«FORBES»: ЖЕР БЕТIНДЕГI ЖҰМАҚ – ТУҒАН ЖЕРIҢ

«FORBES»: ЖЕР БЕТIНДЕГI ЖҰМАҚ – ТУҒАН ЖЕРIҢ

«FORBES»: ЖЕР БЕТIНДЕГI ЖҰМАҚ – ТУҒАН ЖЕРIҢ
ашық дереккөзі

Дүниежүзi бойынша, шетелдiк зейнеткерлердiң өмiр сүруiне жақсы жағдай жасалған мемлекеттi iздеп, әуреге түскен «Forbes» журналының сарапшылары «Әлемде шетелдiк зейнеткер үшiн жұмаққа татитын мемлекет жоқ» деген тұжырымға келiптi. Ал мұны атам қазақ «ит – тойған жерiне, ер – Туған жерiне» деп, бiр-ақ ауыз сөзбен баяғыда түйiндеп кеткен.

«Әлемнiң қай елiнде зейнеткерлерге жұмақ орнатылған?» деген сауалмен бас қатырған «Forbes» журналы Жер шарындағы 10 мемлекетте қарттар бейнетiнiң зейнетiн көре алады деген тұжырымға келiптi. Сонымен, ең алғашқы үштiкке енгендер – Австрия, Таиланд пен Италия. Одан кейiнгi кезекте – Австралия, Панама, Франция, Малайзия, Испания, Ирландия мен Канада. Аталған 10 ел өзгелерден несiмен ерекшеленедi? Жеке бастың қауiпсiздiгi, медициналық қызметтiң сапасы, жекеменшiк мүлiк пен қаражатты қалаған кезде қалаған талабына сай пайдалану, ауа райының жағымды болуы, азаматтық алу мен виза жасаудағы кедергiлердiң жоқтығы, мәдени-тарихи мұралардың көптiгi сияқты талаптарды ескере отырып, сараптама жасаған «Forbes» мамандары ең керемет деген он елдiң де өздерiне тән күнгейi мен көлеңкесi қатар жүретiнiн ескертедi. Мысалы, ең үздiк деген Австрияда адамдардың сапалы өмiр сүретiнiне, ондағы медициналық қызмет көрсету деңгейi дүниежүзi бойынша ең жоғарғы деңгейде болатынына қарамастан, Австрияға жұмақ iздеп жырақтан келген қарттар қауымы жалғыздықтан жапа шегетiнiн жиi көлденең тартады екен. Өйткенi, мұнда адамдар сезiмдерiн сыртқа шығаруға сараң. Таиландта денсаулық сақтау саласындағы ақылы қызмет көрсету бағасы мен сапасы, тұрғын үй мен әлеуметтiк ахуал деңгейi үйлесiмдiлiк тапқанмен, билiктегi берекесiздiк тамаша өмiр сүру кепiлдiгiне кесiрiн тигiзедi. Ауа райы қарттыққа қолайлы, күнкөрiс қамы қапаландырмайтын Италияда да саяси ахуал сыр берген – мұндағы өте күштi бюрократия кез келген жанның жанына жаға бермесi анық. Сидней, Мельбурн, Аделаида, Перу сияқты қалаларындағы әсемдiк пен баға көңiл қуантатын, өмiр сүру, қыдыру, денсаулығын жақсарту мәселесi қаржылық тұрғыда қалтаға салмақ салмайтын Австралияның «көлеңкесi» – арақашықтықтың тым ұзақтығы. Ұзақты күнiн әуежайлар мен ұшақтарда өткiзудi қарттардың денсаулығы көтере бермесi белгiлi.

Үздiктер қатарынан табылған Ирландия мен Канадада ауа райы суық, яғни, қарттарға қолайсыз болғанмен, зейнеткерлер құқығын қорғауда екi елдiң билiгi бүкiл әлем бойынша өзгелерге өнеге. Ирландияда қосымша құн салығы 43 пайыз, бiрақ 65 жастан асқан азаматтардың зейнетақылық жинағы 59 мың доллардан аспаса, салықты тiптi, төлемеуге де құқылы. Есесiне, Ирландияның «көлеңкелi» тұсы – экономикалық қиындықтардың кесiрiнен мұнда қиындықтар қордаланып қалды. Салық салмағы жеңiл, ауа райы тамаша, ақылы да сапалы қызмет көрсететiн жекеменшiк ауруханалары көп, жеке бас қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жоғары, экономикасы доллармен өлшенетiн Панамада жасамыс шетелдiктер жемқорлардың құрбанына жиi айналады.

Сұлулығы жағынан алғанда, Парижден кейiн тұратын Бретань, Нормандия, Марсель, Лион, Прованс секiлдi қалаларындағы ауа райының қолайлылығы, бағалардың көңiлге қонымдылығына қарамастан, Франциядағы бюрократия Италиядағыдан асып түспесе, кем түспейдi. Қытай мен ислам өркениетiн бойына қатар сiңiрген Малайзияда салық, инфляция, ауа райы өте қолайлы, дегенмен, жергiлiктi тұрғындар тарапынан жиi кездесетiн алалаушылық пен инфрақұрылымдардың сапасыздығы көңiлге қаяу түсiредi. Ал ғасырлардан тамыр тартқан тарихы мен мәдениетi бар Испаниядағы жұмаққа адами қарым-қатынастардың сырдаңдығы кедергi. Зейнеткерлерге қай мемлекетте қалай екендiгiнен хабар берген «Forbes» журналының сарапшылары екi аяқты пенделер Жер шарын жетi айналса да, кiнаратсыз елдi, яғни, жұмақты таба алмайтынын, кез келген жердiң өзiне тән жағымды және жағымсыз факторлары болатынын көлденең тартады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ