ШЕКАРАШЫЛАР ШИРЫҒА ТҮСТI

ШЕКАРАШЫЛАР ШИРЫҒА ТҮСТI

ШЕКАРАШЫЛАР ШИРЫҒА ТҮСТI
ашық дереккөзі

КӨЛЕМДI ТАУАР ТӘРКIЛЕНДI

Ағымдағы жылдың желтоқсан айының басында ҚР ҰҚК Шекара қызметi заңсыз жолмен шекара аспақшы болған контрабандалық тауарларды тәркiледi. Дәлiрек айтсақ, «Солтүстiк» аймақтық басқармасына қарасты Қостанай шекара отряды «Желқуар» шекара комендатурасының «Бозбие» шекара заставасының қызметкерлерi iрi көлемдегi контрабандалық тауардың жолын кестi. Күтпеген жерден қолға түскен қылмыскерлер халық тұтынатын тауарларды Ресейге алып өтпек болған.

Шекарашылар Ресейге бағыт алған «Урал» және қос бiрдей «КАМАЗ» жүк көлiктерiн талапқа сай тоқтатқан. Қазақстан азаматы бұл тауарды ресейлiк төрт азаматпен бiрге алып өтпек болыпты. Он бес тоннаға жуық халық тұтынатын затты заңсыз тасымалдамақшы болғандардың жолын Қостанай шекарашылары кестi. Бүгiнде Қостанай облысы, Жiтiқара ауданының Пушкино елдi-мекенiнiң маңында ұсталған аталмыш топты шекарашылар қаржы полициясының жергiлiктi бөлiмiне тапсырды.

Контрабандалық тауар тасушыларға тосқауыл қойған «Желқуар» шекара комендатурасы мен барлау-iздестiру тобы дәл сол күнi қызмет бабымен «Бозбие» шекара заставасына кездейсоқ барып қалады. Бұл топтың құрамында комендант майор К.Текеғалиев бастаған келiсiмшарт қызметiнiң ефрейторы Д.Байекенов пен қатардағы жауынгер М.Баймұқанбетов мұндай iрi көлемдегi заңсыз тауарды тәркiлеймiз деп ойламаса керек.

ҰСАҚ-ТҮЙЕК ДЕГЕН БОЛМАЙДЫ

Жақында «Бiшкек-Красноярск» бағытында қатынайтын жолаушылар автобусын талапқа сай тексерген шекарашылар Қырғыз елiнiң бiр азаматшасын құрықтады. «Семей» шекаралық бақылау-өткiзу пунктiне қарасты «Ауыл» шекаралық бөлiмшесiнiң құрамында кiшi бақылаушы прапорщик К.Икласова мен келiсiмшарт қызметiнiң сержанты Б.Амирханова және шекара наряды асқан қырағылық танытып, жат елдiк азаматшаның қылмыстық iсiн әшкереледi. Жiтi тексерудiң нәтижесiнде айырқалпақты азаматшаның сөмкесiнiң түбiнен 3 келiге жуық есiрткiнiң героин түрi табылды.

«Ауыл» шекарашылары үшiн бұл кезектi тәркiлеу болып отыр. Олар бұған дейiн мұндай заңсыз әрекеттiң бiрнешеуiнiң алдын алған екен. Мемлекеттiк шекара бұзушылар қай кезде болмасын жымысқы әрекетiн бiлдiрмей iске асыруға тырысып бағады. Әйтсе де қырағы шекарашылар үшiн ұсақ-түйек деген болмайды.

ЖАСЫРЫН ӨТУ МҮМКIН ЕМЕС

Өткен аптада «Сеймей» жеке бақылау-өткiзу пунктiне қарасты «Ауыл» темiржол шекаралық бақылау бөлiмшесiнде тағы бiр заңсыз әрекет тәркiлендi. Шекара нарядында аға лейтенант А.Құрымбаев пен прапорщик Р.Мұстафин «Новосiбiр-Алматы» бағытында қатынайтын жолаушы пойызын талапқа сай тексеру барысында қазақстандық азаматты күдiктi ретiнде ұстады. Шекарашылардан айласын асыруға тырысып баққан жолаушы заңсыз тауарын басқа жерге орналастырып үлгерген. Шекарашылардың жiтi тiнтуiнiң нәтижесiнде пойыздың төбеаралық кеңiстiгiнде орналасқан су сақтайтын ыдысқа 30 келiден астам бекiре тұқымдас балықтың уылдырығын жасырыпты. Әлбетте өз iсiнiң мамандары тағы бiр жасырын әрекеттiң алдын алды.

Жанат ЖАБЫРБЕКОВ, аға лейтенант