ҚАЗАҚСТАННЫҢ IV САЛЫҚ ФОРУМЫ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ IV САЛЫҚ ФОРУМЫ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ  IV САЛЫҚ ФОРУМЫ
ашық дереккөзі

Алматыда өткен IV Қазақстандық салық форумында «ҚР жаңа Салық кодексiн әлемдiк экономикалық дағдарыс жағдайында тәжiрибе жүзiнде қолдану» тақырыбы талқыға салынды.

Қаржылық және салықтық құқық ҒЗИ, Қазақстанның салық төлеушiлерi ассоциациясы мен «Салық пен қаржы» журналы ұйымдастырған «ҚР жаңа Салық кодексiн әлемдiк экономикалық дағдарыс жағдайында тәжiрибе жүзiнде қолдану» атты төртiншi салық форумында үстiмiздегi жылдың 1- қаңтарында қолданысқа енгiзiлген салық саласына қатысты бiрқатар жаңалықтардың қазiргi таңда қаншалықты ықпал еткенi сөз болды. Жиынды ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстанның әлемдiк қауымдастықпен ынтымақтастығын арттыру мақсатында және халықаралық тәжiрибенi пайдалануда Ресей, АҚШ, Голландия, Германия, Ұлыбритания, Бельгия мен Қытайдан сарапшылар шақырылған. Сондай-ақ, ҚР Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi, ҚР қаржы министрлiгiнiң Салық комитетi, ҚР Жоғарғы соты, депутаттар т.б. мемлекеттiк органдар өкiлдерi қатысқан форумда сонымен қатар ҚР жаңа салық заңының инвестициялық тыртымдылыққа тигiзген әсерi, жер қойнауын пайдаланушылардың жаңа заң бойынша, салық төлеуде келiсiм-шарттық талаптан жалпысалықтық талапқа көшуi жолдары, халықаралық салық салу мен салық өтеудiң автоматтандырылған шараларына қатысты проблемалар, салықтық әкiмшiлiк пен автоматтандырылған салықтық әрекет сапасы, жалған кәсiпкерлiкпен айналысатындармен күрес және заңға мойынсұнатын кәсiпкерлер құқығын қорғауға қатысты мәселелердi шешудiң оңтайлы тәсiлдерi, салыққа қатысты даулар мен салық төлеуде заң бұзушылықтарға жол бергендерге жауапқа тартудағы салық заңы мен жауапкершiлiк туралы заңды ырықтандыруға қатысты сот тәжiрибесi т.б. талқыланды.

ҚР Қаржы министрлiгi Салық комитетiнiң төрағасы Дәулет Ерғожиннiң мәлiмдеуiнше, 2009 жылдың алғашқы жартысында салықты өтемегендерден түскен айыппұл, өсiмақы былтырғы 12 пайыздан биыл 15 пайызға дейiн артқан. Салықтық әкiмшiлiк пен салықтық тәртiптiң күшейтiлуi нәтижесiнде мемлекет қоржынына келiп түсетiн кiрiстi арттырғандарын көлденең тартқан Ерғожин әлемдiк экономикалық дағдарыс кезiнде салық төлеуге байланысты есептердi қабылдауда Салық комитетi халыққа барынша жағдай жасауға ұмтылатынын айтады. Мысалы, Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан, елiмiздегi iрi сауда орталықтарынан, әкiмдiк ғимараттары мен ауылдық аймақтардан компьютермен және қажеттi техникамен жабдықталған 200-ге жуық бөлiмшелер ашылып, салық есептерiнiң уақытылы қабылдануына оң ықпал еткен көрiнедi: «2009 жылдың бiрiнiшi және екiншi тоқсанында 777 мың салықтық есебi қабылданды, оның 75 пайызға жуығын салық төлеушiлер ешкiмнiң көмегiне жүгiнбей-ақ, салық бағдарламаларын пайдалана отырып жiберген. Бұл көрсеткiш 2008 жылдың осы мерзiмiмен салыстырғанда, 3 пайызға артық. Салық органдарындағы жариялылық пен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында арнайы блог ашылған. Оған 1500-ден астам сауал келiп түстi. Сұрақтарға жауап берiлiп, тиiстi шаралар қабылдануда».

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ