ТҰҢҒЫШ РЕКТОРҒА ҚҰРМЕТ

ТҰҢҒЫШ РЕКТОРҒА ҚҰРМЕТ

ТҰҢҒЫШ РЕКТОРҒА ҚҰРМЕТ
ашық дереккөзі
392

Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетiнiң Әшiр Бүркiтбаев атындағы металлургия және полиграфия институтына оның ескерткiш бюстi қойылды

Үстiмiздегi жылдың 12 қарашасында Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетiнде 75 жылдық мерейтойына орай игi шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда Жанәлiұлы Әшiр Бүркiтбаев атындағы металлургия және полиграфия институты үйiнiң кең залына оның тұғырлы бюсiнiң ашу салтанаты болды. Жиынды университеттiң проректоры Ұлықпан Сыдықов ашып, бұл жоғарғы оқу орны 1934 жылы Қазақ тау кен-меаллургия институты болып құрылғанын, тұңғыш директоры Әшiр Бүркiтбаев болғанын, алғашқы оқу жылында институттың үш кафедрасы, геология барлау кафедрасы, математика кафедрасы, қоғамдық тәрбие кафедрасы ұйымдастырылып, 146 студент қабылданғанын, оларға 16 ғалым сабақ бергенiн тiлге тиек еттi.

Әшiр Бүркiтбаев 1906 жылы 17-желтоқсанда Жамбыл облысы, Сарысу ауданында Қаратас ауылында орта шаруа Жанәлiнiң отбасында өмiрге келген.

Әшiр Бүркiтбаев еңбек жолын жұмысшылықтан бастап, Орал – Қазақстан өнеркәсiп академиясын үздiк бiтiрген. Содан кейiн бiлiмдi жас мемлекеттiк iстерге тартылып, Қазақстан өлкелiк комсомол комитетiнiң бiрiншi хатшысы, Қазақ өлкелiк партия комитетi бюросының мүшесi, ҚазОАК мүшесi болып сайланады. Ол қай iсте де өзiн нағыз ұйымдастырушы ретiнде көрсете бiлдi. Ол 1928 жылы тамыз-қыркүйек айларында, сондай-ақ 1929 жылдың қаңтар-ақпан айларында «Лениншiл жас» газетiнiң редакторы қызметiн де атқарған. Осы қызметте жүрiп қазақтың Асқар Тоқмағамбетов, Рахмалы Байжасаров секiлдi талантты жастарын баспасөзге тартып, үлкен әдебиетке жолдарын ашты. Ал 1934 жылдан бастап Қазақстан тарихындағы бiрiншi иненерлiк-техникалық институттың негiзiн қалаған танымал ғалым-педагог болды. Сол кезде ол небәрi 28 жаста едi.

Ол институттың ғылыми потенциалын күшейту үшiн сол жылы Семейдегi институттан 2 профессор, 4 доцент, 10 оқытушы және үшiншi курс студенттерiн шақыртты. Алғашқы жылы институттың 1-шi курсына 50 студент қабылдау жоспарланса, ол олардың санын 63-ке жеткiздi. Оның 19-ы қазақ жастары едi. Техникалық мамандықты игерген алғашқы ұлт мамандары осылай даярланды.

Белгiлi ғалым Ақжан әл-Машани ол туралы былай дейдi: «Алматыдағы тау-кен институтының негiзiн салған Әшiр Бүркiтбаев едi. Ол бұрын комсомолда iстеген екен. Жас жағынан қарағанда екеумiз құрдас болып шықтық. (Мен оқуға ересектеу жаста түскен болатынмын). Бiрде ол менi шақырып алып: «Сен екеумiз жасты екенбiз, яғни құрдаспыз. Өзiң студент жастар арасында ересек көрiнесiң және оның үстiне жақсы оқиды екенсiң. Сен маған жастар арасында жұмыс жүргiзу жағынан көмектес», – деп өтiнiш жасады. – Мен ол кезде үйлi-баранды едiм, директор жатақханадан бiр бөлме бердi. Оған дән риза болып, студент-жастар арасында коммунистiк тәрбие жұмысына қызу араластым». Ғалымның осы сөзiнен-ақ Әшiр Бүркiтбаевтың ұлт кадрларына басқалардан ерекше қарағаны анық көрiнедi.

Университет ректоры, ҚР ҰҒА құрметтi академигi Жексенбек Әдiлов:

– Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ ұжымы оқу-тәрбие жұмысы барысында Ә.Бүркiтбаев есiмiн үнемi жаңғыртып, оның тәрбиелiк мәнi зор тағылымды шараларын жалғастырып келедi. Үстiмiздегi оқу жылында университет Ғылыми кеңесiнiң шешiмiмен «Университеттiң дамуына ерекше үлес қосқан ҚазҰТУ қызметкерлерi мен демеушiлерi үшiн тұңғыш ректор Әшiр Бүркiтбаев атындағы сыйлық және медаль туралы ереже» бекiтiлiп, ол бойынша жыл сайын университет күнiне орай осы сыйлық пен медаль үшiн конкурс жарияланатын болды. Сонымен қатар, оқуда озат, үлгiлi студент үшiн Ә.Бүркiтбаев атындағы 5 шәкiртақы, қайраткер туған Сарысу ауданының озат оқушылары үшiн 2 грант тағайындалды», – дейдi.

Салтанатты жиында белгiлi ғалымдар, қайраткердiң немересi және Сарысу ауданынан келген қонақтар сөз сөйлеп, Әшiр Бүркiтбаев шығармаларын жинақ етiп құрастырған тарихшы-ғалым Сәбит Шiлдебайға арнайы сыйлық табыс етiлдi.

К.АДЫРБЕКҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары