КЕДЕН ҚЫЗМЕТI ОҢАЛА БАСТАДЫ

КЕДЕН ҚЫЗМЕТI ОҢАЛА БАСТАДЫ

КЕДЕН ҚЫЗМЕТI ОҢАЛА БАСТАДЫ
ашық дереккөзі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламенттiң төртiншi шақырылымындағы отырысының ашылуында: «Парламент Қазақстан, Ресей, Белоруссия арасындағы Кедендiк одақ мәселесiндегi жұмысты белсендi жалғастыруы тиiс. Бiздiң экономикамыз үшiн 2010 жылғы қаңтардың 1-iнен бастап күшiне енетiн Кедендiк одақ үлкен мүмкiндiктер қалыптастырады» деген мiндет жүктеген болатын. Яғни, кеден органдарының жұмысын күрделi түрде өзгерту жайлы тапсырмадан соң, ҚР Қаржы министрлiгi Кедендiк бақылау комитетi мен оған қарайтын аймақтық құрылымдар кедендiк қызметтi оңалту iсiне кiрiскен сыңайлы.

Апта басында Кедендiк бақылау комитетi «Журналистiк десант» iс-шарасын өткiзiп, тiлшiлер қауымын кедендiк бекеттердiң тыныс-тiршiлiгiмен таныстырды. Шараның мақсаты да сол – кеден органдары қызметкерлерiнiң дәрежесiн көтеру, олардың атқарған жұмысы мен жетiстiгiн көрсету, кедендiк ресiмдеудiң ашықтығы мен сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу тетiктерiн паш ету. Алматы қаласы, Кедендiк бақылау департаментiнiң бастығының орынбасары Ермек Қожабергенов бастаған топ әуелi Райымбек пен Сүйiнбай даңғылының қиылысындағы «Алматы кедендiк ресiмдеу орталығына» атбасын бұрды. Бүгiнде бұл орталықта бiр мезетте 62 терезе қызмет көрсетiп, тауарды шұғыл түрде ресiмдейдi. Яғни, жүйеге енiп жатқан бiр терезе қағидасы бойынша ресiмделу шарасы бiр-ақ жерде жасалады да, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қойылады. «Алматы кедендiк ресiмдеу орталығының» бас маманы Жанар Нұрбаеваның сөзiне сенсек, бiр терезе қағидасының негiзiнде тауар бұрынғыдай 3-5, тiптi 10 күнге ұзармайды, небары 25 минуттың iшiнде ресiмделедi екен. Кәсiпкерлер электронды мағлұмдама жүйесi бойынша төлем төлеп, мағлұмдама тапсыра алады. Ресiмдеу орталығы кедендiк және жүк декларациясына, тауар кодының дұрыстығына, тексеру және жүктi босатуға көңiл бөледi.

Келесi аялдама – әлемнiң 40 шақты әуекомпаниясының ұшағын қондырып, ұшыратын әуежайдағы «Жетiсу» кеден бекетi. Әуе жолаушыларына қызмет көрсетуге кедендiк бақылаудың және технологиялардың жаңа түрлерi қолданылады. Мысалы, қол жүгiн тексеру көрiнбейтiн кедендiк бақылаудаға техникалық құралдар арқылы жүргiзiледi. Мағлұмдаманы электронды түрде тапсыру үшiн кеден киоскiлерi орналасқан. «Жетiсу» кеден бекетiнiң бас маманы Абай Кәденовтiң айтуынша, жасыл және қызыл дәлiз арқылы жолаушының қандай мақсатта iссапарға бара жатқаны аңғарылады. Мәселен, қалтасында 3 мың доллардай ақшасы бар жолаушы жасыл дәлiзбен өте алса, ал 3 мыңнан 10 мың долларға дейiнгi қаржысы барлар арнайы мағлұмдама жасатуы керек. Егер бұл тәртiпке бағынбайтындар жасырын түрде валюта тасымалдап жүрген болса, кеден бекетiнде құрықталады.

«Журналистiк десант» шарасы – Кеден комитетiне қарасты Кинологиялық орталығында жалғасын тапты. 2001 жылы 28 қыркүйекте ашылған орталық ҚР кедендiк органдарының кинология қызметiнiң жұмысын ұйымдастырып, үйлесiп отырады. Негiзгi мiндетi – кедендiк, басқа да арнайы және құқық қорғау органдарына арнап есiрткi (3 ай оқытылады), жарылғыш заттар (4 ай оқытылады), валюта және қару iздестiруге қызметтiк иттер мен кинологтарды дайындау. 7 гектар жердi алып жатқан орталықта бүгiнде 40 шақты маман 40-тай иттi баптап, өсiруде. Оқытушылар құрамында Германия мен Францияның ең үздiк қызметтiк ит өсiрушiлiк мектептерiнде дайындықтан табысты өткен кинолог-мамандар көп. Кеден органдарын асыл тұқымды иттермен қамтамасыз ету үшiн Германиядан «немiс овчаркасынан» 10 ит, Франциядан «бельгиялық овчаркасынан» 3 ит, АҚШ-тан «лабрадо» тұқымынан 3 ит сатып алыныпты. Бiр қызығы, әр иттiң бiр жылдық тамақ қорына 600 мың теңге жұмсалады екен.

Орталықтың аумағында әкiмшiлiк корпусы, курсанттар тамақтанатын асхана, жабдықталған оқу алаңдары, қызметтiк иттердiң тәлiмбақ бөлiмi, малдәрiгерлiк блог, күшiктер перзентханасы бар. Тiптi, шетелден келген мамандардың қазақ тiлiн үйренуiне де жағдай жасалған. Яғни, қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын әрбiр патриот жанның бойына сiңiру үшiн жасақталған арнайы бөлме көздiң жауын алады. ҚР Қаржы министрлiгi Кедендiк бақылау комитетiнiң кинологиялық орталығының бастығы Рыспек Смақов бүгiнде кинолог-мамандардың қоғамға ауадай қажеттiгiн айтады. Елiмiз бойынша 2 мыңнан астам кинологтар болса, солардың бiрқатары осы орталықтан тәлiм алып шығады екен. Ол аз десеңiз, орталық Тәжiкстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркiменстан мемлекеттерiне де кинологтар дайындайды.

«Ит – адамның досы» дегендi бала кезiмiзден сiңiрген бiздiң ақылды, сақ иттердi көргенде делебемiз қозып сала бердi. Өзiне жүктелген тапсырманы әп-сәтте орындап, иесiнен мақтау алатын жануардың әрбiр әрекетiне сүйсiне қарадық. Арнайы дайындық барысын көрсеткен кинологтар да өз қызметiне адал екендiгiн дәлелдегендей болды. Бiр айта кетерлiгi, мұнда жұмыс iстейтiн кинологтардың жалақысы 35-40 мың теңгенiң шамасында ғана. Соған қарамастан, иттi жақынындай сүйiп, оны тәрбиелеп жатқан мамандардың көңiл-күйi, жағдайы жаман емес сияқты.

Шара барысын қорытындылаған Кедендiк бақылау комитетiнiң ресми өкiлi Ержан Байтананың айтуынша, 2009 жылдың қаңтары мен шiлде айларының қорытынды есебiнде кеден қызметкерлерi республикалық бюджеттiң қоржынына 365 млрд. теңге (43 пайыз) табыс әкелiптi. Соның iшiнде кедендiк төлемдер мен салықтардың үлесi 38,8 пайызды құраған. Бұған қарағанда, биылғы кедендiк кiрiстiң көлемi былтырғы жылмен салыстырғанда төмен екенiн аңғарасыз. 2009 жылғы қаңтар-шiлдедегi кедендiк статистиканың алдын ала деректерi бойынша импорт көлемi 15,0 миллиард АҚШ долларын құрады, бұл 2008 жылғы сәйкес кезеңнен 4,8 миллиард АҚШ долларына немесе 24,1 пайызға төмен», дейдi Кедендiк бақылау комитетiнiң ресми өкiлi Ержан Байтана. Сол сияқты қылмыстық iстер мен әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жөнiнде мемлекет тартқан зиянның 4 млрд.195 миллион теңгеден жоғары сомасы қайтарылып, 4 млрд. 195 миллион теңгеден жоғары сомадағы көлiк құралдары мен тауарлар тәркiлiнген. Есесiне, 153 миллион теңгеден жоғары сомадағы айыппұл өндiрiп алынған.

Кеден десе елең ететiн жұрттың уайымы сейiлген. Қазiр мұнда тауарды ресiмдеу бiр терезе қағидасы арқылы жүзеге асады. Бұл әуелi сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабары сөзсiз.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ