КӨЛIК КӨП, АПАТ ТА КӨП

КӨЛIК КӨП, АПАТ ТА КӨП

КӨЛIК КӨП, АПАТ ТА КӨП
ашық дереккөзі
523

Халқымыздың әл-ауқатының жақсаруына, өндiрiсiмiздiң өркендеуiне байланысты техникаларымыз дамып, көлiктерiмiз көбеюде. Техника, автокөлiктiң көбеюi өз кезегiнде жол-көлiк оқиғасының артуына, қайғылы жағдайдың жиi орын алуына әкеп соқтыруда.

Жол-көлiк оқиғасының шамадан тыс болуына көлiктердiң ақауы, жол ережесiнiң сақталмауы, жүргiзушiнiң тәжiрибесiздiгi, көлiктi мас күйiнде басқару, жолдарға тиiстi белгiлер қойылмауы, жолдардың жөнделмеуi т.б. себеп болуда. Мiне, осындай қарапайым ережелердi сақтамау қайғылы оқиғаға душар етiп отыр.

Қызылорда облыстық жол полициясы басқармасының ақпаратына көз жүгiртсек, үстiмiздегi жылдың алты айында республика бойынша 5500-дей жол апаты болып, мыңға жуық адам қайтыс болған. Бұл өткен жылғы көрсеткiштен 418 адамға кем. Ал былтырғы жылы осы кезеңде облысымызда 105 жол апаты тiркелсе, биылғы жарты жылдықта 77 оқиға орын алған, яғни 25 пайызға төмендеген көрiнедi. Оның iшiнде 31 адам оқиға орнында көз жұмған.

Сот-медицина орталығының Қызылорда бөлiмшесiнде тiркелген мәлiметтер бойынша 2007 жылы жол-көлiк апатынан қайтыс болған 161 мәйiтке сот-медициналық сарапшылық жүргiзiлiп, оның 56-нан iшiмдiк iшкен белгiлерi анықталған. Ал, 2008 жылы 126 мәйiтке сарапшылық жүргiзiлiп, 36-нан iшiмдiк iшкен белгiлерi айғақталды. Сол сияқты үстiмiздегi жылдың бiрiншi жарты жылдығында жол-көлiк оқиғасы апатынан және сол кезде алған жарақат салдарынан қайтыс болған 40 мәйiтке сарапшылық жүргiзiлiп, оның 9-нан iшiмдiк iшкен белгiлерi анықталды. Бұл көрсеткiштерге қарасақ, үстiмiздегi жылы адам өлiмiне әкелген жол-көлiк оқиғасының азайғанын аңғаруға болады. Бiрақ жол-көлiк оқиғасын талдау, оның себеп-салдарын түпкiлiктi анықтау және оны болдырмау шараларын ұйымдастыру әлi күнге дейiн жеткiлiксiз секiлдi. Тiркелген деректер бойынша, 2006 жылы «Қызылорда-Құмкөл» жолы бойындағы адам өлiмiне соқтырған жол-көлiк оқиғасы салдарынан қайтыс болған 42-47 жас аралығындағы 4 адам мәйiтiне сот-медициналық сарапшылық жүргiзiлсе, 2007 жылы 34-45 жас аралығындағы 3 азаматқа және 2008 жылы 34-47 жас аралығындағы 3 азамат мәйiттерiне сот-медициналық сарапшылық жүргiзiлген. Үстiмiздегi жылдың 6 айлық көрсеткiшi бойынша, осындай сот-медициналық сарапшылық осы күре жолда жол-көлiк апатынан қайтыс болған 5 адамға жүргiзiлген, яғни, бұл облысымызда орын алған адам өлiмiне апарған жол-көлiк оқиғасының 16 пайызын құрап отырғанын көрсетедi. Мысалы, ағымдағы жылдың он үшiншi мамырында мұнай тасушы «HOWD» автокөлiгi мен УАЗ автокөлiгi соғысып, көлiктер өртендi. УАЗ автокөлiгi iшiндегi 1986 жылы туылған 3 азамат жарақат салдарынан өртенiп өлсе, ал маусым айының он алтысы күнi болған жол-көлiк апатында «Ниссан Патрол» джип автокөлiгi Камаз көлiгiнiң астына кiрiп кетiп, 1970 және 1954 жылы туылған 2 азамат ауыр жарақат салдарынан көлiк iшiнде қайтыс болған. Сол сияқты 14 шiлдеде болған оқиғада мұнай таситын «Камаз» автокөлiгi аударылып, өртенiп, көлiк iшiндегi 31 жастағы азаматша өртенiп өлсе, жанындағы күйiк жарақатын алған 1980 және 1983 жылы туылған екi азамат ауруханада көз жұмған. Зерттеу нәтижесiнде барлық мәйiт ағзаларында iшiмдiк белгiлерi анықталмаған.

Мұндай қайғылы оқиғаның көбейiп жатқанына қарағанда, «Қызылорда-Құмкөл» тас жолы бойындағы жол-көлiк апаты салдарынан болған өлiм-жiтiмнiң де жылдан жылға артпаса, кеми қоймағанын көрсетедi. Бұдан басқа бұл жолда жол-көлiк оқиғасы кезiнде көлiктер аударылып немесе соқтығысуының салдарынан ауыр жарақат алатындар көп. Мәселен, 2 маусымда «Қызылорда-Құмкөл» тас жолында мұнай таситын қос «Камаз» автокөлiгi соқтығысып, адамдары аман қалған.

Осы тас жолдағы жол-көлiк оқиғасын зерделеу барысында мынандай жағдайды аңғармасқа болмас. «Қызылорда-Құмкөл» тас жолының жалпы ұзындығы шамамен 190 км.-ге жетедi, оның 130 км.-i асфальтталған болса, арғы жағына және басқа мұнай шығаратын орындарға баратын жолдарға құм аралас тас төселген. Бұл жолмен небiр алпауыт компаниялар мен мықты мердiгер мекемелердiң ауыр техникалары, автокөлiктерi жүредi. Мiне, осындай ауыр техникадан, мұнай таситын цистерналы «Камаз»-дардан соң көтерiлген шаң-топырақ жол бойын тұман секiлдi басып, сейiлмей ұзақ тұрады. Осы сәтте жүрген автокөлiктер бiрiн-бiрi көру мүмкiндiгiнен толық айрылады. Қатты жүрсе алдындғаы көлiкке ұрынады, жанына шықса қарсы көлiкке соқтығысады. Әсiресе, бұл жолмен жүрудiң қауiптiлiгi көктем, жаз, күз мезгiлiнiң алғашқы айларында арта түседi. Ал қыстың қарлы, күздiң жаңбырлы күндерi шаң-тозаңның көтерiлмеуiнен жол апаты азаяды. Демек, жол-көлiк оқиғасының 80 пайызы осы көтерiлген шаң-топырақтың және жолдың сапасыздығынан, дұрыс жөнделмеуiнен болып отыр. Әрбiрден соң осы күретамыр жолды пайдаланып отырған компаниялар, соларға қызмет жасаушы мықты мердiгер мекемелердiң жолды жөндеуге қаржылары да, құдыреттерi де жетедi емес пе?! Көтерiлген мәселе облыстың халық қалаулыларының құлағына жетiп, облыс басшыларының көзiне iлiгер деген үмiтiмiз бар.

Рахымжан ӘЛIП, ҚР ДМ Сот-медицина орталығы,

Қызылорда филиалының директоры

Серіктес жаңалықтары