“АРМАН ҚАЛА” — ӨМIРДIҢ ШЫНАЙЫ КӨРIНIСI

“АРМАН ҚАЛА” — ӨМIРДIҢ ШЫНАЙЫ КӨРIНIСI

“АРМАН ҚАЛА” — ӨМIРДIҢ ШЫНАЙЫ КӨРIНIСI
ашық дереккөзі
298

Кейiнгi кезде елiмiзде кино түсiру процесi бiршама iлгерiледi. Оның iшiнде көрерменнiң жүрегiне жол тартқаны да, сынға ұшырағаны да, тiптi, жанына жақын тартпағаны да бар. Несiн жасырайық, қазақ киносына тағылып жатқан мiннiң денi – таза қазақ тiлiнде емес, орыс тiлiмен шұбарланып кетуi. Шынында да, қазақ тiлiнде ойлап, қазақ тiлiнде сөйлейтiн көрерменнiң сұранысын қанағаттандыратын тәп-тәуiр дүние неге бөтен тiлмен былғанып кетедi?

Өнерлi, мәдениеттi халық бар жерде кино мен театрдың қатар дамуы заңдылық. Бiрақ қазақ киносының беталысы қай бағытқа ойысып барады? Ертедегi «Қазақфильм» киностудиясы түсiрген қайталанбас көркем фильмдер неге жалғасын таппай қалды? Қанша мәрте тамашаласаң да, еш жалықтырмайтын «Тақиялы перiште», «Транссiбiр экспресi», «Қыз Жiбек», «Менiң сүйiктi дәрiгерiм», «Менiң атым – Қожа» секiлдi фильмдерiндегi кез келген рөлдi ұтымды сомдаған сүйiктi кейiпкерлер неге жоқ? Әрине, барды бағалап, жоқты түгендеп отырғанымыздың себебi де сол, әлгiндей әдемi фильмдердiң түсiрiлмей жатқандығы. Оған кино өнерiнiң майталман шеберлерi түгiлi, экранның алдындағы қарапайым көрермен де толғанады. «Жақсыны көрмек үшiн» демекшi, «Қазақфильм» тұсауын кескен әрбiр фильм тез арада халықтың ықыласына бөленiп, ғұмыры ұзақ болса екен деп тiлейдi. Бiрақ дәл қазiр кейiпкермен бiрге қуанып, бiрге қайғыруға жетелейтiн, өмiр шындығына бiртабан жақын дүниелер бiрен-саран ғана. Тiптi, бiзде басқа елдермен салыстырғанда, кино саласының кенжелеп қалғаны, оған деген қаржылай көмектiң аздығы байқалады. Көршi Ресейдiң өзiнде қаншама киностудия жұмыс iстейдi. Қазiр өз киносын түсiрiп, насихаттауға келгенде iшкен асын жерге қоятын ресейлiктердiң киносы бiздiң экранды да жаулап алды. Әсiресе, олар көпсериалды сабынды опералар мен детективтi фильмдердi түсiруге келгенде бiздiң көрерменнiң көзайымына айналған түрiктiң сериалдарынан кем емес. Мiне, өз елiнiң тiлiне, өнерiне, киносы мен музыкасына деген махаббат қандай биiктерге жеткiзуде! Ал қазақтың талғампаз көрерменi алғашқы телесериал форматындағы фильмдi «Тоғысқан тағдырлар» арқылы көрдi. Бұдан соң, көп ұзамай «Шегiртке» келдi өмiрге. Жақында ғана ұлттық телеарнадан көрсетiлген «Ағайындыларды» жұрт жылы қабылдады. Бiрақ, бiр өкiнiштiсi, бұлар да орыс тiлiнде…

Бiр кинотанушы ғалым: «Кино қай тiлде болса да, көптеп түсiрiле берсiн» деп сапа емес, сан қуғандай пiкiрiн алға тартып едi. Әлбетте, егер көрсеткiшпен ғана сөйлейтiн болсақ, қазiрдiң өзiнде бiрталай кино тұсауын кестi. Алайда, бiр күндiк киноның ғұмыры да соғұрлым қысқа болмай ма? Хош, бүгiн «Қазақ киносы өсу мен дамудың алғашқы баспалдақтарында» деп бөркiн аспанға атып, қуанып жатқандар бар. Таяуда ғана «Қазақфильм» АҚ мен «Нұр-Медиа» медиа холдингiнiң қолдауымен «ALDONGAR Productions/Kazakstan» кинокомпаниясы 12 сериядан тұратын «Арман қала» телехикаясының түсiрiлуiн бастаған едi. Әр сериясы 37-40 минутқа созылатын жаңа фильмнiң жанры – мелодрама. Қараша айының аяғында толықтай бiтуi тиiс сериалдың әзiрге соңғы баспалдақтары түсiрiлу үстiнде. Көркем телесериалдың басы-қасында жүрiп, сценарийiн жасауға атсалысқандардың қатарында қазақ киносына еңбегi сiңген хас шеберлер баршылық. Атап айтқанда, Асанәлi Әшiмов, Меруерт Өтекешова, Ментай Өтепбергенов, Венера Нығматуллина, Лидия Кәденова, Берiк Айтжанов, Әлия Увальжанова (сценарий авторы), Эрнест Әбдiжаппаров (қоюшы-режиссер) тағы басқалардың бiр ұжымда етене жақын еңбек етуi киноның абыройын үстемдете түспек. Яғни, құрамдағы актерлердiң 95 пайызы кәсiби шеберлiгiн шыңдаған, өз қолтаңбасы бар азаматтар.

Көз алдымызда ағын судай зымыраған нақты өмiрдiң шынайы көрiнiстерi мен қоғамда орын алып жатқан оқиғаларды телесериалға сыйдырып, әсерлi түрде жеткiзу оңай шаруа емес. Себебi, көрермен оның жаңа сериясын көрген сайын «кейiнгiсi не болады екен?» деп тағатсыздана күтуi тиiс. Егер киносүйер қауым телесериал арқылы ондағы кейiпкермен бiрге қуанып, бiрге жыламаса телехикаяның өмiршең болуы екiталай. Демек, телесериалдың әдемi сюжеттер желiсiмен астасып, өрiлуi, көркемделуi кейiпкердiң өз рөлiн жан-жақты сомдауына да тiкелей байланысты.

Әр серия жаңа бiр идеяға, жаңа бiр көрiнiске арналады. Оқиға қазiргi әйелдiң бейнесiн сомдаған дәрiгер келiншектiң айналасындағы жақын таныстардың басынан өтедi. Түрлi тағдырлар тоғысқан фильмде әркiмнiң өмiрi жеке-жеке суреттеледi. Мысалы, телесериалда белгiлi кәсiпкер Русланның бейнесiн «Ағайындылар» фильмi арқылы танылған актер Берiк Айтжанов алып шығады. Ол: «Менiң кейiпкерiм – отбасы, бiр қызы бар, өмiрде өз мақсатына жеткен кәсiпкер» дейдi. Фильмде Руслан 40 жасқа толған соң, махаббат сезiмiне ерiк берiп, басқа әйелге ғашық болады. Бүкiл проблема осыдан кейiн басталады. Адамның ақшаға құныққан сайын күйбең тiршiлiктен шаршап, өзiне демалыс жариялағысы келетiн кездерi болады. Бұл қадам адасушылыққа да әкелуi мүмкiн екенiн көрсетедi. «Қазiр мен өз түсiрiлiмiмдi аяқтадым. Сценарий бойынша сериал рет-ретiмен таспаға түспейдi. Егер бiрiншi сериадағы кеңсе, оныншы, он бiрiншi серияға да қажет болса, бiр-ақ күнде түсiрiлуi мүмкiн. Ол үшiн әр актер өз рөлiне енiп, iшкi түйсiгi арқылы дайындықта жүруi қажет. Кейiпкерде пайда болған жаңа мiнездi сiңiресiң, не болмаса басынан өткен оқиға кейiпкердi өзгертуi де мүмкiн, соған қарай ыңғайланасың. Яғни, бiрiншi сериядағы кейiпкердiң мiнез-құлқы кейiнгi серияларда өзгерiп, толықсып отырады» деген актер Берiк Айтжанов: «Қарапайым өмiр. Яғни, бiздiң заманымызда болып жатқан күнделiктi көрiнiстер. Сондай бiр елең еткiзетiн фильм болмаса да, жеңiл көрiледi. Көрерменнiң көңiлiнен шығады деп ойлаймын» деген сенiмiн де жасырмайды. Актер қазiргi таңда кинолардың көп түсiрiлiп жатқандығын құптайды. «Сапа мәселесi, киноның көп кезiнде ғана айтылса керек. Сонда ғана киноиндустрия саласы дами түседi. Әр кино қалай, қандай ақшаға түсiрiлмесiн, оның өмiр сүруге құқы бар».

Ал, Русланның жұбайы Шолпанның рөлiнде ойнаған Назгүл Қарабалина телеарнаның бәрi атыс-шабыс киноларды көрсетiп жатқан кезде адамгершiлiк, жақсылық, адамның бiр-бiрiмен қарым-қатынасы жайындағы жылы дүниенi ұсыну өте орынды деп бiледi. «Кейiпкерiм – өз отбасын сақтап қалуға тырысатын әйел, бiр қызы бар ана. Күйеуiнiң басқа бiр әйелмен махаббат құрып кеткенiн де мойнымен көтеретiн Шолпан аяғында отбасы жағдайын дұрыстайды. Осы кейiпкер арқылы өз махаббаты үшiн мойымай күресетiн әйелдiң бейнесiн жасадым» дейдi.

«ALDONGAR Productions /Kazakstan» кинокомпаниясының директоры және «Арман қала» телесериалының продюсерi әрi сценаристi Әлия Тұрсынғазинқызы фильмнiң түсiру баспалдағын былайша жеткiзедi: «Бұл жоба өндiрiстiк технология бойынша кәдiмгiдей қиынырақ тидi. Түсiрiлiм Алматы, Астана қаласында өтiп жатыр. Бiз 4 айда барлық серияны түсiрiп бiтуiмiз керек. Сондықтан уақыт өте тығыз болып тұр. Бiрақ сандық телеарнаның, жаңа технологияның және көпкадрлы түсiрiлiмнiң арқасында, тiптi, түсiру алаңында монтаждық жұмыстың қатар жүруi де жұмыстың тезiрек бiтуiне септiгiн тигiзуде. Сәтiн салса, 5-қазанда 12 серияны түсiрiп боламыз. Одан соң коррекциялық өңдеу жасалып, музыкамен көркемделедi. Бұл – сабынды опера емес, сериалдық технологиядағы кино. Көптеген сюжеттер тоғысқан қызықты, сапалы кино болады деп күтiлуде». Фильмнiң сценарийiн жазуға Ғазиз Насыров, Александр Кан, Люция Иржановалар атсалысса, жобаның продюсерлiк қызметiн Ермек Аманшаев, Арманжан Байтасов, Борис Чердабаев, Әлия Увальжановалар атқарған.

Расында да, қайсыбiр елдiң телесериалын алсаңыз да, күнделiктi өмiрде қарсы алдымыздан шығатын көрiнiстер сюжетке арқау болады. Тiптi, бiрде-бiр сериясын үзбей көретiн көрермен сол кейiпкердiң орнына өзiн қойып, киноның iшiне сүңгiп кетсе таңқалмайсыз. Өйткенi, кино – сiз бен бiздiң өмiр сүрiп отырған қоғамдағы келеңсiз жайттар, адами, қоғами орта, түрлi мiнез-құлықтарды ашып, образды түрде көркемдеп беру өнерi. «Арман қала» телесериалы «Астана» телеарнасынан 23 қарашада көрсетiле бастайды. Оның бағасын сол кезде көрерменнiң өзi бере жатар. Ал, жобаның басы-қасында жүрген түсiрiлiм топ: «Егер көрермен жылы қабылдаса, телесериал жалғасын табады» дейдi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары