МҰЗАФАР ӘЛIМБАЕВ

МҰЗАФАР ӘЛIМБАЕВ

МҰЗАФАР ӘЛIМБАЕВ
ашық дереккөзі
731

Алпыс жылдан астам сөз маржанын тереңнен терiп, таспадай өрiп, сан ұрпақты рухани кәусармен сусындата бiлген қабырғалы қаламгер, ақын, жазушы, қоғам қайраткерi қазақтың Мұзағасы атанған Мұзафар Әлiмбаев ағамыз да бүгiнде баба жасына жеткен халқымыздың ардақты ақсақалы болып отыр.

Осы аяулы ақсақалымыздың 87 жасқа толар мерейтойы қарсаңында (29 қазан) "Түркiстан" газетiнiң тiлшiсi мен "Ел-шежiре" қоғамдық қорының операторы ол кiсiнiң отбасында болып әңгiмелесiп, жеке мұрағат қорымен танысып қайтқан едi. — Мұзаға, әңгiмемiздi бүгiнгi әдебиет, мәдениет жайынан бастасақ. Тәуелсiздiк алғалы жиырма жылға жуықтапты, осы жылдар iшiндегi тәуелсiз елдiң тәуелсiз әдебиетi туралы ойыңыз. Қазақтың тiлi, әдеби тiлi жайлы пiкiрiңiз? — Бүгiнгi әдебиетiмiз жайлы салиқалы, салмақты пiкiр айту маған бүгiн аса қиын, себебi көптен жүрек дiмкәсiне ұшырағандықтан замандас қаламгерлердiң қалам қайратын қалтқысыз қадағалап отыруға дәрменiм жетпейдi. Бұрынырақтағыдай елеулi деген туындыларды босатпай бас салып, қолма-қол оқу, саралау қайда?! Шамам жеткенше қолыма түскенiнен ынтыға сүзетiнiм, әрине, поэзиялық шығармалар. Поэзиямыз, иншалла, абыройсыз емес, туған халқымыздың бүгiнгi арман-аңсарын, көңiл-күйiн әжептәуiр әдемi жырлап келе жатқан сияқты. Прозада тарихи тақырыпты зерттей зерделеу басымдау көрiнедi. Кеңес дәуiрiне кекiрейе қарайтындармен келiсу қиын. Сол кезеңде де қазақ халқы тарих төрiнен ойып тұрып орын алар орасан табыстарға ие болды емес пе?! Бұл шындықты ешкiм де мансұқтай алмас. Рас, өз тiзгiнiмiз өзiмiзге тимеген, бодандық заман кештiк… Мәдениеттен, ғылым-бiлiмнен жұрдай едiк, бәрiн де аға халықтан үйрендiк деп шiмiрiкпестен шындықты бұрмалаған "сабаздар" да табылды. "Орыс тiлiн бiлмесең, өмiр сүруiң қияметтей қиын болады" деп балаларымызды жаппай дерлiк орыс мектебiне бердiк. 700-дей қазақ мектебiмiз жабылып қалды… Балаңды орыс мектебiне бермесең, ұлтшыл атанып, коммунист партиясы қатарынан шығу — дағдыға айналды. Мен де балаларымды амалсыздан ана тiлi мектебiнде оқыта алмадым… Үйде үйбике екеумiз бас болып ана тiлiнде сөйлегендiктен үш ұлым да қазақ тiлiн жаман бiлмейдi, немерелерiм де аталар тiлiнде сөйлеуге ынталы. Немерелер қате сөйлесе, белгiлi атауды түсiнбей қолданса, ересектер табан астында түсiндiрiп отыруға тиiс. Қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрып жаппай үрдiске айналмаса да, көбiнесе сақталуда деп есептеймiн. Ұлттық тәрбиенi сөз етсек, үйiнде бiрыңғай орысша шүлдiрлейтiн "жаңа қазақтар" тосқауыл боп отырғанын несiн жасырамыз. Ал, жалпы алғанда қазақ тiлiне деген ықылас күшейiп келедi деп ойлауға болады. Бұл мәселе жөнiнде баспасөз бетiнде беделдi тұлғалар аз сөйлеп жатқан жоқ. Ана тiлiмiздiң көркемдiк қасиеттерiн, әуездiлiгiн, бейнелiлiгiн, өрнектiлiгiн жан-жақты зерттей, аша түсiп, үгiт-насихатымызды үдете түсуге тиiстiмiз. Мұны оқымыстылар да, журналистер де, жазушылар да жiгерлене үздiксiз көтеруге борышты. Бұл насихатқа радио да, теледидар да толассыз, бiлек сыбана бiлiктiлiкпен ат салысса құба-құп, нұр үстiне нұр! Кiтаптардағы, газет-журнал беттерiндегi сөздердi жаңсақ қолданыстарды батыл сынау тәжiрибесi тереңдей түссе екен. Өзге түгiлi тiптi тiл мамандарының өздерi де жазғандарында сөздердi бұрып қолданатыны қынжылтады-ақ. Басқаларға не жорық, "Ана тiлi" газетi, ондағы қаламгерлер тiлдегi салақтықты қырағы сақшыдай қалт жiбермей, әдiл сынап отырса екен деген тiлек айтқымыз келедi. Қазақ тiлi жанашырлары осыған жаппай белсене кiрiссе, лексика тазалығы кiршiксiз болар едi. Баспасөз беттерiнде бүкiл халықтық мүдделердi ерлерше қорғауға, елiмiздiң ақсақалдарынан бастап, жасөспiрiмдерiне шейiн тарта бiлейiк, осыған жасынан қызықтыра үйретейiк. Ұлттық намысты ту ғып көтеру қандастарымызға тән қасиет болуға тиiс! Соған баршаның көзiн жеткiзе бiлсек, ғанибет. Оқысақ та, қызмет атқарсақ та, түрлi жарыстарға қатыссақ та, тек ұлттық намыс тұрғысынан қарайық. Бұл ұлтшылдық емес, ұлтжандылық! Ұлтшылдық өзге ұлттың намысын аяққа таптасам дегендiк. Шындап келгенде, ұлтшылдық — бұл делқұлылық, тентектiк, озбырлық. Ұлтшылдықтың жолын кесу, тосқауыл қою — бәрiмiздiң интернационалдық парызымыз. Орысқа да, қазаққа да, ұйғырға, татарға да… Баршаға осылай деуден талмайық. — Әдебиеттегi, өнердегi "жиендiкпен" (плагиаттық) жүздескен кезiңiз болды ма? Көптеген жырларыңызға әндер жазылды, бүгiнгi ән текстерiнде қазақшылықтан басқашалау үрдiс басым дегенге қалай қарайсыз? — Әдебиетте, өнерде "жиендiк" деген әрқашан бой көрсететiн мiнез. Маған жас талапкер кезiмнiң өзiнде де жиендiк жасаушылар болды. Мен қазақ радиосынан жаңа өлеңдерiмдi оқыдым. Сол туындыда "долларыңнан" , "долбарыңнан" деген ұйқастар бар едi. Арада алты күн өтпей жатып-ақ бiр ақынсымақ соларды пайдасына асырып, қажетiне жаратып, өлең жаза қойыпты, сонысын газетке бастырды да. Бұл жылдарда менiң жаңа афоризмдерiмдi бiтеудей немесе "өңдеп" өзiнiкi деп жариялаушылар да аз ұшыраспады. Солармен соттасып жатуға арым шыдамайды, мұршам да жоқ. Дегенмен де баспасөз беттерiнде де, радио мен теледидарда насихаттауды аяусыз әшкерелеудi үздiксiз үрдiске айналдырса iзгiлiк деп танылары хақ. Ән-өлеңдер жайында кезiнде мен талай-талай зерттемелер жаздым. Бүгiн де жазғым келiп кетедi. Оған құлық болғанмен қуат қайда?! "Ақмаңдайлым", "Ақсұңқарым", "Маралдым" сияқты шынайы халықтық ән боп шырқалған ән-өлеңдердей туындыларды тап бүгiн жазу қолымнан келмес едi. Ән-өлеңдердi мен екi жолмен жаздым. Бiрде дайын әнге сазгердiң тапсырмасымен, бiрде өзiмнiң құштарлығыммен өлең тудырып, сазгерге ән жаздырдым. Олардың ырғақтамасы мен ұйқаснамасы әр алуан. Мәселен, "Ақсұңқарым" әнiнiң қайырмасы 15 тармақ яғни 15 жолдық өлең. Ән-өлеңдерiмдi жеке жинақ етiп бастырудың сәтi түскен екен. Басылым "Ақмаңдайлым" деп аталып, 1984 жылы "Өнер" баспасынан шықты. Одан кейiн жаңалаған жоқпын. Алғашқы тырнақалды өлеңiмдi он төрт жасымда анамды жоқтап, 1937 жылдың көктемiнде шығарған екенмiн. "… Өкiнем ерте өмiрден өткенiңе, Көре алмай қызығымды кеткенiңе. Өзгелер өз баласын еркелетсе, Жетiмдiк сүйегiме жетпедi ме?!" — деп көзiме жас толып отырып, ауызша айтқан ащы зарым осы болыпты. Жалпы, аналардың асыл тағылымына арналған өлең-жырларым бiрқыдыру шығар-ау… Ал, қазiр ше?..Әнiн де, өлеңiн де өзi жазып, өзi шырқайтын "әмбебаптар" төбе көрсетедi. Бiржансалдар көбейсе құба-құп қой… Әттең олай емес! Солардың ән-өлеңдерi газет-журналдарда жарияланғанын оқып, қарның ашады… Редактордың талғамсыздығына қайран қаласың. Өлең мәтiнiнде елдi елең еткiзер ерекшелiк, жамағатқа "Па, шiркiн!" дегiзерлiк жаңалығы жоқ, тым құрыса ежелден-ақ белгiлi ойды өзiнше бейнелеп жатса бiр сәрi-ау. О да қарасын көрсетпеген. Көкжасық, көпiрме сөздер ғана. Аты бар әншiлерiмiздiң сондай сөлсiз сөздi әндердi қалай ғана таңдап алғанына түсiнбейсiң. Жастардың талғамын бұзатынын ескермегендерi қалай?! Қай газеттен ұшыратқаным қазiр есiмде жоқ, әйтеуiр мынандай ән-өлең мәтiнiн оқығаным бар: "… Қанша жылдар өттi, Өзiңдi көрмегелi Өзгермептi сол нәзiк үнiң Сағымнан нұр жамылған, Басыма қонған құсым менiң, Қадiрлiм, қиналасың Несiне ойланасың Көңiлiң құздай күңiренiп Жолымыз екi тарау Тағдырға бар ма амал Тiршiлiгiм өзгерер өмiр…" Иә, сiз осынау сөздер үйiндiсiнен не ұқтыңыз? Мән-мазмұны мынау екен деп тәптiштей аласыз ба? Өлеңде ұйқас деген болушы едi ғой. "Көңiлiң құздай күңiренiп" сияқты метафоралы теңеуi қандай әдемi?! Әттең, бүкiл мәтiн осындай өрнектен құралса ғой. Бұл сырын айтып отырған бұрынғы ғашығы ма, әлде бейтарап бiреу ме? Жұмбақтай бұлдыр, Тұмандай күңгiрт… Сазына қанша елтiсе де, санасы самалалы пенде ынтызар көңiлмен осы әндi шырқар ма едi? Әй, қайдам?! Ән мәтiнi тыңдарманды бей-жай қалдырмай, сезiмiне от беруi керек емес пе?! Iңкәрлiк ғашықтар лебiзiнiң өзегi болушы едi ғой. Әттең, оны таппадым-ау. Өкiнтетiн ән мәтiндерi тым көбейiп кеттi. Жасық өлеңдердiң жолын кесудi көп болып, қол ұстаса ойласуымыз қажет-ау. Бiреулердiң есептеуiнше, менiң ән-өлеңдерiмнiң саны үш жүз елудей екен. Ұлы композитор, талайлы талант Ахмет Жұбановтан бастап, Латиф Хамиди, Нұрғиса Тiлендиев, Бақытжан Байқадамов, Сыдық Мұхамеджанов, Әбiлахат Еспаев, Әсет Бейсеуов, Шәмшi Қалдаяқов, Ескендiр Хасанғалиев, Садық Кәрiмбаев, Құдыс Қожамьяров, Ибрагим Нүсiпбаев, Өмiрбек Байдiлдаев, Ғалымдан Тамендаров, Дәнеш Рақышев, Мыңжасар Маңғытаев, Қапан Мусин, Борис Ерзакович, Ғазиза Жұбанова, Дүнгенбай Ботбаев, Iлия Жақанов, Тiлеубай Ыбыраев, Жоламан Тұрсынбаев, Мәкәлiм Қойшыбаев, Ақан Қасымов, Кенжебек Күмiсбеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Рахпан Байқоңыровтардың әнiне алуан тақырыпта ән-өлеңдер жазыппын… Үлкендер, ата-аналар, әсiресе, мұғалiмдер мен тәрбиешiлер жас баланың — қыздың, ұлдың қабiлетiн, нендей еңбекке, өнерге бейiм екенiн анықтап бiлу шарт. Палуан, күресушi баланы әншi боласың деп күштеу қиянат жасаумен бiрдей, болашақ азаматтың бақ-талайын байлау боп шығады. Бүлдiршiндi түрлi мамандарға, өнерпаздарға, психологтарға көрсетiп алу керектiгiн естен шығармаған абзал. Жас жеткiншектi жақсы, дұрыс жолға салуды ересектер бейнет, машақат санай көрмесiн. Бұлай iздену – халық болашағының қамы екенiн ұмытпайық. Бала тәрбиелеудегi басты тұлға — ата-ана. Екеуi неғұрлым бiлiктi, парасатты болса, ұл-қыздары, ұрпағы соғұрлым тапқыр ойлы, талапты да талантты болады. Бала тәрбиесiн балабақшаға, мектепке, институтқа итере салып, ырду-думанға бой ұру — күнәһарлықпен тең. — Бала тәрбиесi демекшi, Мұзаға, балалық шағыңызға сапарлап көрсек… — Қайран балалық — ессiз даналық десе дегендей-ақ. Әкемнiң үйi екi қабатты үш бөлме болатын. Бөренеден қиылған. Үстiңгi қабаты екi бөлме, асты жертөле. Сол үй Шарбақты ауданындағы Маралды темiржол станциясында әлi тұр. Сол аядай үйде сығысып жатамыз. Әкем, шешем, үш ұл бала. Қонақ келсе, төрiмiз сонiкi. Төсекке жатқан соң мен ылғи да қонаққа қолқа салып, ертегi айтқызатынмын. Ол кездегi қазақтың ауыз әдебиетi қазынасына бәрi мәттақам, әңгiме айтқыш. Бұрын естiгенiмнен бастаса, "басқасын айтыңызшы" деп қонақтың iшкi қазынасын ақтартқызатынмын. Ал осы күнгi үлкендер кiшкентайларға көсiлтiп аңыз-әңгiме, ертегiлер айта ала ма? Ай, аз-ау, аз! Соғыс майданынан соң басым аман оралып едiм, таңдап жар сүйiп, үш ұл өсiрдiм, алты немере қызығын көрiп келемiн. Таяуда ғана шөбере көрдiм. Осының бәрi бақыт деп аталса керек! Тағдырыма тәнтiмiн дейтiнiм содан. Мен мағзұммын яғни молданың-мұғалiмнiң баласымын. Әкем Айтмағамбет Әлiмбайұлы Жұманов Уфа қаласында жоғары дәрежелi дiни мектептi-ғалияны бiтiрген. Содан Маралдыға келiп мектеп ашып, мұғалiм болған. Баянаул қазағы Маралдыға кiрме. Кiрме бола тұра атырапқа бiлiмдарлығымен, әдiлдiгiмен аты жайылған, Айтеке деп аталған сыйлы кiсi. Мұса, Зұфар атты екi ұлдың әкесi. Мұса Керекудегi орыс мектебiн үздiк бiтiрген жылы он сегiз жасында өкпе ауруынан (туберкулезден) қайтыс болды. Зұфар Айтмағамбетов республикаға белгiлi журналист, аға газет "Социалистiк Қазақстан" редакциясында бөлiм меңгерушiсi болып қызмет iстеген. "Ауыл шаруашылығы" баспасында бас редактор қызметтерiн атқарған. Мен екi ағамның арқасында төрт жасымда арабша әлiппенi үйренiп, төте жазуды танып, кiтап оқыған баламын. Ғұмыр бойы кiтап құмарлығымның бастауы сонда жатыр. Сегiз жасымда әкемнен, он төрт жасымда анадан жетiм қалдым. Таршылық таяғы астында өстiм. Жоқшылық дегеннiң де жұғымсыз дәмiн таттым. Бiрақ тағдырыма риза болатыным, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсiрепов сияқты ұлылардың бауырында, жүрек жылуына бөленiп, өнерпаздық мектебiнен өттiм. Қасiретiн қаптатқан, тақсiретiн тасқындатқан болмысымның есесiне өнер атты (творчество) қуанышқа кенелттi. — Кiтапханаңызда қанша кiтап қоры бар? — Он мыңдай кiтап бар. Соның iшiнде дүниежүзi әдебиетiнiң 200 томдық кiтапхана, 100 томдық балалар кiтапханасы бар. Әсiресе, мұрағат сөздiктер көп. Анықтама қажет болғанда, қалалық кiтапханаға барғыштап уақытымды кетiрмейтiнмiн, бәрi үйден табылады. Құдайға шүкiр, ұлдар өз алдына отау болып, шаңырақ көтергенде де, мол етiп кiтапқорын сыйладым. Үшеуiне еншiлегеннен қалғандары ғой, мыналар… Жалпы, ертеден санамызға сiңген әдет, кiтап көп оқимын. Қолым боста құмарта парақтайтыным — "Кыргыз тилинин түшүндүрмә сөздүгу". Өз тiлiмiздiң өресiн көтеруге себi тиедi. Көкектiң ұрғашысын қырғыз тiлiнде "сейнек" дейдi екен. Осы атауды ана тiлiмiзде неге пайдаланбасқа? Бiр-бiрiне ешқандай жақындығы жоқ жандарды бауырластарымыз "қайнаса қаны қосылмаған" дейдi. Тапқырлықтың нағыз өзi. "Қараңғы халыққа кәпiр де молда". Дөп айтылған ғой. Қалмақтар сонау жаугершiлiк заманды "Бұрыт" деп атаған. "Тiлiңе тiсiң куә болсын" (Мақал). "Қапалы" дегендi "қападар" деуi де құлаққа жағымды. Түркiтiлдес әдебиетiн тынымсыз оқып тұрудың қыруар пайдасы бар. — Алдағы жұмыс жоспарыңыз жайлы да естiгiмiз келедi. Мұзаға, соңғы кездерi немен айналысасыз? — Эпикалық полотно тудыру қарияның қолы емес екен. Қабырғасы қаланып, күмбезi көтерiлген бiр дүнием бар. Ол "Зерденiң зерi" деп аталатын ғұмырнамалық поэма. Соны кемелдендiре беру — ендiгi ермегiм, қолайлы төсекте жатып алып ауызша афоризмдер шығару. Бұған күндiз де, түнде де толас болмаса керек. Осыдан екi-үш күн бұрын қазақтың сұңғыла мақтаны академигi Iсмет Кеңесбаевтың "Қазақ фразеологиясының түсiндiрме сөздiгiн" бiр айдан астам асықпай қарап шыққанымды күнделiгiме жазып қойыппын. Ана тiлiмiздiң ырғын байлығына кенелгiсi келген ынтызардың қолынан түспес рухани қазынасы дерлiк кiтап! Бiр томдық 1977 жылы жарық көрiптi. Сол құнды кiтап қайталанып басылса, кiдiрiссiз әрi мол таралыммен баспадан шықса, қазақ тiлi жанашырлары қандай қанағаттанар едi. Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммедтiң құлағына алтын сырға… Түркология әлемiндегi шоқтықты ғұламаның асқан кiшiпейiлдiгiн айқындай түсетiн қолтаңбасын ( әсте өзiмнiң бiр мақтанып қалуым үшiн емес) осы сұхбат iшiнде келтiре кетсек артық болмас: "Ардақты ана тiлiмiздiң құнарлы да шүйгiн саласы — тиянақты сөз тiркестерiн тiрнектеп жинап, инемен құдық қазған есебi, қырық жыл бойы iстелген еңбегiмнiң нәтижесi — осы Сөздiгiмдi мәшһүр ақын, үлкен журналист, әйгiлi публицист, сөз көркi мен парқын жете бiлген даңқты, жақсы дос iнiм Мұзафардың әдiл сынына арнаймын. Автор Iсмет Кеңесбаев ( қолы) 22.06. 77." Азанда оянып, төсектен тұрарда мен: “— Туған жер! Сенiң нәрiң — Менiң қаным. Дүниеде сенiң барың Менiң бағым!" — деймiн. Күнде қайталаймын. Ата-бабалар дәстүрi шырағын шың басына шығарып, әспеттеп жүрген ақсақалдарды көргенде, ескi сөздерiн естiгенде бiр жасап қаласың… Алайда жасамыстың бәрi сұңғыла емес. Алпыстан асса да, профессор басымен дастарқан төрiнде жиналғандар көзiнше бата бере алмаған бозымдарды көрiп, талай рет жерге қарадым. Содан мен әр тұста бата өлеңдер жазып, оқырмандарға ұсынып жүремiн. Бiр мәрте баталар кiтапшасын да бастырып шығардым. Өлең-баталарымнан: Еңбегiң жана берсiн, Ел әдiл баға берсiн! Көш көлiктi болсын, Дос серiктi болсын. Жан ерiктi болсын, Жар көрiктi болсын. Ер беделдi болсын, Зер бедерлi болсын. Жер құнарлы болсын, Дөң шынарлы болсын. Ас кенеулi болсын, Жас елеулi болсын. Тау өрiстi болсын, Бау жемiстi болсын. Жыр намысты болсын, Жыл табысты болсын. Әулет түбiрлi болсын, Ұрпақ ғұмырлы болсын. Ұлың ұғымды болсын, Қызың жұғымды болсын. Жастар қанатты болсын, Қарттар санатты болсын. Әз арманмен ағыңдар, Жылдарыңыз көп болғай. Махаббатпен жалындар, Думаныңыз көп болғай. Атасына тартатын, Ұлдарыңыз көп болғай. Шешесiнен артатын, Қыздарыңыз көп болғай. Абыройлы, арлы бол, Алғырлардың алды бол. Туған елден аяма, Қолыңдағы барды бөл, Әумин! — Жазған-сызғандарыңызды көшiрiп, көмектесетiн хатшыңыз бар ма? Немереңiз Ая жөнiнде жиi айтып қалдыңыз? — Мен қалам ұстағалы берi газет пен журналдардың қай-қайсысына да жаңа шығармамды ұсынып, жариялатып келемiн. Редакция қызметкерлерi құрақ ұшып амандасып, қол алысып жатады. Құдайға шүкiр, жазған-сызғандарымның жарияланбағаны жоқ шығар. Дегенмен, соңғы кездерi жазылған афоризмдерiм әжептәуiр жиналып қалды. Мұндайда айтпай кетпесем болмас, әсiресе, газет-журналдардың iшiнен "Алматы Ақшамы" осы туындыларымды үзбей жариялап келедi. Бұл газет басшылығы да, қызметкерлерi де авторлармен қалай жұмыс iстеудi жақсы жолға қойып алған. Ал Ая туралы, тұңғыш немере ғой, жөнi де, өзi де, сөзi де бөлек бала ғой. Бұл сұрағыңа өлеңмен жауап берсем, қайтедi. Мың ұлға ауыспайтын асыл балам, Бiр өзiң секiлдiсiң жасыл ғалам. Ата деп алғаш менi атандырған, Сол күнi жаңарғандай жаһан нұрдан. Алдыңнан ақ күн тусын қашанда да, Өнерiң өрлей түссiн ашар алда. Тiлеймiз ұзақ ғұмыр, шалқар бақыт, Анаңдай мейiрленсiн дархан уақыт Ая қазiр Алматыдағы анимация студиясында сценарист боп қызмет iстейдi. Ал, хатшым жоқ, жазғандарымды стол басында қақшиып отырып, күнi бойы қағазға қадалудан қалғалы қашан дедiм ғой. Төсегiмде жатып-ақ, ойға оралғандарды түртiп қоя беремiн. Уақыттың қай мезгiлiне де қарайтын, күй таңдайтын шама жоқтықтан, қағазға түскен дүние бiр керекке жарар деп, тiгiндiсiн жинаймын. Әр мүшелдiң өзiнiң айтулы оңтайлы, үйреншiктi дағдысы болады екен. Бұл сезiм де жылдардың ұқтырғаны! — Мұзаға, бүгiнгi Қазақ мемлекетi, Қазақ елi, Қазақ қоғамының болашағы жайлы сөзiңiзбен әңгiме-дүкенiмiздi аяқтасақ… — Елбасының елге жасаған ерен жақсылықтарының ең игiлiктiлерiнiң бiрi — "Болашақ" бағдарламасы. Бұл туған Қазақстанның, қазақ елiнiң өз түлектерiне арнаған шынайы қамқорлығы. Талабы таудай жасөспiрiмдерге Жердiң озық жоғары оқу орындарында бiлiм алуға жол ашылды. Жастарымыз дүниежүзiнiң 30 елiнiң 630-дан астам жетекшi жоғарғы оқу орындарында бiлiм алуларына мүмкiндiктерi бар. Бұл деген, әрине, қазақ баласының болашағының қандай екенiне айтпаса да көз жеткiзу деген сөз. Қазақстан деп аталатын дербес ел, тәуелсiз мемлекет атанғанымызға жиырма жылдай болыпты. Соның куәгерi жасаған тағдырыма шын жүректен тәнтiмiн. Осындай алып елдiң тұтастығын сақтауда, әлемдегi абыройын арттыруда көреген басшының бiлiктiлiгiн айтпасқа тағы болмайды. Қазақ жерi мен елi, тiлi мен дiнi, салмақтылығы мен татулығы бiртұтас қалыпқа құйылғанына сене отырып, болашағымыздың бағдары адастырмасын деп тiлейiк. Иә, тағдырыма демекшi, осынау данышпан қариялармен әңгiме-сұхбат құрып, дәмдес-сырлас болуды бұйыртқаны үшiн бiздiң де болмысымызға дән риза ұрпақ екенiмiз еске тағы да түстi. Бiрнеше сағаттар жалықтырмай әңгiме айтқан Мұзағаңа қарап отырып, қолымызға қалам ұстатқан тағдыр сыйына iштей шүкiршiлiк жасадық. Қазақтың мәдениетi мен әдебиетiне маңдай терлерiн сiңiрген небiр жақсылар мен жайсаңдардың өздерiнен, өздерi болмаса оларға адал жар бола бiлген ақылманды бәйбiшелерiнен алған сыр-сұхбаттарым көңiлiме тоқтық ұялатып, марқайған күйде қала көшелерiмен жүрiп келемiз…  
Әңгiмелескен Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ.
 

Серіктес жаңалықтары