ӘКIМ “ДЕТСКИЙ” ЖУРНАЛҒА НЕГЕ МҰРЫН ШҮЙIРДI?

ӘКIМ “ДЕТСКИЙ” ЖУРНАЛҒА НЕГЕ МҰРЫН ШҮЙIРДI?

ӘКIМ “ДЕТСКИЙ” ЖУРНАЛҒА НЕГЕ МҰРЫН ШҮЙIРДI?
ашық дереккөзі

Баспасөзге жазылу науқаны қалам ұстаған қауымның қауырт шағы ғой. Iссапарға шығасың, оқырмандармен кездесу өткiзесiң, жер-жерге хат жазасың, небiр дөкей бастықтардың алдынан өтесiң. “Батасын” алсаң, тиражың көбейедi, тиражыңмен қатар мерейiң де өсiп қалатыны шындық. Құр сөзбен қуырдақ қуырып, құрғақ уәдемен шығарып салатындары да бар. Қайсыбiр күнi Алматы iргесiндегi аудандардың бiрiнiң әкiмiне телефон соқтық.

— Ассалаумағалейкүм, сiзге “Ақ желкен” журналынан хабарласып тұрмыз.

— “Ақ желкен” дейсiз бе, ол саяси журнал ма?

— Жоқ, аға, жасөспiрiмдер басылымы ғой.

— А, детский десейшi…

Кейбiр әкiм қаралар саяси басылым болмаса, балалар газет-журналдарын “детский” деп көзге iлгiсi келмейтiнiн бесенеден бiлушi едiк. Сонда да, бiз әлгi әкiм ағамызға “Ақ желкен” журналының сексен жылдан астам тарихы бар екенiн, оның бұрынғы аты “Пионер” екенiн, әрi ол сан ұрпақты әлдилеген, қанаттандырған (оның iшiнде қазiр ел басқарып отырған азаматтар да бар — Қ.Ә) басылым екенiн түсiндiрiп бақтық. Аудан басшысы: “е, жөн екен” дедi де, самарқау ғана “қолдан келгенiнше көмектесейiк” деген әбден ести-ести ерқашты болған шығарып салма терминмен “қуантты” бiздi. Жо, жоқ, бiз әкiмнiң сөзiне күмән келтiрiп, кiнәлаудан аулақпыз. Десек те, бiзде алды тоқсанға иек артқан, кейiнгiсiнiң жарты ғасырлық тарихы бар балалар басылымдары саусақпен санарлық өзi. Олар “Ақ желкен”( бұрынғы “Пионер”), “Балдырған”, “Ұлан” (бұрынғы “Қазақстан пионерi”), “Дружные ребята” басылымдары. Жалпы, аталған газет-журналдарға жазылуда Алматы облысының алдына жан салмайтынын ескеру керек. Бұл үшiн қазақ басылымдарының жанашыры Серiк Үмбетовке алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ал керiсiнше қазағы қалың Оңтүстiк Қазақстан мен Жамбыл облыстары балалар басылымдарына жазылуда немқұрайлылық танытатыны өкiнiштi-ақ.

Келер жылы “Ақ желкен” журналының жарыққа шыға бастағанына 85 жыл толады. Елiмiзде дәл мұндай тарихы бай балалар басылымы жоқ. Ата жасқа келген бала басылымға әлдебiреулер секiлдi мұрын шүйiрмей, қолдау көрсетiп, ұлт болып, жұрт болып жазылсақ игi едi.

Қуат ӘУЕСБАЙ, “Ақ желкен” журналы,

бас редакторының орынбасары