БIЛIМ ҰЯЛАРЫ ҚАУIПСIЗДIК ЕРЕЖЕСIН САҚТАМАЙДЫ

БIЛIМ ҰЯЛАРЫ ҚАУIПСIЗДIК ЕРЕЖЕСIН САҚТАМАЙДЫ

БIЛIМ ҰЯЛАРЫ ҚАУIПСIЗДIК ЕРЕЖЕСIН САҚТАМАЙДЫ
ашық дереккөзі

Оңтүстiкте 38 мектеп уақытша жабылмақ

Мемлекеттiк «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы талай жылғы арманымызға қанат бiтiрдi. Мұның арқасында осы күнге дейiн ешбiр жөндеу көрмеген бiлiм ошақтарына қолдың ұшы тиiп, бiрқанша мектептiң iргетасы қаланды. Бұған әсiресе, биылғы жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын аттаған балғындар қатты қуанды. Жаңа мектеп, жаңа құрал-жабдықтар, жаңа өмiр баспалдағы.

Бiлiм күнi әсiресе, оңтүстiкқазақстандықтар үшiн үлкен мерекеге ұласты. Облыс аймағында 23 мектептiң пайдалануға берiлуi осы сала қызметкерлерiн ғана емес, бүкiл өңiр халқын дүр сiлкiнттi. Небәрi 3 күн iшiнде 23 мектептiң есiгiн ашқан облыс әкiмi Асқар Мырзахметовтың командасы ұмтылыстарын одан әрi үдете түсiп, жылдың соңына дейiн тағы 20 бiлiм ұясын iске қосамыз деп бiлек сыбанды. Өйткенi, халқы тығыз қоныс тепкен Оңтүстiк Қазақстан облысында әлi күнге 69 мектеп апатты жағдайда тұрса, 29 мектепте оқушылар үш ауысыммен бiлiм алып келедi. Ал, бұл өңiрде бала туу саны жыл санап өсiп келе жатқанын ескерсек, балабақша жасындағы бүлдiршiндердiң саны 200 мыңнан асып кеткен. Олардың бар-жоғы 25 мыңы, яғни, 25 пайызы ғана балабақшаға қол жеткiзiптi. Алайда, елiмiздiң кез келген өңiрiнде «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша жаңа мектептер тұрғызылып жатқанмен, олардың сапасына тағылып жатқан сын да көп. Бөлiнген қаржыны қалтасына басып қалғысы келген пысықайлар басқасын қойып, келешек ұрпақ тәлiм алатын бiлiм ұяларынан да жымқырып қалуда. Ол аздай, арзанқол құрылыс материалдары, немқұрайлы жұмыс күшi, жайбасарлыққа салынушылық қауiпсiздiк талаптарын да әлсiретiп жiберген. Мәселен, қолда бар деректерге сүйенсек, Оңтүстiк Қазақстан облысындағы 38 мектеп оқу жылының ортасында жабылып қалу қаупiнiң алдында тұр. Күнi кеше ғана оның бiреуi есiгiне қара құлып салды. Себебi, бiлiм ұяларында өртке қарсы қауiпсiздiк ережелерi сақталмаған. Егер мемлекеттiк бiлiм мекемелерi қарапайым қауiпсiздiк талаптарына бағынбайтын болса, басқасынан не күтуге болады? Тiптi, жергiлiктi мектептерге арнайы тексеру жүргiзiлгенде, бiрқатар ескерту алған басшылардың өзi мұны орындамай отыр. Есесiне, облыстың өрт сөндiру қызметi сақтану талаптары бұзылған 38 мектептi уақытша жабу туралы сотқа арызданған. Төтенше жағдайлар жөнiндегi департамент өкiлдерiнiң айтуынша, облыстағы мектептердiң небәрi 10 пайызында ғана өртке қарсы қауiпсiздiк талаптары сақталыпты. Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментiнiң баспасөз хатшысы Арман Асылбековтiң сөзiне құлақ түрсек, облыс бойынша 45-ақ мектеп оқушыларды қабылдауға дайын. Қалған 90 пайызы өрт қауiпсiздiк ережелерiн қаперлерiне де алмаған.

Таяуда Талдықорған қаласындағы наркодиспансерде орын алған өрт кезiнде де дабылқаққыш қондырғылардың iстен шыққанын еске түсiрсек, әрине бұл шошытарлық жайт. Қарапайым сақтық шарасының сақталмауынан 40 шақты адамның мерт болғандығы жанды ауыртпай қоймайды. Әрине, мұндай оқиғалардың қайталанбасы үшiн елiмiздiң Төтенше жағдайлар жөнiндегi министрi мемлекеттiк мекемелерге жаппай түрде тексеру жүргiзгенi дұрыс. Неге десеңiз, өртке қарсы қызмет өкiлдерiнiң мәлiметi бойынша, елiмiздегi мектептердiң 38 пайызында өртке қарсы қондырғылар мүлде жоқ болса, 23 пайызында арнайы дабылқаққыштар iстен шыққан. Сол сияқты ауруханалардың 26 пайызы арнайы дабылқаққыштармен жабдықталмаса, денсаулық сақтау нысандарының 31 пайызында бұл қондырғылардың тозығы жеткен.

Негiзi бiзде кез келген мәселенiң ушыққанда ғана қолға алынатыны бар. Бұған дейiн Төтенше жағдайлар жөнiндегi министрлiк те, департамент те, тiптi, жергiлiктi бiлiм бөлiмдерi қайда қарап жүр? Мемлекеттiк мекемелердiң өзi апатты жағдайдан көз ашпаса, басқасына бас ауыртудың қажетi шамалы сияқты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ