СҰЛТАНБЕК ҚОЖАНОВ ЖӘНЕ ЖЕР ҮШIН КҮРЕС

СҰЛТАНБЕК ҚОЖАНОВ ЖӘНЕ ЖЕР ҮШIН КҮРЕС

СҰЛТАНБЕК ҚОЖАНОВ ЖӘНЕ ЖЕР ҮШIН КҮРЕС
ашық дереккөзі

Бiз мақаламызда iрi мемлекет және қоғам қайраткерi С.Қожановтың ұрпаққа өнеге боларлық өмiр жолының жарқын қырларының бiрi оның 1924 жылы жүзеге асырылған Орта Азиядағы ұлттық-территориялық межелеудi жүргiзу кезiндегi қызметiне ғана тоқталмақпыз. Жер ана үшiн, жан берiсiп жан алысар сол бiр кезеңде ол қазақтың бiр сүйем жерi үшiн табанды түрде күресiп, ұлт мүддесi үшiн ештеңеден де тайынбайтынын көрсете бiлген қайраткер болды.

«Бөлшекте де, билей бер» принципiн ұстанған Ресей империясы бүкiл қазақ жерiн отарлап, уысына ендiргеннен кейiн, өз қалауы бойынша қасиеттi жерiмiздi бiрнеше генерал-губернаторлыққа бөлшектеп тастады. Империялық билiк құлап, жаңа кеңестiк билiк орнағаннан кейiн бұрынғы империяның қол астындағы халықтар кеңестiк негiздегi автономиялық билiкке қол жеткiзуге ұмтылды.

1920 жылы 26 тамызда БОАК мен РКФСР Халық комиссарлары кеңесiнiң «Автономиялы Қырғыз(Қазақ) Социалистiк Кеңестiк Республикасын құру туралы» В.И.Ленин мен М.И.Калинин қол қойған декретi жарияланды.

Декреттiң бiрiншi пунктiнде: «РКФСР-дiң бiр бөлiгi ретiнде Автономиялы Қырғыз(Қазақ) Кеңестiк социалистiк республикасы» құрылсын делiндi. Қазақ АКСР-iнiң құрамына Семей, Ақмола, Торғай, Орал облыстары және Закаспий облысы мен Астрахань губерниясының қазақтар мекендеген жерлерi кiрдi. 26 тамыздағы декретке қосымша ретiнде БОАК 22 қыркүйекте қабылдап жариялаған қосымша қаулыда өз маңайындағы аудандармен қоса Орынбор да қазақ АКСР-iнiң құрамына енгiзiлдi. Сонымен қатар декретте былай деп атап көрсетiлген болатын: «Қазiр Түркiстан республикасының құрамына енiп отырған қырғыз(қазақ) территориясын Қырғыз(Қазақ) республикасының құрамына енгiзу осы облыстардың халықтарының бiлдiрген тiлегi бойынша жасалады». (Образование казахской АССР. Сборник документов и материалов. Алма-Ата, 1957. -с 252)

Заң жүзiнде Кеңестiк негiздегi Қазақ автономиясы құрылғанымен де ол бүкiл байырғы қазақ жерлерiн қамтыған жоқ. Бiртұтас қазақ жерлерiн бiрiктiруде сол кездегi әртүрлi дәрежеде мемлекеттiк, партиялық қызметте отырған және тағы да басқа ұлт жанашырларының тер төгуiне тура келдi. Әсiресе, Қостанай уезiн, Ақмола мен Семей губернияларын, Түркiстан АКСР құрамында болған Жетiсу және Сырдария облыстарын Қазақ Автономиясына қайтару өте қиын айтыс, тартыс жағдайында жүргiзiлдi. Талас тудырған Қостанай уезi, Ақмола және Семей губерниялары 1920-21 жылдары Қазақ автономиясына қайтарылғаннан кейiн, ендiгi кезектегi негiзгi жұмыс Сырдария мен Жетiсу облыстарын Қазақ автономиясына қайтару едi.

1918 жылы 20 сәуiр мен 1 мамыр аралығында Түркiстан кеңесiнiң V съезi Түркiстан кеңестiк федеративтiк республикасының құрылғандығын жриялайды. РКФСР құрамына автономия дәрежесiнде кiрген бұл автономияның құрамына Қазақстанның Сырдария мен Жетiсу облыстары кiрген болатын.

Алдағы жұмыс отаршыл Ресей империясы бөлiп кеткен құрылым негiзiнде пайда болған бұл автономияның құрамындағы қазақ жерлерiн қайтарып алу болды.

1924 жылдың бас кезiнен бастап Орта Азия Республикаларының территориясында ұлттық-территориялық тұрғыда межелеудi жүргiзу жұмыстарына дайындық басталды. Қазақ, Қырғыз, Өзбек, Түркiмен, Тәжiк, Қарақалпақ халықтарының саяси және экономикалық өмiрiне тiкелей қатысты бұл жауапты шараны өткiзу оңайшылықпен iске асқан жоқ. 1924 жылдың 5 сәуiрiнде РК(б)П Орталық комитетiнiң саяси бюросы Орта Азия партия ұйымдарының межелеудi жүргiзу жөнiндегi ұсыныстарын қарады. Осы iске тiкелей жауапты және ұйымдастырушы Ортаазиялық бюроға Орта Азияның этнографиялық, саяси және экономикалық карталарын және тағы басқа қажеттi материалдарды даярлап, Орталық комитетке тапсыру жүктелдi. Осы жұмыстарды атқару үшiн Орталық комиссия және әр республикалардың өкiлдерiнен кұрылған көмекшi комиссиялар құрылды. 1924 жылы 12 маусымда РК(б)П Орталық комитетi «Орта Азия республикаларын ұлттық межелеу туралы» қаулы қабылдады. Қаулы негiзiнде Орталық комиссияға жаңадан құрылатын республикалар мен облыстардың өкiлдерiн қатыстыра отырып, болашақ құрылғалы жатқан республикалар мен облыстардың шекараларын анықтап шығу тапсырылды. Орталық комиссияның жанынан ұлттық бюролар, құқықтық, экономикалық көмекшi комиссиялар ұйымдастырылды.

Осы бiр жауапты кезеңде Түркiстан орталық атқару комитетi төрағасының орынбасары, РК(б)П ОК Орта Азия бюросының мүшесi қызметтерiн атқарған Сұлтанбек Қожанұлының атқарған қызметiн ерекше бөлiп айтуға болады. Ол Сырдария мен Жетiсу облыстарын Қазақ автономиясына қосуға қарсылық бiлдiргендерге, Сырдария мен Жетiсу облыстарының территориясынан бiраз жерлердi қармап қалғысы келген өзге республикалар басшыларына батыл тойтарыс берiп, ұлттық территориялық межелеудi жүргiзу кезiнде көршi республикалардың территориясында қалып бара жатқан қандастарымыздың жағдайына байланысты ұсыныс-пiкiрлердiң бастамашысы болды. Әсiресе саяси-экономикалық тұрғыдан қазақ автономиясы үшiн болашақта маңызды рөл атқаратын Ташкент қаласын қазақ автономиясына қосу жөнiндегi күресi өз алдына бiр әңгiме.

Кеңестiк кезеңде жазылған тарихи оқулықтарда ұлттық қайраткердiң Ташкент қаласын және оның төңiрегiндегi қазақ жерлерiн Қазақ автономиясына қосу жөнiндегi табынды талабы: «Ташкент халқы ұлттық құрамы жағынан, экономикасы мен мәдениетi жағынан Өзбекстанмен көбiрек байланысты бола тұрса да, С.Қожанов және басқа да қазақтың ұлтшыл уклонистерi Ташкенттiң Қазақстанға берiлуiн талап еттi»,-деп бұрмаланып, оның қазақ халқы үшiн саяси және экономикалық маңызы бар қала үшiн күресi жоққа шығарылды.

1924 жылы 8 шiлдеде болған РК(б)П Қазақ облыстық комитетiнiң мәжiлiсiнде Түркiстан Республикасынан бөлiнiп Қазақ Республикасының құрамына кiретiн қазақ аудандарын басқару және қабылдау тәртiбi туралы және РК(б)П ОК Орта Азиялық бюросы жанындағы территориялық комиссияға өкiлдер тағайындау туралы мәселелер қаралды. Осы мәселелер мәжiлiсте талқыланып мынадай қаулы қабылданды: Орта Азия республикаларын межелу жөнiндегi территориялық комиссияның құрамына Казаткомның төрағасы С.Меңдешев комиссия төрағасы, егiн шаруашылығы халық комиссары Ә.Әлiбеков, комиссия мүшелiгiне кандидат Т.Жүргенов бекiтiлсiн. Түркiстан қазақтары атынан ұсынылған С.Қожанов, Н.Сырғабеков, С.Есқараевтардың кандидатуралары да бекiтiлдi.

Мәжiлiсте Түркiстан республикасынан бөлiнетiн қазақ аудандарын басқару және қазақ автономиясының құрамына қабылдау үшiн құрамында С.Меңдешев, Ә.Әлiбеков, С.Есқараев, Н.Сырғабаев және Т.Жүргенов бар революциялық комитет құрылды. Революциялық комитеттiң төрағасы С.Меңдешев оның орынбасарлары болып Ә.Әлiбеков және С.Есқараев тағайындалды. Революциялық комитеттiң мүшелiгiне кандидаттар болып С.Қожанов, Iзбасаров, Ж.Мыңбаев бекiтiлдi. Ревкомның сайланған құрамына Революциялық комитет жөнiнде ереженi дайындап, ұсыну тапсырылды. Осы мәжiлiсте қаралған басты мәселелердiң тағы бiрi болашақ астананың жағдайы болатын. Мәжiлiс қазақ республикасының астанасын Орынбор қаласынан iшкi қазақ аудандарына көшiру жөнiндегi мәселенi қарап: Орталықтың жергiлiктi халықтың тығыз бөлiгiне жақындылығының қажеттiлiгiне сондай-ақ Қазақ республикасының кейбiр бөлiктерiнiң шашыраңқылығын есепке ала отырып, Қазақ республикасының орталығын Орынбор губерниясынан ауыстырудың қажеттiлiгiне байланысты және Қазақ елi үшiн Оңтүстiк облыстардың экономикалық, саяси үлкен маңызын және Қазақстанның Орта Азиялық экономикалық бiрлестiкке қатысуын ескерiп, Қазақстанның орталығын Орынбордан қазақтар тығыз қоныстанған ауданға көшiру осы мақсатта РК(б)П ОК-нен уақытша Ташкент қаласын пәтер ретiнде пайдалануға рұқсат беруiн сұраған қаулы қабылдады.(ҚР ПМ. 139-қ, 1-т, 818 в-iс, 71-72 п.п.)

РК(б)П Орта Азия бюросы жанынан құрылған Қазақстандық комиссия өкiлдерi территориялық межелеуге байланысты, алдағы құрылғалы жатқан республиканың мемлекеттiк құрылымына байланысты өздерiнiң ұсыныстарын жасады. Қазақ автономиясының құрамына қосылғалы жатқан облыстардың шекарасын анықтауға қатысып, сол аймақтағы халықтардың этнографиясына қатысты және басқа да керектi мәлiметтердi жинады. Бұл қазақ комиссиясының сол кездегi батыл да дұрыс шешiмдерiнiң бiрi, ұлттық-территориялық межелеудi жүргiзу барысында қазақ автономиясын одақтас республикаға айналдыру жөнiндегi ұсынысы едi.

Хат авторлары межелеудiң нәтижесiнде Сырдария мен Жетiсу облыстары және Түркiстанның Амудария облыстары сондай-ақ Хорезмнiң Қазақтар мен Қарақалпақтар мекендеген Хожелi облысының Қазақ автономиясына қосылатындығына байланысты оның территориясы кеңейгеннен кейiн астананы қазақтар тығыз орналасқан Сырдария облысына ауыстырудың қажеттiгiн дәлелдейдi. Екiншiден, Қазақ делегациясы қазiргi уақытта қазақ автономиясында европалықтар 54 проценттi, қазақтар 45 проценттi құрап отырғандығын, компартиядағы коммунистердiң 94 процентi европалықтар екендiгiн айта келiп, бұндай жағдайда ұлттық республика үшiн компартияның ұлттық сясатты жүргiзуi қиындыққа ұрынатынын алға тартты. Яғни ұлттық межелеудi жүргiзу барысында қазақтар көпшiлiк құрайтын облыстар Қазақстанға қосылып, нәтижесiнде ұлттық республика құруға кең жол ашылмақ. Үшiншiден, қазақ делегациясы қазақ халқының сандық құрамына кеңiнен тоқталып қазақ автономиясы мен Түркiстан аумағында 5 500 000 қазақ тұратындығын және көршi Қытай, Монғолия мемлекеттерiнде тұратын миллионға жуық қазақтардың территориялық жағынан Қазақстанмен тығыз байланыстығына тоқталып, бұдан арғы ойларын былай деп жазады: «Түркiстан облыстарындағы қазақтар осы уақытқа дейiн толық егемендi Республикада өмiр сүрмесе де, кең автономиялы жағдайда болып, өздерiне деген үкiметтiң нақты көзқарасын қалыптастыра бiлдi. Олар қазiргi уақытта Бұқарадағы, Хорезмдегi өз қандастарымен бiрiгiп, тәуелсiз Өзбек және Түркiмен социалистiк Республикасын құрып жатқан өзбектер және түркiмендермен бiр жағдайда өмiр сүрдi. Хорезмнiң Хожелi облысы халқының да саяси көңiл-күйiн ескеруiмiз керек. Қазақ автономиясындағы халық өмiрiнiң өзектi мәселелерiн қалыпты реттеу және басқару үшiн федерация жүйесiнде оның құқықтары мен мүмкiндiктерi кеңейтiлуi қажет. Түркiстан облыстарының Қазақ автономиясына қосылуына байланысты оның Қытай және Монғолия мен шекарасы ұзарады және бұл шекараның аржағында Қазақ АКСР-i мен туыстық және экономикалық жағынан тығыз байланысты қазақтар тұрады. Бұл қазақтардың КСРО мен қатынасына дұрыс жағдай жасау саяси және экономикалық жағынан маңызы үлкен. Қазақ АКСР-ның осындай жағдайы Қазақ автономиясының құқықтық жағдайын көршi Орта Азия республикаларымен тең дәрежеде қайта қарауды қажет етедi. Осы жағдайлардың бәрiн ескерген Киробком биылғы жылғы 26 тамызда болған пленумында бұл мәселеге байланысты бiр ауыздан оңды шешiм қабылдады. Бiздiң қазақтар үшiн межелеудiң нәтижесi жоғарыда айтылғандармен қатар, КСРО-ға тiкелей кiретiн Қазақ АКСР-ын тәуелсiз Республика деп жариялау деп бiлемiз». (ҚР ПМ. 719-қ, 1-т, 336-iс, 173-174 п.п.)

Қазақ автономиясының құқықтық мәртебесiн кеңейтiп, одақтас Республикаға айналдыру С.Қожанұлының басты армандарының бiрi болатын. Жоғарыда РК(б)П Орталық комитетiне жазылған хаттың белсендi авторларының бiрi болып, негiзгi дәйектер мен пiкiрлер ұсынған да С.Қожанұлы едi. Өкiнiштiсi, қол астындағы аз ұлттардың тағдырын өз қалауларымен шешiп үйренген орталық «бұндай үлкен территорияда аз санды халықпен, артта қалған экономикамен, сауатсыз халықпен, жергiлiктi кеңестiк мамандардың өте аздығы, РКФСР-дың көмегiнсiз мемлекеттiк басқару мүмкiн емес» деген сияқты қисынсыз дәлел сымақтарды алға тартып бұл ұсынысты қабылдамай тастады.

Сұлтанбек Қожанұлы 1924 жылы қазан айындағы Сталиннiң атына жазған хатында ұлттық межелеудiң нәтижелерiн баяндай отырып: «Қалай есептесекте Қазақстандағы европалықтар саны жағынан көп болып 54 проценттi құрап отыр, қазақтар 46 процент ғана. Қазақстандағы РК(б)П ұйымдарындағы қазақтардың құрамы 6 процент (368 адам). Оның үстiне қазақ коммунистерi барлық партия бөлiмдерiнде шашырап кеткен», – деумен қатар, жiк-жiкке бөлiнген басқару аппаратын бiр орталыққа бiрiктiрiп, партиялық-кеңестiк бақылауды күшейту, қалыптасып отырған тұңғиықтан шығудың жолдары жөнiнде өз ұсыныстарын бiлдiредi. Ал 1924 жылы 29 желтоқсан күнi Қазақ Республикасының орталығын ауыстырудың қажеттiлiгiне байланысты Сталиннiң атына жазған екiншi хатында: «Тот курьез что киргизи в собственной республике занимают положение нацмен, надо изжить. Пролетарское руководство должно осуществляться не в порядке пленения кирпартинтелегентов в пролетарском центре, как Оренбург, а в живой массовой работе. Пролетарское руководство нисколько не облегчается увеличением численности русского крестьянство в составе населения, а, наоборот, затрудняется обострением традиционной межнациональной вражды и неизбежной оценкой пролетарского руководящего влияние, как русского национального засилья. Пролетарское руководство должно выражаться не в «леиальном» застое, а в развернутом, развивающейся хозяйственной и общественной жизни страны…» деген болатын. (ҚР ПМ. 141-қ, 1-т, 1129-iс, 79-80 п.п.)

Сан жағынан қазақтарды ұлттық көпшiлiкке айналдыру нәтижесiнде РК(б)П құрамындағы қазақтардың санын көбейту және Қазақстанды шын мәнiсiнде ұлттық негiздегi Республикаға айналдыру Сұлтанбек Қожанұлының басты арманы болғанын аңғарамыз.

Орта Азия территорияларын ұлттық межелеуге байланысты РК(б)П ОК Орта Азиялық бюросы жанынан құрылған қазақстандық комиссияның атқарған жұмыстарының барысы 1924 жылы 26 тамыз күнi болған РК(б)П Қазақ облыстық комитетiнiң мәжiлiсiнде тыңдалды. Сұлтанбек Қожанұлы бұл мәжiлiске Орта Азия бюросының өкiлi ретiнде қатысады. Мәжiлiсте қазақстандық делегацияның басшысы Қазақ орталық атқару комитетiнiң төрағасы С.Меңдешев баяндама жасап, Қазақ автономиясына қосылғалы жатқан Сырдария мен Жетiсу облыстарының шекараларын айқындау жұмыстары қиыншылықтармен жүргiзiлiп жатқандығына тоқталады. Атап айтқанда С.Меңдешев РК(б)П Қазақ облыстық комитетiнiң төралқа мүшелерiн Орталық комитет саяси бюросының қаулысына сәйкес Орталық комитеттiң өкiлi және Орта Азия бюросының төрағасы Зеленскидiң төрағалығымен әр ұлттан үш адамнан тұратын комиссия ұйымдастырылғандығын және бұл комиссиямен қатар экономикалық комиссия да ұйымдастырылғандығын баяндай келiп, ұлттық территориялық межелеудi жүргiзу жұмыстарындағы талас тудырып отырған жерлерге айрықша тоқталып өтедi. «Ташкент уезiнен бастайын. Бұл уездiң ұлттық құрамы төрт топқа бөлiнген: бiрiншiсi Шығыс тобы, оған Ангрен өзенi бойындағы құрамалардан тұратын 8 болыс кiредi. Қазақ делегациясы оларды қазақ ұлтына жатқызса, өзбек делегациясының өкiлдерi оларды өзбек тегiнен деп дәлелдеуде. Екiншi топқа Шыршық өзенiнiң сол жағалауындағы қазақтар көпшiлiк құрайтын 8 болыстан тұратын топ жатады. Үшiншi орта 4 болыстан тұратын, халқының құрамы талас тудырып: өзбектердiң нұсқасы бойынша 1920 жылғы санақта өзбектер көпшiлiк құраған, ал қазақ делегациясының ойынша қазақтар көпшiлiк құрайтын топ. Төртiншi Ташкент уезiнiң батыс жағы сөзсiз қазақтар көпшiлiк құрайтын топ. Қазақ бюросының жобасы бойынша барлық Ташкент уезiн Қазақстанға жатқызу ұсынылды. Өзбек бюросының жобасы бойынша Қазақстанға тек қана төртiншi топты жатқызу ұсынылды. Осылайша комиссияның қарауына 2 жоба келiп түстi. Бiрiккен талқылаудың нәтижесiнде комиссия Ташкент қаласын өзiнiң 30 верст аймағымен қоса Өзбек республикасына жатқызу жөнiнде шешiм қабылдады». Бұдан әрi С.Меңдешев екiншi талас тудырып отырған Мырзашөл уезiне тоқталып, пiкiр-талас нәтижесiнде бұл мәселеге байланысты Қазақстандық делегацияның ұсынысы қабылданғандығына, межелеуге байланысты барлық жұмыстарды 15 кыркүйекке дейiн бiтiру керектiгiне тоқталды. Осы мәжiлiсте С.Меңдешевтың баяндамасына сәйкес: «Ташкент қаласы қазақтардың мекен-қоныстарымен тығыз қоршалғандығы жағдайын ескерiп, Орталық комитеттен Ташкент қаласын Өзбек республикасына беру жөнiндегi мәселенi қайта қарау сұралсын деген» қаулы қабылданды. (ҚР ПМ. 141-қ, 1-т, 818-в-iс, 110-112 п.п.)

РК(б)П Қазақ облыстық комитетiнiң қаулы шешiмдерiмен қатар Орта-Азия территориясын межелеу жөнiндегi Қазақстандық комиссия мүшелерi Ташкент қаласын және оның төңiрегiндегi аудандарды Қазақстанға қосу жөнiндегi өздерiнiң ұсыныстары мен талаптарында қаулы-қарарлық шешiмдердi толықтыра отырып, халықтың сандық құрамын нақты статистикалық мәлiметтермен анықтап, талас тудырып отырған аудандарды Қазақстанға қосу мәселесiн Орталық комитеттiң атына жазған хаттарында қойған болатын. Орталық комитеттiң атына жазылған бұл хаттардың мазмұнына үңiле отырып қазақстандық комиссия мүшелерiнiң үлкен шаруа атқарғанын аңғаруға болады. Ең бастысы талас тудырып отырған аудандардағы қазақ халқының санын қолдан кемiтiп отырғандардың бетiн ашады. РК(б)П Орталық комитетiнiң атына жазған хаттарында Қазақстандық делегация Орта Азия Республикаларының территориясын межелеудi жүргiзу барысында РК(б)П Орталық комитетi Ташкент қаласын Өзбек республикасының құрамында қалдыру қажет деп тапқанын ал қазақ облыстық комитетi бұл мәселенi қайта қарап, бүкiл Ташкент уезiн, Ташкент қаласымен қоса Қазақ Республикасына қосу қажеттiгiнiң негiзгi дәйектерiне тоқталды. Орта Азия республикаларының территориясын межелеу барысында негiзгi принциптердiң бiрi әлсiз ұлттардың мүддесiн қорғау екендiгiне тоқталған хат авторлары, қазақ ұлты сондай әлсiз ұлттардың бiрi екендiгiне баса назар аудартып, ұлттық, мәдени және шаруашылық дамуда қазақ халқы үшiн Ташкент қаласының маңызды рөл атқаратындығына тоқталып өтедi. Ташкент қаласы Сырдария облысының орталығы болғандығына басты назар аударылып экономикалық тұрғыдан бұрынғы қалыптасқан байланысты үзбеу қажеттiгiне тоқталады. Ташкент уезiндегi Ангрен жүйесi бойында 1920 жылғы бүкiлресейлiк санақтағы орталық статистикалық басқарманың мәлiметтерi бойынша 69 процент құрамалар, 23 процент өзбектер, 6 процент қазақтар және 2 процент тағы да басқа әр ұлттар тұрған. Ташкент уезi бойынша барлық талас құрамалардың қай ұлтқа жататындығына байланысты болып отыр. Тарихи деректер құрамалардың қазақ руларының бiр бөлiгi екендiгiн дәлелдейдi. Тек күштi ұлттың тарапынан аздап ассимиляцияға ұшыраған дей отырып, Ташкент уезiндегi барлық болыстар мен ауылдағы халықтың құрамын 1911 жылы шыққан «Списки населения мест Сырдаринской области» (областного ститического комитета) деген еңбектiң мәлiметтерi бойынша және 1920 жылғы бүкiлресейлiк санақ мәлiметтерi бойынша салыстырмалы түрде дәлелдеп, көрсетiп, Ташкент уезiндегi Қазақ халқының санын Орта Азия бюросы қолдан кемiтiп отырғандығына тоқталды. Мәселен, Ташкент уезi Шиназ болысындағы Шеңгелдi, Құлауыл, Көтерме, Сарысу ауылдарында 100 процент қазақтар тұрса да, Орта Азия бюросының мәлiметтерiнде олар өзбектер деп көрсетiлген. Ал Тайтөбе, Османата, Болат, Ақжар, Майдаата, Үш Қорған болыстарындағы қазақтардың саны кемiтiлiп өзбек халқының саны қолдан бұрмаланып өсiрiлгендiгiн нақты мысалдармен дәлелдеп көрсетедi.

Талас тудырып отырған Ташкент қаласы мен оның төңiрегiндегi аудандарға қатысты нақты дәлелдер мен ұсыныстар, дәйектердi алға тартып отырған қазақ комиссиясының пiкiрлерiмен санаспай Өзбектерге қарай бұра тартқан, осы iске жауапты және басшылық етушi Орта Азия саяси бюросы, оның басшылығының iсiне Сұлтанбек Қожанұлы қатты наразы болды. Сондай-ақ, Орта Азия республикаларының территориясын межелеудi жүргiзу барысында Сұлтанбек Қожанұлын толғандырған өзектi мәселелердiң тағы да бiрi-Орта Азия Республикаларының территориясындағы қандастарымыздың хал-жағдайы болатын. Кеңестiк билiкке дейiн Бұқар әмiрлiгiнiң одан кейiн Бұқар республикасының территориясындағы қазақтардың жағдайы өте ауыр болды. Кеңес өкiметi орнағаннан кейiн де олардың ұлт ретiндегi барлық құқықтары тапталып, талап арыздары қанағаттандырылмақ түгiл қаралмады да. Осы жағдайларға байланысты Сұлтанбек Қожанұлының бастамасымен әрi дайындап жазуымен Қазақ Республикасы және Түркiстан облыстарының қазақтары өкiлдерiнiң атынан РК(б)П ОК саяси бюросына, көшiрмесi саяси бюроның барлық мүшелерiне арналған «Орта Азияны ұлттық межелеу»жөнiндегi баяндама хат дайындалып Москваға жолданған едi. Онда Орта Азия республикаларының териториясын межелеу жұмыстарында Орта Азия бюросы Орта Азиядағы қазақтардың iшiнде Бұқар Республикасындағы қазақтардың мүддесiн бұзуы айқын көрiнiп отыр делiндi.Мәлiметтер бойынша Бұқар әмiрлiгiнiң территориясында 230 000 қазақ тұрған. Ал, 1923 жылы төртiншi ұлттық кеңесте Ф.Ходжаевтың айтуынша, ондағы қазақтардың саны 260 000 1923 жылы болған Бүкiлбұқаралық құрылтайдың шешiмi бойынша 250 000 адам болған. Олардың Бұқар уалаятының оңтүстiк-батыс жағында Нұрата уәлаятын және Керменты уәлаятын тұтасымен Қаршы уәлаятының батыс жағында мекендегендiгi айтылып, РК(б)П ОК саяси бюросын осы қордаланған мәселелерден хабардар етiп, төмендегiдей табынды түрде сұралған ұсыныс жасайды:

1. Пересмотреть вопрос о г. Ташкенте в смысле предоставление его Кирреспублика в какой бы то ни было форме.

2.Пересмотреть вопрос о государственной принадлежности 6-киргизских властей Ташкентского уезда в смысле удовлетворения желания населения отойти к своей национальной республики.

3. Отменить решение сред. Аз.Бюро о бухарских киргизах и представить киргизам и каракалпакам автономное устройство в пределах Узбекистана.

4. Пересмотреть вопрос о Шурахатским уезде о г. Турткулем и отдать их Каракалпакской Автономной области.

5. Обновить состав Сред. Аз.Бюро изгладив преобладения одной национальности и допустить киргизкого представителя в состав бюро. (ҚР ПМ. 719-қ, 1-т, 336-iс, 168-172 п.п.)

Бұқар қазақтарының өтiнiш-талаптары 1924 жылы 27 қыркүйекте болған Қазақ облыстық РК(б)П Президиумының мәжiлiсiнде Қарақалпақ халқы делегациясының арызымен бiрге арнайы қаралды. Мәжiлiске Сұлтанбек Қожанұлы Түркiстан өкiлi ретiнде қатысқан. Мәжiлiсте Бұқар қазақтары делегациясының атынан Наурызбаев, Құдайбергенов, Құлтаевтар сөз сөйлеп Бұқар қазақтарының алдында «не өмiр, не өлiм мәселесi тұр» деп ашына баяндайды. Революциядан кейiн де ондағы қазақтардың тұрмыстық жағдайында еш өзгерiс болмаған. Автономия алуға деген талпынысына жергiлiктi билiк қуғындау, жазалау шараларын қолданған. Осы мәжiлiсте Бұқар қазақтарының делегациясы, Бұқар облысының қазақ автономиясынан алыс жатқандығына байланысты, қазақ автономиясына қосылу мүмкiн емес екендiгiн атап көрсетiп, құрылып жатқан Өзбек республикасының құрамында өздерiне автономия берудi талап етiп отырғанын және осы мәселеде өздерiне жәрдем берудi сұрады. Мәжiлiсте Бұқар қазақтарының сөзiн Сұлтанбек Қожанұлы қазақшадан орысшаға аударып отырған болатын.

Бұқар қазақтарының өтiнiш-талаптарына байланысты мәжiлiсте С.Меңдешевтiң ұсынысы мақұлданып қаулы қабылданды. Қаулыда: Бұқар қазақтарының адам төзгiсiз ауыр жағдайына РК(б)П Орталық комитетiнiң назарын аударып, осы ауыр жағдайды жақсарту жолында қажеттi шаралар қолдану қажеттiгiн атап көрсетiп, ондағы қазақ халқының ұлт ретiнде сақталуын қамтамасыз ету, өзбек халқы тарапынан қазақтарды ассимиляциялауға бағытталған әрекеттердi доғару сынды мәселелер айтылды. Дегенмен де «Құрылып жатқан Өзбек республикасында Бұқар ауданы қазақтарының бөлiнiп, автономиялы облыс болуын қажетсiз деп санау» деген сияқты қаулы да қабылданып кеткен болатын.

1924 жылы 12 қыркүйек күнi РК(б)П Облыстық комитетiнiң мәжiлiсiне РК(б)П Орта Азия бюросының төрағасы И.Зеленский қатысып, Қазақ Республикасының Орта Азия республикаларының межеленулерi туралы хабарлама жасады. Мәжiлiсте Түркiстан Республикасының өкiлi ретiнде қатысқан Сұлтанбек Қожанұлы Қазақ автономиясы үшiн алдағы болатын өзектi маңызы бар мәселелерге тоқталып, Қазақ автономиясының орталығын қазақтар тығыз орналасқан аймаққа көшiру, оған қажеттi дайындық жұмыстарын жүргiзуде қазақ облыстық комитетiнiң мардымды жұмыстар атқармағанын сынап өтедi (Жалғасы бар).

Досалы САЛҚЫНБЕК, Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент