ҰЛТЫҢНЫҢ БIР БЕЛГIСI – АТЫ-ЖӨНIҢ

ҰЛТЫҢНЫҢ БIР БЕЛГIСI – АТЫ-ЖӨНIҢ

ҰЛТЫҢНЫҢ БIР БЕЛГIСI – АТЫ-ЖӨНIҢ
ашық дереккөзі

Нәресте сүйген отбасы АХАЖ бөлiмiнен балаға Туу туралы куәлiк алады. Сәби есiмi қазақша мiнсiз жазылуы үшiн тiл мамандарына жаздырып, құжат алуға барғанда көрсеткен жөн. Қол қойғанда, есiмнiң Туу туралы куәлiкте және Туу актiлерiн тiркеу кiтабында қазақ тiлiнде, қазақы әрiптермен берiлгенiн, әрi дұрыс жазылғанын тексеру артық болмайды.

Осы екi құжатта баланың аты-жөнi айна-қатесiз дәлме-дәл болғаны керек, сөйтiп, азан шақырып қойылған есiм еңсесiнiң тiк болғаны ләзiм: Ұзақбай, Төлебай, Өмiрбек, Айнұр, Гүлжан. (Узакбай, Гульжана / Гульджан, Тюлебай/Тюлюбай, Умирбек/Омербек/Омирбек, Айнура… деп жазу дұрыс емес). Тәуелсiз елiмiзде есiмiмiздi қазақ тiлiнде жаздыру – әркiмнiң құқы. Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Ұлты қазақ азаматтардың тегi мен әкесiнiң атын жазуға байланысты мәселелердi шешу тәртiбi туралы» 1996 жылғы 2 сәуiрдегi Жарлығына сәйкес әр қазақ өз аты-жөнiн ұлттық нақышқа сәйкес жаздырса болады.

Бұны ескерту себебiм: кейде Әдiлет басқармасының АХАЖ бөлiмi мамандары кiсi есiмiн өз «сөздiк қорына», не «өз» орфографиясына салып, жаза салады екен. Мәселен, мақала авторы әкесiнiң есiмiн Туу туралы куәлiкке дұрыс жазса да, АХАЖ-дағы Туу актiлерiн тiркеу кiтабында «Ромазан» деп көрсетiптi. Бұл – аты-жөнiмдi қазақы қалыпқа түсiру жолында анықталды, әрi түзетiлдi. Тағы бiр танысым қырық беске толғанда тегiнiң «Нурмагомбетов» екенiн бiлiп, шалқасынан түстi, әрi жаңа жеке куәлiктi өзгерген фамилияға (түзеттiрiп алуға мүмкiндiгi болмады) алуға мәжбүр болды. Ал ұлдары мен қыздары әкесiнiң бұрынғы тегiнде қалды, яғни, «Нурмагамбетов»-тер. Бiз сенетiн маман қазақ есiмдерiнiң дыбысталуын, жазылуын бiлмей ме, әлде өз iсiне салғырт қарай ма? «Мен қалай жазсам, сенiң есiмiң солай болады!» деп, азаматтарды құрметтемеуi ме!? Бүгiнде қаншама кiсiлер бiр еркетай қызметшiнiң «байқамай» жазуынан Умут, Дощан, Джамбул, Мялик болып жүр, ал «Өмiр» деген қасиеттi сөзге басталатын кiсi есiмдерiн естiгенде төбе шашымыз тiк тұратын болды, көзге ерiксiз жас iркiлiп, қазақ тiлiн құрметтемейтiндердi «айналайын» дей алмайсың. Осы қызметте «өзiм бiлмеймiн, бiлгеннiң тiлiн алмаймын» дегендi ұстанатын мамандар бар ма деп ойлайсың, қазақ есiмдерiнiң «Өмiрбек», «Үмiт» т.т. деп қазақ тiлiнде жазылуына көңiл бөлу қажеттiлiгiн сезiнесiң.

Бiздер қазақ ұлтының ерекшелiгiн көрсететiн Ә, Ө, Қ, Ғ, I, Ң, Ұ, Ү, Һ, Ы әрiптерiн (дыбыстарды) ерекше қадiр тұтып, мақтануымыз керек, жиi қолданып, аты-жөндерiмiздiң қазақша жазылуына назар аударғанымыз жөн. «Coca Cola», «Pepsi Cola» сусындары, түрлi ыдыс-аяқ жуатын сабындар, тiс пасталары т.б. өз «ұлттық» әрiптерiмен қазақ елiне жетсе, қазақы есiмдердiң өз атамекенiнде, Отанында ұлттық әрiптермен таңбалануы ерсi болмас. Тiптi, қазақты «қазақ» етiп тұрған осы дыбыстардың қасиетi емес пе? Бұны мынадай мысалдардан анық аңғаруға болады: «Анши ан айта ма?», «Анши ан ата ма?», «Улы» («ядовитый» ма, «великий» ма, «сын» ба), «УМУТ» («Үмiт» пе, «Ұмыт» па) т.с.с. Ал осы сөздер орысша, ағылшынша мәтiндерде атау сөз ретiнде берiлгенде (тiптi логотип болса-дағы) тек қазақ әрiптерiмен ҰЛЫ, ҰЛАН, АҢШЫ, ӘНШI, ҰН деп жазылса, басы артық ешқандай сөз болмас едi. Бұл сөздердi орысша айтқандар, оқығандар тiлi келмесе де айта берсiн, өйткенi оның құжаттық, заңдық күшi болмайды. Бұндай қазақша дұрыс жазылған сөзден ешкiм орысша мағына iздемейдi, қайта ерекше әрiптердi «ортақ» әрiппен ауыстырғанда күлкi болып жүрмiз. Мәселен, ҰЛАН-ды «УЛАН», ҰЛЫ-ны «УЛЫ» дегеннен не ұттық? Күлкi болдық! Бұған табиғи төл сөзiмiзге үнемi «түзету» енгiздiрiп отыратын өзге тiлдi В, Ё, Ц, Ф, Э, Я, Ч, Ь, Ъ, Ю, Х әрiптерiнiң «қызметiн» қосыңыз.

Көптен берi сөз болған латынға қайта оралсақ… жастар құжаттарына аты-жөндерiн латынға құрылған сөзбен жаздыруға құмар болары хақ. Бүгiнде «қисайған» есiмдердiң қазақшасын қалай жазамыз?» деген мәселе бар. Бiр есiмдi «Тюлюбай», «Толебай», «Тулебай» сынды бiрнеше үлгiде жазбау үшiн латын қарпiне өту маңызды. Осы есiмдi, мәселен, «Tоlebay» деп жазар едiк. Бүгiнгi таңда «Амирбек», «Айгерим» есiмдерi де қазақ тiлiнiң ұпайын түгендеп тұрған жоқ. Бұл есiмдердiң қазақша жазылмағанын ұғу үшiн латынның рөлi ерекше. Қазақша жазылғанды латын әрпiнен танимыз, әрi «әу бастан» дұрыс жазылуына көңiл бөлемiз, себепшi боламыз. Латын әрпi Еуропа елдерi әлiпбиiмен, мәдениетiмен теңестiретiндей сәнге айналған (қала көшелерiндегi жазуларды қараңыз: «Respekt», «Arman»; тiптi, SMS алғанда жазуды қараңыз!). Күнi ертең қазақ қана емес, өзге ұлт өкiлдерi де құжаттарына латынға құрылған есiмдi лайық көредi, демек куәлiктерiн қазақша ала бастайды. Бұл болашақта қазақ тiлiнiң беделiнiң өсуiне, ортақ тiл болуына ықпал жасайтын қадам.

Тағы бiр мәселе -ОВ, -ОВИЧ және -ОВНА сынды жат тiлдi жұрнақтардан арылу проблемасы. Әрине, бұл жөнiнде ойланатындар аз емес. Жұмысбастылық, уақыт жетiспеушiлiгi, қаражат тапшылығы – аты-жөндерiн түзетуде қолбайлау болып тұр. Кейбiр кiсiлер қайда барып, қалай түзететiнiн де бiлмейдi. «Жұмысы көп» деп, бас тартатындары қаншама! Ал, кейбiр азаматтардың батыл шешiм қабылдауына «орнығып қалған тегiне қатысты мұрагерлiк» болса, түзетiлген есiммен сол мұрадан қағылып қалмаймын ба?» деген пендешiлiк ойы да жоқ емес. Сәбилерiнiң бiрi -ұлы, бiрi -улы, ендi бiрi -ович қосымшасымен жүрсе – жақсылық емес. Кейiн ер жеткенде сол балалардың құжаттары «дұрыс болмай» опық жейтiнiн ата-аналары бiлсе игi.

Бұл – әркiмнiң «өз» қотыры. Десек те қазақ халқының ұлттық есiмдерi қатарын түзуде, оған қоса тегi мен әкесiнiң есiмiн реттеуде керi әсерi жоқ емес. Сол себептi аты-жөнiмiздiң «өзiндiк ұлттық шекпенi» болуына көпшiлiк болып атсалысқанымыз жөн. Көз алдымызға бiр сәт елестетiп көрелiк: француз, ағылшын, қытай азаматтарының аты-жөндерiне грузин, армян, поляк, литван тегiнiнiң жұрнағын жалғап айтып көрiңiзшi… қисынсыз екендiгi, оғаш көрiнетiндiгi сезiледi, ал бiздiң етiмiз үйренген. Бiз өзге ұлттардан кем де, артық та емеспiз, жұрт қатарлымыз, демек жұрттан «қалыспауымыз» керек. Сондықтан -ов, -евич, -евна -лардан тегiмiздi арашалап алғанымыз жөн, сонда ғана өзге ұлттармен тең ел болуға тағы бiр қадам жасаймыз.

Қазiргi мақсат – қазақ халқын, қазақ ұлтын, қазақ елiн әлемге таныту. Бiздiң аты-жөнiмiздiң алаш баласына тән «ұлттық шекпенi» болғанда жат елдiктер алдында қадiр-қасиетiмiздiң артатындығы сөзсiз. Аты-жөнiмiзге қарап, «тегi пәленше екен, сiрә, қазақ болғаны ғой» деп топшылайды. Жаман ба?

Сонымен, жатжұрттық қосымшалы және түбiрi «қате» есiмдердiң (әке аты, тегi) мәселесiн қалай шешкен жөн. Жат тiлдi жұрнақтарды ысырып тастау оңай шаруа емес. Атап өткендей уақыт шығындайтын, қаражат қағатын, жүйке тоздыратын iс. Сол үшiн Үкiмет тарапынан қолдау қажет, тұрғындарға қажеттi заңдық негiздiң сұранып тұрғаны анық. «Сынаны сыналап шығарады» дейдi ұлы орыс халқы. Кеңес заманында ұлттық аты-жөнiмiзге «өзге жұртты» қосымшалардың «тiркелуiне» тыйым салынбай, қазақ есiмдерi түбiрiнiң мүкiс жазылуына көз жұма қарауы, бәлкiм, мән бермеуi – осындай проблеманы тудырды. Осы мәселе ауқымдылығына қарай (елiмiз бойынша болуы) Үкiметтiң көңiл бөлуiн қажетсiнетiнi белгiлi. Мәселенi шешудiң оңтайлы тәсiлi – АХАЖ бөлiмдерiнде пайдаланылып жүрген Қазақ есiмдерi анықтамасының орнына Қазақ есiмдерiнiң ерекше анықтамалық сөздiгiн (қысқаша ҚазЕЕрАС делiк) енгiзу болар. ҚазЕЕрАС өзгешелiгi – есiмдердiң бұрмаланған нұсқалары мен олардың қазақ тiлiнде дұрыс жазу нұсқасын көрсету. Әдiлет басқармасынан бастап кез келген орган құжат толтырғанда кiсi есiмдерiн осы Сөздiкке сүйене отырып толтыра беруiне заңдық негiз жасалар едi. Мысалы, «Дощанова Мольдыр Бахчановна» құжаттар тапсырып, аты-жөнiн дәлелдеп әбiгерленбейдi. Кез келген орган ҚазЕЕрАС-iн негiзге ала отырып, жоғарыда көрсетiлген есiмдi «Досжан Мөлдiр Бақытжанқызы» деп жазса деген тiлек бар. Сөйтiп, азаматтар өз есiмдерiнiң дұрыс жазылуына «жеңiл» қол жеткiзiп, нормадан «ауытқыған» есiмдер у-шусыз түзетiлер едi. Бұрмаланған есiмдердi тәртiпке келтiрудiң сәтi түсерi сөзсiз.

Түбiнде өз есiмдерiн қолданыстағы қазақ грамматикасына сай жаздырған жұрт есесi түгел, көңiлi алаңсыз болады. Аты-жөндерiнiң дұрыс жазылуын ата-аналар өздерiнен бастаса – бала-шағасының көзi үйренетiнi сөзсiз. Өздерi есейiп, шаңырақ көтергенде, үбiрлi-шүбiрлi ұрпағының тегi бiр үлгiде болып, өз елiнiң азаматтарын есiмiнен танып, отаншылдық рухы биiк болары күмәнсiз.

Төлен РАМАЗАНҰЛЫ,

Павлодар қаласы