ЕЛДIҢ ШЕТIНДЕ, ЖЕЛДIҢ ӨТIНДЕ

ЕЛДIҢ ШЕТIНДЕ, ЖЕЛДIҢ ӨТIНДЕ

ЕЛДIҢ ШЕТIНДЕ, ЖЕЛДIҢ ӨТIНДЕ
ашық дереккөзі

Қаусап тұрған бiр аурухана бар Бәйдiбекте

Бәйдiбек ауданына қарасты 25 төсектi жұқпалы аурулар ауруханасы ескi, жатаған үйге орналасқан. Айналасы қуаң, сүреңсiз-ақ. Ағын су келмеген соң қандай көгерiш бола қойсын, бiрдi-екiлi талдан басқа ешнәрсе жоқ. Аурухана жайы осыдан 35-40 жыл бұрын совхоздың кезiнде тұрғын үй мен мал қораның есебiнен салынып, бұл күндерi тозығы жетiп, қаусағалы тұр. Iшi қара көлеңке, оның үстiне қуыс-қуыс, әйтеуiр көңiлсiз-ақ. Аудан орталығынан 30 шақырым қашықтықтағы Шалдар елдiмекенiнде орналасқан ауруханаға жетудiң өзi бiр қиямет. Шалғайда жатқан бұл ауылға арнайы қатынайтын қоғамдық көлiк жоқ. Тек әке-көкелеп жеке көлiк жалдап қана әзер жетесiң.

– «Ескiнi жамасаң, есiң кетедi» – деген емес пе, жылына бiр рет қолдан келгенiнше әктеп, сырлап, жамап-жасқап дегендей өзiмiзше жөндеу жұмыстарын жүргiзген боламыз, бiрақ одан өзгерiп жатқан ешнәрсе жоқ. Күрделi жөндеу дегендi көрген емеспiз. Тұрған жерiмiз желдiң өтi. Бөлмелердiң iшi жел тұрса болды, азынап шыға келедi. Шаң-тозаң, қыста қар үрлейдi,– деп сөзiн бастаған бөлiмше меңгерушiсi Мұхаң Iзтiлеуов өз сөзiн ары қарай сабақтай түстi. Ол әлгiндей сыртқы жағдаймен қоса iшкi, сырқаттарды емдеу мәселесiнде кездесетiн соншалық қиындықтарды да қалдырмастан, бүге-шүгесiне дейiн, түп-түгел айтып шықты. Бәрi орынды. Әсiресе мұнда жатқан аурулардың жағдайын көрiп тiптен аяп кетесiң.

Бiрде аудандық медицина бiрлестiгiнiң бастығы Есiмхан Тұрабеков те әңгiме арасында:

– Бiздегi басты проблемалардың бiрi – ол сонау шалғайда, бiр шетте жатқан жұқпалы аурулар ауруханасын қанша жыл соңына түсiп жүрсек те аудан орталығына әкеле алмай-ақ қойдық. Әзiрге одан өткен түйiткiлдi мәселе болмай тұр, – дегендi айтып қалып едi.

«Жұқпалы ауруды жұқтырған науқастардың мәселесi өте жұқа, нәзiк келедi. Оған мұқият қарамаса болмайды. Өкiнiшке қарай оны емдейтiн аурухана аудан орталығынан тым алыста орналасқандығы, қиындық үстiне қиындық тудыруда. Кеселдiң түрiн анықтаған соң оған тиiстi күтiм жасаудың орнына бiрнеше шақырым қашықтыққа қарай ала жөнелемiз». Әсiресе, әбден өткiзiп алып, жан сақтау бөлiмiне түскен ауруға қиын», – дейдi жол-жөнекей әңгiме барысында өз ой-пiкiрiн бiлдiрген сөйлеген аудандық аурухана бас дәрiгерiнiң емдеу iсi жөнiндегi бiрiншi орынбасары Бексұлтан Рысбеков.

Ал ауру жандар қалыптасқан жағдайға мүлдем наразы.

– Мен Мыңбұлақ ауыл әкiмшiлiгiне қарасты Бестоғай елдi мекенiнен келiп, емделiп жатырмын. Менi де ауыл арасының қашықтығы қинады. Өзi де бiр шет екен. Әйтпесе дәрiгерлердiң қарауынан кiнәрат жоқ. Мұндай аурухананың аудан орталығында болғаны бәрiнен де бұрын бiз сияқты науқастар үшiн тиiмдi екенiн сонда ешкiмнiң ойламағаны ма? – дейдi жасы жетпiстi алқымдаған Айсара Тәңiрбергенова апа қинала сөйлеп. Әсiресе 8-сынып оқушысы, сары аурумен келiп түскен Бекбауова Маржанның сөзi кез келген адамның жүрегiн шымырлатары күмәнсiз.

– Мен сонау Бәйдiбек ата ауылынан келдiм. Жарықбастағы аурухана менi осында жiбердi. Ауылдық ауруханада бiздердi тасымалдап тұратын арнайы көлiк қайдан бола қойсын. Анам соншама жерден такси жалдап, менi осында әзер дегенде жеткiздi. Қаншама ауру жатырмыз. Бәрiнiң бiрдей такси жалдап келе беруге мүмкiншiлiктерi жете бермейтiн шығар. Тиiстi орындар осыны неге ойламайды? – дейдi жап-жас қыз көңiлсiз кейiпте үлкен ой қозғап.

– Рас, – дейдi меңгерушi М.Iзтiлеуов, – бiз тиiстi зертханалық қорытындыларды анықтау үшiн аудан орталығына күнiне бiр емес, бiрнеше рет баруымызға тура келедi. Бұл жерде маман дәрiгер тек бiр өзiм ғана, жағдайымыз өте қиын. Осылай 35-жылдан берi әрi-берi шапқылаумен күн өткiзiп келемiз. Бұл аурухананың аудан орталығында болғаны адамдарға аса қолайлы

Аудандық медицина бiрлестiгiнiң бастығы Е.Тұрабеков пен аудандық орталық аурухананың бас дәрiгерi Б.Мырзагелдиевтiң де сөзi бiр жерден шығып отыр. Кезiнде қайта құру мен жекешеленудiң тұсында Шалдар елдiмекенiндегi аталмыш жұқпалы аурулар ауруханасы өз алдына жеке-дара дербес мекеме болып та көрген. Алайда, тек басқару тетiгi ғана қолда болғанымен аурудың түрiн анықтауға қажеттi барлық техника мен құрал-жабдықтардың бәрi аудан орталығында болып келдi. Осындай iшкi мүмкiншiлiктерiне байланысты қазiр соңғы 4-5 жылдан берi емдеу орны аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлiмшесi болып қайта құрылған. Яғни орталық ауруханаға қарайды. Сондықтан да бас дәрiгер Б.Мырзагелдиев бұл бөлiмшелердегi ауруларды күнделiктi бақылау мен қадағалау iсiнiң әлгi жер шалғайлығына байланысты баршаға айтарлықтай қиындық туғызып отырғанын жете бiледi.

– Бұдан 5-6 жыл бұрын осы жұқпалы аурулар ауруханасын аудан орталығына орналастыру үшiн

оған тиiстi жер бөлiнiп, оның жобалық-сметалық құжаттарының жасалғанын да бiлемiз. Бiрақ, ол сол күйiнде қалып қойды. Тиiстi мекемелерге айтсақ «әне-мiне» деп уақытты созбалаумен келедi. Ал аурулардың жағдайы ондай құрғақ уәделердi күтiп тұра алмайды ғой. Егер аурухана ауданда болса, онда барлық жағдай жасалып, тиiстi мүмкiншiлiктер дер кезiнде жүзеге асырылған болар едi, – дейдi бiрлестiк бастығы Е.Тұрабеков мырза.Сонымен ауру адамдар болса амалдың жоқтығынан сонша жерге шапқылап, арып-аршып жүрiп жатыр. Оларға қол созып, көмектесер ешкiм табылмай тұр әзiрге.

Серiкбай ТҰРЖАН

Оңтүстiк Қазақстан облысы, Бәйдiбек ауданы