ДАҒДАРЫСҚА ДАУА ЖОҚ ЕСЕСIНЕ, ЖҰМЫССЫЗДЫҚПЕН КҮРЕС ҚАРҚЫНДЫ

ДАҒДАРЫСҚА ДАУА ЖОҚ ЕСЕСIНЕ, ЖҰМЫССЫЗДЫҚПЕН КҮРЕС ҚАРҚЫНДЫ

ДАҒДАРЫСҚА ДАУА ЖОҚ ЕСЕСIНЕ, ЖҰМЫССЫЗДЫҚПЕН КҮРЕС ҚАРҚЫНДЫ
ашық дереккөзі

Экономикалары сан алуан, әлеуметтiк ахуалы ала құла ТМД елдерi саяси ғана емес, экономикалық тұрғыда iлгерi бiрге жылжуға мүдделi. Себебi, тонның iшкi бауындай астасып жатқан бұл аймақ бiртұтас кеңiстiкке орналасқан. Алматыдағы Шығыс Еуропа, Орталық Азия мен Түркия елдерiнiң өкiлдерi бас қосқан БҰҰ Конференциясында 13 елдегi әлеуметтiк және экономикалық мәселелердiң күнгейi мен көлеңкесi таразыға тартылды.

Желтоқсанның 7-8 күндерi Алматыда өткен БҰҰ Конференциясында Қазақстан, Түркия, Әзiрбайжан, Қырғызстан, Тәжiкстан, Түркiменстан, Украина, Молдова, Армения, Беларусь, Грузия, Өзбекстан, Ресей мемлекеттерiнiң делегациялары әлемдiк экономикалық және қаржылық дағдарыстың Шығыс Еуропа, Орталық Азия мен Түркияның әлеуметтiк саласына қаншалықты әсер еткенiн сарапқа салды. Конференцияға аталған елдердiң Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлерi келуi тиiс болатын. Алайда басқосуға Г.Әбдiхалықова ханымның әрiптестерi емес, олардың орынбасарлары ат басын бұрды.

БҰҰ жүйесi, халықаралық және аймақтық қаржылық құрылымдар, екiжақты ынтымақтастық агенттiктерi, халықаралық жұмысшылар мен жұмыс берушiлер ұйымдары, аймақтық ғылыми орта мен азаматтық қоғам өкiлдерi, 13 елдiң Қаржы, экономика, ауыл шаруашылығы министрлiктерiнiң қызметкерлерi атсалысқан БҰҰ Конференциясында дағдарыстың қай елге қаншалықты әсер еткенi және кейбiр елдердiң қаржылық және экономикалық қиындықтардан арылуға сеп болған үкiметтiк бағдарламалары, еңбек нарығын тұрақтандыру, халықты жұмыспен қамту, жұмыссыздық деңгейiн төмендету, азық-түлiк қауiпсiздiгi т.б. қаралды.

Гүлшара Әбдiхалықованың айтуынша, күнi бүгiнге дейiн 100 мың адам қайта мамандандырылып, жаңа мамандық бойынша iске кiрiсiп кеткен. Олардың көпшiлiгi құрылыс саласына қатысты мамандықтарды еңсерсе, ендi бiрi жергiлiктi аймақтарға қажеттi мамандықтарға сәйкес қосымша бiлiм алған көрiнедi. Қайта мамандандыруға кететiн мерзiм — 3 ай мен жарты жыл.

Молдова еңбек министрiнiң орынбасары С.Саинчук үстiмiздегi жылы жұмыссыздықтың екi есеге өскенiн, 6,9 пайызды құрайтын жұмыссыздардың 60 пайызы еркектер екенiн көлденең тартты. Молдова жерiндегi саяси тұрақсыздықтың ел экономикасына керi әсер еткенi сөзсiз. Бұл мәселеде гүржiлердiң де шекесi қызып тұрған жоқ. Грузиядағы GTUC ұйымының президентi И.Петриашвили өз елiндегi жұмыссыздық деңгейi 16 пайыздан асып түскенiн айтты. Ал халқының саны 80 миллионға жуықтаған Түркиядағы ахуал басқаша. 2000 жылдардың басындағы қаржылық дағдарыс түрiктердiң қаржы саласы мен қаржылық құрылымдарының жағдайын тұрақтандыру арқылы келешекте кез келген дағдарысқа төтеп бере алатындай дәрежеге жеткiзген. Осының арқасында, 2007 жылы әлемдiк қауымдастықтың басына үйiрiлген қаржылық дағдарыстың дауылы Түркияны айналып өттi. Есесiне, елдегi жұмыссыздық деңгейi — 13–14 пайыз. Түркия еңбек министрiнiң орынбасары Бирол Айдемир мырзаның айтуынша, бұған экономикалық дағдарыстың қатысы жоқ. Өйткенi, осыдан екi жыл бұрын да елдегi жұмысы жоқтардың саны 10 пайызға жуық болған. Бар мәселе еңбек нарығындағы бәсекелестiк пен экономикалық тұрғыда белсендi азаматтардың көптiгiнен. Жыл сайын орта және жоғары оқу орындарын 400 мыңнан астам түлек бiтiредi екен. Осыншама көп жастың еңбек нарығындағы жағдайды ширықтырып жiберерi белгiлi. Осы себептi, Анкара 2010 жылы 8 млрд. Доллар қаржыны әлеуметтiк салаға жұмсамақ. Басқосуда модератор — ресейлiк әрiптесiмiз А.Гурнов әлемуеттiк қиындықтарды шешу үшiн экономикалық дағдарысты толық ауыздықтау керектiгiн көлденең тарта келе, сарапшылардан дағдарыстың қашан аяқталатынын сұрады. Бiр қызығы бұл сұраққа шараға қатысушылардың ешқайсысы тұшымды жауап бере алмады. Тек қазақ министрi ғана дағдарыстың қашан аяқталатыны әзiр белгiсiз екендiгiн, бiрақ кез келген нәрсеге дайын болу қажеттiгiн айтты. Дерттiң дауасына ем тапқан, яғни, дағдарыстың қашан аяқталатынын тап басып тапқан ешкiм жоқ. Есесiне, болжамдар мен долбарлар ғана өршiп тұр.

Бүгiнде бүкiл әлемдегi секiлдi ТМД аумағында да еңбек мигранттары санының күрт артқаны анық. Тәжiк вице-министр Е.Сангинов нәпақасын шекара сыртынан табуға бекiнген өз отандастарының 90 пайыздан астамы Қазақстан мен Ресейде жүргенiн, оның iшiнде, орыстар елiндегi тәжiк мигранттар саны 1 миллионның төңiрегiнде, ал шетелдердегi мигранттардан тәжiк экономикасына түсетiн кiрiс көлемi елдiң аллюминий сатқан ақшасынан да асып түсетiнiн айтты. Мемлекеттiк бюджетке орасан зор пайдасы тиетiн мигранттарына жағдай жасауға мүдделi Душанбе азаматтары еңбек етiп жүрген елдермен әлеуметтiк сақтандыруға қатысты келiсiмшарттарын түзiп алуды көздеп отыр. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдiхалықованың мәлiмдеуiнше, жұмыссыздық 6,2 пайызға тең Қазақстанның тәжiрибесiне өзге елдер қызығып отырған көрiнедi: «Өйткенi, ҚР Үкiметiнiң дағдарысқа қарсы бағдарламасы шеңберiндегi шаралар отандық еңбек нарығындағы ахуалдың тұрақтануына оң әсер еткен. Сондай-ақ, жұмыс берушiлердiң еңбегi де зор. Елiмiздiң iрi және орта кәсiпкерлiк саласындағы 1 миллионнан астам қызметкер еңбек ететiн 8 мыңнан астам кәсiпорын Үкiмет пен кәсiподақ ұйымдарының жұмыс орындарын, жұмыскерлердiң еңбек құқықтары мен кепiлдiктерiн сақтау туралы меморандумын қабылдауға қатысты бастамасын құптады».

Екi күнге созылған Конференцияны қорытындылаған қатысушылар арнайы Декларация қабылдады. Аталған құжатта жұмыссыздықпен оңтайлы күрес, еңбек нарығын тұрақтандыру, еңбек мигранттарының құқықтары мен әлеуметтiк сақтандыру шаралары т.б. қамтылған.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ