сталинизм тарихы: репрессияланған Қазақстан» атты ғылыми конференцияны «Әдiлет» тарихи-ағарту қоғамы елiмiздегi барлық мүдделi ұйымдармен бiрлесiп өткiзудi жобалауда. Мұндай iс-шара қалың ел-жұрт бастан кешкен қайғылы кезеңдердi тереңiрек түсiне отырып, халқымыздың, қазақтың өзiн былай қойғанда, қазақ төңiрегiне топтасқан түрлi ұлт өкiлдерiнiң бiрлiгiн нығайта және арттыра түсуге септесетiн болады.

Сталиндiк-большевиктiк режимнiң халық еңсесiн басып келгенi мәлiм. Бертiнгi игiлiктерге бiз ұлттың қорлық көруi мен қиналыстары, қилы азап шегулерi арқылы жеттiк. Сталинизм дәуiрiндегi ерен қасiрет пен күреске толы кезеңдi Жамбыл облысындағы Сарысу ауданының халқы да бастан кешкен едi. Тағдыры тағылымды осы аудандық әкiмшiлiк бiрлiк – сталинизм жылдары тұрпайы таптық саясаттың зардабын мейлiнше тартқан, қайғылы саяси репрессияға ұшыраған Қазақ елiнiң келбетiн өте анық елестететiн нақты да көрнекi мысал болып табылады. Сонымен бiрге, өкiнiштiсi, қазiргi демократияшыл кеңқолтық заманның өзiнде осы ауданға байланысты кейбiр тар рушылдық тұрғыдағы iрiткi салушылық та әлсiн-әлсiн көрiнiс берiп жүр. Сондықтан, шолақ пiшiлетiн тайыз пайым бiткеннiң алдын алу орайында да, көпке беймәлiмдеу тарихқа ерекшелеу назар аударған дұрыс тәрiздi.

Жақында республикалық газеттердiң бiрiнде Сарысу ауданының аталымына бiр журналистiң ру мүддесi тұрғысынан келiспеушiлiк бiлдiрiп, атын өзгертудi ұсынған мақаласы жарық көрдi. Оған тоқсанды алқымдаған қарт жазушы Дулат Шалқарбаев байсалды жауап берiп те үлгердi. Ол «белгiлi мемлекет және қоғам қайраткерлерi Жанайдар Садуақасов пен Ораз Жандосов басқарған құтқарушы топ ашаршылыққа ұшыраған сарысулықтардың он ауылдық кеңесiне Талас ауданына қарайтын үш ауылдық кеңестi қосып, Сарысу атымен Қаратау өңiрiне орнықтырғанын» еске салды. Сол шақта да, кейiнiрек те – Хрущев дәуiрiнде бес жылдай Талас ауданына бiрiктiрiлiп, одан қайта отау тiккенiнде – ауданның атын өзгертейiк деуге ешкiмнiң аузы бармағанын, өйткенi олардың «елдi, жердi, аруақты сыйлағаннан», аудан атауы «қуғын-сүргiнмен өткен үш рулы елдiң ескерткiшi екенiн түсiнгеннен» солай еткендерiн айтты.

Аудан еңбек ардагерлерiнiң Ермекбай Ақылбеков, Тұрсынбек Ысқақов, Қабыл Ыбыжанов, Әнуар Садуақасов, Төкен Омарбеков, Алтын Досжанова, Қыстаубай Әлиев бастаған үлкен тобы Елбасының: «Қазақстанның тәуелсiздiгiнiң болашағы үшiн, өсiп-өркендеу үшiн Қазақтың – Өзiмiздiң ұлттың бiрлiгi керек», – деген сөзiн терең түсiнуге шақырып ашық хат жазыпты. Ақсақалдар «ел арасын алшақтатқан астарлы мақалада» журналистiң «рулар арасына арсыз ши жүгiрткен» моральдық бейнесiне таңырқап, оның «Ру мен Бұруды» көңiрсiткен, «алынбас қамалға қаңғырып келiп тиген жебенiң сынығындай болған сыпсыңы ел-жұртты ойға қалдырғанын» айтып қынжылыпты. «Сексен жылдан берi құда-құдандал болып, ағайындай араласып, бiтiсiп кеткен» ат төбелiндей аз жұртты «ата-атаға бөлшектеп» iрiтуге тырысу бiр бұл еместiгiн, әлдебiр өресiз журналистiң «Арқадағы өзен Қаратаудағы ауданға неге керек?» деген уәжбен, ауданның атын өзгертудi бұдан тоғыз жыл бұрын газетте, ендi бiреуi берiде беделдi басшы алдында көтерiп, елдi дүрлiктiргенiн ренiшпен еске алған да, «сан ғасырдан берi әрең қолымыз жеткен тәуелсiздiгiмiздi» шындап баянды етудiң жөн жолын нұсқаған екен…

Бұл жәйт «Әдiлет» идеяларының маңызы жоғалмағанын, азаматтарды тарихпен тәрбиелеу жұмысын еш тоқтатуға болмайтынын, сол орайда алдағы айда өткiзудi жоспарлап отырған конференция тақырыбының өзектiлiгiн көрсетедi…

Көшпендiлiк

Сарысу ауданының құрылғанына сексен жылдан асып барады. Аудан Сарыарқа төсiнде Сарысу өзенi алқабын жайлап, ну қамысты Шу өзенi алқабын қыстап жүрген көшпендi болыстардан ұйыстырылған едi. Дербес әкiмшiлiк бiрлiк болып құрылған бетте-ақ оның дәстүрлi экономикасы тұралатылды. Жұрттың тұтқа көретiн азаматтары саяси айыптар тағылып, жазықсыз жазаланды. Қаржымен қамтамасыз етiлмеген отырықшыландыру шарасын қайткенде жүзеге асырмаққа күш қолданылды. Кәмпеске, ұжымдастыру сынды науқандарды наразылық белгiлерiн басып-жаншумен қатар жүргiздi. Айналып келгенде, алды-арты ойластырылмаған берекесiз реформаны күйттеген солақай саясат жаңа ауданның халқын зор күйзелiске ұшыратты.

Күнкөрiс көзiнсiз қалған ел-жұрт ашаршылыққа ұшырап, отыз екiншi жылғы Ұлттық апатты бастан кештi. Түгелге жуық қырылып қалудың аз-ақ алдында қалды. Қысы-жазы киiз үйде тұрып, мал бағумен күнелтетiн бұл ел құлазыған жалпақ Бетпақдаланы мал-жанымен жылына екi мәрте басып өтiп, көктемде Сарысуға, күзде Шуға қарай көшiп жүретiн. Осындай жағдай революцияның алғашқы жылдары да өзгерiссiз сақталған-ды. Кеңес өкiметi орнап, кеңестiк автономиялар шаңырақ көтерген тұста олар объективтi түрде екi республикада кезек-кезек тұрып, көшпендiлiк тұрмыс салты ыңғайымен, жаз айларын – Қазақ Республикасының Ақмола облысы, қыс айларын – Түркiстан Республикасының Сырдария облысы шектерiнде өткiзетiн.

Алайда, әкiмшiлiк бөлiнiс пен бағыныс тұрғысынан, мұндай ахуал халыққа да, билiкке де едәуiр қолайсыздық туғызатын-ды…

Шу бойына қыстауға келген ауылдарда, 1922 жылдың соңына қарай, жұртшылықтың Түркiстан Республикасы құзырына өтуге тiлек бiлдiрген жиналыстары өтiп жатты. Жиналыстарға Сырдария облаткомының мандатымен Қазақ Республикасының Түркреспубликадағы Сырдария және Жетiсу облыстары бойынша өкiлi Дiнмұхамед (Дiнше, Мұқыш) Әдiлов қатысып, жұртшылықтың қабылдаған қаулыларын (приговорларын) жинастырып алып жүрген. Сол шамада Ақмола уездiк атқару комитетi атынан қарулы топ құрып келген «өкiлдер» Шудағы ел iшiнде қыс басталғалы тұрып келе жатқаны, олардың салық жинау желеуiмен ел-жұртты тонап, қорқытып, жын-ойнақтарына ауылдардан қыз-келiншектер алдыртқан бейбастақтықтары белгiлi болады…

«Өкiлдер» тобын Байсейiт пен Мұқыш Әдiловтер аудандық милиция бастығымен, өзге де азаматтармен бiрлесе қимылдап қарусыздандырады. Сол кезгi революциялық ахуалға сәйкес, халық үкiмiн шығартып, басшыларын атқызады. Артынша Ақмола және Әулиеата уездiк аткомдарына тиiстi баянхаттар бередi. Сөйтiп, көшпендi шаңырақтардың бiрқатарын Талас бойына, Билiкөл, Сорбұлақ, Созақ аймақтарына қоныстандырумен шұғылданады. Бiраз жұрт Шу бойында қалады.

Кеңес өкiметiнiң абыройын түсiрген қызметкерлердi жазалаудағы Әдiловтердiң iс-әрекетiн Түркiстан Республикасы үкiметiнiң төрағасы Тұрар Рысқұлов мақұлдайды. Алайда Қазақ Республикасы Iшкi iстер халкоматы Бас милиция басқармасының бастығы Дүйсебай Нысанбаев «ағайынды Әдiловтер салық жинауға қарсылық ұйымдастырды» деген желеумен 1923-24 жылдары түрлi түсiнiктер жинап, айыптау материалдарын Қазаткомға ұсынады. Жалпы, Байсейiт пен Мұқышты iстi қылудың түрлi амалын қарастырады. Мәселе Орта Азиядағы ұлттық межелеу нәтижесiнде қазақ жер-суы бiрiктiрiлгеннен кейiнгi саяси жағдайда тiптi өршiтiлiп, әйгiлi «Алаш iсiне» ұластырылады…

Апат кезендерi

Сарысу ауданы 1928 жылғы қыркүйекте құрылды. Бұл кезде ауданда тiркелген көшпендiлер қолында бiр миллионнан астам қой, жиырма мыңдай түйе-жылқы болатын. Жекелеген байлардың ұсақ тұяғы 10-15 мыңдай, iрi қарасы үш мыңдай едi. Көшпендiлiкпен өмiр сүру салтының талабына сәйкес, ұдайы қоныс пен жайылым ауыстырып көшiп-қонып отыруына қажет болғандықтан, әр қожалық кемi төрт-бес түйе, бес-алты жылқы ұстайтын-ды. Тақыр кедейлер сирек, тiптi жоқтың қасы едi, өйткенi бiрлi-жарым жарлы әдетте дәулеттi ағайындарының қызметiнде жүрiп, жоқшылық көрмейтiн. Бұл барша көшпендi және жартылай көшпендiлерге негiзiнен ортақ құбылыс-ты.

Алайда, 1925 жылы елдi басқаруға орталық эмиссары Филипп Голощекин келгеннен кейiн, таптық идеология қолдан өршiтiлдi. Әйгiлi «Кiшi Қазан революциясының» мұратына сәйкес, ағайындардың ара-жiгiн бай және кедей деп жауықтыра бөлу мақсатымен, ауыл-ауылда қоғамды екi жарып, жұлдызы жараспас қарсы таптарға аша түсетiн сына қағылды. 1928 жылғы қыркүйекте Сарысу ауданындағы сегiз iрi байдың мал-мүлкi тәркiленiп, өздерi жер аударылды. Одан кейiнгi жылдары орташа байлар мен орта шаруалар малын ықшамдай түсу мақсат етiлдi: ет дайындаудың «Нық план» деген атпен нобайланып, «Асыра сiлтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!» деген әсiреқызыл ұранмен ел санасында өшпестей жазылып қалған шолақ белсендiлiк науқаны он бес ай бойы жүргiзiлдi.

Азын-аулақ егiн 1931-1932 жылдарғы құрғақшылық салдарынан өнiм бермедi, жайылымдық нашарлай түстi. Оның үстiне, кеңестiк-большевиктiк билiк «ру жiгiн жоямыз» деген жаңа ұранмен ауылдарды бiр-бiрiмен мидай араластырып, ауылдық кеңестерге жаңаша құрамда бiрiктiрдi. Қиюын қашыра айырып-қосып, шым-шытырығын шығарды. Шаруа жағдайына байланысты бұрыннан бiрнеше құдыққа бөлiнiп қауымдасқан ағайындарды ендi бiр-бiрiнен ерiксiз бөлiнiп кетуге мәжбүр еттi. Бұған наразы болған ауыл адамдарының арыз-шағымын жергiлiктi өкiмет тыңдамады.

Одан жұрттың малын сыпырып алып, ұжымдастыру шараларын жүргiздi, артельдер құрды. Тұрақты үй-жай салуға қажет қаржы-қаражатпен, құрылыс материалдарымен қамтамасыз етпей-ақ, отырықшы болуға әмiр еттi. Әдеттегi көшi-қонына тыйым салды.

Сонда үйреншiктi күнкөрiс тәсiлiнен айырылғандардың шамасы жеткенi жан-жаққа босып көшiп кетуге мәжбүр болды. Ауылдардың көбi ескi әдетiмен Шуға қарай қозғалды. Олардың соңдарынан аудандық ГПУ мен милиция жасақтары түстi. Қаша көшкен елдi арттарынан қуып барып, қорқытты, түрлi саяси кiнә артып, зәбiр көрсеттi. Қолдарында қалған азын-аулақ малдарын тартып алып, өздерiн қамауға дейiн барды.

Малдан айырылып, паналар бұрыш таппай қалған көшпендiлердi аштық жайлады. Бiрлi-жарым көлiгi барлар күш бiрiктiрiп, түнделетiп, жасырын қаша бастады.

Сарыарқада сетiней бастаған көшпендiлер ендi Бетпақдала үстiнде, ұзақ жолдың бойында қырылды. Бiрiн-бiрi жетелеп, балаларын арқалап, жаяу-жалпылап келе жатқан аш-жалаңаштардың көбi межелi жерiне жете алмай, аштан өлдi. Көбiнiң үй-мүлiктерi, төсек-орындары, киiм-кешектерi Бетпақдалада, Шу өңiрiнде қалып қойды. Ашыққандықтан қарақшылық кәсiпке түскендар ас-ауқаты бар босқындарға шабуыл жасап, күш-көлiгiн, малдарын тартып алып жүрдi. Жол-жөнекей жалғыз-жарым бөлiнiп қалған бала-шағаны ұрлап әкетiп, пiсiрiп жеуге дейiнгi масқаралыққа да барды.

Тәркiлеу мен ұжымдастыру алдында республикадағы қазақтар саны төрт миллионнан астам-ды, ал олардың алдарындағы малының мөлшерi 40 миллионнан асатын. Қазақияда жаппай ашаршылық жасап, халықты ұлттық апатқа ұрындырған саяси науқандардан соң – елдегi қазақ саны екi есе, оның қолындағы малының басы 8 есеге дейiн кемiп кеттi. Ал отыз алты мыңдай жаны болған Сарысу ауданында жиырма төрт мың адам аштық құрбанына айналды. Халықтың үштен бiрi ғана жаңа қонысқа тiрi жеттi, олардың қолында түлiк қалмады десе де болады. Содан, «32-жыл» деген қанды жазу жұрт санасына мәңгi өшпестей боп жазылды.

Репрессиялар

Большевизм өзiнiң озық реформа санатында дәрiптеген әлеуметтiк-экономикалық есеңгiрету шараларының қайғылы салдарын «халық жауларына» жапты. Байсейiт және Мұқыш Әдiловтер ендi 1922 жылдан берi тiс қайрап жүрген жауапты қызметкерлер тарапынан Сарысу ауданында «тәркiлеу науқанына қарсылық ұйымдастырды» деп айыпталды. «Тәркiлеу науқанына қарсылық ұйымдастырушыларды» тұтқындау үшiн Шымкенттен Қаратау қойнауына 1928 жылғы желтоқсаңда қарулы жасақтар аттандырылды. Байсейiт оққа ұшты, ал түнеген үйi қоршауға алынып, ескертпе ретiнде оқ атыла бастаған сәтте – Мұқыш (Дiнмұхамед, Дiнше) берiлдi.

Дiнше Әдiлов – 1917 жылы Омбыда Әлихан Бөкейханов қатысқан жиналыста Алаш партиясының Ақмола облыстық комитетi мүшелiгiне сайланған ұлт қайраткерi, 1918 жылы Қиыр Шығыста Қызыл гвардия қатарында шайқасқан, 1920 жылы Алматыда Жетiсу облыстық оқу бөлiмiнiң меңгерушiсi болған, сол жылы күздегi Қазақстан Кеңестерiнiң I съезiнде Орталық Атқару Комитетiнiң – Қазаткомның мүшесi болып сайланған, республика Iшкi iстер халық комиссарының орынбасары, бiрер уақыт мiндетiн атқарушы болып iстеген мемлекет қайраткерi, 1921 жылы Кеңеске қарсы Орта Азияда жүргiзiлген астыртын қызметке қатысып қайтқан тәуелсiздiк күрескерi, 1925-26 жылдары Ұлт театрының тұңғыш директоры (бас режиссерi, көркемдiк жетекшiсi) ретiнде бүгiнгi М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының шаңырағын алғаш көтерген мәдениет қайраткерi едi. Осы азаматпен әлдебiр байланыста болды-ау, аудаңдағы сегiз iрi байды тәркiлеуге әлдеқандай наразылық белгiлерiн бiлдiрдi-ау дегендердiң бәрi 1929 жылдың ортасына дейiн қамауға алыңды.

Кеңес Одағы Бiрiккен Саяси Бас басқармасының (ОГПУ) Шығыс бөлiмiнiң 2-бөлiмшесi бастығының көмекшiсi Павлов Мәскеуде 1930 жылғы 12 наурызда Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Дiнмұхамед Әдiловпен бiрге барлығы 44 адамға айып таққан 78754-iс («Алаш iсi») бойынша айыптау қорытындысын жасады. Шығыс бөлiмiнiң бастығы Дьяков бекiткен осынау айыптау қорытындысында «Әдiловтiң бандасы» деген арнайы тарау бар. Онда алашордашылардың басшылары «шалғайдағы Сарысу ауданында тұрған Әдiловтiң бандасына» да «үлкен үмiт артқаны» атап көрсетiлген.

Сарысудың 18 тумасы, олардың алтауы ағайынды Әдiловтер, Мәскеудегi Бутырь түрмесiнде Ахаң, Жахаң бастаған 44 алашордашы қатарындағы «бандиттер» ретiнде iстi болып жатқанда, күллi Қазақстан аймақтарында орашолақ реформаға қарсы қарулы бас көтерулер орын алды. Iргелес Созақ пен Сарысу аудандарының азаматтары да көтерiлдi. Көтерiлiстердiң баршасы аяусыз басып-жаншылды. Жазалау операцияларында жүздеген жан оққа ұшты. Қатысқандар сотқа тартылды. Көбi түрлi мерзiмге кесiлдi, айдалып кеттi, едәуiр бөлiгi атылды. Тек Сарысу көтерiлiсiне қатысты деген айыппен 1930 жылы 25 адамға ату жазасы берiлген.

Жұрт реформа талаптарына бейiмделiп, тiршiлiк бiртiндеп қалыпқа түсе бастағанда, «үлкен террор» дауылы соқты. Республикада жүз жиырма мыңдай жан репрессияланып, жиырма бес мыңдай адам оққа байланғаны мәлiм. Солардың қатарында жүз қаралы сарысулық қуғын-сүргiнге ұшыратылды, олардың көпшiлiгi атылды, талайы лагерьлерде құлдарша еңбек етiп, казармалық социализм көрiгiн қыздырды.

«Аспаннан түскен жасын-ды, Жасынға тiктiм басымды. Теңiзден маржан сүзгендей, Терiп бiр алды-ау асылды! Қаптай да көшкен қауымның, Қорымы қалды-ау, о, жалған! Ардағы кетiп ауылдың, Тобыры қалды-ау, о, жалған!» – 32-33-жылдарғы алапат аштық пен 37-38-жылдарғы «халық жауларын әшкерелеу» науқаны құрбандарына кезiнде осындай зарлы жоқтау шығарылған екен.

Құрбандарды еске алу

Жоқтаулар үрейлi ахуалда, оңашада айтылды. Ашық жоқталғандарда жеткiлiктi-тiн – олар екiншi дүниежүзiлiк соғыс құрбандары едi. Сарысулықтар майданға ер-азаматтарын түгелге жуық аттандырды. Олардың iшiнде 2421 адам ұрыс далаларында опат болды (дерек толық емес). Үш сарысулық – Берген Исаханов, Қазбек Нұржанов, Амантай

Дәулетбеков Кеңес Одағының Батыры атанды, 280 жаудың көзiн жойған, Невель қаласы үшiн болған шайқаста Мәншүкпен бiр күнде, бiр шепте мерт болған атақты мерген Ыбырайым Сүлейменовтi сарысулықгар өз араларынан шыққан төртiншi Батыр деп бiледi. Көптеген сарысулық майдангер жауынгерлiк орден-медальдармен марапатталды, ондаған азамат фашистермен офицер дәрежесiнде шайқасты. Олардың iшiнде аудан шегiне аман оралып, ел басқару iсiне араласқандар, белгiлi қайраткер деңгейiне көтерiлгендер де баршылық. Мұның бәрi жаппай және орынды түрде мақтаныш етiлдi. Тек қайғылы шежiре көпке беймәлiм қала бердi, ол көзi ашық азаматтарды ғана iштей толғантты.

Жазушы Пернебай Дүйсенбиннiң айтуына қарағанда, 1967 жылы Сарысу ауданының басшысы Ұзақбай Сыздықбаев жергiлiктi журналист-жазушы, ақын Дулат Шалқарбаевты шақырып алып, «көне көз ақсақалдар бар кезде, олардың кешегi қаралы кезең жайындағы естелiктерiн қағазға түсiрiп алуға» тапсырма берiптi. Есте қалған деректердi жинастыру iсiн аудандық өлкетану мұражайын ұйымдастырушы қарт журналист Төкен Мақашев та сол шақтан бастаса керек. Бiрақ тоталитаризм олардың адымын аштыра қоймаған тәрiздi. Сол кiсiлердiң материалдары негiзiнде Пернебай тәуелсiздiк жылдары «Шежiрелi Сарысу», «Сарысунама» атты мазмұнды жинақтар шығарды.

* * *

Тоталитарлық билiк кезiнде жаңғыз сарысулықтар емес, жалпы халық жұмған аузын ашпай келген. Қайта құру саясаты тұсында ғана жұрт қасiреттi тарихын ашық қайта қарай бастады. Тәуелсiздiктiң табалдырығында Жоғарғы Кеңес аштық құрбандарын еске алу күнiн белгiледi, алайда ол белгiлi себептерге байланысты ешқашан өз дәрежесiнде атап өтiлген емес. Шынтуайтқа келгенде, ащы да қасiреттi тарихты жұрт санасында жаңғыртып, барша халықты тек сол шыншыл тарихпен тәрбиелеу арқылы ғана елiмiздегi нағыз татулық пен бiрлiктiң, ұлттық даму мен жарқын болашақтың бекем негiзiн қалауға болар едi.

Осындай ойға бекем «Әдiлет» қоғамы тоталитарлық сталиндiк режимнiң қатыгез iс-әрекеттерi мен саясаты салдарынан орын алған трагедияны ұмыт қалдыруға болмайды деп санайды. Қасiреттi өткен шақ қазiргi және болашақ ұрпаққа әрдайым демократиялық құндылықтарды, адам құқтарын және заңдылықты сақтау мақсатындағы ескертпе боп тұруға тиiс. Тарихтың осынау ұлттық апат бедерленген беттерiнен болашақ ұрпақ тағылымды сабақ алу үшiн, ұсақ рушылдыққа ұрынбай, ұлттық тұтастық қадiрiн түйсiну үшiн, күллi қазақстандық халықты бiр мақсатқа ұйыстыра алу үшiн – оны ағартушылық және ғылыми-зерттеушiлiк бағдарламаларға енгiзу қажет. Бiз өткiзудi қолға алып отырған «Сталинизм тарихы: репрессияланған Қазақстан» атты болашақ ғылыми конференция сондай игi шаруаға риясыз қызмет етедi деген сенiмдемiз.

Бейбiт ҚОЙШЫБАЕВ,Қазақстан «Әдiлет» тарихи-ағарту қоғамының президентi, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

Серіктес жаңалықтары