Кәдiрбек СЕГIЗБАЙҰЛЫ: БИIКШIЛ ЖАНЫ БИIКТЕ ЖАТЫП ЖАЙ ТАПТЫ

Кәдiрбек СЕГIЗБАЙҰЛЫ: БИIКШIЛ ЖАНЫ БИIКТЕ ЖАТЫП ЖАЙ ТАПТЫ

Кәдiрбек СЕГIЗБАЙҰЛЫ: БИIКШIЛ ЖАНЫ  БИIКТЕ ЖАТЫП ЖАЙ ТАПТЫ
ашық дереккөзі
431

Алаш Ақселеуiнен айрылды. Қазақтың бiртуар азаматы, ғалым, этнограф, жазушы Ақселеу Сейдiмбектi жер қойнына тапсырғалы берi де бiр жұма уақыт өттi. Оңай қаза емес. Ақселеуiнен айрылған күнi қазақ халқы қара жамылды “жетi жетiмнiң” тағы бiреуi өмiрден кетiп, жетiмсiреп қалды. Студенттiк шақтан бүгiнге дейiн аралары үзiлмей келе жатқан достарының бiрi жазушы Кәдiрбек Сегiзбаевқа досы туралы естелiк айту да оңай болған жоқ. Арқаға барып, досын, бауырын қара жер қойнына тапсырып келген күнi Кәдiрбек ағаға телефон шалғам. “Қалқам, жазып беретiндей қауқарым болмай отыр. Ақселеудiң қазасы оңай тиген жоқ маған. Айтып берсем, диктофоныңа жазып аласың ба?” деген соң, ағаның аузынан шыққан әрбiр сөздi қағазға түсiруге тырыстым.

Ұлтын төбесiне көтерiп, соңғы демi бiткенше қазағым деп өткен тағы бiр азаматын ұлты төбесiне көтерiп ақырғы сапарға шығарып салды. Ол белгiлi ғалым, белдi жазушы Ақселеу Сланұлы Сейдiмбек болатын. Ақселеу екеумiз достығымызды бұдан жарты ғасыр бұрын бастаған едiк. Ол кезде Қазақ мемлекеттiк университетi Киров атында болатын. Сол университетке оқуға келiп, екеумiз де журналистика факультетiне түстiк. Бес жыл бiрге оқыдық, бес жыл бiр бөлмеде жаттық. Арасында Ақселеу бiр жыл армияға барып келдi. Келгеннен кейiн де өз курсының балаларымен емес, бiзбен бiрге жүрдi. Қазiр сол бiрге жатқан бесеуден жалғыз өзiм қалыппын. Астанаға бармағаныма да үш-төрт жыл болып едi. Үнемi “Неге келмейсiң?” деп жүретiн. Биыл “Қазақтың ауызша тарихы” дейтiн үлкен еңбегi жарық көрдi. Соның тұсаукесерiнде Алматыға келiп, сонда бiр табысып едiк. Сонда да: “Сағындым, неге келмейсiңдер?” деген едi.

Бұл өлiмнiң тағы бiр ерекше тұсы бар. Ақселеу Қуанышбай Құрманғалиев деген досына, Астанадағы Қойшығара Салғараұлына сездiрiптi кететiнiн. “Бұл пәни жалғанның қызығы таусылды. Мен өмiрден көшермiн” дептi. Сосын осыдан бiрер ай бұрын туған жерi Жаңарқаға барып, өзiнiң жақын iнiлерiн, туыстарын ертiп алып, Бәйгетөбе деген биiк жота бар, соның басына шығып, тастарды жинап отырып: “Ал, жiгiттер, биыл менiң жылым. Келесi жылды көрмейтiн шығармын. Осы жерге әкелiп жерлеңдер менi. Қазiр жағдай бар ғой” деп айтқан көрiнедi. Дәл кететiн күнi Қадiр түнi болатын. 15-қыркүйек күнi кешкi сағат сегiз жарымда телефон шалды. “Кәдiрбек-ау, хат-хабарсыз кеттiңдер, неғып жүрсiңдер?” дедi. Бiр-бiрiмiзге еркелей сөйлеймiз бе, әзiл-қалжыңсыз, базына айтпай сөйлемеушi едiк. “Оңбайтын-ау, неге өзiң телефон шалмайсың? Сен хабарласпағалы екi айдай болды. Әдейi тосып едiм, сенiң телефон шалғаныңды” дедiм. “Астанаға қашан келесiңдер?” дедi. Сонан кейiн бiраздан берi науқасты болып жүрген досы Серiк Әбдiрайымнiң халiн тәптiштеп сұрап, “аман жүрiңдершi” дедi. “Мен ертең елiме, Зайсан қаласының 140 жылдық тойына кетiп бара жатырмын. Содан кейiн соғармын” дегендей әңгiме айттым. “Қашан келесiңдер?” дегенi “Мен кетем, келсеңшi” дегенiндей есiме түседi артынан. Ертеңiне-ақ Зайсан сапарын тоқтатып, Астанаға жүруге тура келдi ғой.

Ең алдымен Ақселеу халықтың ұлы екенiн, елдiң айтулы азаматы екенiн, бiртуар тұлға екенiн, анау кешегi Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатовтардың жалғасы екенiн тағы бiр көрсеткендей болды. Бұрынғы кезде Астанада досым бар деп тоқ санап жүрушi едiм. Ендi ол кеткеннен кейiн Астананың сәнi де, мәнi де менiң көзiме көрiнбегендей болды. Мынау жоқтау, жан досыңды жоғалту дейтiн өте қиын нәрсе. Баяғыда қарттар: “Алла Тағала, құрдастарыңның соңында қалдырмасын” деп айтып отырушы едi. Жасымыз жетiп тұрған жоқ. “Жетпiске ендi жетемiз, бiрге тойлаймыз” деп жүргенiңде, қасымдағы достарыңның бiртiндеп-бiртiндеп кетуi өте қиын екен. Абайдың “Жақсы өлiпсiң, апырым-ау” деп айтқанындай, Ақаңның бұл дүниеден кетiсi, қадiрiнiң барында, жұрты аспанға көтерiп отырған шағында кеткенiне көзiм жеттi. Өйткенi, бүкiл Астана жұртынан, Қазақстан ғана емес, көршi елдердiң Ғылым академияларынан, белгiлi ғалымдарынан, қоғам қайраткерлерiнен, жазушыларынан жеделхаттар келiп жатты. Халықта қисап болған жоқ. Еуразия университетiнен шығарып салған кезде жыламаған адам қалмады. Студенттерiнiң ұстазына деген махаббатын көрдiм сол жерден. Қыздар, балалар есiк алдында жылап тұрды. Бiр қыз сөйлеп тұрып: “Ұялы телефонына хабарласып, “Ақселеу аға, бүгiн кешiктiңiз ғой” дегенде, “Құлыным-ау, бүгiн менiң жағдайым болмай тұрғаны” деп сөйлеушi едi” дедi. Шындығында, қыз балаларға үнемi “Құлыным” деп сөйлеушi едi. Университеттiң белдi ұстазы ғана емес, балаларға әке бола бiлген, қамқор бола бiлген адамды таныдым. Университет басшыларынан бастап, барлығы да сөйлеген сөздерiнде көздерiне жас алып тұрып, “орны толмас, үлкен азаматты жоғалтқандығын” айтып жатты. Елiмiздiң басшысы Елбасы да келiп, көңiл айтты. Барлық үкiмет мүшелерi, депутаттар келдi. Сiрә, Ақселеудi шығарып салуға келмеген жан қалмаған шығар.

Ертеңiне қаралы көш жүздеген адам, жүздеген машина болып, Қарағанды арқылы 450 шақырым жерге барып, өзi көрсеткен Бәйгетөбесiне жерледiк. Жалпы, бойы да, ойы, сойы да биiк адам едi. Биiктiктi аңсап жүретiн. Биiктiктi қалап жүретiн. Сондықтан болар, Ақселеуiм бiр биiгiне барып жаны жай тапты. Одан өткен өкiнiш, одан өткен қайғы, сiрә болмайтын да шығар. Мен ойлаймын, жылдар өтер, биiк таулар алыстаған сайын әдемiлене, айбарлана түседi дейдi ғой. Ақаң мен арадағы жылдар алыстаған сайын Ақселеутану деген ғылым пайда болар. Бiз жазушы, ғалым дей саламыз қысқартып, жазушылығын айтсақ, Қарағандыда “Лениншiл жас”, “Социалистiк Қазақстан” газеттерiнде тiлшi болып жүрiп, сол кездерде жазған алғашқы шығармалары әдеби ортаны елең еткiзiп едi. Ең алдымен ойлы, тiлдi. Оның тiлi шұрайлы, сексенге келген шалдар сияқты, жазғанда да әдемiлеп отырып жазатын. “Қыз ұзатқан”, “Аққыз”, “Бiр атым насыбай” сияқты шығармаларын жазды. Сосын ертегiлер жазды балаларға арнап. Оннан астам сүбелi -сүбелi көркем шығармаларын бергеннен кейiн бiр жолата ғылымға қарай бет бұрды. Алдында да ғылыми зерттеулерi шығып жүретiн. Қарағандының ғана емес, Қазақстанның бұрыш-бұрышын аралап жүретiн. Тау-тасты кезiп, Сарыарқадағы үңгiрлердi, Маңғыстау үстiртiндегi алып сызықтарды байқап, әр өңiрдегi күмбездерге кiрiп, олардың өзiнен жаңалық ашып жүрдi. Өзiмiз де онымен бiрге талай жерге бардық. Әрбiр жазған мақалаларында этнографияға бойлап, соны iндете зерттей бастады. Ақаң тумысынан тарихшы болатын. Қазақтың тарихының қойнауларын зерттеп, соның бәрiн бiлуге құмартты. Шығармаларында жазып та жүрдi. Ол қай шығарма жазсын, барлығында халқыма керек-ау, жұртыма қажет-ау дегендi өзiне мақсат қып қоятын-ды. “Қазақ әлемi”, “Сонар”, “Күмбiр-күмбiр күмбездер”, “Күй шежiре”, “Мың бiр маржан”, “Қазақтың ауызша тарихы” дегендер, осының қай-қайсысы болмасын, Ақселеудiң жан-жақтылығын көрсететiн едi.

Студент кезiмiздiң өзiнде-ақ, кiтапханадан шықпайтын. Алғашқы кезде бәрiмiз де бiр деңгейлес болған шығармыз. Топтағы қыз-жiгiттердiң арасынан оза шауып, сол кездегi белгiлi-белгiлi ғалымдармен, жазушылармен сөйлесiп, тiлдесiп жүретiн. Атақты жазушылар Ғабит Мүсiрепов, Сәбит Мұқановтармен белгiлi ғалымдар Евней Букетов, Серiк Қирабаевтармен, тағы басқалармен бiзден бұрын табысты. Соның аяғы ғылыммен бiржолата шұғылдануға әкелiп соқты. Ақселеу студент кезiнiң өзiнде-ақ бiрнәрсенi жонып, бiрнәрсенi икемге келтiрiп жүретiн. Кейiнгi кездерi өзi домбыра жасай бастады. Алматыда тұрған кезiнде үлкен бiр жарым метрлiк бөрененi көтерiп келiп, ваннасына салып қойып, оған электр қайнатқыштың екеуiн салып қойып, 75 сомның электр қуатын жiбергенi бар. Әйелi Орал ойбайлап: “Ойпырым-ау, он бес-жиырма теңгелiк әдемi домбыралар сатылып жатыр ғой. Осыншама азаптанғаны несi? Осы сенiң досыңда ақыл бар ма?” дейтiн. Не нәрсенi болса да, өзi жасауға құмар едi. Сондағы қайнатып жүргенi ағаштың шайырын шығарамын деген әуiресi ғой. Содан әдемi домбыра жасады. Бiздiң балаларымызға да бiр-екi домбыра жасап бердi. Сосын қазақтың өрiмшiлiк деген өнерiн әспеттеп, бiраз биiктерге көтердi. Қамшыны әдемi өретiн. Ауылдағы көнекөз қарттардың әңгiмесiн тыңдай жүрiп, солардан көп нәрсенi үйренуге тырысатын едi. Ол үшiн үйрену деген – таусылмас мақсат сияқты едi. Ақаңның қара қобыздың дауысындай әдемi дауысы бар болатын. Әншiлiк дейтiндi қатты айғай, қатты шырқаған дауыс деп түсiнедi ғой кейбiреулер. Әннiң жанын түсiнiп, әннiң iшiне бойлай кiрiп айту деген басқа. Арқаның әндерiн түгелдей әдемiлеп айтатын едi. Жәнiбек Кәрменов дейтiн қазақтың бiртуар әншiсi болды. Екеуi бiрге жүрiп, елiмiздегi әртүрлi ән мектептерiн жаңартып, жаңғыртып, үлкен телебағдарлама жасады. Жәнiбек ән салып, Ақаң оны әдемiлеп түсiнiктеме жасап отырушы едi. Сонда ғой Жарасқан Әбiраштың: “Жәнiбек ән салады, Ақселеу тамсанады” деп жүргенi. Сол кезде-ақ мұның музыкаға соншама бейiм екендiгiн байқайтын едiк. Өзi де: “Алла Тағала менi музыкант қылып жаратып едi, оған уақыт болмады, мүмкiндiк те болмады” дейтiн. Шертпе күйдi шебер орындайтын. Кейiнгi кездерi “Күй шежiресiн” жазды. Жүздеген күйдiң аңыздарын тердi. Қазақтың қара өлеңдерiн жинады. Оның көбiмiзде жоқ қасиетi, қайда барса да, бiреуден естiген сөзiн қойын дәптерiне түртiп жазып алатын. Соның барлығын кәдесiне жаратты. Ақаңның бiтiрген еңбегi бүкiл бiр институттың бiтiретiн еңбегi сияқты. Тынымсыз, қайда жүрсе де, қолынан дәптерi түспедi. Бiле бiлсем, ести берсем дейтiн. Оның соңғы шыққан кiтабы “Қазақтың ауызша тарихын” нағыз сүбелi еңбек дер едiм. Қарап шықтым. Бұл Ақселеудiң ғана қолынан келетiн дүние. Мұнда бүкiл қазақтың тарихы, шежiресi, әдет ғұрпы, салт дәстүрi, тiршiлiгi бар. Соның бәрiн жинап, қағазға түсiруiнiң өзi үлкен жұмыс. Өзi де: “Осы еңбегiмдi бiтiрсем, сосын қаламсапты қоямын” деп айтып жүретiн. “Сен жаза алмай тұра алмайтын ауруға шалдыққансың, сондықтан, Ақантай, өйтiп айтпа. Әлi талай жазарларың бар, жазып бiткен жоқсың” дейтiнбiз.

Мен үшiн қаза өте ауыр болды. Шығарып келгелi берi, үйдегi бүкiл кiтаптарын қайта парақтап шықтым. Барлығында өзiнiң қолтаңбасы бар. Барлық кiтаптарына “өзiңнiң Ақселеуiң” деп қол қойыпты. Мына бiр кiтабына: “Түркiнiң бiр боздағы құлпытасына “Көкте күнге, жерде елiме мейiрiмiм қанбады-ау” деген жазу қалдырыпты. Бәлкiм күн астында, жер бетiнде ол бейбақтың да сендей досы болған шығар. Сосын мейiрi қайтiп қансын” деп жазыпты. Жалпы, сол сияқты “Өмiрге келген адам үшiн өмiрдiң ақ-қарасын танудан өткен бақыт жоқ. Танымның қиын да қияли жолы сәттi болғай!” дейдi келесi қолтаңбада. Мұның бәрi маған өзiнiң кредосы сияқты, өмiрде ұстанған жолы сияқты көрiнедi. Қазiр ендi Ақаң кетiп, соңынан естелiк айтамыз деген үш ұйықтасақ түсiмiзге кiрмеген шаруа.

Бiздi тағдыр студент кезiмiзден табыстырса, өмiрiмiздiң барлық бел-белестерi бiрге жалғасып жатты. Алғашқы қызметiмiздi “Лениншiл жас” (“Жас Алаш”) газетiнен бастадық. Ол бiрер жыл осында қызмет iстедi де, сосын Орталық Қазақстанға “Лениншiл жастың” тiлшiсi болып аттанды. Сонда жүргенiнде өстi, есейдi, өмiрлiк рухани қор жинады. Одан қайтып келiп, әртүрлi шаруалар атқарды. Кереметтей тiлдi жазушы болатын. “Аққыздың” өзi дайын тұрған қара сөзбен жазылған поэма едi. Оқиғасы керемет. Қолмен қойғандай, шын шебер қалаған тасболаттай. Сол кезде әдебиетшi азаматтар Ақаңның қарымды қаламгер екендiгiн көрiп, мойындады. Жақсы пiкiрлер жазылды, түрлi рецензиялар шықты. Одан кейiн де, әңгiмелерi, ертегiлерi, шағын әңгiмелерi шығып жатты. Терең дарияның аспай-таспай, сырғып қана тереңнен толғанып ағатыны сияқты.. Кейiн ғылымға қарай бет бұрған кезде бәрiмiз де айтып жүрдiк. “Ақантай-ау, көркем шығармадан ертерек бас тартып қойған жоқсың ба? Жазбай кеттiң ғой” дегенде: “Болжалдап айтатын көркем шығармадан гөрi, тұспалдамай, бiрден анауың алай, мынауың былай деп, қолмен қойғандай қылатын ғылым керек-ау, қазақ үшiн. Көркем шығарманы жазып жатқан адамдар көп қой, оны сендерге бердiм. Мен ендi ғылымға бiржолата ден қойдым” дейтiн. Сол айтқан сөзiнде тұрды. Қайтып көркем шығармаға оралған жоқ. Бiрақ бiр күнi, бiр сәтi, Ақаңның қолы босамаған шығар. Артында қалған кiтаптарының қай-қайсысына қарап отырсаңыз да, ғылымның сан саласына арналған сан салалы дүниелер. Сондықтан, оның әдебиеттi танудағы, тарихты танудағы, дәстүр-салтты танудағы, күйдi, әндi танудағы еңбектерi айтарлық-ақ. Оның бәрiн Ақаң соқырдың қолына таяқ ұстатқандай етiп, тастай ғып жазып кеттi. Бұлардың бәрi теңдесi жоқ қазыналар деп ойлаймын. Алты томдығын жинақтап, бiтiрiп кетiптi. Өзiнiң кететiндiгiн бiлген болуы керек, өсиетiн жазып қалдырыпты. Артына қалған Ақаңның мұрасы көп. Өзi адамға белгiлi бiр мөлшерде мүмкiндiк берiледi. Сол мүмкiндiктi орындаған адам армансыз деген әңгiмелер айтатын. Менiңше, Ақаңда арман жоқ. Арманын орындап барып аттанды. Ақаңның артына қалған мол мұрасы, мол дүниесi халқына берiп кеткен сый-сияпаты, мол қазынасы деп ойлаймын.

Бiздi, Оралхан Бөкей, Кәрiбай Ахметбекұлы, Қуанышбай Құрманғалиев, Бексұлтан Нұржеке, Серiк Әбдiрайымов бар, Ақселеу және менi – “жетi жетiм” деп атайтын. Жетеуiмiз жұбымыз жазылмай бiрге жүретiнбiз. Орекеңнен ерте айрылдық. Кәрағаң да екi-үш жыл болып қалды, бiздi тастап, о дүрниеге бет алғанына. Қалғанымызға тәубә деп жүретiнбiз. Қалғанының өзi сетiнеп барады. Бәрiмiз құшақтаса жыласып жатырмыз. Ақаң бiрақ қайта оралмайды. Оның досқа деген адалдығы, адамға деген мейiрiмi, сүйiспеншiлiгi алабөтен болатын. Қай-қайсымызды болмасын сағынып жүретiн, құшақтап, иiскеп, “мейiрiмiм қанбады-ау” деп жүретiн. Сол мейiрiмi қанбаған күйiнде ортамыздан кете барды. Мұның барлығы да қазақша айтқанда – тағдыр. Басталған өмiр жолы тұйықталды, туған жерiн керемет жақсы көрушi едi, сол туған жерiнiң топырағы бұйырды. “Адам топырақтан жаралса, сол топыраққа қайта қосылады” дейдi. Туған топырақтан жаралып, туған топыраққа қосылу дейтiн адамның ең үлкен арманы болуы керек.

Басқа не дейiн, бұл ендi ой-санамызды, барлығын тоқырауға ұшыратып кеткен сияқты. Ұлтына деген сүйiспеншiлiгi ерекше едi. Баяғы студент кезiмiзде, Кеңес үкiметiнiң дәуiрлеп тұрған кезiнiң өзiнде бiздiң “егемендiк аламыз” деген нәрсе ойымызға кiрмейтiн. Сол кезде Ақаңның күндiз-түнi арманы, айта беретiн сөзi: “Шiркiн-ай, бiзде бiр ел болып, өз қотырымызды өзiмiз қасып жататын заман болар ма едi”, дейтiн. Тәуелсiздiк алған кезде бiр-бiрiмiзге хабарласып, көзiмiзге жас алып, бала кезден армандаған арман орындалды дейтiнбiз. Бiз студент болып жүрген кездерi Мәскеуде “Жас тұлпар” деген ұйым болды. Озық ойлы азаматтардың, “қазағым” деп ұйымдастырған алғашқы ұйымдарының бiрi. Ол кездегi КГБ-нiң қармағы ұзын, үкiмi қатал болатын. Әлгi ұйымның өкiлдерi Алматыға келiп, университетте кездесу ұйымдастырды. Оның өзiнде концерт өткiземiз, ән айтып, би билеймiз деген сылтау айтылса керек. Сол кездесуде “Бiз қашан ел боламыз?!”, “Бiздiң тiлiмiз қашан тiл қатарына қосылады?”, “Алматыда неге қазақ мектебi жоқ?” дейтiн әңгiмелер қозғалып едi. Бiз онда бiрiншi курста оқимыз. Сәбит Мұқанов бастаған белгiлi-белгiлi тұлғалы азаматтар сөз сөйледi. Ортаға шығып, бiз де бiрер ойымызды айтып қалып едiк. Соңғы курсқа келгенiмiзде Ақселеудi де, Болат Бабақов деген азамат бар едi, оны да, бiздi де КГБ шақыртты. “Сiз тiркеуде тұрсыз, қай жерде қандай сөз айтып жүргендерiңiздi жақсы бiлемiз?” деп, өздерiне қызметке шақырып едi, бiз көнбедiк. Сол тiзiмнiң кесiрiнен тәуелсiздiк орнағанша, Ақаңның басынан қара бұлт кеткен жоқ. “Осы мен қазiргi деңгейiме жету үшiн талай-талай қиындықтардан өттiм” дейтiн. “Бiлiм және еңбек” дейтiн журналда редактор болып жүрiп, тағы да өзiнiң әуенiне басып, қазақтың тiлiнiң, дәстүрлерiнiң жоғалып бара жатқандығын ғылыми журналда жиi-жиi жаза бастады. Сол кезде “ерекше ұлтшыл” дейтiн айдар тағып, “Казахстанская правда” оны күстаналаған “Дат” (“Ржавчина”) дейтiн мақаланы басқалы жатқан кезде Ақаңның үлкен достары араласып барып, әрең тоқтатты. Бiрақ, оны қызметiнен шығарды. Орталық комитет КГБ-ның нұсқауы бойынша жұмыс iстейтiн. Ақаңды қызметiнен қуып, күстәналап, жұмыссыз қалдырды. Отбасы бар, бала-шағасы бар. Содан Ғылым академиясындағы азаматтар Ақаңды еден жуушы дәрежесiнде қызметке қабылдады. Бұл жай ғана көз үшiн. Жоғары жаққа еден жуушы деп айту үшiн ғана керек болғандай. Сонда жүрiп, талай дүниелердi бiтiрдi. Бертiн келе қайтадан Ақаң үлкен қызметтерге араласа бастады. Ұлтжанды азаматтар Ақаңа үнемi қамқорлық жасап жүрдi. Тәуелсiздiкке дейiн талай қуғынды, сүргiндi көргенiн бiлемiз. Бiрақ, “халқым” деп жүрген азаматты халқы жаманшылыққа берген жоқ. Ақаң түрменi көрмедi, тор темiрдi көрмедi демесек, бер жақтағы өзiне қарсы қойылған бөгеттердiң бәрiн көрдi, соның арасынан аман-есен өттi деп ойлаймын.

Ақселеудiң қазақ тiлiне дейтiн ықыласы бөлек едi. Сөйлеген сөздерiнде де, оқыған лекцияларында да тiл тағдыры туралы айтпаған кезi жоқ шығар. Аңсаған тәуелсiздiгiмiзге жеттiк. Тiлдiң толыққанды статуспен жұмыс iстеуiне әлi күнге дейiн кедергiлер көп. Орысша оқыған қара орыстардың кедергiлерiнiң көп екендiгiн қайда жүрсе де айтатын. “Балаларыңды қазақша оқытыңдар, әйтпесе жарты қазақ болып қалады” дейтiн едi. Жалпы, Ақаңның ұлтжандылығы кез келген шығармаларын оқыған кезде сезiлiп тұрады. “Қазағым” деп емiренiп жүретiн, сол “қазағым” деген күйi өттi.

Ақаңның бала кезгi өмiр тарихы белгiлi. Ақселеу туған күнi әкесi соғысқа аттаныпты. Шешесi толғатып жатқан кезде әкесiн соғысқа алып кеткен ғой. Бес-алты шақырымға барғаннан кейiн, артынан “сүйiншi” сұрап, бiреу шауып келiптi. “Әйелiң босанды” дегендi естiген соң, шыдап тұра ала ма? Содан “мен барып келе қояйыншы” деп, жаңағының атына мiне салып, шауып отырып үйiне келiптi. Құндақтағы баласының бетiнен бiр иiскептi. “Шашы аппақ, селеу сияқты екен” деп қайта шауып кетiптi. “Ақселеу” деп қойған екен. Сонда әкесi Сейдiмбек баласы Сланға: “Шырағым-ай, бекер оралдың-ау” деген екен. Айтқанындай келесi жылы қара қағаз келiптi. Содан Ақселеудi әкесiнiң ағасы асырап алады. Өзiнiң баласындай қылып өсiрген ғой. Бала кезiнде жетiмдiгiн бiреуден естiп қалып, қиялиланып мектепке бармай, “Қайтсем, өзiмнiң туған шешемдi тауып алам” деп, шешесiн iздеп кетедi. Шешесi басқа бiр ағайындарына әмеңгерлiкпен күйеуге шығып кеткен. Ол бауырына басқан әкесi мен шешесiндей болмайды. Оларға қайтып келуге бет жоқ. Содан бұзақы бала болып, вагон мен вагонның үстiнде секiрiп жүргенiн айтатын едi. Бiр күнi “Осыны мен жазсам қайтедi” деп едiм, “жаза алсаң, жаз” дедi. Бұрын жыл сайын дәстүрлi әдеби конкурс өтетiн. Мемлекеттiк Баспа комитетi, Қазақстан комсомолы орталық комитетi, Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыратын. “Жап-жасыл әлем” деген повесть жазып, сол 1981 жылғы жабық конкурста бiрiншi жүлде алып едiм. Ол ендi Ақаңның бала кездегi өмiр тарихы сияқты дүние. Кейiн асырап алған әке-шешесi тауып алыпты. Аңырап келiп: “Қу соғыс-ай, не көрсетпедiң?” деп, бүкiл вокзалдағы жұртты жылатып, Ақаңды қайта бауырына басыпты. Мiне, балалық шағын осындай қиындықпен өткiзген болатын.

Кеше қоштасуда белгiлi актер Асанәлi Әшiмов: “Басыма қайғының қара бұлты үйiрiлген кездерде Ақселеу демеушiм, қайратым болып едi. Қазiр туған iнiмнен айрылғандай күйде тұрмын” дедi. Төлен Әбдiк, Дулат Исабек, Бексұлтан Нұржеке, Нұрлан Оразалин, Иген Қасен сияқты замандас, қаламдастары өз сөздерiнде Ақаңның кiсiлiк қасиетi мен адалдығын айтса, Серiк Тұрғынбек, Жүрсiн Ерман, Несiпбек Айтов, Ғалым Жайлыбайлар оған арнаған қаралы жырларын оқып, қалың жұртты қатты тебiренттi, Тұрсын Жұртбай, Әлiбек Асқар, Бақытжан Әбдiрайымов сынды iнiлерi жазушы, ғалым, ұстаздың биiк өресi мен асқақ азаматтығын қоштасу сөздерiне арқау еттi. Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағанбетовтың iнi-досын мәңгi сапарға аттандыру рәсiмiнiң бар ауыртпашылығын үлкен азаматтықпен атқарғанына риза болды.

Қуанышбай мен Қойшығара үшеуiмiз Ақаңның денесiн жерге тапсырып жатқанда, бiр-бiрiмiзбен жыласып көрiстiк. Мұның барлығы тiрi пендеге ғана тән мiнездер. Ендi Ақаң болмайды. Ақаң мәңгiлiкке сапар шектi. Ойы да, сойы да, бойы да биiк азамат өзi таңдаған жотасына барып жатты. Жердi өте жақсы көретiн едi. Баяғы елуге таяған кездерi туған жерiне барып, Ортау, Қызылтау, Иманақ сияқты әдемi тауларының төбесiне шығып отырып: “Әй, досым-ау, бұлар керемет биiк таулар ғой” деп едi. Өзiмнiң туып өскен жерiмдегi биiк тауларды есiме алып мен де қалжыңдадым. “Ей, Алтай Сауырдан да биiк-ау, осы” деп едiм, “Әй, осы қай-қайдағыны айтады екенсiң. Бұлар Арқаның биiк таулары. Алтай Сауыр, Алатаулар қазақтың ұлы таулары ғой” дедi. Ақаң өмiрiнде жеңiлу дегендi бiлмейтiн. Жаңағының өзiнде сөз тауып кеттi. Ақаң Астанаға кеткенде, Алматыны қимай, бiраз қиналды. Сонда мен оған қалжыңдап: “Ел айрылған” деген күйдi жиi тартушы едiң, басыңа келдi” дедiм. Ол Астанаға кеткенiмен, айрылыса қойған жоқпыз, барып тұрдық. Өзi де жиi келiп тұрды. Кеше де балаларына да: “Әкемiздiң үйi бар деп, үйiмiзге келiп тұрыңдар, әке бола алмаспыз. Әкеңе ұқсауға тырысармыз” дестiк.

Жалпы адамның ең алдымен ұлтын сүю үшiн, туған топырағын сүюi, ұлтын сүю үшiн, халқын, жерiн, жұртын, тiлiн, дәстүрiн сүюi қажет екендiгiн Ақаң бiзге көрсетiп бердi. Ендi артында қалған достары кiтаптарына үңiлiп, Ақаңды сағынып өтермiз деп ойлаймын. Мәңгi жасайтын ешкiм жоқ. Әзiлiмiздi о дүниеге барып, қайтадан жалғастырармыз. Ақаңа, “бақұл бол” дегеннен басқа тiрi пенде не айта алар.

Жазып алған Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары