КЕДЕНДIК КОДЕКС: КҮНГЕЙI МЕН КӨЛЕҢКЕСI

КЕДЕНДIК КОДЕКС: КҮНГЕЙI МЕН КӨЛЕҢКЕСI

КЕДЕНДIК КОДЕКС: КҮНГЕЙI МЕН КӨЛЕҢКЕСI
ашық дереккөзі

Кедендiк одаққа қатысты мәселелердi билiк пен бизнес өкiлдерi, әсiресе, отандық тауар өндiрушiлер бiрiгiп талқылауы тиiс. Сонда ғана ұлттық және мемлекеттiк мүдденi қорғауда өзгеге есемiз кетпейдi. Күнi кеше ғана қоғам талқысына ұсынған Кедендiк кодекс пен Кедендiк одақтың күнгейi мен көлеңкесi қайсы?

Премьер Мәсiмов Қазақстан, Беларусь және Ресейге ортақ Кеден Кодексi мен ҚР жаңа Кеден кодексiн жұртшылық талқысына салуға Қаржы министрлiгi, Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгiне, Парламент депутаттары мен сыртқы экономикалық iстерге қатысы барлық азаматқа нұсқау бердi. 2010 жылдың 1 шiлдесiнен бастап заңды күшiне енуi тиiс ортақ Кеден кодексiнiң Қазақстанның Кеден кодексiне қарама-қайшы тұстары көп. Сондықтан арнайы жұмыс тобы екi құжатты бiр бiрiне сәйкестендiру жолында әрекет еткен едi. Киот келiсiмiнiң негiзiнде дайындалған 368 баптан тұратын бұл құжатты үстiмiздегi жылдың 27 қарашасында Қазақстан, Беларусь пен Ресей Минскiде сараптайды.

2009 жылдың 9 қазанында ТМД елдерiнiң (Қазақстан, Беларусь, Ресей, Әзiрбайжан, Армения, Қырғызстан, Молдова, Тәжiкстан, Өзбекстан мен Украина) кеден жетекшiлерi Қазан қаласында бас қосып, Кодексте ескерiлуi тиiс бiрқатар жайтты ортаға салған болатын. Беларусь Мемлекеттiк кедендiк комитет төрағасы бүгiнде үш елдiң тарифтiк саясаты 95 пайызға бiртұтастандырылып, бюджеттiк мәселелерге қатысты барлық жайттың анықталғанын айтты.

Ортақ Кедендiк одақтың отандық тауар өндiрушiлерге қалай әсер ететiнi туралы пiкiрлер сан алуан. Алайда, Премьер Мәсiмов апта басындағы үкiметтiк отырыста Қытайдан Қырғызстанға заңсыз жолмен әкелiнетiн тауарлардың екi елмен кеденi ортақ Қазақстанға аса iрi көлемде тасылуы мүмкiндiгiн жоққа шығармады: «Кедендiк одақ пен Қырғызстандағы кедендiк салық көлемi арасында айтарлықтай айырмашылық болуы себептi, Кедендiк одақ құрылғаннан кейiн Қытайдан Қырғызстанға, сондай-ақ, Қырғызстаннан Қазақстанға әкелiнетiн заңсыз тауар айналымы өте үлкен болады. РФ басшылығы осы мәселеге орай алаңдаушылық танытып отыр».

Энергетика және минералды ресурстар министрлiгi Кедендiк одақтың арқасында iшкi нарықтағы жанар-жаға май бағасының бiркелкiленетiнiн, яғни, ресейлiк нарықтағы құнмен иық теңестiретiнiн айтады. Ал Мәсiмов экономикалық дағдарыстың арқасында арзандап қалуы мүмкiн азық-түлiктi ресейлiк дүкен желiлерiнен тасығалы отыр. Ол «Атамекен» Одағының басшысы Азат Перуашевқа кәсiпкерлерге ресейлiк бiр дүкен желiсiн сатып алу туралы ұсыныс айтты. ҚР Индустрия және сауда вице-министрi Жанар Айтжанова Кедендiк одақтағы қазақстандық тауар өндiрушiлердiң құқығы мен мүддесi толық қамтамасыз етiлгенiн мәлiмдедi. Оның айтуынша, отандық тауар өндiрушiлер мен қазақстандық экономикаға қатысты маңызды екi мәселе қарастырылған: бiрiншiсi, ел экономикасы үшiн аса маңызды тауарларды, яғни, шет елдерден импортталатын өнiмдердi тасуды кезең бойынша жүзеге асыру. Олардың iшiнде, медициналық дәрi-дәрмек бар. Қазiргi кезде iшкi нарықтың 12 пайызы ғана отандық өнiммен қамтамасыз етiлген. Қазақстан алдағы бес жылда өзiнiң өндiрiс ошақтарын қалыптастыруға мүмкiндiк алды. Сонымен қатар вагон өндiрiсiне – 3 жыл, ал мұнай шикiзатын өңдеу өндiрiсiне 4 жылға келiсiм алынған. Министр Сұлтановтың пiкiрiнше, Кедендiк одақтың тағы бiр жағымды тұсы, бүгiнде қытайлық арзанқол әрi сапасыз тауарлармен толтырылған iшкi нарық ресейлiк және беларусьтiк тауарларға орын босатады.

Ресми билiк осылайша, жағымды жақтарын көбiрек көлденең тартуға тырысса, отандық кәсiпкерлер керiсiнше, импорттық ағынның жетегiнде кетемiз бе деп алаңдайды. Мәселен, үш елдiң «қазаны ортақ» болғанда, бағаға қалай әсер етпек? Экономикасының нақты саласы қазақтарға қарағанда, неғұрлым жақсы дамыған орыс пен беларусь импорттық заттарға үрке қарайды. Ал бәсекеге төтеп бере алатын тауарлары көп болғандықтан, олар өз өнiмдерiн өзгеге күштеп таңуға тырысары анық. Мысалы, соңғы кездерi РФ үкiметi шет елдерден келетiн құс етiнен толық бас тарту туралы шешiм шығарды. Алдымен құс етiн, сосын жалпы ет атаулыны бастапқыда Федерация аумағында, сосын Кедендiк одақ көлемiнде, одан әрi халықаралық нарыққа жол экспорттауды көздейтiн ресейлiк кәсiпкерлерге РФ билiгi толық жағдай жасап отыр. Мәселе тек бiр құс етiне қатысты емес. Бiздегi кез келген сала iшкi нарықты 100 пайызға қамтамасыз етуге қауқарсыз. Демек, қытайлық сапасыз өнiмдерге төтеп бере алмай отырған отандық кәсiпорындар ресейлiк және беларусьтiк тауар өндiрушiлермен бәсекеге түсуге қаншалықты қабiлеттi? деген заңды сұрақ туындайды. Қазiр қазақ кәсiпкерлерiнiң арасында кедендiк салықты көбейтедi екен деген күдiк басым. Алайда, индустрия министрлiгiндегiлер Қазақстан мен Ресей арасында ешқашан кедендiк салық болмағанын, Кедендiк одақ шеңберiнде де болмайтынын, мұндай келiсiмге КСРО құлаған алғашқы жылдары ТМД елдерi шеңберiнде, одан кейiн 1999 жылы ЕурАзЭҚ аумағында қабылданғанын көлденең тартуда. Ақпараттың тапшылығы, Кедендiк одаққа қатысты мәселелердi талқылауда қоғамның белсендiлiк танытпауы т.б. қиындықтар жаңсақ пiкiрдiң қалыптасуына, ең өкiнiштiсi, отандық тауар өндiрушiлердiң одақ шеңберiнде бекiтiлген құқықтарын бiлмеуi себептi, өзгелерге есе жiберiп алуына ықпал етуi мүмкiн.

Қазақстан кәсiпкерлерi тәуелсiз ассоциациясының вице-президентi Тимур Назхановтың пiкiрiнше, Кедендiк одақтан қазақстандық тауар өндiрушiлерге келетiн ешқандай пайда жоқ. Өйткенi, Ресей мен Беларусьте өндiрiс қарқынды дамыса, бiзде тұралап қалған. Егер сырттан әкелiнетiн құрал-жабдық немесе жекелеген заттардың кедендiк құны өссе, Қазақстанда жасалған өнiм 15-20 пайызға қымбаттайды. Демек, елiмiзге Ресей мен Белоруссиядан келетiн дайын өнiмдер бағасы отандық өнiмдерге қарағанда, арзан болатындықтан, тұтынушылар қазақстандық емес, аталған екi елдiң өнiмiн сатып алуға мүдделi болады. Оның үстiне, Ресей де, Беларусь те қазақстандық өндiрiстi дамытуға емес, керiсiнше, өздерiнiң өнiмдерiн тықпалауға тырысатыны айтпаса да түсiнiктi. Бұл пiкiрмен экономистердiң көпшiлiгi келiседi. Сонда Үкiметтiң отандық өндiрушiлерге жасаған жақсылығы қайсы? Әлбетте, қазақстандық экономиканың шикiзаттық емес, нақты саласын, әсiресе, өндiрiс ошақтарын аяқтарынан қаз тұрғызуға тәуелсiздiктi алған бойда қызу кiрiсу керек едi. Бiрақ бiз халықаралық нарықтағы «қара алтын» мен «көгiлдiр отынның» «қызығымен» жүргенде, көршiлес жатқан елдер оқ бойы озып кеттi. Оларды қуып жетуге әлi де кеш емес. Бiрақ ол үшiн iрiлi-ұсақты шенеунiк бiткеннiң бойында өз елiн, өз жерiн, өз тауарын дамытуға деген патриоттық сезiм құлқынның қамынан басым түсуi тиiс. Әйтпесе, «әдемi» сөздер мен баяндамалардан кенде емеспiз, кенде болатынымыз – ел игiлiгi үшiн атқарылатын нақты әрi нәтижелi iстер.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ