АДАМ – БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ

АДАМ – БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ

АДАМ – БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ
ашық дереккөзі

Апаттардың да астарында ащы шындық бар

Қызыл сөз сауған Уинстон Грумның: «Егер билет сатып алсаң, лотореяда ұтуға деген мүмкiндiгiң артады», – деген ерекше пiкiрi бар. Сiрағысы үшiн айтыла салған риторикалық сөз ғой, небары. Әрине, билет сатып алмасаң ештеңе ұтпайтының, тiптi, сол бiр құмар ойынына қатыспайтының да бесенеден белгiлi жайт. Яғни таңдау адамның өз еркiнде. Әйткенмен, өмiр олай емес.

Iңгәлап жарық дүниенiң есiгiн ашқан соң, қаласаң да, қаламасаң да, айналадағы қоғамда өтiп жатқан процестерге белгiлi бiр мөлшерде қатысушы боласың. Және қоғам белгiлеген ережелер бойынша ғұмыр кешесiң. Ондай ережелер жақсы ма, жаман ба, ол мүлдем басқа мәселе. Адамзаттан түңiлген дәруiш, өмiрден баз кешкен кiсiкиiк болмасаң Жаратқанға шүкiрлiк айта жүрiп, тағдыр кiтабы — Лаухыл-Махпұзға жазғанды көресiң де. Алайда, кез келген мемлекеттiң, ел тiзгiнiн ұстаған билiктiң басты парызы — осылай күн кешкен әрбiр қарапайым адамның өмiр қауiпсiздiгiн мейлiнше қамтамасыз ету. Еңбектеген баладан еңкейген кәрiге дейiн олардың өмiрiнiң әр сәтiне кепiлдiк беру. Бұл тұрғыдан алғанда қандай да бiр азаматтарының өмiрi үшiн ең соңғы сәтке, үмiт бiржола үзiлгенге дейiн адам қолынан келетiн iзгi шараның бәрiн жасауға даяр Еуропа елдерi, әсiресе, АҚШ пен Ұлыбритания үлгi боларлықтай. Амал қанша, соңғы жылдары Қазақстанда адам өмiрi, мемлекет азаматтарының ғұмыры лоторея ойынына, дәлiрек айтсақ, қатыгез орыс рулеткасына ұқсап бара жатқанын аңғару қиын емес. Әрине, бұл кейбiреулерге нағыз цинизм сияқты көрiнуi ықтимал, бiрақ бiздiң елiмiзде бүгiн тiрi жүрген адам ертең де, алдағы айда, келер жылы да тiрi боламын деп сенiммен кесiп айта алмайды. Сондықтан да қоғамда: «Бәрi де Құдайдың қолында», — деген шарасыздық бел алып тұр, қазiр. Өйткенi, соңғы жылдары елiмiзде адам өмiрi құндылық болып саналудан қалып бара жатқаны мемлекет билiгiндегiлердi толғандырмайтын сияқты. Адам өмiрiнiң орташа ұзақтығы жағынан (еркектер 60 жастан сәл ғана асады) онсыз да әлемде кейiнгi орындарды иеленетiн Қазақстанда кiсiлердiң кездейсоқ апаттардан көптеп өлу фактiсi жыл өткен сайын ұлғая түскенi еш күмән туғызбаса керек. Әсiресе, осындай апаттардың тiзiмiне ойша көз жүгiрткен жан мезгiлсiз опат болғандардың көпшiлiгi нағыз дер шағындағы, өмiрден күтер жақсылығы көп ер азаматтар мен бозым өрендер екенiн көрiп ерiксiз шошынары сөзсiз. Елiмiзде адам саны таяу жылдарда 20 миллион адамға жетуi керек дейтiн жазылмаған мiндет бола тұра, өз азаматтарының өмiрi мен қауiпсiздiгiне соншалық немқұрайды қарайтын Қазақстанды өркениеттi мемлекеттер санатына жатқызу мүмкiн емес. Өйткенi, елдiң экономикалық әлеуетi артып, әлеуметтiк жағдай оңалған сайын адамдардың кездейсоқ, мезгiлсiз өлiмi мен жарымжан күйге түсуi кемуге тиiс болғанымен қазақ жерiнде жағдай олай қалыптаспай отыр. Әсiресе, биылғы жылы жаз-күз айларында орын алған түрлi апаттардағы кiсi өлiмiнiң көптiгi, тiптi, еш қисынсыздығымен адам жанын түршiктiретiнi даусыз. Өткен ХХ ғасырдың соңына таман көптеген сарапшылар мен танымал зерттеушiлер ТМД аумағындағы техногендiк апаттар ең шырқау шегiне жететiн болжамды жылдар жөнiнде айтып, зор дабыл қаққаны есте. Кейбiрi 2000-жылдардың басы мұндай апаттардың жаппай орын алатын кезi десе, кейбiрi бұл мезгiлдi кейiнге сырғытқан. Иә, болжам жасау, қисынсыз көрiпкелдiк таныту алдаразысы жоқ iс, бөстекi сөз. Бiрақ сол айтып келмейтiн апаттар биыл Қазақстанның есiгiн сұм ажал болып қаққандай…

Осыдан бiр ай бұрын, 8-қыркүйек күнi Қазақстан Ұлттық Қауiпсiздiк қызметi комитетi Шекара қызметiнiң «Оңтүстiк» аймақтық басқармасының «Арлан» барлау iздеу тобының «Ми-8» тiкұшағы қазақ-өзбек шекарасының маңында ауыр апатқа ұшырағанын жұртшылық жақсы бiледi. Жете хабардар. Өзбекстанның Шекара қызметiнен қаруланған 5-6 адам Қазақстан шекарасын заңсыз қиып өтуi мүмкiн деген ақпарат алынғандықтан ұшырылған «Ми-8» тiкұшағы шекараға таяу маңдағы Өгем шатқалындағы Қақпақ шекара заставасында апатқа ұшырап, бортындағы 10 адам қаза болған-ды.

Мезгiлсiз әрi сыры әлi күнге жұмбақ жағдайда қаза болған 10 азаматтың бәрi де аптал тұлғалы, «Тусаң, осылай ту» дейтiндей нағыз нарқасқалар. Бәрi де Отан алдындағы борыштарына ақтық демi үзiлгенше адал болып қалған шын қаһармандар. Өмiр бойы азаматтық борыштарына адал болып, ерлiкпен көз жұмды. Бiрақ…жүректерiнде аяқталмаған асыл ән, айтылмаған ақтық арман кеттi. Жалпы Ресей тiкұшақтарының оқыстан құлауы бiр бұл емес. 2001 жылдың қаңтарында бұрынғы Қорғаныс министрi генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев пен Бас штабтың жоғары шендi офицерлерi мiнген тiкұшақ апатқа ұшырап, бiр офицер қаза тапты, ондаған адам жараланды. Сол жылы Леңгiр қаласында «Ми-8МТ» тiкұшағы тағы да қалбақтай құлап, бiр адам қазаға ұшырады. 2008 жылы наурызда Қызылорда облысының бұрынғы әкiмi Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза мiнген тiкұшақ та апатқа ұшырап, бiр сәтте бес адам қаза тапты. 2009 жылғы 17-маусымда Үшарал қаласында «Ми-24» әскери ұшағы ұшу алаңына құлады. Биылғы жылдың шiлде айында Қарқаралы ұлттық саябағы аумағын шолу кезiнде АҚШ-та жасалған «МД-600» тiкұшағы 100 метрлiк биiктiктен оқ тиген құстай құлап, екi адам ауыр жараланды. Жамбыл облысында тiкұшақты 4 млн. теңгеге жалға алған қырғызстандық кәсiпкер Қордай ауданындағы Жанақ шатқалының бөктерiнде жартасқа соғылып, апатқа ұшырағанын да айта кетуiмiз керек. Рас, тiкұшақтарымыздың көк аспаннан топырлап құлауды керi дәстүрге айналдырған өзiндiк бiрқатар себептерi бар. Оларды тарқатып айтудан гөрi, осындай кездейсоқ апаттарда азаматтарымыз нелiктен тым көп зиян шегетiнi әркiмдi ойлантуға тиiс. Өткен дүйсенбi күнi Филиппинде адамдар лық толы жолаушылар поезы апатқа ұшырап, он бес вагонның күл-талқаны шықты. Құтқарушылар көздi ашып-жұмғанша жетiп келiп, нәтижесiнде ауыр апаттан небары 6 адам ғана қаза болған. Ал бiздегi кездейсоқ апаттардан адам шығыны ондап саналады және биыл осы қаралы көрсеткiш шырқау шегiне жетiп тұр. Расымен де Қазақстан азаматтары тым бейқам, өз өмiрлерiн жоғары бағаламайтын болғаны ма, жоқ, елiмiзде адам қауiпсiздiгiне мүлдем назар аударылмай ма? «Ми-8» тiкұшағының сұмдық апатынан кейiн iле-шала Атырауда жаңа салынып жатқан ұзындығы 106 метр, көлденеңi 18 метрлiк көпiр ойда жоқта опырыла құлап, 5 адам бiрден қаза тапты. Ал 3-4 құрылысшы дерексiз жоғалды. Олардың мәйiтiн, тiптi басқа да белгiсiз құрбандарды су астынан iздеудiң орнына Төтенше жағдай қызметiнiң құтқарушылары арада бiрер күн өтер-өтпесте: «Су астынан адам денелерiн iздейтiн құрал-жабдықтар, арнайы техниканың жоқтығына байланысты бұдан әрi iздеу тоқтатылады», — деп мәлiмдеме таратып, өздерiнiң тiкелей мiндеттерiне қолын сiлтедi және iздестiру жұмыстары одан әрi жүргiзiлген жоқ. Мiне, Қазақстан шенеунiктерi ел азаматтарының өмiрiн ешқандай құндылық деп санамайтындығының нақты сорақы мысалы бұл. Жазда Бразилия жағалауы маңында жолаушылар мiнген француз ұшағы белгiсiз жағдайда апатқа ұшырағанда Францияның бүкiл флоты, әуе күштерi, сандаған ұшақтар мен тiкұшақтар Атлант мұхитының әрбiр шаршысына дейiн сүзгiден өткiзгендей болғаны есте. Iздеу, құтқару жұмыстары күндiз-түнi тынымсыз жүргiзiлiп, апталап тоқтатылған жоқ. Бiр адамды болса да аман құтқарып қаламыз ба деген әлсiз үмiт бiржола өшкенше iздеу жұмыстары үздiксiз жалғасты. Франция ешқандай қаржылық шығыннан бас тартпады. Әсiлi, адамның өмiр сүру құқына еш кепiлдiк берiлмеген, азаматтарының қауiпсiздiгi қамтамасыз етiлмеген ел өркениеттi мемлекеттер санатына жатқызылмайтыны бесенеден белгiлi. Ол ол ма, ондай мемлекеттер жабайы, мешеу елдердiң қара тiзiмiнен түспейдi, қазiргi заманда. Атыраудағы көпiр құрылысы Қазақстандағы ең ұзын көпiр ретiнде алғаш салынғаны, тәжiрибесiздiктiң кесiрi екенiн айтып, ауыр апатқа жол берген қылмыскерлердi ақтағысы келген тайыз жандар қоғамнан табылғаны бәрiмiздi де терең ойландыруға тиiс. Қылмыскер дейтiнiмiз — кез келген iс барысында адам өмiрiне қауiп төндiрген немесе адам ажалына әкелiп соққан жайттарға жол бергендердiң кез келгенi қылмыскер. Олар қатал заң алдында жауап беруге тиiс. Тәжiрибенiң барлығы немесе жоқтығы өлiмдi ақтауға себеп бола алмайды. Бiр таңданарлығы, әлемде бұдан да үлкен көпiрлер жетiп артылады. Мәселен, Түркияда 2 шақырымға созылған ғажайып көпiр бұғаздарды жалғастырып жатыр. Ал АҚШ-та ондаған шақырымға жететiн көпiрлер аяқ басқан сайын ұшырасады. Бiрақ осындай көпiрлердiң құрылысы барысында бiздегiдей кiсi өлiмiне жол берiлген емес. Мiне, мемлекет өз азаматтарының алдындағы басты парызы — олардың өмiрiне берiк кепiлдiк беруiнiң нақты үлгiлерi бұл. Құлаған көпiрмен қатар Талдықорғанда қараңғы түнде ескi наркодиспансер тiлсiз жау-өрт құшағына оранып, әп-сәтте 38 адам тiрiдей отқа жанып кеттi. Тағы да нағыз жауапсыздық, адам естiмеген қылмыс! Байғұс аурулар өз өмiрлерiн сенiп тапсырған диспансер олардың ажалына себепкер болды. Гәп өрттiң қалай, неден шыққанында емес. Бәлкiм бiреулер арақ iшiп, наша шегiп ұйықтап қалып, өрт соның қолындағы сөнбеген темекiден тараған шығар. Мүмкiн, ескi үйдiң ток жүретiн сымдары жалаңаштанып, өрт содан басталған болар. Тiптi, әлдебiр қаныпезерлер әдейi қастандықпен ұйымдастырған шығар. Оның ендi еш мәнiсi жоқ. Әңгiме — әлгi бейшаралардың өмiрi мүлдем қорғаусыз болып келгендiгiнде. Кезекшi дәрiгерлер, медбикелер, тiптi құтқарушылар қайда қараған? Жоғары шендi облыс шенеунiктерi, қаптаған тексерушiлер осы өртке дейiн әлгi диспансердiң адам өмiрiне соншалықты қатерлi екенiн неге ескермеген? Мұндай сұрақтар тым көп және елiмiзде апатты жағдайлар асқынған сайын көбейе түсуде. Ең сұмдығы сол, бiр апта iшiндегi осынау үш ғана апатта қаза тапқандардың саны 50 адамнан асып кеткенiне қарамастан мемлекетiмiз, ең әуелi Қазақстан Үкiметi жазықсыз құрбан болғандар үшiн халықтан еш кешiрiм сұраған жоқ. Тiптi, республика аумағында Қаралы күн жариялауды қажет деп те санамады. Ал адам қаны сұраусыз аққан су емес! Одан да өткен сұмдығы сол, Алматының iргесiндегi Алма-Арасанда жүк көлiгi 11 адамды мезгiлсiз ауыр қазаға ұшыратқан соң мемлекеттiк комиссия жүргiзушiнiң жүрегi апатқа дейiн тоқтап қалған, жүк мәшинесiнiң тежегiшiнде ақау болған деп, бар бәленi машинаны шығарған Қытайға аудара салғаны есте. Құдайым-ау, Қазақстан бойынша осындай ондаған мың ауыр жүк машиналары жұмыс iстеп жатыр ғой. Олардың қаншасы болашақта күнәсiз азаматтарымызды таптап, құрбан етпекшi? Жүрегi ауру жүргiзушiге қиын жерде жұмыс iстеуге рұқсат бергендер кiмдер? Бұл да сұрақ. Ол ол ма, Алматының қақ ортасындағы ең биiк мейманхананың сыртын тазалап жатқан төрт жұмыскердiң өлiмiне қайта айналып соқсақ, мұндай жауапсыз сұрақтар одан әрi қойдай өредi. Әлгi төрт жас жiгiттiң үшеуi альпинист деген жалған құжатты пайдаланғандығы туралы сөз етiлiп, iс сонымен тоқтатылған сияқты. Ал оларға жалған құжатты жасап бергендер кiмдер? Құжаты болса да, оларды жұмысқа аларда сынақтан өткiздi ғой. Олардың өтiрiгi сол кезде-ақ ашылуы тиiс едi, бiрақ ешкiм назар аудармаған. Неге? Сынақтан өткiзгендер кiмдер! Олар нелiктен заңды жауапқа тартылмай отыр? Ең бастысы, елiмiзде осы секiлдi жалған құжатты қолдан жасап, өз өмiрлерi ғана емес, басқалардың да өмiрiне қауiп төндiретiндер қаншама? Және оларды қалай тоқтатуға болады?

Тағы да қайталап айтуға мәжбүрмiз. Қазақстанда азаматтардың түрлi кездейсоқ апаттардан өлiмi шамадан тыс көп болып бара жатыр. Бұл — тұрақты құбылысқа айналды. Тiрi жер басып жүргендердiң ғұмыры да лоторея ойынынан аумайтын сияқты. Тiптi, елiмiздегi бейбiт күндегi өлiмнiң шамадан тыс өскенi соншалық, атыс-шабыс әлi тынбаған Ауғанстан мен Иракты да басып озғандай сияқтымыз. Бiрақ… бiрақ ешбiр жоғары лауазымды шенеунiк, министрлер мен әкiмдер осындай өлiмдер үшiн өз мойындарына жауапкершiлiк артқан емес. Өз саласында, тiзгiнiн ұстаған территориясындағы адамдарды өлiм қатерiне ұрындырған бiрде-бiр билiк иесi өз еркiмен қызметiнен бас тартқан, биiк креслосымен қоштасқан емес. Мiне, мәселенiң ең қорқынышты тұсы да осы! Олар адамдардың өмiрiн жарты күреш қара бақырға бағаламайды да.

Орыс әдебиетiнiң алыбы Антон Чеховтың әңгiмелерiнiң бiрiнде рельстi бекiткен бұрандаларды ағытып алып, қармақ бауға салмақ орнына пайдаланған мұжық туралы сөз етiлетiн. Бейсауат адамдардың өмiрiне тiкелей қауiп төндiретiн сол әрекетiн әлгi мұжық меңiреу қараңғылықтан iстеушi едi. Ал Қазақстан шенеунiктерi өз мiндеттерiне жүрдiм-бардым, жауапсыз қарайтындары соншама, бейнелеп айтсақ, бұранда түгiлi, темiржолда төселген рельс болмаса да селт етпейдi. Меңiреу, құлақтары адамдардың зар илеген азалы үнiн естiмейтiн таскерең.

Осыдан бiршама уақыт бұрын газетiмiзде «Қорғаныс министрлiгi қорғансыз қалдырғаны ма?» деген («Түркiстан» газетi, №25, 25 маусым, 2009 ж.) мақала жазғанымыз бар-ды. Онда бiр атқанда iстен шыққан артиллериялық жойқын қондырғылар, Арыс қаласындағы оқ-дәрi қоймасы жарылып, қаза тапқандар мен Алматының iргесiндегi оқ-дәрi қоймасындағы өрт туралы өз ойымызды ортаға салып, Қорғаныс министрлiгiне қатысты барлық қару түрлерiн, оқ-дәрi қоймаларын, техникаларды, зымырандарды толықтай тексеруден қайта өткiзудiң кезi келгенiн баса айтқан едiк. Мұндай аса жауапты мемлекеттiк тексеру, Қазақстан аумағындағы қатысты барлық сала бойынша шұғыл жүзеге асырылуы керектiгiн өмiрдiң өзi дәлелдеп отыр. Әйтпесе, елiмiзде кездейсоқ апаттар мен кiсi өлiмi бұдан әрi де өрши түсетiн сұры бар. Адамдар қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн жалпы қоғам болып күресетiн күн келiп жеттi. Болмаса, әрбiр қазақстандық азаматтың өмiрi қауiптi орыс рулеткасынан аумаған күйде қала берерi күмәнсiз.

Жаңабек ШАҒАТАЙ