АРЫСТАР КӨРЕГЕНДIГI

АРЫСТАР КӨРЕГЕНДIГI

АРЫСТАР КӨРЕГЕНДIГI
ашық дереккөзі
170

Шымкент қаласының орталығында, өмiр бойы қазақ оюын жинаған, Қазақстанда тұңғыш балалар сурет мектебiн ашқан суретшi Ғани Iләйевтiң атында көше бар.

Ұлы Отан соғысының батыры Қарсыбай Сыпатаев атындағы мектепте оқып жүрген кезiм. Сабақ жақында ғана басталған, бесiншi сыныптамын. Бiр күнi түсте мектепке келсем, дәлiздегi терезенiң жақтауына сүйенiп тұрған жасы үлкен бiр кiсiнi көрдiм. Қасында оқушылар, өзi қолындағы қағазына бiрдеме жазып жатыр. Жақындап барғанда бiлгенiм сурет мектебi ашылыпты, соған барам деушiлердi тiзiмге алып жатыр екен. Сурет салуға бұрыннан құмарлығым бар мен де, жазылмақ болып жақындап барып, аты-жөнiмдi айттым. Фамилиямның бас әрiптерiн ести сала басын көрiп: — Әсiлхан Оспанұлының баласысың ба? — деп сұрады. Бейтаныс ағайдың әкемдi бiлетiнiне әрi таң қалып, әрi қуанып толқып кеттiм бiлем, дауыстап жауап бере алмай «иә» дегендей басымды изедiм.

Содан болғанды болғандай үйге айтып келдiм. Сурет мектебiне баратын болғанымды құптаған әкем, Ғани ағайдың кiм екенiн айтып бердi. Мектебiмiзге келiп қазақ балаларын сурет мектебiне шақырып жүрген ағамыз белгiлi суретшi Ғани Iләйев екен.

Сол кезден берi көп жылдар өттi… Өткен жылдың аяғында облысымыздың барлық суретшiлерiнiң есiмдерi мен суреттерi енген «Өнерлi өлке суретшiлерi» атты көркем безендiрiлген кiтап жарық көрдi. Кiтап Ғани ағаның суреттерiмен басталады. Бұл кiтапқа аттары енген суретшiлердiң барлығы дерлiк Ғани ағаның шәкiрттерi. Оның iшiнде iнiм Ералы екеумiздiң де салған суреттерiмiз бар.

Ұлы суретшi ұстазымды бiр адамдай бiлемiн деп жүрушi едiм. Әкем ғалым Әсiлхан Оспанұлының айтқанынан ұстазымның ағасы Әбiлдiң журналист болғанынан да хабардар едiм. Бiрақ жақында ол кiсiнiң өз ағасы Әбiл туралы жазған Оңтүстiк Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргiн құрбандарының мұражайының қорында сақтаулы тұрған қолжазбасымен таныстым. Онда қазақтың белгiлi тұлғалары туралы жаңа деректер бiлдiм.

Сырдария губерниясының орталығы Ташкент қаласының белгiлi ұстасы Iлә мен оның жұбайы Ханымның ұлдарының үлкенi Әбiл 1904 жылы дүниеге келген. 1917 жылы гимназияның 8 сыныбын бiтiрген Әбiл Қазақ ағарту институтына түсiп, 1922 оқуын бiтiрген соң Түркiстан республикасының басшысы Тұрар Рысқұловтың көмекшiсi болып қызмет атқарады. Содан соң Шымкентке көшiрiлген «АҚЖОЛ» (қазiргi «ОҢТҮСТIК ҚАЗАҚСТАН») газетiне Т.Рысқұловтың ұсынуымен тiлшi болады. 1925 жылдың күзiнде Қызылорда қаласында шығатын «Еңбекшi Қазақ» газетiне шақырылады.

Жұмысын жақсы iстеумен қатар Алматы және Шымкент аймағының арнайы тiлшiсi бола жүрiп Ә.Iләйев халық ауыз әдебиетiн жинап 5 қолжазба қалдырыпты. Әбiл аға сол бiр жылдары бүгiнде ауызға жиi алынатын қазақтың арыстары Бейiмбет Майлин, Iлияс Жансүгiров, Шамғали Сарыбаев, Халел Досмұхамедовтермен үзеңгiлес, дос болған.

Ұста Iләнiң үйiнде Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Қоңырқожа Қожықов сынды аяулы азаматтар жиi қонақ болады екен. Ал атақты әдебиет майталмандары Сәкен Сейфуллин, Бейiмбет Майлин, Iлияс Жансүгiров пен Мұхтар Әуезов Әбiл Iләйевтi өз iнiлерiндей жақсы көрiп сыйласқан.

Сол бiр жаңа Қазақстанның аяғынан тiк тұрып келе жатқан кезге дөп келген ХХ ғасырдың басындағы тарихи кезеңдi Ғани аға өзiнiң балалық шағын еске ала отырып орыс тiлiнде былайша баяндаған екен.

Бiр күнi әрдайым көңiлi жадырап жүретiн Тұрар Рысқұлов ағай маған қарап былай дедi: — Ал, қане Ғани, мына сұрағыма жауап бершi. Бiр пұт тас ауыр ма, әлде бiр пұт мақта ауыр ма?

Мен ойланбастан: «Тұрар ағай, әрине тас ауыр», дедiм. Тұрар ағайым: «Екеуiнiң де салмағы бiрдей емес пе, бiр пұттан» дедi. Мен өз дегенiмдi дәлелдемек болып: «Бiрақ мақта жұмсақ қой, көтеруге жеңiл» деп едiм Тұрар ағай риза кейiппен жымиды да әкеме қарап: «Мына балаңыздан бiрдеме шығатын түрi бар» дедi.

Жазғы демалыс кезiнде анаммен Қызылордаға жиi баратынмын. «Еңбекшi Қазақ» газетiнiң шығарушы редакторы болып iстейтiн ағам Бейiмбет Майлин екеуi бiрге тұратын. Редакция ғимаратының жанындағы саябақтың арғы жағында орналасқан баспаханаға ағамның жазған мақалаларын жиi апарушы едiм. Күнiне бiрнеше рет редакция мен баспахана арасында жүгiрiп жүретiнмiн.

Жаздың ыстық аптап бiр күнiнде, әдеттегiдей Қызылорданың көшесiнiң шаңын бұрқырата жүгiрiп бара жатқанымда алдымнан Сәкен Сейфуллин көрiндi. Үстiнде әдемi жаздық костюм, қолында ұстаған таяғы бар. Жақындай бергенде жүрiсiмдi баяулаттым. Осынымды байқаған Сәкен ағай менi тоқтатып: — Жарайсың, Ғани, — дедi де бiр сомдық күмiс теңге ұстатты. Киiмi шаң болмасын дегенiмдi түсiнгенi ғой.

Сәкен аға бiздiң үйде жиi болатын. Әр келген сайын маған өзiнiң өлеңдерiн жатқа айтқызатын. Бiрде редакцияға барғанда Сәкен ағаның өлеңдерiн Бейiмбет Майлин, Iлияс Жансүгiров, Мұхтар Әуезов және Сәбит Мұқанов ағалардың алдында оқығаным бар. Бәрi де дән риза болды. Ал Сәкен ағам маған қалтасындағы бар тиын-тебенiн бердi де: «Ертең пионерлiк киiмiңдi киiп кел, жақын жердегi казармада қызыләскерлер тұрып жатыр. Солардың алдында өлең оқисың», дедi. Шынымен-ақ ертесiне түстен кейiн бiздiң үйге бiр қызыләксер келдi. Бейiмбет Майлиннiң ұлы Әукен екеумiз соған ерiп қызыләскерлер тұратын жерге бардық. Сарбаздардың клубы қазақ қызыләскерлерiне лық толы екен.

Абай атындағы №5 мектептiң көркемөнерпаздары үлкен коцерт қойды. Мен жеке шықтым. Мұншама көп адамның алдында бiрiншi рет өнер көрсетуiм. Сондықтан қатты қобалжыдым. Бiрақ Сәкен ағайдың көңiлiнен шықпақ болып бар даусымды қатты шығарып өлеңiн жатқа оқыдым. Қызыләскерлерге ұнаған болуы керек сартылдата қол шапалақтап жатты.

Сол күнi Сәкен Сейфуллин өзiнiң фаэтонымен бiздiң үйге келiп менi мақтап, анам мен ағамды құттықтап кеттi.

1928 жылдың жазында Мәскеуден Iлияс Жансүгiров келдi. Пәтер тапқанша жұбайы және бала-шағасымен екi ай бiздiң үйде тұрды. Ол кiсi сондай ақкөңiл, кез келген адаммен шүйкiрлесе кететiн. Өкiмет мүшелерiмен де, журналистермен де жақын дос болатын.

Он бiр жастағы кезiм. Бiр күнi терезенiң алдында тұрып саябақтың суретiн салып жатыр едiм, Iлияс аға жақындап келiп бiраз қарап тұрды да ағам Әбiлге: «Қазақ халқында өнердiң бұл түрiмен айналысқан Шоқан Уәлихановтан басқа ешкiм болмап едi. Ғани өскен соң суретшi болса халқымыздың мәдени өмiрiндегi бiр жаңалық болар едi, — дедi де, әңгiмесiн былай деп жалғастырды, — Әбiл, iнiң бастауыш мектептi бiтiрген соң суретшiлiк оқуға түсуiне көмектес».

Ағам Iлияс Жансүгiровтен он жас кiшi болатын және ағасындай құрметтеп ұстаз тұтатын. Содан ағамның қолдауымен 1929 жылы мен екi оқу орнына – педагогикалық техникумына және болашақ суретшiлер оқитын оқу орнына түсiп, екi жерде бiрдей оқыдым.

Қазақ бейнелеу өнерiнде өзiндiк үлкен орны бар суретшi Ғани аға бұл естелiгiн 1984 жылдың мамыр айының 25-жұлдызында жазған екен. Естелiгiн «Биыл «Оңтүстiк Қазақстан» газетiне 60 жыл. Сондықтан ағамның осы газеттiң алғашқы қызметкерi болғанын мақтан етемiн» деп жазыпты.

Сағымдай бұлдыраған сол бiр кездер ендi тарих еншiсiнде. Елiмiздiң әрбiр көзi ашық азаматы пiр тұтатын осынау қазақтың арыс ұлдары сол жылдары қаршадай баланың қабiлетiн танып, болашағынан үмiт күткенi үлкен көрегендiк. Уақыт сол тұлғалардың ойының дұрыс екенiн дәлелдедi. Ғани Iләйев талмай, қажымай ауыл-ауылды аралап қазақ оюы түрлерiн жинап, олардың суретiн салып дүниежүзiне туған елiнiң өнерiн таныта бiлдi.

Кезiнде Ғани ағаның үйiнде жиi болатынмын. Бiрде бiр кеш бойы ағай мен жұбайы Ажар апаның айтқан естелiктерiн жазып та алғанмын. Бiрақ ол кезде ұстазымның өзiнiң балалық шағы туралы тiс жармағанына мән бермеппiн. Ендi ойлап қарасам Ғани ағай өткен ғасырдың бiрiншi жартысында белең алған саясаттың құрбаны, «халық жауы» деген нақақ жаламен ұсталып кеткен ағасы, алғашқы қазақ әдебиетшiлерiнiң бiрi Әбiл Iләйев туралы айта алмапты…

Мектеп дәптерiнiң он екi бетiне 1984 жылдың мамыр айының 25-жұлдызында жазылған бұл естелiк Қазақ халқының арыстары туралы осылай сыр шертедi.

Бердалы ОСПАН

Шымкент қаласы

Серіктес жаңалықтары