ТҮРЛЕНГЕН, ГҮЛДЕНГЕН СЫР ӨҢIРI

ТҮРЛЕНГЕН, ГҮЛДЕНГЕН СЫР ӨҢIРI

ТҮРЛЕНГЕН, ГҮЛДЕНГЕН СЫР ӨҢIРI
ашық дереккөзі

Қызылорда қаласы мен облысының мерейтойы қарсаңында қалада 100 көше жөнделген

Қазақтың алғашқы астаналарының бiрi —Қызылорда өзiнiң 190 жылдығын, ал Қызылорда облысы – әкiмшiлiк-территориялық құрылым ретiнде құрылғанының 70 жылдығын атап өттi. Той өткiзген соң, дүрiлдетiп, думандатпаса, қазақ бола ма? Қаймана қазақтың ортасы — Қызылорда облысы думандатқан тойдың дүмпуi әлi басылған жоқ. Алматыдан жүз қаралы зиялы қауым Қызылордаға арнайы ұшырылған ұшаққа отырып, той қызығын көрiп қайтты. Жәй барған жоқ, өлең-жырдан шашу шашып, iзгi тiлек айтып, бас салынған сый табаққа бата берiп қайтты.

Алтайдан Алатауға дейiнгi даланы жайлаған қалың қазақтың той өткiзу үрдiсi бiреу-ақ. Ат шаптырып, бәйге берiп, ақын жарыстырып, тарту-таралғы жасап, жақындағысына – базарлық үлестiрiп, алыстығысына – сыбаға берiп жiберiп, шабылып жатқаны. Тойдың тойдан үлкен айырмасы – жүзден озып келген жүйрiктiң иесiнiң есiмi мен ауылының атын шығарған балуандар мен ақындардың қайсысының абыройы асқанында ғана. «Бәленшенiң тойында, бәленшенiң аты бiрiншi келiптi» деп, немесе «Ана тойда осы ақын елдi аузына қаратып бiр көсiлiптi-ей!» деген ел iшiндегi гу-гу әңгiме – ең қызығы. Қызылорда қаласы мен облысының тойындағы ең қызығы да осы жыр-додаға қатысқан ақын-жыршылардың айтысы болды. Сағыздай созып қайтемiз, бiр-ақ айталық – қызылордалықтардың тойында шымкенттiк Бекарыс Шойбековтiң шоқтығы биiк көрiнiп, бас бәйгенi – су жаңа жеңiл көлiктiң кiлтiн қанжығасына байлап кеттi! Ақын Қазақстанның алғашқы астанасының дүбiрлi тойында алған көлiгiн ел ықыласындай көрiп тұтынар-ақ! Айтыскер ақындар бiр-бiрiне кезек бермей, жыр-додаға түсiп жатқанда, жыршылар да тойдың көрiгiн қыздыра түстi. Алмас Алматов бастаған жыршылар қонақтардың делебесiн қоздырып, құлақ құрышын қандырып, жырлады-ай!..

Қонақтардың да қанжығасы бос емес екен. Байқоңыр қаласынан келген өнерпаздар арнайы концерт ұйымдастырып, жергiлiкi тұрғындарды тәнтi еттi.

Той өткiземiз деп, қызылордалықтардың бәрi өлең айтып, сауық құрып кеткен жоқ, әрине. «Тұрмағамбет және әлемдiк әдебиет жауһары – «Шахнама» атты ғылыми-танымдық конференция өткiзiлiп, онда «Түркiстан» газетiнiң белсендi авторы Өтеген Күмiсбаев баяндама жасады.

Қызылорда тойға әбден-ақ дайындалған екен. Той қарсаңында «Жол картасы» бағдарламасы аясында қалада жүз көше жөнделiп, арнайы саябақтар ашылып, қала бiраз көркейiп қалыпты. Тойдың алғашқы күндерiнiң бiрiнде Қобыланды батырға ескерткiш ашылды. Осы ескерткiштiң маңайы алдағы уақытта ел тынығып, жастар сейiл құратын гүлбаққа айналады дестi жұрт. Төрт жұлдызды қонақүйдiң тұсаукесерi де тойға тарту саналып, алыстан келген қонақтар «Сыр сүлейлерi» аллеясына барып, көзайым болды.

Асанәлi Әшiмов, Тұманбай Молдағалиев сынды белгiлi мәдениет және өнер қайраткерлерiнiң бiр шоғыр тобын облыс әкiмi Болатбек Қуандықов қабылдап, оларды мерейтойлық медальдармен марапаттады.

Г.ЖЕҢIСБЕКҚЫЗЫ