МҮРДЕСI ҚОРҒАНСЫЗ ЕР ЕДIГЕ
МҮРДЕСI ҚОРҒАНСЫЗ ЕР ЕДIГЕ
Ұлытау – исi қазақтың жүрегiн ұлылыққа үндейтiн ата мекен.
“Ұлытау” десе көкейге “ хан ордасы”, Домбауыл, Жошы, Әмiр Темiр, Едiге, Тоқтамыс, кешегi Кейкi, Амангелдiлер оралады. Ал Едiгенiң ерлiгi туралы қаншама жырлар сақталған. Едiгенi халық батыр деп қана қоймайды, оны әдiл би, кереметтi әулие деп те жүрегiнен орын берген. Осы сапарымда да ол туралы талай әңгiме естiдiм.
1950 жылдың шамасы болар, бесiншi кластың оқушысымын. Сонау Ұлытау жақтан әкеммен досжар екi адам келген. Әңгiме ауқымы Едiгеге ауысты. Атжақты, самайы қасқалау үлкендеуi: “Едiгенi бүлдiрдi ғой” деп күрсiндi. Сонан соң әкемнiң сауалына, “сонау Мәскеуден үш орыс келгенiн, олардың мақсаты Едiгенi табу екенiн айтты. Алғашқыда батырдың зиратын ешкiм көрсете қоймапты. Келер жылы бәйге жарияласа да көрсетушi табылмапты. Үшiншi жылы аса мол сыйлық жарияласа керек, ақшаға қызыққан опасыз екi шал тап басып мынау деп көрсетiптi. Моланы ашқанда батырдың мүрдесi сол қалпында жатыр екен дейдi. (Тау басының ерекше климатынан мүрде сақталғаны туралы дерек көп. К.Ж. ) Мәйiттi көтерiп шығарған екi шал “мүрде неткен суық, әңменiмiзден өтiп кеттi-ау”– дептi. Сол екi шал бiрер күннен соң қайтыс болған екен.
Бұл әңгiменi мектеп кезiнде толтырған алты қалың дәптердiң бiрiнде жазған едiм. Айтушылардың, екi сатқын шалдың аты да бар едi. Қазiр менiң қолымда тек алтыншы дәптер ғана бар. Бес дәптер саяси көзқарасым үшiн түрмеге түскен мезгiлде жойылып кеттi.
Едiгенiң мүрдесiн орыстар неге ашты? Мақсат не? Әлде қорлау үшiн бе? Едiге 1410 жылы Мәскеудi тағы тiзе бүктiрген ұлт батыры емес пе едi.Атақты батыр, қолбасылардың дұшпаны да көп. Өзi өлген соң сол дұшпан мүрдесiн қорламасын деп Шыңғыс хан қабiрiнiң үстiнен мыңдаған жылқы айдатқан. Ұлы А. Македонскийдiң де моласы белгiсiз. Қабанбай батыр “мүрдемдi алыс Арқаға жерлеңдер” деп кеттi деген сөз бар. Ал, Едiге балаларына “Менi Ұлытаудың сонау шыңына жерлеңдер” деп тапсырыпты. Бұл туралы ғалым Шоқан Уәлиханов та жазған екен. Ұлытаудың шыңы қорған болар дедi-ау, ел арысы Едiге батырға. Намыстан жұрдай ұрпақ келерiн, тиынға арын сатқан қутыңдаған бiреудiң табыларын кiм болжаған.
Сөйтiп Едiгенiң басын орыстар ашып, шала-пыла жаба салған. Сол Едiге тауының басында Тоқтамыстың да зираты тұр. Зиратты Едiгенiң өзi салдырған дейдi жергiлiiктi халық. Едiге тауының басы жалтыр тас. Тас зират iшiн қуыстаған ерекше пирамидаға ұқсайды. Бұл да тас қалаудағы халық қол өнерiнiң ерекше үлгiсi.
Иә, ол жағдай өттi ғой. Қазақтың “ мынау менiң бабам едi”, “анам едi” деуге шамасы келмеген, аузын ашса тiлiн жұлған кер заман ғой ол. Сөйтсе де екiншi рет қисынсыздыққа жол берiлгенiне iшiң ашиды. Мына еркiндiк, тәуелсiздiк қолға тиген тұста бiреу барып, Едiгенiң моласын қопарыпты дегенге ешкiмдi сендiре алмай қор болдық. Оны айтамыз-ау, тiптi Едiге батырдың басын ала қашыпты дегенге сендiре алмадық. Ақыры архивтен Ғазиз ақын Ештанайұлы Жезқазған облысының “ Сары Арқа” газетiнiң 1990жылғы 2– қарашадағы санын тауып бердi. “Қорлаушы бар, қорғаушы қайда?” деп зар еңiрейдi журналист Батырбек Мырзабеков. Газеттен үзiндi келтiрейiк “Өлке танушы С. Бүкiров( Сүтемген Бүкiров К.Ж. ) басқарған экспедицияның Ұлытауға Едiгеге барғаны да рас…тау басындағы қатар-қатар жатқан үш тас үйiндiге қарап тарихты бiр сәт сол қалпында тамашалап тұрды. Сәлден соң Алматыдан келген ғалым Н. Көшекбаев экспедиция жетекшiсiнен :
– Едiге осының қайсысында жатыр? –деп сұрады. Бұдан бұрын да осында үш рет келiп кеткен С. Бүкiров үш сұпының ортасындағысын,
– Естуiмiзше, мынау бабамыздың бейтi,– деп көрсетедi…. Әркiм өзiмен өзi болғандай бiреуiне бiреуi Едiге батыр туралы естiгенiн, бiлгенiн шертiп тұрған сәтте астанадан келген ғалым кiсi ере шыққан екi -үш жас жiгiтке:
– Кәне, мына үйiндi тастарды аударып тастаңдар, – деп … бұйрық райда сөз тастайды.
Газет онан әрi қарай жалаңдаған жiгiттердiң үйiндi тастарды аударып тастағанын, ар жағынан дiнi бұзылмаған, еш жерiне ақау түспеген бас сүйектiң де, дене сүйегiнiң де көзге түскенiн жазады. Ал, ғалым кiсi бас сүйектi шапанының шалғайына орап, баурына қыса орнынан түрегелгенiн “Мiне, осылай бес ғасыр бойы орнынан қозғалмай, дене дене сүйегiнен бөлiнбей жатқан Едiге батырдың басы тұңғыш рет таудан төмен шапанның шалғайына оралып түстi”– деп тәптiштеп жазған.
Газет Ұлытау аудандық Совет төрағасының орынбасары, осы экспедициямен бiрге болған Төкен Ахановтың,
– Басты алатынын бiлмедiк– деген пiкiрiн де жазған екен.
Бұл жағдайды естiп Ұлытаудың халқы көтерiледi. Ақыры халықтың тегеурiнiне шыдамаған ғалымы мен басқасы Едiгенiң басын орнына қояды. Бiрақ үйiндi мола қалпына келтiрiлмейдi. Осыған қатысқанҰлытау аудандық газетiнiң редакторы Мағзұмбек Машайықұлы Едiге батырдың бас сүйегi де, дене сүйегi де бiр-ақ қабат тастың астында жатқанын бiзге жеткiзген едi. Кеш естiдiк.
Қазақ ұлтының намысын қорғаған хас батырдың сүйегi шала жабылып жатыр дегеннен жанымыз түршiктi. Бесiншi жылдың сары күзiнде Ұлытауға жетiп Едiгенiң шыңына өрледiк. Терiстiк жақ бетi едi. Ең қиын тұсы да осы екен. Бесеумiз. Төртеуi Ұлытау азаматтары. Бiраз көтерiлiп барып екеуi жолда қалды. Жолбасшымыз орта тұсқа жетiп жығылды. Жиырмаға жетпеген шофер бала екеумiз төрт сағат дегенде шың басына зорға жеттiк. Қолымыздан дұға оқу ғана келдi. Бiр Тоқтамыстың зиратынан басқасы быт-шыт. Мынау деп көрсетер Мағзұмбек шыңға шығуға жарамады. Көргенiмiздi айтып келер жылдар қыңқылдап көрiп едiк,естiр құлақ таппадық.Бәрi де күйбең тiрлiктiң әуресiнде.
Мәдениет жағы келген дөкейге концерт бередi, шығарып салады.
Сегiзiншi жылы министрлiкке жазғанымызға бiр қызметкерi жыл соңындағы 10.-02/ж-335 деген жауабында “Едiге батыр басында шашылып жатқан сүйектер жоқ” деп жауап бердi.
Тоғызыншы жылы жазғанымызға тағы да “Едiге батыр басында шашылып жатқан сүйектер жоқ” екендiгiн айтып жауап алдық.
Сонан бiз “Шашылып жатқан сүйектер емес, Едiге батырдың қорлауға ұшырап жатқан сүйектерi туралы жазып отырмыз” деп қайта жазуға мәжбүр болдық. Бiр азаматтар өзiмнiң барып, өз көзiмен көрiп, дәлелдеп қайтуының да дұрыс екенiн еске салды.
Едiгенiң шыңына көтерiлудiң қиынын көргенбiз. Жетпiстен асқанда ендi қалай болар екен деген күдiк пен секем де бойды билеген. Айға жуық әжептәуiр дайындалдық. Саршаның 29-күнi Ұлытауға кештете жеттiк. Ертемен бiзге биыл 36 жыл бойы редакторлық етiп келе жатқан Мағзұмбек Машайықұлы, музей бастығының орынбасары Сейтжан Өмiрбаев, Музей қызметкерi Ерлан Омаров, ҚарМУ-дi биыл бiтiрген iнiм жансерiк ерген.
Едiге шыңының терiстiк тұсынан баруға қарсылық еттiм. Өздерi де түстiк жағы қолайлылау дестi. Екi сағаттың жобасында Едiге тауының басына да көтерiлдiк. Шыңның басы жып-жылтыр гранит тас. Ұлытаудың бар биiгi алақанға салғандай алдымызда созылып жатыр. Көз жетер жер айнала далаға сағым ойнап, шоқылары бас иiп табан асытымзда қалған. Тау басында Тоқтамыстың тас зираты ғана қираудан аман. С. Бүркiров көрсеткен үш үйiндi тастан қалған осы. Қалған екуiнiң бiрiн ғалым Н. Көшекбаев қиратты. Үшiншiсi қайда? Оны қиратқан кiм? Бұған жауап жоқ. Тек сол үйiндiлердiң тастары Тоқтамыс зиратының үстiнде жатқаны қөзге ұрады. Тек Тоқтамыс зиратының бiр тұсынан әлдекiмдер тiзеден етiп ұзыншалап тастан қоршап, қалап қойыпты.
– Едiге қайда жатыр? – деп сұрадық Мағзұмбектен.
– Мiне, мұнда жатыр. Мына тастың астында, – деп жаңағы қоршауды көрсеткен.
– Мына қоршауды бiз жасадық. Батырдың бетiн де осы таспен бiз жаптық.
– Ұзындығы елу, енi отыз сантиметрдей тастың бетiнде ештеңе жоқ. Дұға қайырдық. Алладан медет, әруақтан кешiрiм сұрап бет тасты көтерiп қойдық. Арғы жағында он сантиметрдей жерде бас сүйек жатыр. Көргенiмiздiң бәрiн видикке түсiрiп те жатырмыз. Ақылымен жұртқа үлгi айтқан, қаруымен исi қазақтың дұшпанын талқан еткен Едiге батырдың мәңгiлiк тұрағының жәйi осы. Көңiл құлазиды, көкiрекке өксiк тiрелген, ытып шыққан жасты сiлкiп тастадық. Кенесары хан дар алдында тұрып бүкiл қазақ даласын айтып қоштасып, бар қазақ ұлын атап жоқтау айтқан екен. Бiз де жоқтау айтудың аз-ақ алдында тұрмыз.
Тағы да дұға қайырып батырдың басын да, жанында жатқан сүйектердi де қолға алдық. Жаңбыр өтiп, тастың қуыс-қуысынан андыздаған жел кеулеген бас сүйек семiп, үгiлудiң аз-ақ алдында тұр. Жақ сүйек бар, бет сүйегi көрiнбейдi. Бет сүйегi қайда деп кiмнен сұрарсың. Әлде, әлгi “ғалым кiсi” Н. Көшекбаев қоржынында кеттi ме? Ендi оны кiм сұрар? Толған сауал, жауап қайда.
Батырдың бас сүйектерiн арнайы алып келген ақ матаға орап қайта орнына жайғастырып, бұрынғы қалпындай етiп бетiн таспен жаптық. Әзiрше қолдан келгенi осы. Бiрақ, Едiге батырдың мүрдесiн қайта жерлеу, қорым-зиратын қалпына келтiру бұл үкiмет тарапынан атқарылатын үлкен шара болуға тиiстi. Қазақтың қаймағы бұзылмай тұрған заманда ел билеген ұлы тұлғаларын, хандарын, батырларын, билерiн, атақты ақын-жырауларын Түркiстанға апарып жерлеу рәсiмi болған. Бұлай ету ұлттың мақтанышы болса, әрi ұлтты бiрiктiретiн де рухани жағдай екенi белгiлi. Бүгiнгi таңда бабаларымыздың осы жолын неге қайталамаққа деген ой келедi. Анау Кенесарының басын, Кейкiнiң, жартылай ашық жатқан Едiгенiң сүйегiн Астанаға әкелiп қайта жерлесе ұлттың рухы асқақтай түсер едi. Мiне, осыны ойлаған жөн дер едiм.
Кешiнде Құрман досымның бәйбiшесi Балжан өзi көрген, әжесiнен естiген Едiге батырды әулие тұтушы халықтың басынан кешкен бiраз уақиғаларды жырдай етiп жеткiзедi.
Кәмел қажы Жүнiстегi, жазушы