Нұржан МҰХАМЕДЖАНОВА: БАҚ-тың ҚАЙ ТIЛДЕ ДАМУЫ – СҰРАНЫСҚА БАЙЛАНЫСТЫ
Нұржан МҰХАМЕДЖАНОВА: БАҚ-тың ҚАЙ ТIЛДЕ ДАМУЫ – СҰРАНЫСҚА БАЙЛАНЫСТЫ
Әдеттегiдей күз мезгiлiнде телеарналар жаңа маусымдық хабарларды тарту етедi. Елiмiздегi бiрден-бiр жекеменшiк телеарна – “31-телеарна” да эфирлiк кестесiне қазақ тiлiндегi жаңа жобаларды енгiзгенiн айтып сүйiншi сұрап едi. Алайда, әрiптесi “СТС-медиа” компаниясымен бiрге ұсынып отырған ойын-сауық форматтағы хабарлар туралы көрерменнiң пiкiрi сан алуан. “31-телеарнаның” бас директоры Нұржан Жалауқызымен болған әңгiме де осы тақырып төңiрегiнде өрбiдi.<br>
– Нұржан Жалауқызы, елiмiздегi телеарналарға қазақтiлдi азаматтар басшылыққа келсе, қазақ тiлiнде бағдарламаларға жан бiтетiн шығар деп қуанып қаламыз. Бiрақ неге екенi белгiсiз, көбiнесе орыс тiлiне басымдық берiледi? Бiлiктi басшы, кәсiби журналист ретiнде осының сырын айтып берiңiзшi.
– Менiңше, әңгiме кiмнiң қай тiлде сөйлегенiнде емес. Әңгiме – отаншылдықта, елдiк, азаматтық көзқараста. Ең алдымен осы мәселелерге көп көңiл бөлер едiм. Себебi, қай телеарнаның, қай БАҚ-тың басында қай ұлттың өкiлi отырмасын, егер ол елдiң ертеңiн, бүгiнi мен келешегiн ойлайтын басшы болса, Қазақстан деген мемлекеттiң ана тiлi, тарихы, мәдениетi бар екенiн бiлiп, оны паш еткiсi келсе, бұған тiлден гөрi, терең түсiнiк қажет дер едiм. Әрине көп нәрсе тiлге байланысты екенi рас. Тiл – қатынас құралы. Өздерiңiзге мәлiм, бiздiң елде екi тiл бар. Бiрi – мемлекеттiк тiл, қазақ тiлi, екiншiсi ұлтаралық, ресми тiл – орыс тiлi. Барлық тұрғыда осылай деп белгiленгеннен кейiн, кiм қай тiлде жеңiл сөйлесе алады немесе тiл табыса алады, сол тiлде сөйлеуге, ойлауға құқығы бар. Ал отаншылдық сезiмнiң тiлге еш қатысы жоқ. Адамның өз туған жерiне, Отанына, мемлекетiне деген құрметi жүрегiнде болуы тиiс. Отаншылдық сезiмдi әркiм өз бойынан таба бiлсе, дамыта бiлсе, бiздiң қоғамымыздағы көп мәселе өз шешiмiн табатыны сөзсiз. “Елiмiздегi БАҚ-тың денi неге орыстiлдi?” деп сұрап қалдың, мұның төркiнiн әрiден iздеу керек. Кеңестiк кезеңде ақпараттық кеңiстiк ашық болды. Әлi күнге дейiн солай. Қазақстанның тұрғындары кез келген ақпаратты жан-жақтан алуына мүмкiндiгi көп. Әрине, оларға шектеу қойып, проблеманы ешқашан шеше де алмаймыз. Әркiмнiң таңдауға құқы бар. Бiрақ таңдауға тұрарлық сапалы телевизиялық өнiм өндiре алып жүрмiз бе? Соған мүмкiндiк жасалып отыр ма? Мәселе осында.
– Ақпараттық кеңiстiктiң ашық болуының пайдасын көрiп жатқанымыз шамалы. Дегенмен, 20 жыл бойында мемлекеттiк тiл өз дәрежесiнде қолданылмай келедi. Мұны идеологияның басты құралы – телерадиодан бастаған ұтымды емес пе?
– Бұл проблеманың бiрнеше тұсы бар. Ең бастысы, жаңа да айттым, ақпараттық ашық кеңiстiк қазақстандықтардың қалаған ақпаратын алуына мүмкiндiк бередi. Десек те отандық жаңалықтарды отандық БАҚ-тан алады ғой. Бұл орайда телерадио нарығының алар орны ерекше. Шынын айтуымыз керек, бiздiң елiмiз тәуелсiздiк алғаннан кейiн мемлекеттiк Қазақ телевизиясы мен Қазақ радиосының қатарын мемлекеттiк емес телерадио компаниялары толықтырғанын бiлесiз. Негiзiнде бұл сала қаржыны көп қажет ететiн сала. Қағаз бен қалам жеткiлiксiз. Техникалық мүмкiндiктерсiз алға жылжу қиын. Бұл мүмкiндiктi тек жарнамадан түскен қаражат негiзiнде ғана жүзеге асыруға болады. Ал, жарнаманы тек сапалы телевизиялық өнiм өндiргенiңде ғана молайта алатының рас. Бiздiң телеарна өндiрген өнiм керемет деп кеуде соғып та алысқа кете алмайсың. Өйткенi, әлемдiк тәжiрибе бойынша телеөнiмдердiң көрермендер тарапынан сұранысқа ие болғанын көрсететiн телекөрсетiлiм үлесi және бағдарламаның рейтингi деген ұғымдар бар. Оларды есептейтiн, зерттейтiн арнайы тәуелсiз ұйым бар. Яғни, әрбiр телеарнаның Қазақстан халқы арасында телекөрсетiлiм жағынан алар үлесi қай деңгейде екенiн анықтайды. Елiмiздiң барлық тұрғындарының демографиялық әрi әлеуметтiк деңгейiн зерттеуге қатысатын респонденттер қолдарына берiлген арнайы қондырғыны пайдалана отырып, өздерiнiң қайсы телеарнаның қай тiлдегi бағдарламасына таңдау жасағандары арқылы анықтайды. Бүгiнгi таңда бұл зерттеу нәтижелерiне бiздiң көңiлiмiз толмайды. Оқырмандар да, көрермендер де дұрыс түсiнулерi керек: телевизиялық арналар жарнама берушiлерге жарнамалық уақытты сатпайды, жарнаманы көретiн көрермендердiң үлесiн сатады. 6 жас пен 54 жас аралығындағы аудитория бойынша бiздiң “31-телеарнамыз” ұлттық телеарналар арасында үстiмiздегi жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 2– орындамыз. Мақтанарлық дерек. Әйтсе де, телекөрсетiлiмнiң үлес салмағын зерделесек қазақ тiлiндегi бағдарламаларды көретiн көрермендер саны аз. Бұл дегенiңiз сiз қандай да қазақша сапалы, технологиялық жағынан деңгейi жоғары телеөнiмдi көрерменге ұсынбаңыз, ол жарнама нарығынан тыс қалады деген сөз. Күнделiктi тәжiрибеде бағдарлама эфирге шыққаннан кейiн оған деген пiкiрлер бiрден ортаға шығады. Мысалы, көрермендер телеарнадағы қазақ тiлiндегi бағдарламаларды көремiз дейдi. Телефон шалып пiкiрлерiн бiлдiредi. Кейде ренжидi. Кейде жақсы, салиқалы ойлар айтылады. Көп хаттар келедi. Бiрақ зерттеу жұмысында қазақ тiлiндегi бағдарламаның үлес салмағы өте төмен. Қарама-қайшылық дегенiңiз мiне осы. Зерттеуге қатысатын респонденттер, әрине, құпия дерек екенiн баса айтуым керек. Сондықтан, елiмiздегi телевизиялық индустрияның дамуы үшiн Бiрiккен индустриалдық комитеттiң құрылтайшылығымен құрылған арнайы зерттеу ұйымының ұлттық телеарналар арасындағы еркiн шығармашылық бәсекелестiктiң шынайы дамуы үшiн зерттеуге қатысушыларды iрiктеуге ерекше мән беретiн кезi келдi. Әзiрше отандастарымыз қазақ тiлiндегi бағдарламалардың сапасы ұлғайсын десе, әлемдiк телеөнiм деңгейiнен кенже қалмасын десе, қазақ тiлiндегi бағдарламаларға жарнама берiлсiн десе, қазақ тiлiндегi бағдарламаны көрiп, сол жайында ойын бiлдiрiп, белсендi түрде ой бөлiсуге ұмтылуы керек. Жоғары жақтағы шенеунiктер қазақ тiлiнде журналистерге сұхбат беруден қашпаулары керек. Әлi күнге дейiн журналистер кейде қазақ тiлiнде сөйлейтiн адам таппай қиналады. Бұл ащы да болса шындық. Қазақ тiлiндегi хабарлардың, әдебиеттiң, мәдениеттiң дамуына мемлекеттiк тұрғыдан көзқарас қажет. Қолдау жоқ емес, бар. Бiрақ сол қолдау тiлдiң қалыптасуына ықпал етсе, сонда ғана үйлесiмдi түрде дами алады.
– Бұл сiздiң қазақ тiлiндегi көрермендерге өкпе-назыңыз ба?
– Өкпе де, наз да емес. Шындық. Алысқа бармайық, осы күзгi маусымға бiздiң телеарна арнайы екi жоба дайындады. Бiрi “Әзiл-студио”, екiншiсi – “Әңгiме болсын” бағдарламасы. Екi жоба – бiздiң телеарнаның ойын-сауық жүйесiндегi жаңа форматта әзiрленген тың дүниелер. Ең басты мақсатымыз да – көрермендерге көтерiңкi көңiл-күй сыйлау, ертеңгi күнге деген сенiмдерiне серпiн беру. Әйтсе де, “Әзiл-студионың” телекөрсетiлiм үлесi 7 пайыздан аспай тұр. Басқа да қазақтiлдi бағдарламалардың форматын, жүргiзушiлерiн, реңкiн, сапасын өзгерттiк. Бiрақ “TNS Gallup Media Asia” зерттеуiне қатысатын респонденттер бұл хабарларды көрмейдi екен. Бiз бағдарламаны көрермен үшiн көрсетудi жоспарлағанда, ертеңгi күнi оның экономикалық қайтарымы бола ма, жоқ па дегендi ойлаймыз. Яғни, оның рейтингiсi, телекөрсетiлiмi жоғары болса, оның өмiрi де ұзын болады. Ал, рейтингiсi төмен болса, амал жоқ оның орнына басқа бағдарлама ашуға тура келедi. Бұл көрсеткiштi зерттеуге қатысатындардың үлес салмағында тек ұлты ғана қазақ емес қазақша ойлайтын, қазақша сөйлейтiн отандастарымыздың үлесiн ұлғайту арқылы ғана қол жеткiзетiнiмiздi анық бiлемiн. Бiрақ бұл қашан болады, белгiсiз. Сондықтан да қазақ тiлiнде ойлайтын, сөйлейтiн қазақтiлдi көрермендер қазақ тiлiндегi хабарларды көруге ұмтылу керек, соларға жанашыр болуы керек. Бiр-бiрiмiзге көмектесу арқылы ғана өз ана тiлiмiздiң қолдану аясын кеңейте аламыз. Яғни, қазақ тiлiн басты қажеттiлiкке айналдыру үшiн жұмыс iстеуiмiз керек. Сол себептi де телевизиялық технология жағынан сапалы, шетелдiк хабарлардан кем түспейтiндей бағдарлама дайындауға қадам жасаудамыз.
– “31-телеарнаның” 20 пайыздық акциясын ресейлiк “СТС-медиа” сатып алғалы берi телеарна сапалы өнiм дайындап келедi демекшiсiз ғой…
– Әрине, бұл бүгiнгi таңдағы Қазақстан мен Ресей акционерлерiнiң ұстанып отырған нақты позициясы. Яғни, бiздiң телеарна қазақ тiлiндегi сапалы түрде өндiрiлетiн өнiмнiң көшбасшысына айналуы керек, айналады да деп ойлаймын.
– “СТС-медиа” 20%-ға иелiк еткелi телеарнада өз саясатын жүргiзедi деген сөз бар… қаншалықты рас?
– Мүлдем олай емес. Көзi қарақты көрермен бiледi ғой деп ойлаймын, “СТС-медиа” – халықаралық телекомпания. Ресейде ойын-сауықтық бағытта қызмет ететiн телевизиялық арналардың көшбасшысы. Екi құрылтайшының да мақсаты, жоғарыда айтып кеттiм, телевизиялық медиажобаның сапалы телевизиялық бағдарламалары арқылы көрермендерiне көтерiңкi көңiл-күй сыйлайтын, қызықты, ұтымды телеарна ретiнде дамуы. Ресей және қазақстандық құрылтайшылар үшiн ортақ саясат – сапалы түрде өндiрiлген жоғары технологиялық мүмкiндiктермен әзiрленген бағдарламаларды көруге қазақстандық, қазақтiлдi көрермендер әбден лайықты. Теледидар – өмiрдiң айнасы. Сондықтан одан берiлетiн көрiнiс әдемi, оны жеткiзетiн техникалық мүмкiндiк жоғары болуы шарт. Бұл арада алдағы уақытта егер бағдарламалардың кейбiреуiнiң телекөрсетiлiмдiк үлесi төмен болса, жапсақ па деген ойымыз да бар екенiн жасырмаймын.
– Қазақ тiлiндегi бағдарламалардан ба? Сонда, “Тiл туралы”, “БАҚ туралы” заңның талаптары қалай орындалмақ?
– Ол да мүмкiн. Бiрақ орнына басқа қызықты бағдарлама ұсынуымыз керек. Телевизиядағы әрбiр минутымыз, әр күнiмiз бiзге пайда әкелуi керек. Яғни, жарнама берушiлердiң жарнамасын тартуы қажет. Ал, бiз дұрыс өнiм ұсынбасақ, жарнама берушiлер де өзiнiң жарнамасын бермейдi. Қазiр телеарнаның прайм-таймдағы бағдарламасының телекөрсетiлiм үлесi 15-20 пайыздан асса, жарнама берушiлердiң де шоқтығы биiк. Өмiр болған соң, эфирде өзiн-өзi ақтай алмайтын, рейтинг ала алмайтын фильмдер де кездеседi. Оларды алып тастап, орнына мықты деген өнiмдi қоямыз. Кейде бұл шешiмiмiздi түсiнбеген көрермендер телефон шалып, ренiштерiн де бiлдiрiп жатады.
Бiр сөзбен айтқанда, бiздiң телеарна ҚР Заңдарын толығымен орындап отыр. Себебi, Заң бойынша әрбiр 6 сағат сайын 3 сағаттан 50х50 пайызды орындауымыз керек. Бұл бiр. Екiншi, эфирден орыстiлдi бағдарламаны алып тастасақ, орыстiлдi өнiммен ауыстырамыз, ал қазақтiлдi бағдарламаны қысқартатын болсақ, орнына басқа сапалы қазақтiлдi хабар қоямыз.
– Алайда, 50х50 қатып қалған қағида емес шығар. Қазақтiлдi бағдарлама көрсетiлiмiн 60-70 пайызға жеткiзуге болмай ма, әлде, сiздiң ұжымыңыздағы талап солай ма?
– Бiз ең бiрiншi, Қазақстан Республикасының бiрден-бiр азаматы, салық төлеушiсi болғандықтан Заңды орындауымыз қажет. Екiншi, бiз жекеменшiк телеарна болғандықтан, өз күнiмiздi өзiмiз көруiмiз керек. Яғни, сапалы өнiм болғанда ғана жарнама берушiлер жарнама бередi. Олар сапалы өнiм арқылы өз өнiмiн жарнамалайды. Жарнама бермесе, бiз қоластымыздағы қызметкерлерге жалақы бере алмаймыз. Сондықтан да бiз нанымызды жақсы телеөнiмге келген жарнама арқылы тауып жүрмiз.
– Сонда мемлекеттiк тендерге қатыспайсыздар ма?
– Қатысамыз. Мемлекеттiк саясат аясында Мәдениет және ақпарат министрлiгi өткiзетiн тендерге қатысамыз. Бiрақ одан түскен қаражат телеарнадағы бiр сағаттық бағдарламаны ғана әзiрлеуге жетедi. Министрлiк бiр сағаттық бағдарламаны былтыр 70 мың теңгеге шақса, қазiр 120 мың теңге деп есептептi. Бiр сағаттық телеөнiм үшiн бұл ақша түк емес. Жоқтан бар жақсы дегендi бiлесiз. Бұл – бiр. Екiншiден, елiмiздiң мемлекеттiк саясатын қолдау бұл бiз үшiн еш күмән тудырмайтын қағида. Әйтсе де, 120 мың теңгемен отыра берсек, онда бiз сапалы өнiм жасай алмаймыз. Ал сапалы өнiмдi көрермен көрсе, телекөрсетiлiм үлесi де өседi, жарнама берушi жарнамасын да бередi. Мiнеки, бұл бiр-бiрiмен тығыз байланысты процесс.
– Жаңа маусымға жол тартып отырған “Әңгiме болсын”, “Әзiл-студио” бағдарламасы “СТС– медианың” өнiмдерi секiлдi жеңiл-желпi форматта. Дегенмен, бұлар қазақ тiлiнде болса да, қазақ тiлiнiң жүгiн көтеретiн бағдарлама санатына жата ма?
– Ресейлiк әрiптестерiмнiң телевизиялық өнiмдерi туралы пiкiр менiңше қате, жаңылыс. Сiз бен бiздi толғандырған оқиғалардан тұратын сериалдарды, болмаса ғылыми-танымдық бағдарламалар жүйесiн алыңыз, әрқайсысының орны ерекше. Ашық айтайын, қазақтiлдi журналистердiң арасында қате көзқарасты ұстанатын әрiптестерiм бар. Мәселен, кез келген жаңа дүниеге, жалпы телеарнада болып жатқан өзгерiстердi үстiрт бiледi. Сiз ренжiмеңiз, осы уақытқа дейiн көптеген БАҚ-қа сұхбат бердiм. Сондағы қазақтiлдi журналистерден байқағаным осы. Ал “Әзiл-студио” мен “Әңгiме болсынға” келсек, әрине, жатады.
– Солай-ақ болсын делiк. Бiрақ жаңағы сiз айтқан бағдарламаларды ресейлiк телеөнiмнiң көшiрмесi деп жатқандар да бар ғой…
– Ол әркiмнiң көзқарасы. Кез келген бағдарламаны қарайтын адам iшiнен өзiне қажеттiсiн iздейдi. Мәселен, “Әзiл-студионы” неге олай атадық дейсiз ғой. Қазақ қашан да әзiлқой халық. Қазақ өмiрдегi өткiр мәселенi жеңiл ғана әзiлмен, риясыз күлкiмен бiлдiрiп, астарлап сөйлеп, алыстағыны меңзейтiн халық. Мiне, хабардың ұстанған бағыты да – осы дәстүрдi ары қарай дамыту. Қазiр көрерменнiң көзқарасы жақсы. Әрбiр бағдарлама 30 минуттан, аптасына бес күн, күнде төрт рет шығады. Хабарды түсiрушiлер күн сайын iзденiс үстiнде. “Әңгiме болсын” бағдарламасына келсек, ақпараттық кеңiстiк ашық болғандықтан да, шетелдiк телеөнiмдерге ұқсауы әбден мүмкiн. Дегенмен, атап айтуым керек, телеарнамызға арнайы шақырылған көпшiлiкке танымал азамат Нұрлан Қоянбаев бастаған шығармашылық топ қазақстандық телеиндустрияға жаңа леп алып келгендерi сөзсiз. Көпшiлiгiмiздiң көкейiмiздегi ойды қозғап, назар аударылатын мәселелердi қозғаған бұл бағдарлама әлi лайықты бағасын алады деп сенемiн.
– “31-телеарнаның” түскi мультфильмдерiн балалардың сүйiп көретiнi рас. Дегенмен, қатарынан 3 сағат бергеннен гөрi, бөлiп көрсетуге болмай ма?
– Жасыратыны жоқ, бұған дейiн қазақтың балалары шетелдiк “Nicкelodion” сынды телеарнаның алдынан шықпайтын едi. Ал бiздiң телеарна былтырдан берi “СТС– медиамен” бiрлесiп, “Уолт Диснейдiң” мультфильмдерiн қазақ тiлiне аударып берiп жатыр. Бiрақ мульфильмдi көрсетудi жоспарлағанда бiз телевизиялық аудиторияның ерекшелiгiн басты назарда ұстаймыз. Неге бiз мультфильмдi түскi сағат 1 мен 2-iнiң арасына қоямыз? Себебi, мектепке баратын және келетiн оқушылардың көруi өте маңызды. Мұның да телекөрсетiлiм үлесiне әсерi бар. Бүгiнге дейiн қаншама көрермен телеарнаға телефон шалып, “Балама көрсетейiн деп едiм дискiге жазып берiңiзшi” деп өтiнiш айтуда… Басқа әрiптестерiм өкпелемейтiн шығар, қазақ ұлттық телеарналары iшiнде үлкен жаңалық жасап, Диснейдiң мультфильмдерiн қазақша сөйлеткен осы бiздiң “31-телеарна”. 2008 жылдың 1– наурызынан бастап балаларымыздың сүйiктi кейiпкерлерi қазақша сөйлеп келедi.
– “Кәсiпкер”, “Пiкiр алаңы”, “Бiлгiрлер сайысы” бағдарламасы да бiраз қалыптасып қалды. Десек те, олардың көрсетiлiм уақыты 5-те, 5 жарымда болғандықтан, ыңғайсыздау сияқты.
– Бұл бағдарламалардың уақытын өзгерту телекөрсетiлiмге байланысты екенiне тағы да баса назар аударамын. Егер оның үлесi дәл қазiргiдей 3,5 пайыз болып, көрермендер басқа арнаға көшiп кетсе, онда бiз бұнымен жұмыс iстей алмаймыз. Себебi, сағат 20.00-де бiздiң үлес салмағымыз кемiнде 24-25-пайыздан төмен болмауы керек. Қазақтiлдi көрермендер, әсiресе, “TNS Gallup Media Asia”-ның респонденттерi бiздiң бағдарламамызды көрiп, тым болмағанда 15 пайыздық дауыс берсе, сонда ғана оның уақытын ауыстыруымыз мүмкiн.
– Ал 2011 жылы өтетiн Қысқы Азиада ойындарына байланысты “Биiк мақсат” хабары туралы көрермендердiң пiкiрi жақсы. Бiрақ бағдарламаның уақытын ұзартуға болмай ма?
– Негiзi телебағдарлама үшiн 30 минут ұтымды уақыт. Жарнаманы эфирлiк уақытқа орналастыру жағынан да ұтымды. Бағдарлама алдын ала монтаждалып әзiрленедi. Осы уақыт iшiнде спорт айналысындағы мәселе көтерiледi. Тағы бiр мәселе – спортпен шұғылданатындардың көпшiлiгi басқа тiлде сөйлейдi. Яғни, белгiлi спортшылардың iшiнен мәселенi ашып көрсету үшiн сұхбаттың да сәтi түсе бермейдi. Бағдарламаны дайындап, жүргiзетiн өте жаңашылдыққа құмар, iзденiмпаз жiгiттер. Егер бұл бағдарлама телекөрсетiлiм жағынан жоғары пайызға ие болса, оның өмiрi де ұзақ болуы мүмкiн. Өкiнiшке қарай, бiздiң телеарна үшiн басқа бағдарлама жақсы көрсеткiш алса, онда бiз соларды таңдауымыз мүмкiн, басқа да iрi жобалар жасауымыз мүмкiн. Келешекте бiз бен сiздiң тағдырымызды қозғайтын әлеуметтiк ток-шоу ұйымдастыруымыз мүмкiн, бәлкiм Қазақстанда тұратын отандастардың өмiрiн суреттейтiн телесериал да түсiруiмiз мүмкiн. Мiне, осындай жоспарларымыз көп. Оның бәрi қаржылай мүмкiндiгiмiзге байланысты.
– Қазiргi кезде қазақ теледидарын түрiк сериалдары жаулап алды. “31-телеарна” да түрiктiң атышулы “Көкжалдар мекенiн” көрсетудi бастады. Осы бiз түрiктiң киносын қатты насихаттап жiберген жоқпыз ба? Әлде, олар арзан бағаға сата ма?
– Арзан бағаға сатады деп айтпас едiм. Екiншi, мойындайтын бiр шындық түрiк елi сериал түсiруден көшбасшылар қатарында. Мәселен, Түркияда 2008 жылы 44 сериал, ал осы жылы 32 сериал түсiрiлiптi. Жұмсалған қаржы да қомақты. Ресейдiң де тәжiрибесiнен де оқырмандар хабардар деген сенiмдемiн. Ал бiздiң елiмiз үшiн телесериалды шығару бастапқы жолда ғана. Қазақи тұрмысымызға тән, тағылымды бiр дүние жасау жоспарымызда бар. Ол үшiн алдымен қаражат табуымыз керек. Әзiрге, жақсы өнiм арқылы телеарнамызға жарнамадан түсетiн қаржыны келтiру мақсатында тек Түркияда емес, Еуропа елдерiнде де лайықты оң бағасын алған “Көкжалдар мекенiн” сатып алып, көрерменге ұсынуды жөн деп таптық. Бұл сериалда көрсетiлетiн мәселе тек түрiк елiне емес, қазақ елiне де ортақ мәселе. Әдiлдiк үшiн күрес бiзде де бар.
– “31-телеарна” Қазақстан арналарының iшiнен екiншi орынды бермей келедi” деп едiңiз. Жақында ақпарат айдынына “7-телеарна” деген жаңа телеарна қосылды. Сiздiң телеарна бәсекеге қабiлеттi ме?
– Баса айтуым керек, бiздiң телевизиялық аудиториямыз 6 жастан 54 жасқа дейiнгi көрермендердi қамтиды. Мiне, осы аудитория бойынша екiншi телекөрсетiлiм үлесi бiздiң телеарнамыз үшiн өте жақсы көрсеткiш. Тек осы көрсеткiш жарнамадан түсетiн қаржы мөлшерiн молайтуға ықпал етудi бастаса дұрыс болар едi…Бәсекелестiкке келсек, шынында да, қазiр елiмiздегi телеарналар арасында еркiн, шығармашылық бәсекелестiк қалыптаса бастады. Бұдан сапалы телевизиялық өнiм көретiн көрермен ұтады. Шығармашылық бәсекелестiк болған жерде ғана, жақсы дүние өмiрге келедi. Қайталап айтамын, телеарна үшiн үлкен мәселе – көрерменнiң көңiлiнен шығу. Ұлы Абайдан артық айтқан ешкiм жоқ шығар. “Сөз түзелдi, тыңдаушы сен де түзел”. Осы сөздi iшiмнен де, сыртымнан да үнемi қайталап жүремiн. Бiздiң көрермен әлдеқашан сапалы телевизиялық өнiм көруге сусап отыр. Сондықтан солардың көңiлiнен шығу үлкен абырой.
– Мемлекет қоғамдық телеарна ашамыз деп едi, ендi сандық телеарна ашуды қолға алып жатқан жайы бар. Бұған не айтар едiңiз?
– Сандық телеарнаға көшу елiмiз үшiн өте маңызды мәселе. Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң “Арна медиа” холдингiмен бiрге әзiрленген сандық телеарнаға көшу туралы арнайы тұжырымдама жобасы бар. Сандық телевизиялық стандартқа көшу қаржыны талап ететiнi түсiнiктi. Естуiмше, бұл тұжырымдама ҚР үкiметiнiң жұмыс комиссиясына әлi бекiтiлмеген сияқты. Әлемдiк әрi елдегi экономикалық дағдарыстың себебiнен биылғы жылдың бюджетiнде қаржы көзi қарастырылмаған. Негiзiнде бүкiл әлемде 2015 жылы сандық телеарнаға көшу мәселесi аяқталуы керек деген келiсiм бар екенi белгiлi.
Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы