Сайын Мұратбеков – ұмытылар жан ба еді?!

Сайын Мұратбеков – ұмытылар жан ба еді?!

Сайын Мұратбеков – ұмытылар жан ба еді?!
ашық дереккөзі

Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов мырзаның назарына!

«Көп ұлтты әдебиетіміздің гүлдеп тұрған мәуелі бағында оның жас талдай желкілдеп бой көтерген тамаша прозасы бітік шығып, алыстан көзге түсіп, көз тартары сөзсіз». Бұл – Ғабит Мүсіреповтің әдебиетке енді ғана түрен салған жас қаламгер Сайын Мұратбеков туралы айтқан сөзі.

Теңіздің дәмі тамшысынан білінетіні секілді жазушының қарым-қабілеті де алғашқы аяқ алысынан-ақ аңғарылса керек. Сөз зергері жаңылған жоқ. Сайын прозасы расында да шалғайдан менмұндалап, бөлек біткен болмысымен баурады. Оқырман оның шығармаларын жарыса-жастана оқып, кейіпкерлерін әркім өзіне ұқсатты, әңгімелерінің өмірдің өзіндей шынайылығына таңғалды. Сырлы саздай төгілген нәзік лиризміне елітті, еліктеді. Сайын сияқты мөлдіретіп жазып, Аян мен Сатай сияқты жұрт жадында жатталар кесек бейнелер жасағысы келгендердің қатары аз болған жоқ. «Менің қарындасымнан» кейін ақ бантикті қыздар жайында әр түрлі деңгейде жазылған шығармалардың көбейіп кеткенін, «Жусан иісінен» кейін әдебиетте жусан туралы жамырай жазу үрдісі белең алғанын Сағат Әшімбаев та айтпап па еді?!

Асылы, Флобердің «әңгіме жазу қиын болғандықтан да роман жазуға мәжбүр болдым» дегені – жай айта салған сөзі емес. Әңгіме – жазушы шеберлігінің айнасы екенін, онда қаламгердің артықшылығы да, кемшілігі де көктамырланып көрініп тұратынын қазақ жазушылары да үнемі айтады. Көркемдік қиюы оңайлықпен табыла қоймайтын шағын жанрдың шебері атанған Сайын Мұратбековтің мықтылығы – оқырманын самарқау қалдырмайтындығында. Мәселен, «Ей, тоқтаңдаршы, мен сендерге бүгін кешегіден де қызық ертегі айтамын» деген жалынышты үнмен балалардың соңынан далбақтап жүгіретін Аянның тағдырын оқи отырып, күрсінбеген, көзіне жас алмаған оқырман жоқ шығар, сірә! Ғасыр алмасып, ұрпақ жаңарса да құндылығын жоғалтпаған «Жусанның иісі» қалай жазылғаны туралы жазушының жары өз естеліктерінің бірінде: «Сайын көбіне түнде жазатын. Күзде қарлы жауын жауады ғой. Әсіресе сол кезді қатты жақсы көретін. Ондай уақыттарда жұмыстан келе сала жазуға отыратын. Әуежай маңындағы үйден қаладағы пәтерге көшкенде Сайынның «Көкорай», «Күсен-Күсеке», «Жабайы алма», «Жусан иісі», «Басында Үшқараның» сынды шығармалары дүниеге келді. «Жусан иісін» жазып біткен соң ол керемет көңіл күйде жүрді. Сірә, оқырман қауымға, балаларға ұнайтынын сезген шығар», – деген екен.

Мәриям апайдың қаладағы пәтер дегені – Зенков көшесі, 77\14-үйдегі 33-ші пәтер. Жазушының талай ұйқысыз түндерінің куәсі болған сол үйдің маңынан өтсеңіз, онда Сайын Мұратбеков тұрғанын меңзейтін ешбір белгі, титтей ноқат көзіңізге түспейді. Ол өмірден озғалы 8 жыл өтсе де, әлі күнге дейін үйінің қасбетіне ескерткіш тақта орнатылмаған. Іздеушісі, жанашыры жоқ десек, кезінде жазушы шығармаларын таласып-тармасып оқыған оқырмандарын, әдебиетте үзеңгі қағыстырып, бір жүрген замандастарын, ағалық қамқорлығын, ұстаздық шапағатын көрген іні-қарындастарын негізсіз айыптағандай болармыз. Бірақ, шындығы сол. Ұрпағы ұмытпасын деп есімін қашап жазу үшін бір жапырақ мраморды қимай жүрміз бе?

Әзілхан Нұршайықов: «Ескерткіш тақта ілінген үйлерді мен кеудесіне орден таққан адамдай көремін», – деген екен. Қазақтың біртуар ұлы мекен еткен шаңырақ, қазақ әдебиетіне талай өлмес туынды сыйлаған үйдің «кеудесі» орден тағуға сұранып-ақ тұр. Сайын Мұратбековке күні бүгінге дейін мемориалдық тақта орнатылмауының себебін сұрау үшін жазушының қызы Құралай Сайынқызымен сөйлескен едік. Жуырда ғана оған қалалық әкімшіліктен хабарласып, әкесіне келер жылы ескерткіш тақта қойылатынын айтыпты. Сегіз жыл қимаған құрметті жазушының 80 жылдығы қарсаңында көрсетпекші екен. Оған да шүкір дедік. Күтейік. Қырқына шыдаған соң қырық біріне де шыдаймыз да.

 Ғаббас Қабышұлы, жазушы: Әкімшіліктің сылтауы бітпейді

– Біреу мықтап қолға алып, қадағаламаса, сылбыр қимыл, бітпейтін сылтау бұл істі алға бастырмайды. Мысалы, Оспанхан Әубәкіров тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылады дегелі қаншама жыл болды. Өз есебімше, 14-15 жылға жуықтады. Хат жазбаған, қоңырау шалмаған жеріміз жоқ. Ананы бір, мынаны бір сылтауратып, кейінге ысырып келеді.

Өткен жылы Қадыр Мырза Әлінің үйіне орнатылған ескерткіш тақтаның ашылуына қала әкімі Ахметжан Есімов қатысты. Сол жиында ақынның құрдасы, үзеңгілесі деп маған сөз берді. Қадыр туралы сөзімді тәмамдаған соң, әкімге өз бұйымтайымды айттым: «Бұл – өте игілікті іс. Қаламгерлердің есімі ұрпақтың жадында жатталуы үшін мұндай тақталар міндетті түрде ілінуі керек. Бірақ есімі елеусіз, ескерусіз қалған жазушылар көп. Кезінде бір шаңырақты паналаған қаламгерлердің көпшілігі қазір бұл дүниеде жоқ. Жазушылардың мекені болған 40 пәтерлі үйдің бергі қабырғасы аппақ боп бос тұр. Маңдайшасына тек қана Тәкен Әлімқұловқа тақта қойылған. Ахметжан мырза, осы қабырғаға үлкен мемориалды тақта орнатып, қайтыс болған қаламгерлердің есімін қашап жаздырсаңыз дұрыс болар еді. Әрқайсысының атын әр бұрышқа шашыратпай, бәріне ортақ тақта қойған жөн емес пе? Олардың қай жерде дүниеге келгені, қай үйде қайтыс болғаны бөлек әңгіме, бастысы барлығы бір кездері осы үйді мекен етті, осы шаңырақ қазақ әдебиетіне талай жауһарларды сыйлады. 40 пәтерлі үйдің 36-сында жазушылар тұрдық, төртеуі ғана өзге мамандарға берілді. Сол отыз алтыдан үшеуміз ғана жер басып жүрміз, өзгесі бақилық болды. Қайтыс болған 33 адамның есімін әлдеқашан қағазға тізіп қойғанмын. Тақтаны қолға алар, қазақ әдебиетіне жанашырлық танытар адамның қолына сол тізімді табыстаудың сәтін күтіп жүрмін», – дедім. Жиын соңында Ахметжан Есімов қасыма қарамағындағы жігіттердің бірін ертіп әкеліп: «Ғабеке, айтқан сөзіңіз орынды. Бұл істі мына жігітке тапсырдым. Осы жігіт сізбен байланысып тұрады», – деді. Бірер күннен соң «Қазақ тілі» қоғамынан хат келді: «Қала әкіміне айтқан ойыңызбен таныспыз. Біз бұл бастамаңызды әрі қарай жалғастырмақшымыз. Алып-қосар пікіріңіз болса, білгіміз келеді». Хаттың ұзын ырғасы осындай. А.Есімовке айтқанымды оларға кеңірек түсіндіріп, ескерткіш тақтаның өзім жобалап қойған нобайын сызып, оған жазылатын қаламгерлердің есімін жазып жібердім. Біреу-міреу қалып қоймас үшін Жазушылар одағына хабарласып, тізімді сондағы көнекөздерге көрсетіп алыңдар дедім. Бірақ содан кейін әкімшіліктен де, әлгі қоғамнан да ешкім хабарласпады. Ұмытса, естеріне салып қояйын деп қала әкіміне тағы хат жаздым. Одан бері алты ай өттті, жауап жоқ, жым жырт. Тағы да сен істе, мен істе деп бір-біріне ысырып отыр ма, білмеймін.

Қуандық Түменбай, жазушы, «Үркер» журналының бас редакторы:

Жеңгелерімнің алдында ұяламын

– Мен Сайын ағаның қамқорлығын, шапағатын көп көрдім. Ағалық, ұстаздық ақылын аямайтын. Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданар кезде өз қолымен ұсыныс хат жазып бергені есімде. Өкінішке қарай, өзі өмірден өткелі ол кісі туралы көп айтылмайтын болды. Жазушылар одағында, болмаса өзге де әдеби орталарда Сайын Мұратбеков шығармашылығы туралы тұщымды әңгіме жоқ. Әдебиетке, қаламгерге қамқорлықты ұмытқандаймыз. Жақсыны іздейтіндер, жақсылығын айтатындар азайып барады. Әйтпесе, Сайын ағамдай жазушылар ұмыта салатын адамдар емес. Ол кісінің жазушылығы, шығармаларының өміршеңдігі өз алдына бөлек әңгіме, ал азаматтығы қандай еді? 60-жылдары әдебиет табалдырығын аттаған толқынды қанатының астына алды, тұмсықтыға шоқытқан жоқ. Қазақ әдебиетіне 70-жылдары келген буынға әке болды десем, артық айтқаным емес. Сондай тұлғаның ұмыт болып бара жатқаны жанымызға батады. Әлі күнге дейін ол тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылмауы Сайын Мұратбековтың шапағатын көрген іні-қарындастары мен үзеңгі қағыстырып бір жүрген замандастарына ғана емес, тұтас қазақ әдебиетіне сын.

Жуырда Бекежан Тілегеновтың жарын жолықтырдым. Сайын аға мен Бекежан аға көрші тұрған болатын. Жеңгеміз әңгіме арасында екі қаламгердің де іздеушісі жоғын айтып, терең күрсінді. Не дерімді, қайтіп ақталарымды білмедім. Қазақ әдебиетіне қалтқысыз қызмет еткен талай жазушының жұбайы бүгінгі қоғамға өкпелі, Бекежан ағаның бәйбішесі айтқан сөз олардың да көкейінде жүргені анық. Шынымды айтсам, жеңгелеріміздің алдында бүгінгі әдебиет, замандастарым үшін қатты ұяламын.

Аманхан Әлім, ақын, «Ақиқат» журналының бас редакторы:

Сайынды ұмыту – адам жанының лиризмін ұмыту

– Біз – даңқ пен дақпырттың адамдарымыз. Қай жерде марапат болса, сол жерді айналшықтаймыз. Кім мақтау сөз естісе, соны жамырай насихаттаймыз. Мақтау мен марапаттан жырақ жүруге тырысқан таланттардың бірі – Сайын ағам Мұратбеков. Ол адам ретінде де, жазушы ретінде де тау тұлға болатын. Қаламгер әлем әдебиетін, ондағы аралас-құраластықтың сырын терең меңгерді. Жауапты қызметтерде жүргенде қазақ әдебиетінің тұғырын бекітіп, туын биіктетуге барын салды. Бірақ ең алдымен, ол – шығармашылықтың адамы еді. Төл әдебиетімізге қай кезеңде де құндылығын жоймайтын, барлық буын жатырқамай оқитын өміршең шығармалар берді. Оның лирикалық прозасы қазір жоқ. Неге? Өйткені қатқыл заман, нарықтың қатал заңы үстемдік құрып, ақшаға қараған кезең, сен маған, мен саған деген уақыт туды. Сол кезде Сайын ағалардың прозасы өле бастады. Өлген жоқ, «өле бастады» деген сөзге әдейі екпін түсіріп тұрмын. Нарықтың тілін түсінгендердің мерейі үстем болды. Кімнің жанашыры мықты, кімнің қалтасы қалың болса, соның үйіне ескерткіш тақта қойылады, сол туралы кітаптар жазылып, телеарналардан үздіксіз хабарлар беріледі. Ал Сайын аға сияқты әдебиеттің өз адамдары, шын таланттары ескерілмейді, еленбейді. Қазақ әдебиетінің трагедиясы – сол.

Сайын Мұратбеков – лирикалық прозаның ең көрнекті өкілдерінің бірі. Орыста Паустовский мен Казаков болса, қазақтың бұл жанрдағы мақтанышы – Сайын ағам. Бірақ біз қазақтың біртуар ұлына орыс халқы өз дарындарына көрсеткен құрметтің оннан бір бөлігін де қимадық. Оларға қойылған ескерткіш, орнатылған мемориалды тақта Сайында бар ма? Жоқ. Нарық руханиятымызды билеп алғаны өкінішті. Лирикалық проза жанрында қалам тербеген санаулы адамды бағалай алмай жүрміз. Нарық пен лиризмді бір-біріне қарама-қарсы қойдық та, алғашқысын таңдадық. Нарық ақшаға жұмыс істесе, лиризм адам жанына қызмет етеді. Сайын шығармашылығы оқырмандар жанының қараңғы тұсына сәуле, аптабына сая, дертіне дауа болды.

Меніңше, Сайынды ұмыту – адам жанының лиризмін ұмыту, қазақ жанының тазалығын жоққа шығару деген сөз. Өйткені қазақты қазақ еткен, оны басқа ұлт пен ұлыстардан ерекшелеген – оның жаны.

Анар ЛЕПЕСОВА