ҚИРАТУ МЕН ТАЗАРУДЫҢ АРАСЫ

ҚИРАТУ МЕН ТАЗАРУДЫҢ АРАСЫ

ҚИРАТУ МЕН ТАЗАРУДЫҢ АРАСЫ
ашық дереккөзі
132

Тарих дөңгелегi тағы айналды. Осыдан бiр ғасыр бұрын өткен дәуiр ескерткiштерiн қиратып, құндылықтарын аяусыз жойған Кеңестiк өкiметтiң сарбаздарының әрекетiн ХХI ғасырда ұлттық мемлекет құруға бел шешiп, белсене кiрiскен азаматтар қайталады. «Кеңестiк» тарихи жадыдан бас тартып, ұлттық тарихты, ұлттық мәдениет пен ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға кiрiскен Балтық жағалауы елдерiнен соң, Өзбек елi де «құндылықтар революциясын» жасауға көшкендей.

Қазақтың өзбек ағайынға қызыға қарар жөнi бар. Өйткенi, Кеңестiк империяның түкiрiгi жерге түспей тұрған кезiнде де тiлi мен дiнiнен ажырамаған өзбек халқы елеулi рухани азғындауға ұшыраған жоқ. Соның өзiнде, тәуелсiздiк алған кезiнен берi Кеңестiк идеология сарқыншақтарынан арылудың қамын жасап-ақ келедi. Соңғы кезде Өзбекстанда православтық храмдар қиратылып, орыс солдаттары отырғызған саябақтар қырқылып жатқанын естимiз. Ферғана.ru сайтынан алынған деректерге қарағанда, генерал Черняевтың басшылығымен отырғызылған 200-жылдық ағаштар бiр-ақ күнде түбiрiнен кесiлдi. «Ұлы Отан соғысы» туралы дереккөздердiң көбiсi жойылып, тарихи сананы жаңалау белең алды. «Халықтар достығы» ескерткiшiнiң орнына Тәуелсiздiк монументi қойылды. 22 қарашада Батырлар аллеясындағы көптеген пушкалар, танкiлер мен «Катюшалардың» модельдерi, Отан қорғаушысының ескерткiшi алып тасталды. Одан екi күн бұрын Александр Невскийдiң шiркеуi қиратылды. Өзбек жаңа тарих жасауға көштi. Осылайша өзбек өткенiнен жерiп, отандық патриотизмдi лаулатудың қамын жасап жатыр…

Ал бiздiң қоғамда отарсыздану процесi әлi басталған да жоқ. Бiрлi-жарым азаматтар болмаса, бұл жөнiнде билiк өкiлдерi ауыз ашпауға тырысады. Соның нәтижесi — әлi күнге дейiн құлдық психологиядан арылмаған азаматтар ат тiзгiнiн бергiсi жоқ, олар өздерiнен асқан құлдық санадағы тағы бiр буын ұрпақты тәрбиелеп жатыр.

Қоғамдық құлдық сана — бiр мәселе бойынша тоқайласқан ортақ көзқарастың жоқтығынан-ақ көрiнедi.

Құлдық психологиядан арылу үшiн кешегi заттық игiлiктiң бәрiнiң тас-талқанын шығарудың қажетi де шамалы шығар. Ең әуелi — құлдық ұрудан, құл болудан бойды аулақ салуға ниет етсе жеткiлiктi шығар, бәлкiм. Сорақысы сол — бiзде осы ниет жоқ па деймiн…

Асылы, ақиқат сөзден жерiген ағаларымыз келешек ұрпақтың қамын ойламайды деуден аулақпыз. Бiрақ олардың ойлағаны — ұлттың емес, өз ұрпақтарының ғана қамы сияқты. Асарын асап, жасарын жасаған, өкiметтен де, өмiрден де бар жақсылықты көрген, қазақша айтқанда, «Алладан ақ өлiм тiлеуден» басқа арманы жоқ ақсақалдарымыздың аузын балаларының, немерелерiнiң мансапқұмарлығы байлайды.

Осыдан бес-алты жыл бұрын қазақтан шыққан мықты ғалымның үйiне сұхбат алуға барғаным есте. Бүгiнде марқұм болған сол ақсақал ұсынылған сұрақтардың нобайын көрiп, жауап беруден ат-тонын ала қашты. «Неге?» деген сұраққа, «Қарағым, балаларымның қызметiне зияным тиiп кетедi ғой» деген едi. Дiттеген жерiне дөп тиген уәжге не деп жауап қатарсың!

Сол хәл — ел сөзiн ұстайтын қазiргi азаматтардың көбiнiң басындағы хәл секiлдi әлi. Алды пайғамбардың жасынан асқан ақсақалдарымыз бiр серпiлiп, күйбiң тiрлiктен сiлкiнiп тастап, «Дат!»-ын айтар деп күтесiң… Сөйтiп, зиялы қауымның ағынан жарылып ақтарылуы арқылы қоғамдық санада тазару жүре ме деп үмiттенесiң…. Бiрақ бәрi бәз-баяғы үнсiз қалпы….

Бүгiнгi — өтер, Кешегi — жадыдан өшер. Ал Келешектi қайтемiз? Тоқырау заманын көрмеген, тоталитарлық жүйенi оқулықтан ғана естiп бiлген ұрпаққа қалай тәрбие беремiз? Ендiгiде қазақтың тарихын, мәдениетiн құрметтейтiн, дәстүрiн түсiнетiн, мемлекеттiлiгiн қадiрлейтiн ұрпақты өсiре аламыз ба? Осы тұрғыдан алғанда, бәлкiм, өзбек билiгiнiң бүгiнгi саясатының бағыты дұрыс та шығар?

Қазаққа ендiгiде құл емес, ұл керек!

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары