Оңғар қажы Өмiрбек: «БИСМИЛЛАСЫЗ» ТIРЛIКТЕ БЕРЕКЕ ЖОҚ

Оңғар қажы Өмiрбек: «БИСМИЛЛАСЫЗ» ТIРЛIКТЕ БЕРЕКЕ ЖОҚ

Оңғар қажы Өмiрбек: «БИСМИЛЛАСЫЗ» ТIРЛIКТЕ БЕРЕКЕ ЖОҚ
ашық дереккөзі

Ата-бабамыздың асыл дiнiнiң елiмiздегi бүгiнгi хал-ахуалы туралы көпшiлiктiң кеңiрек бiле түскiсi келетiнi заңды. Осыған орай Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының баспасөз хатшысы, «Иман» журналының Бас редакторы Оңғар Өмiрбекке жолығып, бiрнеше сауал қойдық.

– Оңғар аға, биылғы қажылық сапары қашан басталмақ?

– Қараша айы туғалы қажылық сапарға отандастарымыздың алғашқы топтары аттануда. Ұлық мереке – Құрбан айттың бiрiншi күнi 27-iншi қараша қасиеттi жұмаға тура келдi. Бұл сирек құбылыс. Өте жақсы! Ал, олардың қасиеттi жерге барып-қайту мерзiмi туристiк фирмалардың жеке бағдарламасына тiкелей байланысты. Қажылардың денi қарашаның 11-iнен бастап, Алматы әуежайынан Жидда мен Мәдинаға жаппай жол тартады.

– Биылғы қажылыққа қанша адам барады деп жоспарлануда? Мұны қай туристiк фирмалар ұйымдастыруда?

– Дiнбасы Әбсаттар қажы Дербiсәлi бастаған Қазақстанның қажылық делегациясы өткен маусым айында Сауд Арабиясы Корольдiгiнiң шақыруымен барып Қажылық министрлiгiмен жасалған келiсiмге сәйкес биыл бiзден қажылыққа 4000 кiсi Жидда мен Мәдина арқылы ұшақпен барып қайтуы тиiс. Бұған жиырма фирма қатысуда. Оларға лицензияны ҚР Әдiлет министрлiгiнiң Дiни iстер жөнiндегi комитетi берген. Әр фирма ондағы Қонақ үйлердiң қызмет көрсету деңгейi мен әл-Кағбаға қаншалық алыс-жақындығына қарай бағаны өздерi белгiлейдi. Ал, дiни басқарма ондағы құлшылық амалдарының орындалуына тиiсiнше бағыт-бағдар мен кеңес берiлуiн қадағалайды. Сондықтан әр фирмада имамдардың көбiрек болуына мүдделi.

– Бұрынғы бiр қажылық сапарында бiр жеке фирманың алдап кетуi салдарынан елге қайта алмай қиналған жолаушыларды теледидардан көргенбiз. Биыл мұндай жекеменшiк фирма бар ма?

– Фирмаларды жекеменшiк немесе мемлекеттiк, тiптi коммерциялық деп бөлiп жаруға болмас. Фирманың аты – фирма. Оның бiрiншi көздеген мақсаты – бұл сапардан мүмкiндiгiнше пайда тауып, бiр тиын да зиян шекпеу. Әлбетте, сауап тапқысы келетiнi өз алдына. Ал, Сiз айтқан бiр келеңсiз жәйт мұнан ертеректе орын алған-ды. Пайдакүнем шетелдiк бiр алаяқтың осындай келеңсiз жағдайға соқтырғаны кiм көрiнгенге сенетiн ашық ауыздарға сабақ болды. Әйтпесе, фирмаларды салыстырып бiрiн таңдау еркi қажылыққа ниеттенушiнiң өзiнде ғой. Әлгi белгiсiз шетелдiк фирма секiлдiлердiң жолы бiржола жабылған.

– Әлемдi дүр сiлкiндiрген «Доңыз тұмауының» қажылыққа әсерi қалай? Кейбiр ақпарат көздерiнде қажылыққа барушылар санын азайту мәселесi де айтылған сияқты едi…

– Сауд Арабиясы жағынан бұл «Доңыз тұмауынан» сақтану үшiн қажылыққа барушыға аттанардан екi апта бұрын алдын-ала вакцина жасату талабы қойылған. Бұған қоса қажылықты ұйымдастыруға жауапты орындарға онда барушылар арасында A (H1N1) тұмауынан сақтану жолдарын кеңiнен насихаттау мiндеттелген. Сондай-ақ биылғы шiлде айында Бүкiләлемдiк денсаулық сақтау ұйымының Каир қаласындағы аймақтық бөлiмiнiң штаб-пәтерiнде бес араб елiнiң – Мысыр, Сауд Арабиясы, Йемен, Иордания және Бахрейннiң денсаулық сақтау министрлерiнiң қатысуымен өткен төтенше басқосуында бұл тұмауға байланысты қабылдаған ұсыныс-шешiмдерiмен де фирма жетекшiлерi өз кезiнде таныстырылды. Онда денсаулығына, әйелдердiң жүктiлiгiне байланысты қажылыққа келушiлердiң санын қысқарту, жасын шектеу, яғни 12-65 жас арасындағыларға ғана рұқсат ету мәселесi көтерiлiп, бұл шаралар да жұқпалы iндеттен сақтанудың бiрегей жолы ретiнде көрсетiлдi. Сонымен қатар Каирдегi төтенше басқосудың қажылыққа өз елдерi, денсаулық сақтау орындарының сертификаттары бар азаматтарға ғана Саудияға енуге рұқсат беру керек деген ұсынысы да қажылық қамында жүргендерге дер кезiнде жеткiзiлдi. Қажылыққа ниеттенушiлер виза алу үшiн Сауд Арабиясының консулдығына құжат тапсырардан екi апта бұрын бұл тұмауға қарсы ектiргенi жөнiнде анықтама алуға мiндеттелдi. Онсыз елшiлiк тарапынан виза берiлмейтiнi бәрiне де ескертiлген.

– Аға, жуырда баспасөз беттерiнде шу болған мәселелердiң бiрi – «құраншыларға» байланысты өрбiдi. Өздерiн «құраншылар» санайтын топтың Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеттерiнен бас тартып жатқанын да баспасөз беттерiнен оқыдық. Бұл мәселенiң жай-жапсары қалай болып жатыр?

– Дiни басқармаға: «Қазiргi таңда елiмiзде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетiн, хадистерiн мойындамайтын «құраншылар» деген жаңа топ пайда болды. Бұл «құраншылар» деген кiмдер? Олардың көздегенi не?» деген сауалдар түсiп жатыр. Бұған қатысты дiни басқарманың пәтуасы да шықты. Онымен ынта қойып, бiлгiсi келушiлердiң www.muftyat.kz сайтынан танысуына болады. Орыс тiлiнде. Себебi осы ағымды төңiректеген ат төбелiндей ғана топ негiзiнен орыстiлдi. Ал жалпы қазақтiлдi бауырларымыздың бұған қатысты сауалдарына дiнтанушы Қайрат Жолдыбайұлының «Айқын» мен «Ислам және өркениет» газеттерiнде «Сүннеттi мойындамау – дiн бұзудың амалы» деген тақырыппен жарияланған сұхбаты мен мақаласынан тиiсiнше жауап ала алады. Мұның екеуiн де жоғарыда аталған сайтымыздан табуға болады. Сондықтан бұған қатысты сауалыңызға қысқа әрi нақты жауап беруге тырысайын. Ең алдымен бұл топтың өздерiн «құраншылар» деп атауы қисынсыз. Олай дейтiнiм «құраншылар» деген атаудың өзi «Бiз Құранды дұрыс түсiнiп, әр iсiмiзде оны басшылыққа аламыз» дегендi бiлдiрмей ме? Қасиеттi Құранды Аллаһ Тағаланың соңғы елшiсiнiң (с.ғ.с.) хадистерiнсiз түсiну қаншалық мүмкiн? Құранда құлшылық пен дүниелiк қарым-қатынастарды реттейтiн құқықтық мәселелер көбiне-көп жалпы ереже түрiнде баяндалған. Оларды жеке-жеке талдап, түсiндiрген, басын ашқан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерi емес пе?! Аллаһ елшiсiнiң (с.ғ.с.) айтқан сөздерi мен iс-әрекеттерi және басқа да адамдардың iстерi мен сөздерiн Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мақұлдап, құптауы сүннет немесе хадис деп аталады. Жоғарыда аталған пәтуә мен сұхбат, мақалада бұл мәселе жан-жақты талданып, нақты аят-хадистермен мейлiнше көз жеткiзе дәлелденген. Сондықтан Сiздiң газеттiң қалың оқырмандарының бұған қатысты өздерiн толғандырған сауалдары болса, оған тиiстi айқын жауапты жоғарыда аталған сайтымыздан таба алатындығын тағы да қайталап айтқым келедi.

– Жалпы, бұл ұйымның бастау алған жерi Үндiстан екен. Ол елде «құраншыларға» қазiр тыйым салыныпты. «Iзгi амал» ұйымының ұстанған бағытына қарасаңыз, тек бiр ғана Құранды уағыздайтын ұйым сияқты болып көрiнедi. Оның кемшiлiгi неде деп ойлайсыз? Жалпы «Iзгi амалдың» елiмiзге, дiнiмiзге қаупi бар ма?

– Аллаһ елшiсi (с.ғ.с.): «Уа, адамзат! Мен сендерге екi нәрсе қалдырып барамын. Оларды мықтап ұстансаңдар ешқашан адаспайсыңдар. Ол – Аллаһтың кiтабы Құран мен менiң сүннетiм … « (әл-Мустадрак алас-сахихайн, 1-том, 171-бет. «Дарул-кутубил-илмия» баспасы, Бәйрут, 1-шi басылым, 1990 жыл), – деп бiрқатар сахих хадистерiнде үмметiне Құранмен қатар сүннеттi ұстанудың тура жолдан таймау кепiлдiгi екендiгiн ерекше атап көрсеткен. «Құраншылар» өз атына лайық емес, Құранның әлденеше аятындағы «намаз оқы» деген парызының өзiне толық амал етпейдi (мұны бiздегi өкiлдерiнiң iс-әрекетiнен де көруге болады), ал Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетiн мүлдем мойындамауы арқылы шын мәнiнде кiм екенiн көрсетiп отырған жоқ па? Бұған да толық жауапты сайтымыздан таба аласыз. Тек сол сайттан бiр ғана мысал келтiрейiн. Мәзһабымыздың негiзiн қалаушы Әбу Ханифаға куфалық бiр адамның: «Бiзге хадис оқыма», – деп қарсы шығуына имам Ағзамның: «Егер сүннет болмағанда, онда ешқайсымыз Құранды дұрыс түсiнбес едiк» (Исмайл Мұтлы, Сүннетi инкар фитнесi, 243-бет. «Мұтлы иайынлары» баспасы, Стамбул, 1999 жыл), – деген жауабы табиғиндер дәуiрiндегi хадиске қарсы шығу (бұл күнде де жалғасуда) оқиғасының бiрi болатын.

Бүгiнгi нақты өмiрiмiзден тағы бiр мысалға ой жүгiртелiк. Өткен Рамазан айының бiр ауызашарында көпшiлiкке баспасөз арқылы «дiнтанушы» әрi осы әңгiме арқауына айналған топтың бiздегi бiрегей өкiлi саналып жүрген азаматпен дастарқандас болуымызға тура келдi. Ақшам намазына қатыспады. Сылтауы: «жағдайым онша болыңқырамай отыр». Бұл жауабын естiгенде таңқалдым. Ер азамат үшiн намаз оқымауына «жағдайының онша болыңқырамауы» себеп бола ала ма?! Тiптi ауырып қозғала алмай жатса да ишарамен оқымайтын ба едi?! Ал, әйелзаты үшiн намаз оқымауына себеп … жеңiлдiгi (етеккiрi келгенде, не нифас жағдайда) жетерлiк.

Бiр сөзбен түйiндер болсақ, жамағаты аз, не көп болсын жалпы топқа бөлiнудi дiнiмiз жөн көрмейдi. Араға iрiткi, әзәзiл түссе ғана бөлiнедi. Ислам әлемi бiрлiк пен ынтымаққа мұқтаж. Дана халқымыз: «Бөлiнгендi бөрi жейдi» дейдi. Бәрiмiзге Құран мен сүннеттi мықтап ұстанған үмметтен болуды нәсiп еткей!

– Депутаттарымызды аландатқан тағы бiр жәйт – Текелiдегi исмаилидтер мәселесi. Өткен аптада осыған байланысты депутаттар арнайы комиссия құрып, Текелiге барып қайтты. Мұнан Дiни басқарма хабардар ма?

– Исмаилидтер, яғни исмаилилiк – шиғадағы екi iрi тармақтың бiрi. Сүнниттерге жат. Демек, әлiмсақтан сүннит қазақ үшiн де мүлдем жат. Комиссия болса бұл мәселеге қатысты Дiни басқарманың пiкiрiн бiлудi қажет деп таппаса керек. Бiздiң бiлуiмiзше, Текелiдегi университетте дiни дәрiс берiлмейдi. Бұл күндерi «Дiн туралы» Заңымыздың көңiлшектiгiнен Қазақстаннан әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен қағылған-соғылған неше түрлi дiнсымақтар мен ағым, секта, топтардың миссионерлерiн көру таң болудан қалды. Ендi бiзде пәлен дiн, ағым, секта, топ бар деп мұны бiр «жетiстiк» ретiнде атап көрсету қалған сияқты. Заң шығарушыларымыздың бұған мән берiп, арнайы комиссия құрып, барып зерттеуi көңiлге үмiт отын тұтатар жақсы нышан екен. Басқа жат ағымдар мен секта, топтардың да ел бiрлiгi мен тұтастығына қаншалық зиянды екендiгiн қазақтiлдi, ұлтжанды басылымдар жазудай-ақ жазып жатыр ғой. Исмаилидтер секiлдi қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын топты зерттегеннен гөрi сол заң шығарушыларымыз ең алдымен көңiлжықпас дiн туралы заңымызды барынша қатайтып, сағызша созылған бұл күрделi мәселеге бiржолата нүкте қойса еттi!

– Әртүрлi миссионерлiк ұйымдардың iс-әрекеттерi туралы баспасөз беттерiнде жарияланып тұрады. Кейбiр мектептерде, оқу орындарында жүргiзiлiп жатқан дiни уағыздарға Заң тұрғысынан шектеу бола ма?

– Бұл сауалыңызды бiзге, яғни қоғамдық негiздегi дiни бiрлестiкке емес, құзырлы орындарға – заң шығарушы Парламентке, заң жобасын дайындап ұсынатын тиiстi салалық министрлiктерге қойғаныңыз жөн болар. Көшелерде аяғыңызға оратылып өзiнiң кiтапшаларын тықпалайтын, есiк-терезеңiздi қағып маза бермейтiн, кез келген жерге тұмсығын сұға беретiн миссионерлерден мезi болған көпшiлiктiң бiз де бiрiмiз. Жалпы бiлiм беретiн мектептердiң IХ сыныптарына «Дiн негiздерi» пәнiнiң қосымша болса да мiндеттелiп оқытыла бастауы жүрегiмiздi жылытып, үмiт отын оятты. Дiнiмiздi жас ұрпақ бiлiммен таныса, бүгiнгiдей көрiнген секта мен топқа, ағымға көз жұма қарамасы анық.

– «Дiн туралы» Заңның мәселесi не болып жатыр? «Дiн туралы» Заңымызда жоғарыда айтылған ұйымдарға шектеу болатын бабтар бар ма?

– Әлгiнде айтылып өткендей, «Дiн туралы» Заңымызды бүгiнгi талап-тiлектер биiгiнен қайта қарап, өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiп, қатайтатын уақыт әлдеқашан жеттi. Өздерiңiзге белгiлi, басқа басылымдарды айтпағанның өзiнде бұл туралы Сiздiң газет те аз жазған жоқ. Қаншама ұсыныстар мен талап-тiлектер бiлдiрiлдi. Дәл солай Дiнбасы тарапынан заң жобасына нақты өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу жөнiндегi тиiстi ұсыныстарының әлi өз шешiмiн күтiп, қозғаусыз жатқалы қашан?!

– Оңғар аға, қазiр ауылдарда мешiт салу үрдiске айналып бара жатыр. Мешiт саны көбейгенiне қуанамыз-ау?! Бiрақ қалтасы қалың азаматтарымыздың ата-бабасына, әке-шешесiне арнап мешiт салғызуын дiнiмiз қалай көредi? Өткенде белгiлi актер Асанәлi Әшiмов бiздiң газетiмiзге берген сұхбатында бiр жiгiттiң бiр емес, жетi мешiт салғанын айтып едi. Жалпы, мешiт салуға Дiни басқарманың арнайы рұқсаты берiле ме?

– Мүмкiндiгi бар қалталы азаматтарымыздың халқымыздың бүгiнi мен келешегiн ойлап аса сауабы мол мешiт салуға деген құлшынысының артуына сүйсiнесiз. Бұған қатысты мына бiр хадистi келтiрелiк. Осман ибн Аффан (р.а.) Аллаһ елшiсiнiң (с.ғ.с.) мешiтiн соғу кезiнде адамдар сөздi (көбейткенде): «Сендер көп (сөйлеп кеттiңдер), ал мен Аллаһ елшiсiнiң (с.ғ.с.): «Кiм Аллаһтың дидарын қалап мешiт тұрғызса, Аллаһ оған жәннатта сол сияқтыны тұрғызады», – дегенiн естiдiм» деген. Сiз айтып отырған белгiлi өнер шеберi де Жамбыл облысындағы өзi туып-өскен ауылында мешiт салдырып, жерлестерiнiң ризашылығына бөленген едi. Ол кiсi жетi мешiт салдырған азаматты өзгелерге үлгi еткен болар. Расында да ондай азаматты қалай құрмет тұтсақ та лайық. Өкiнiшке орай, бiзде әлi де бес уақыт азан шақырылмайтын елдi мекендер де бар. Демек, онда мешiт жоқ деген сөз. Мешiтсiз ауылдың рухани, имани тыныс-тiршiлiгi тым жұпыны, аянышты, түрлi қалдықтардың үйiндiсi секiлдi көрiнедi маған. Басқаны айтпағанның өзiнде өлiм-жiтiмсiз ауыл бола ма? Марқұмдар қалай кебiнделiп, жерленiп жатыр? Ең соңғы сапарына ақ жуып, аруланып, шариғатқа сай жаназасы шығарылып, аттанды ма? Сол ауылда той-жиындарда Құранды сауатты оқитын жан бар ма? Үлкендер тұрмақ, жастарға дiнiмiз жайлы әңгiме айтыла ма? Бәрiнен де таңсәрiде елдi берекелi тiршiлiкке оятып, шақыратын азанды айтсаңшы. Мұның бәрi де мешiтi жоқ ауыл үшiн үлкен түйiндi мәселе емес пе? Терiскей өңiрдiң бiрқатар ауылдарында мешiттiң де, соған орай бiлiмдi дiндардың да жетiспеуiнен осындай қиындық әлi күнге ұшырасып отырғаны жасырып-жабары жоқ, ащы да болса шындық. Құран да, намаз да оқылмайтын үйден де, ауылдан да береке алыстайтынын есте ұстаған жөн. Олай болса, берекемiз тасып, бiрлiгiмiз арта түссiн десек имандылығымызды күшейтуiмiз қажет. Бұл имандылық ордасы саналар мешiтсiз мүмкiн бе? Мұсылман елдерiнде iссапарда болғаныңыз болса, бiлесiздер, онда не көп, мешiт көп. Қаланың әр кварталы сайын бiр мешiт көресiз. Намаз уақыттары жеткенде бәрi жарыса азан шақырады. Бүкiл қала азанмен оянып, азанның үнiмен тыныс-тiршiлiгiн бастайды. Қандай жағымды, жан сүйсiнедi. Бiзде мешiттер салынып, көбейiп жатса, кейбiр келте ойлы шенеунiктер мен қаламгерлерiмiз: «Мешiт көбейiп барады, оны сала бергенше неге балабақша, мектеп салмайды?» деп байбалам салып, бiр мәселемен екiншiсiн салыстырып, шатастырып жатады. Әлбетте, ауылға балабақша да, мектеп те қажет. Олар әлеуметтiк мәселелер. Мұнымен мемлекет тiкелей шұғылданады. Ол үшiн бюджеттен қаржы бөледi. Ал, мешiт үшiн бюджеттен қаржы бөле ме? Әлбетте, жоқ. Оны тек сауап iздеген, Құдайдан қорыққан, ақыретiн ойлаған тақуа да иманды жандар салуға құштар. Бұл мәселеге осы тұрғыдан қараған абзал деп бiлемiн. Мүмкiндiгi келiп жатқан қалталы азаматтарымыздың мешiтпен қатар балабақша да, мектеп те, керек болса көпiр де салдырып, ауызсусыз елдi-мекендерде құдық та қаздырып, айналаға жемiс ағаштарын отырғызып жатса, қане?! Нұр үстiне нұр емес пе?! Ал, мешiттi көпсiну – ұят, әрi таяздық!

– Жол бойында, әсiресе үлкен трассалардың бойында жол апатынан қайтыс болған адамдарға қойылған ескерткiштердi жиi көремiз. Бұл дұрыс деп ойлайсыз ба?

– Жол бойынан сондай ескерткiш, құлпытас белгiлердi арагiдiк болса да көретiнiмiз рас. Ал, мұндай қайғылы жағдайға ұшырағандардың бәрiнiң де сол көз жұмған орнына осындай белгiлер қойыла берсе не болмақ? Шынтуайтына келсек, сол керек пе? Әлбетте, басы артық шаруа, артық шығын. Ол жерге марқұм жерленбеген, сүйегi жоқ. Сонда сол қайғылы орынды несiне, не үшiн арлы-берлi өткен сайын еске алуға тиiспiз?! Қабiрiнiң басына белгi қой, тиiсiнше Құран оқытып, рухына бағыштат. Байлығы асып-тасып бара жатса сол марқұмның атынан садақа таратып, мешiт, медресе, мектеп, балабақша салдыр, тiптi ол үшiн бәдел қажылық та жасатқан абзал. Дiни басқарманың бұған қатысты Жаназа пәтуасында жан-жақты айтылған.

– Бiр-бiрiмен жарысып, ата-бабасының басын қарайту мақсатымен кейбiр зираттар зәулiм-зәулiм кең сарайға айналды. Бұған көзқарасыңыз қалай?

– Бұған қатысты Дiни басқарманың пәтуасында былай делiнген: «Қабiрге төмпешiк болғанға дейiн топырақ үйiледi. Қабiр үстiне бiр қарыстай топырақ үйiлуi мұстахаб. Қабiр үстiне түйе өркешi секiлдi етiп үйiледi. Қабiрдiң төбесiн гипстеу немесе неше түрлi майлы нәрселер жағу – мәкрүһ. Қабiр үстiне тас, ағаш мәйiттi белгiлеу үшiн қойылады. Ал оны мақтан үшiн, байлығын көрсету үшiн қою – харам. Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабы қабiр үстiне белгi қойып, оған жазу жазуға рұқсат етедi. Бiрақ сурет және мүсiн қойылмайды».

– Қазiргi уақытта қасиеттi Құран Кәрiмнiң қазақша мағынасы мен түсiнiгiнiң әлденеше тәржiмасы бар. Соның қайсысына неғұрлым ден қойған жөн?

– Аллаһқа шүкiр, оның санын айтпай-ақ қояйын. Баршылық. Әлi де тәржiмалап жатқандар да бар. Алдағы кезде де тәржiмалана бермек. Қазiрге дiн мамандары Құран Кәрiмнiң түпнұсқадан Алауддин Мансур өзбек тiлiне аударған мағына түсiнiгiнен қазақшалаған Әбсаттар Сманов тәржiмасына оқырманның ден қоюына кеңес беруде. Өйткенi түпнұсқаға осы тәржiмаланған қазақшалардың iшiндегi мағына-түсiнiгi ең жақыны саналуда.

Әлбетте, тәржiма – үлкен iзденiс пен бiлiмдiлiктi қажет ететiн шығармашылық. Сондықтан кешегi деңгей бүгiнге, ал бүгiнгiсi ертеңге өлшем емес. Үнемi өсiп, дамып отыратын табиғи процесс.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА