БАТЫР БАБА

БАТЫР БАБА

БАТЫР БАБА
ашық дереккөзі
1155
ТАЛДЫҚОРҒАНДА ҚАЗАҚТЫҢ БАС САРДАРЫ ҚАРАКЕРЕЙ ҚАБАНБАЙ БАТЫРҒА ЕҢСЕЛI ЕСКЕРТКIШ ҚОЙЫЛДЫ
 

Тәуелсiздiк алғаннан берi төл тарихымыздың қатпар-қатпарларын зерттеп, зерделеп елi мен жерiн жаудан қорғаған батырларымызды түгендеп келемiз. Әсiресе XVII-XVIII ғасырлардағы жоңғар шапқыншылығы кезiнде қазақ халқының тағдыры таразыға түскенiн қазiр жұрт жақсы бiледi.

Сонда, «жаудан жерiмiздi қорғап, ел бола аламыз ба, бола алмаймыз ба?» деген сауал ел билеген жандардың, дана билердiң көкейiнде тұрды. Олар тек бiрлiктiң арқасында ғана жеңiске жетуге болатынын баршаға насихаттап, елдi соған жұмылдырды. Сонда қол бастаған батырлар шықты. Солардың бiрi, әрi бiрегейi – Қаракерей Қабанбай. Алғашқы қан майданда-ақ қалмақтың үш айтулы батырымен жекпе-жекке шығып, жеңiске жеткен. 1724 жылы, 32 жасында-ақ Түркiстандағы алқалы жиында қазақ сарбаздарының бас сардары (Бас қолбасшысы) атағына көтерiлдi. Ол 1730-1755 жылдар аралығындағы Аңырақай, Алакөл, Түркiстан, Жаңақорған, Шаған шайқастарында және Алтайды жаудан азат етуде соғыс әдiс-айлаларын шебер қолданған. Соның арқасында iрi жеңiстерге қол жеткiздi. Қабанбай (шын аты – Ерасыл Қожағұлұлы) жауға 103 рет қол бастап, сан рет жекпе-жекке шығып, жан берiп, жан алған шайқасты ерлiктiң асқан ерлiгiн танытқан жан. Ол өзiнiң батырлығымен сарбаздарының рухын көтерiп, жеңiске жiгерлендiре бiлдi. Қабанбай – тек батыр ғана болып қойған жоқ, Абылай ханның кеңесшiсi де бола бiлдi. 1758 және 1762 жылғы Қытаймен екi арадағы Қандыжап, Мамырсу бiтiмдерiнде Абылайдың оң жағында отырып, Әбiлпейiзбен қатар сөз ұстап, ұтымды ойларын айтып отырды. Қытай басшылары «Қазақтың бас, қалқан батыры – Қаракерей Қабанбай» – деп құрмет тұтқан. Қас батыр 1770 жылы 13 қарашада өмiрден өттi. Оның мәйiтiн өзiнiң өтiнiшi бойынша Арқаға жерледi. 1771 жылы кесенесi тұрғызылды. Қаракерей Қабанбайдың қазiр Қазақстанның бiрнеше жерiнде ескерткiштерi бар. Өткен аптада Талдықорған қаласының Тәуелсiздiк көшесi бойынан биiктiгi 11,5 метрлiк тағы бiр еңселi ескерткiшi орнатылды. Жетiсудың төрiнде, Қаратал өзенiнiң сағасында егеулi найза қолында, алмас қылыш белiнде, Қубас аты көкке атыла шапшып, жауға аттан салған айбынды батырдың бейнесi алыстан көз тартады. Ескерткiш негiзiнен «Дарабоз» қоғамдық қорының қаржысына тұрғызылды. Бұл қор батырға арналған ескерткiш тұрғызу үшiн облыс әкiмi Серiк Үмбетовтың қолдауымен 2007 жылдың сәуiрiнде құрылған едi. Қордың төрағасы Алматы облысының құрметтi азаматы Сейдахмет Балтабайұлы Шүрегеев: – Осыдан елу жыл бұрын Санкт-Петербургтегi ат үстiнде отырған Бiрiншi Петрдiң ескерткiшiн көрiп, дәл осындай ескерткiш бiзде қашан болар екен деп тамсанғаным бар. Бiрақ, сол арманым осы Қаракерей Қабанбай батыр ескерткiшi арқылы орындалады деп ойлаған да емеспiн. Ендi мiне, осыған өз шамамша үлесiмдi қосқаныма өзiмдi бақытты санаймын, – дейдi. Ескерткiштiң тұтас бiтiм тұлғасын танымал сәулетшi-мүсiншi Болат Құсайынов сомдап, Алматыдағы машина жасау зауытында құйылды. Ескерткiш кешенi құрылысын жобалаумен айналасын көгалдандыру iсiмен сәулетшiлер Қаби Баулықов пен Бердiбек Шiдербаев, ал құрылысты жүргiзген Арман Шүрегеев болды. Сметалық құжаттарды әзiрлеуде Нүкен Сұлтанбеков көп еңбек сiңiрдi. Облыста ескерткiштiң құрылуына өз үлестерiн қосып, демеушiлiк танытқан Талдықорған қаласының әкiмi С.Жылқайдаров, Алакөл ауданының әкiмi Б.Қарасаев, Ақсу ауданының әкiмi Ә.Дүйсенбаев және жекелеген азаматтар ел алғысына бөлендi. Белгiлi жазушы «Дарабоз» тарихи романының авторы Қабдеш Жұмадiлов: – Қаракерей Қабанбайға арналған ескерткiштердiң арасынан осы Талдықорған қаласына қойылған батыр мүсiнiн ерекше атар едiм, – дедi. Тағы бiр айта кететiн жәй, ел қадiрлеген тұлғаларға ескерткiштер қоюда облыс әкiмi Серiк Үмбетовтың еңбегiн өзге облыс басшыларына үлгi тұтуға әбден болады. Ол қай облысқа басшы болып барса да, сол жерге ұлттың тұлғаларына тас мүсiндерiн қойғызып, ұлықтап келедi. Бұл оның қазақ халқына, оның еңбегi сiңген тұлғаларына, қала бердi тарихына деген үлкен құрметi. Үмбетов осы облысқа әкiм болып келгелi Ескелдi, Балпық билерге, Қаблиса жырауға, ғұлама ғалым Қадырғали Жалайриге, инженер-ғалым Мұхамеджан Тынышпаевқа, Желтоқсан көтерiлiсiнiң батырлары Ләззат Асанова мен Ербол Сыпатаевқа, ақын Ғали Ормановқа ескерткiштер қойылды. Алдағы жылдары тағы да бiраз тұлғалардың ескерткiштерiн орнатуға мұрындық болып отыр. Бiз «Iске сәт!» деймiз. Ескерткiштiң ашылу құрметiне бәйге мен айтыс өткiзiлдi.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары