МӘДЕНИ ЖАУҺАРЛАРЫМЫЗДЫҢ ЖАҢА ӨМIРI
МӘДЕНИ ЖАУҺАРЛАРЫМЫЗДЫҢ ЖАҢА ӨМIРI
Мемлекеттiк тiлдi меңгерудiң жолы ендi қиын болмайтын сияқты. Тiл үйренем деушiлердiң құлшынысы болса, оны үйренудiң барлық жолдары iске асырылды. Бұл жөнiнде Парламенттегi Үкiмет сағатында Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлiмдедi.
«Қазақстанда қазақ тiлiн үйренем деушiлерге барлық жағдай жасалған. Оқулықтар, оқу құралдары, сөздiктер, әдiстемелiк нұсқаулықтар жүздеген мың таралыммен басылған. Ендi тек тiлек қана керек!», — дейдi министр мырза. Оның себебi де бар. Өйткенi, министрлiк 2011-2020 жылдарға арналған Тiлдердiң қызмет етуi және оларды дамыту жөнiндегi жаңа мемлекеттiк бағдарламаны әзiрлеуге кiрiсiптi. Осы бағдарламаның негiзiнде, алдағы жылдар iшiнде қазақ тiлi заманауи ақпарат тiлiне айналмақ.
«Ағымдағы жыл барысында министрлiк депутаттармен бiрлесе отырып, жемiстi де табысты жұмыстар атқарды. Ең бастысы, өткен жылы министрлiк өз бағытының заңнамалық базасын жетiлдiрiп алған болатын. Сонымен бiрге, биылғы жыл басынан берi министрлiк тарапынан үш заңға өзгерiстер енгiзiлдi, — деп баяндамасын бастаған Мұхтар Құл-Мұхаммед: — «Мәдениет туралы» негiзгi заңға үлкен топтамалы өзгерiстер ұсынылып, бұл құжат қазiргi күнi Парламенттiң келiсiм комиссиясында талқылануда», — дедi. Сондай-ақ, Үкiмет сағатында министр министрлiк тарапынан атқарылып жатқан шаралар жөнiнде бiрқатар мәлiметтердi атап-атап көрсеттi.
Мәдениет және ақпарат министрiнiң депутаттардың назарына ұсынған мәселесiнiң бiрi — «Мәдени мұра» бағдарламасы. Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бұл бағдарламаның мәдени құндылықтарымызды, мәдени жауһарларымызды жинақтауда атқарып жатқан ролi өте жоғары. Сиыр жылында аталмыш бағдарламаның екiншi кезеңi жүзеге асырыла бастаған. Соңғы бiр жыл iшiнде мәдени өмiрiмiзде бiрқатар iзгiлiктi шаралар атқарылыпты.
«Келесi жылы Бейбарыс сұлтан мавзолейiнiң құрылысы аяқталады. Каир қаласындағы Бейбарыс сұлтан мешiтiнiң құрылысы да кесте бойынша жүруде. Бұған дейiнгi «Мәдени мұра» жұмыстары түрлi археологиялық қазба жұмыстарын жүргiзу, ғылыми-экспедицияларды ұйымдастыру, әртүрлi мұрағаттық құжаттарды шетелдерден алдыруға қатысты болса, ендiгi кезеңде осы табылған дүниелердi ғылыми айналымға енгiзу шаралары, құндылықтарды оқу үдерiсiне қамту, барша жұртшылықтың игiлiгiне айналдыру жұмыстары қолға алына бастады. Бұның iшiнде бiз алғаш рет шетелдердегi қазаққа қатысты мәдени құндылықтарымызды түгендеуге кiрiстiк», — дейдi министр мырза.
Аталмыш бағдарламаның негiзiнде, тарих, археология, этнография салаларындағы атқарылған жұмыстардың бiр парасының қорытындысы негiзiнде, соңғы бiр жылдың iшiнде 56 аталым бойынша, жалпы таралымы 168 мың дананы құрайтын кiтап жарық көрiптi. Ең бастысы, ағымдағы жылы жүзеге асқан «Мәдени мұра» интернет-порталы да оң нәтиже бергенге ұқсайды. Осының арқасында, әлемнiң елу елiнен 200 мыңнан астам адам порталға кiрiп, пайдалану мүмкiндiгiне ие болыпты.
Биылғы жылғы ең үлкен жетiстiгiмiз, Түркия, Мысыр, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Армения, Венгрия, Германия, Польша, Франция, Ұлыбритания, АҚШ сияқты елдердiң мұрағаттық қорларынан ХIII-XX ғасырлардағы Қазақстан тарихына қатысты 35 мыңнан аса мұрағат құжаттары, 300-ден аса тарихи қолжазбалар, жәдiгер басылымдар, жүздеген кино-дыбыс-фотоқұжаттар, телесюжеттер табылған. Бұл мәдениетiмiздiң тарихы үшiн таптырмас құндылықтар болып саналады.
Гүлзина Бектасова