ЕЛБАСЫ СЕНIМIН АРҚАЛАҒАН ...

ЕЛБАСЫ СЕНIМIН АРҚАЛАҒАН ...

ЕЛБАСЫ СЕНIМIН АРҚАЛАҒАН ...
ашық дереккөзі

БАСТАУ

Шұғылалы Шымкентiңiздiң шығысында “Нұрсәт” атты жаңа шағынаудан шаһардың шырайына шуақ қосып, шағала-арманды адамдар қиялын шалқыта түседi. Соңғы үлгiмен салынған зәулiм ғимараттардың ғажайып келбетiне таңырқамайтын жан кемде-кем. Әсем де оқтай түзу көшелер, аллеялар, iшкi орам жолдары мен балалар алаңшалары, басқа да инфрақұрылымдар сонылығымен һәм сапалығымен ерекшеленедi. Расында, қиял-ғажайып ертегiлерде ғана кездесетiн оқиға болды. Қала қалтарысындағы қырат құрылыс алаңына айналды да, лезде жауыннан кейiнгi саңырауқұлақтардай зәулiм-зәулiм көпқабатты үйлер өсiп шыға келдi.

Бұл бiрiншiден, Елбасымыздың тұрғын үй құрылысын дамытуға байланысты адам ресурстарына барынша көңiл бөлу туралы айтқан сөздерiнiң маңыздылығына облыс әкiмiнiң ерекше мән беруiнен туындаған тамаша тiрлiк едi. Осы мақсатта облыстағы проблемалардың кешендi шешiлуiне негiзделiп, тұрғын үй құрылысын дамытудың арнайы бағдарламасы бекiтiлгенi белгiлi. Соған қоса бұл бағдарлама оңтүстiкқазақстандықтарды жеке тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталды. Ол халықты жұмыспен қамту проблемасын шешуге, құрылыс индустриясының өндiрiстiк потенциалын көтеруге, экономиканың өзге секторларына үлкен мультипликативтiк тиiмдiлiк туғызуға мүмкiндiк бердi. “Нұрсәт” шағынауданындағы тұрғын үйлердi салуға республикалық бюджеттен 1650 млн. теңге, облыстық бюджеттен 315,7 млн. теңге бөлiндi. Облыстық бюджет қаржысы есебiнен Шымкент қаласында 2005 жылы 30 және 72 пәтерлiк тұрғын үйлер, республикалық бюджеттен 108 пәтерлiк тұрғын үй пайдалануға берiлдi.

Ертегi елiнен келгендей тез бой көтерген шағынауданға ат қою оқиғасының өзi бiр аңыз. Иә, сол күнi…

Сол күнi облыс басшысы мен қала әкiмдiгiнiң бiр топ қызметкерлерi, тиiстi мекеме басшылары жаңа шағынауданды аралап жүредi. Таңертең күн қапырық болған екен. Шыжыған күн астында құрылыс нысандарын аралау, қабат-қабат үйлерге көтерiлу, қайта түсу танысушыларды шаршатса керек. Тап осы кезде көкте кенеттен бiр шөкiм бұлт пайда болып, артынша нөсерлетiп жаңбыр жауып кетедi. Осы бiр iлкi сәтке ерекше сүйсiнген облыстық құрылыс басқармасының сол кездегi бастығы Бауыржан Ахметов:

“Қандай нұрлы сәт! Жердегi жақсылықты Аллаһ та қоштап, нөсер-нұрын төктi. Болат Әбжаппарұлы, осы ауданға “Нұрлы сәт” деген ат берсек қалай болады”, — дейдi балаша қуанып.

“Қалай дәл таптың, Бауыржан. Ауданның аты “Нұрсәт” болсын!” — деп қуаттайды облыс әкiмi Болат Жылқышиев.

Тағы да бiр таңырқарлық тағылым. Көп кешiкпей облысқа Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев табан тiредi. Облыстың тыныс-тiршiлiгiмен танысу сапарын “Нұрсәттен” бастады. Жаңа шағынауданның ашылу салтанатына қатысып, лента қиды. Көптеген азаматтарға пәтер кiлтiн Президенттiң өзi табыс еттi. Көркем гимнастиканың асқан шеберi, қазақ халқының мақтанышына айналған қарлығашы Әлия Юсупова дәл осы жолы Елбасының қолынан пәтер кiлтiн алу бақытына ие болды.

— Дәл сол жолы Елбасымыздың өз халқына деген елжiреулi жүрек лүпiлiн сезiндiм. Президентiмiздiң парасат-пайымы мен аталық қамқорлығы маған қашан да қуат бередi. Мен Нұрсұлтан Назарбаевтай Елбасы бар елдiң перзентi екенiмдi мақтаныш тұтамын, — деген-дi кейiннен Әлия журналистерге берген сұхбатында толқи тұрып.

Шын мәнiнде “Нұрсәт” шағынауданының салынуы Н.Назарбаевтың тiкелей қамқорлығының қорытындысы. Осы тұста тағы бiр ақиқат бар. Ол Елбасы тапсырмасын тап-тұйнақтай тындыра бiлген әкiмнiң тиянақтылығы.

Оңтүстiкқазақстандықтардың облыстың экс-әкiмi Болат Жылқышиевтi ұмытпайтыны да осы тиянақтылығында, тындырымдылығында, iскерлiгiнде, ұйымдастырушылық қабiлетiнде жатыр. Оның азаматтық келбетi, бойындағы iзгiлiктiң нышандары, жан дүниесiнiң жаһұттай тазалығы, бәрiнен де бұрын адамның қадiрiн бiлетiн қасиетi көпшiлiктi тәнтi еттi. Бүгiнде оралмандар ауылы атанып кеткен “Асар” шағынауданының iргетасы да Болаттың бастауымен еңсе тiктедi.

2003 жылы облысқа 1194 отбасы көшiп келдi. Олардың басым көпшiлiгi Мақтаарал, Сайрам, Сарыағаш, Ордабасы, Қазығұрт, Түлкiбас аудандары мен Шымкент қаласына қоныстанды. Осы аралықта Сарыағаш ауданында “Достық”, “Атамекен”, Түркiстан қаласында “Достық” ауылдары пайда болды. Мемлекет тарапынан қандастарымызға 1900 тұрғын үй салынды. 16 мыңнан астам оралман жұмысқа орналасып, 21925 жас мектепке тартылды. Сол жылы 224 жас жоғары оқу орындарына түстi.

Облыс әкiмдiгiнiң “Көшi-қон мәселелерi туралы” 2003 жылғы 30 мамырдағы №251 Қаулысына сәйкес тарихи отанына квотадан тыс оралған оралмандарды қабылдау және жайғастыруды ұйымдастыру жөнiнде барлық қала, аудандар жұмыс iстедi. Шымкент қаласының маңындағы “Шұбарсу”, “Жаңаталап”, “Жұлдыз”, “Қайнар” ауылдарына оралмандар орналастырылды. “Шұбарсу” елдi мекенiнде 650 орындық жаңа мектеп салынды. Түркiстан қаласында квотадан тыс көшiп келген 100 отбасыға үй салынды. Ордабасы, Шардара, Сарыағаш аудандарында оралмандарға шаруашылықтарын жүргiзу үшiн мыңдаған гектар жер бөлiндi. “Атамекен” қайырымдылық қоры оралмандарға киiм-кешек таратып тұрды.

Тегi, бiз — журналистер әкiм-қараларды биiк-биiк мiнберде жарылғалы тұрған сыздауықша сыздана маңғаздана сөйлеп, қарамағындағыларға қатулана қарап, қатқыл-қатқыл әңгiме айтып тастайтын бюрократ көретiнiмiз жасырын емес. Қолымызды жүрегiмiзге қойып айтайық, ол қатып қалған шенеунiк болған жоқ. Жұрттың барлығымен тең сөйлестi, жағдайларын жасауға асықты. Елбасы сенiп тапсырған тiзгiндi кiрлетпеуге талпынды. Президентiмiз божыны бос жiберiп, босбелбеулiк танытқан берекесiз бiр басшыға ренжiгенде айтып қалған “Оңтүстiктен шай iшуге болмайды” деген сөзiн жуып-шаюға кiшiпейiлдiк таныта жүрiп күрестi. Жасырып немiз бар, “не шықса да Оңтүстiктен шығады”. Осындай облыста ел бiрлiгiн сақтау, ауызбiршiлiк, ынтымақ орнатуға ұмтылды. Тамаша нәтижелерге қол жеткiздi де. Оңтүстiк ынтымағы ұйысқан, татулығы тамсандырған аймаққа айналды. Қаламыңнан айналайын Қалтай атамыз (Мұхамеджанов) “Ұлысымның ұйытқысы — Оңтүстiк” деп бекер тамсанған жоқ.

Кезiнде оңтүстiк туралы түрлi өсек-аяңдар, өтiрiктер өрбiген. Осыларға қарата “қазақтың Қалтайы” атанған Мұхамеджанов аға Оңтүстiктiң қонақжай шаңырағы, халқының кеңпейiлдiлiгi, 108 ұлт өкiлдерiнiң татулықта ұйыса ғұмыр кешiп жатқанын оралымды тiлмен жерiне жеткiзе жазды. Ол кезде де қазiргiдей қалам сiлтегiштер, жазғыштар көп болатын. Ру-ру, жүз-жүз айтысы, бақталас жиi көрiнiс беретiн. Бiр таңқаларлығы Болат билiкке келген соң осының барлығы сап тиылды. Үлкендердiң алдын кесiп өтпейтiн, өзгелерге өзiн сыйлата бiлетiн парасат-пайымы биiк әкiмнiң уәждi сөздерiне оңтүстiк халқы қалтқысыз сендi, айрандай ұйыды.

Болат жайлы бiзде берекелi, әрлi әңгiмелер жеткiлiктi. Қалғанын келесi тарауларда тарқаталық.

IЗГIЛIКТI ТЕРГЕН, ҚОЛЫНДА БАРДЫ БЕРГЕН

Журналистiгiмiз ұстап кетiп, өзiмiзге жақынырақ тақырыпты қозғағалы отырмыз. Бұған ендi ойлы оқырман түсiнiстiкпен қарар деп сенемiз.

Бiз Болатқа “жазушының ұлы” деп қарадық.

Жанымызға жақын тұттық.

Етене араласпасақ та, шешiлiп сыр шертiспесек те бiз үшiн Болат өз адамымыз едi.

Әлi де солай.

Солай болып қала да бередi.

Әбжаппар Жылқышиев ағаны көзiмiз көрдi. Қаламдас ретiнде сыр-сұхбат құрдық, пiкiрлес те болдым. “Оңтүстiк Қазақстан” газетiнiң мәдениет, әдебиет және өнер бөлiмiнде жүргенмiн. Бiрде редакторымыз Кәрiм Үкiбаев:

— Бүгiн үлкен жазушы ағаң келедi. Қолжазбасын алып қал. Мұқият оқы. Газетке дайында. Повестен үзiндi жариялай бастаймыз, — дедi.

Мен мектепте оқып жүргенде оқыған “Мешiн жылы” “Дауылдан соңғы жорық”, “Айтолқын” сынды кiтаптардың авторымен осылай таныстым.

Әбекең кесек денелi кiсi екен. Соған қарай кесек мiнездi, адамға ойлана қарайтын жан болып шықты. Менi жас бала екен-ау деген жоқ, ежелгi танысымдай қабылдап, жылы сөйлестi. Сол күннен бастап екеумiз ағалы-iнiдей болып кеттiк. Әбжаппар аға аракiдiк қоңыраулатып шығармашылығы жайлы менiң пiкiрiмдi де бiлiп қоюшы едi. “Жұмбақ түтiн” атты сол повесть газетке жариялана бастағанда редакцияға оқырмандардан хат жаңбырша жауғаны есiмде.

— Повестiң жалғасы қашан шығады? Оқиға немен аяқталады? — деп келедi барлығының сауалы.

Мен де бiр қумын ғой. Хикаяттың қалай аяқталарын құпия сақтаймын. Оқырмандар ынтыға түссiн дегенiм бұл.

Әбжаппар аға тек Жылқышиевтер отбасының иесi ғана емес, қалың қазақ елiнiң абзал азаматы, ардақты ұлына айналды. Ол халқына қызмет ете жүрiп, жазушы табиғатындағы суреткерлiк дарынын тұншықтырмай, туған топыраққа деген махаббатын, өмiрге деген құштарлығын, сұлулыққа деген ынтасын қалам мен қағаз арқылы ұрпағына бiлдiрiп кеттi. Жазушы жүрегiнен жаратылған ұлдың жан-дүниесi жарқын боларына бiз шүбәсiз сендiк.

Мiне, осындай алып ағамыздың кенже ұлы Болат облыс тiзгiнiн ұстағанда билiкке өз бауырымыз келгендей мәдениет, өнер, әдебиет адамдары болып шаттыққа шомылғанымыз шындық.

Бiз бекер қуанбаппыз.

Сол жылдары руханият әлемiнiң реңi кiрiп-ақ едi-ау.

2002 жылдың қазан айында Түркiстан қаласында Дүниежүзi қазақтарының II құрылтайы болып, онда Елбасымыз Н.Назарбаев сөз сөйледi. 33 мемлекеттен 400-ге жуық қандастарымыз қатысқан бұл құрылтайда шет елдердегi бауырларымыздың тарихи Атамекенге, Отанына көптеп көшiп келу барысында олардың тұрып жатқан мемлекеттерiнде түрлi кедергiлердi болдырмауға мұрындық болу, елiмiзге келген оралмандардың ұл-қыздарының орта, арнаулы орта, жоғары бiлiм алуларына жағдай жасау, шетелдерде тұратын қандастарымыздың Қазақстанмен байланысын нығайту керектiгi айтылды.

Болат Әбжаппарұлы Елбасымыздың осы тапсырмасын тиянақты орындауға талпынды. Негiзiнен шетелден келетiн қандастарымыздың Оңтүстiк Қазақстанды қалайтыны жасырын емес. Сол лек-легiмен келiп жатқан қандастарды орналастыру, жұмыспен қамту көп еңбектi қажет еткенi белгiлi. Жазушының ұлы бұл жолы да жасқаншақтаған жоқ. Жолын тапты.

Iле-шала Түркiстанның төрiнде қаламгерлер мен журналистердiң басын қосқан Қазақстан журналистерiнiң II конгресi өттi. Осы конгресс жұмысында елiмiздiң демографиялық дамуында бұқаралық ақпарат құралдарының рөлi мен маңыздылығы ерекше айтылды.

Болат бауырымыз бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiмен бұрыннан да тығыз байланыста болмады дей алмаймыз. Әйтсе де облыс деңгейiндегi маңызды, ауқымды iстердi атқаратын ол қаламгерлерге бiр табан жақындай түскендей болды. Билiк басында бiзден жырақтау жүретiн Жылқышиев осылай жақындай түстi.

Әлi есiмде, Қазақстан Жазушылар одағы Оңтүстiк Қазақстан облыстық бөлiмшесi жыл қорытындысын өткiзетiн болды. Оған облыс әкiмi Болат Жылқышиев шақырылыпты. “Жұмысы бiзсiз де жетерлiк. Келе алмас-ау” деп уайым соқты бiреулер. “Келедi” дестiк бiз.

Айтқандайын, айтылған уақытта ақын-жазушылардың басқосуына Болат жарқылдап кiрiп келдi. Қасында идеологиямен айналысатын орынбасары, облыстық мәдениет, iшкi саясат департаменттерiнiң бастықтары бар.

Iлгерiде әдебиетiмiздiң алыбы Мұхтар Әуезов “Өскен өлке” романына материал жинау үшiн терiскей топырағына сапар шегiптi. Содан олар “Құмкент” кеңшарына аялдайды. Ұлы жазушы тоқтаған үйде аста-төк дастархан жайылыпты, әдемi әзiл жарасымдылық тауып жатады. Селолық кеңестiң төрағасы Кенжеғұл Берденов деген атамыз бар-ды. Сол сөз орайы келгенде:

— Қарақтарым, мұндай қожа күнде келе бермес, балаларыңды сүндеттетiп алыңдар, — десе керек.

Данышпан жазушы мына ұтымды әзiлге ынта-шынтысымен риза болып, Кенжеғұл атамыздың қолын сiлкiлептi деседi осы оқиғаның көзi тiрi куәгерлерi, кәрi құлақтар.

Сол Кенжекең айтпақшы, алдарына облыс әкiмiнiң өзi келiп отырған соң қаламгерлер арман-мұңдарын ақтармай тұра алсын ба? Танымал тарландарымыздан бастап сарыауыз қаламгерлерге дейiн армансыз ақтарылдық-ау бiр.

Есесiне көп түйiннiң күрмеуi тарқатылды.

Жазушылар одағының облыстық бөлiмшесi аты болмаса, оның басыбайлы баспанасы, төрағасының айлық жалақысы болған емес. Облыс әкiмiнiң қолдауымен осы қос проблема табан астында шешiмiн тапты.

Тап осы жолы облыста тұңғыш рет жергiлiктi ақын-жазушылардың кiтаптары облыстық бюджет есебiнен сатылып алынатын болды. Мұнан соң Қазақстан Жазушылар одағы облыстық бөлiмшесiнiң төрағасы Әбiлда Аймақ жергiлiктi жазушылардың жинақтарын сұрыптап, талғамға татитындарының тiзiмiн жасады. Облыстық мәдениет басқармасы көптеген ақын-жазушылардың кiтаптарын сатып алып, кiтапханаларға таратты. Жер-жерлерде ақын-жазушылардың шығармашылық кештерi өтiп жатты.

Әкiм Жылқышиев мәдениет, өнер адамдарын да жарылқап тастады. Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театры, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония, Шымкенттегi Қажымұқан атындағы орталық стадион күрделi жөндеуден өттi. Түркiстанда қазақ драма театры ашылды. Мәдениет, өнер адамдарының бiрқатары пәтерге қол жеткiздi. Әкiм әсiресе, жетiм-жесiрлерге, мүгедектерге көп қарайласты.

Облысты Жылқышиев жетектеген тұста көңiлге шаттықты шуақ, қастерлi қуаныш сыйлайтын мейiрiмге мөлдектеген мезеттер мол болыпты. Айталық, ол облыстың қалталы азаматтарын, кәсiпкерлер мен бизнесмендерiнiң басын қосып туған жердi түлетуге түрен салды. Осы бiр тұста алыстағы ауылдар еңсесiн әлi тiктей алмай жатқан-ды. Қашан да “көп түкiрсе — көл”. Ауыл, аудандардың ажары кiрдi. Аудан орталықтарында, аудандарда саябақтар, ардагерлер аллеялары көптеп ашылды. Ауылдарды көгалдандыру, көркейту жұмыстары жанданды.

Төлеби ауданы Нысанбек ауылындағы тау шаңғысы кешенi де Болаттың бастамасының жемiсi. Шымкенттегi спорт сарайы облысымыздың мақтанышына айналды. Осы спорт кешенiн Президентiмiз Н.Назарбаев өзi келiп ашып кеттi.

Иә, бiзге жақын да жырақ Жылқышиевтiң руханият, мәдениет саласындағы жолы осылай жарасымды жалғастық тауып жатты. Бiр мақалада мұның бәрiн айтып тауысу да мүмкiн емес.

Десек те Болат жазушының ұлы екенiн сөзiмен емес еңбегiмен дәлелдеген бiрегей басшы.

Ол бүгiнгiнiң кейбiр басшыларындай уыстап өзiне жинаған жоқ. Болат iзгiлiктi терген, қолында барды берген адам ретiнде ерекшеленедi.

Қаламгер адам ретiнде оны қимайтынымыз да сондықтан.

IЗ ЖӘНЕ IЗЕТ

Тегi, төзiмдi ерге Аллаһ түрлi қиыншылықтар тартып, сынап отыратын болуы керек. Болат Әбжаппарұлы 2002 жылы облыс әкiмi болып тағайындалғанда табиғат та тарпаң мiнез танытты. Келесi көктем қарбаласы диқан қауымын ғана емес, барша жұртшылықты да әбiгерге салды. Төлеби, Түлкiбас, Сайрам аудандарындағы көпiрлердi су шайып, жекелеген ауылдар су тасқынының астында қалды. Ал, Мақтаарал ауданында мақта шаруашылығы айтарлықтай зиян шегiп, сол жердегi шаруа қожалықтары мақта шитiн бiрнеше рет қайта егуге мәжбүр болды. Үкiмет мүшелерi бұл жәйттi көздерiмен көрiп кеттi.

Халық ендi-ендi ғана еңсе тiктеп келе жатқан-ды. Ауыз су, газ, электр қуаты, жол проблемасы әлi де көп елдi мекенде, тiптi кейбiр қалаларда да шешiмiн таппаған болатын.

Қырықтың қырқасынан ендi ғана асқан әкiмге осының бәрi оңайға түскен жоқ. Ол өндiрiстi аймақты өгiзше өрге сүйредi. Мақта-тоқыма кластерiн дамытуды көздейтiн “Оңтүстiк” арнайы экономикалық аймағы ашылды. Оңтүстiк Қазақстан шаруалары жылына 150 мың тонна мақта талшығын өндiредi, осының 90 пайызы шикiзат ретiнде шетелге арзан бағамен кетiп жатты. Егер мақта талшығының 100 мың тоннасын өзiмiзде кәдеге асырсақ, 1 мрд. долларға дейiн таза табыс табуға болады екен. Сондықтан “Оңтүстiк” еркiн экономикалық аймағына инвестиция тартып, 10-15 мақта-тоқыма фабрикасын ашу қолға алынды. Шетел компанияларынан тiлек бiлдiрушiлер көбейдi. Бүгiнде Оңтүстiкте осы iс баянды жалғасын тауып келедi.

Жылқышиевтiң және бiр назар жыққан нысанасы өнеркәсiп орындары едi. Облыста алып зауыттар толық қуатында жұмыс iстеп тұрды. Созақ, Бәйдiбек, Отырар, Шардара, Мақтаарал сынды шөлейттi аудандарда халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарлы жалғасты. Шалғай аудандарда мектептер, ауруханалар көптеп салынды.

Шымкентте қала iшiне сұғына орналасқан базарлар көп-тi. Б.Жылқышиев Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi болып қайта тағайындалған соң жұмысты базарлардан бастады. Өйткенi, көптеген базарлардың тұтынушыларға көрсетер қызметi сын көтермейтiн. Кiрсеңiз айнала алмайсыз. Жауынды күндерi малмандай су боласыз. Қыс қаһарына мiнiп тұрған шақта көк мұзға тайып жығыласыз. Сауда қатарларының арасынан бiрдеңе бола қалған жағдайда автокөлiктi былай қойғанда адам өте алмайды. Оның үстiне базар маңдарында көлiктер кептелiсi тұрғындарды әбден жалықтыра бастады. Мiне, содан барып облыс әкiмi көпшiлiктiң ұсыныс-пiкiрлерiне көңiл аудара отырып, базарларды қаланың сыртына көшiру жөнiнде ұйғарымға келдi. Бұл iс бiршама нәтиже бердi де. Болаттан соң билiкке келген әкiмдер бұл бағалы бастаманы жалғастырды.

Жалпы, Жылқышиевтiң жұмыс стилi жұмбақ күйiнде қалған жоқ. Ол қандай да бiр бастаманы қолға алмас бұрын әуелi халықпен ақылдасып алуды ұмытқан жоқ. Көшелi кiсiлерден, абыз ақсақалдардан ақыл тыңдауға арланған жоқ.

«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының жетекшiсi ретiнде де партияның бағдарламаларына «жан бiтiрiп» отырды.

Iзеттi iнiге қамқор ағалар да табылды. Тектiнiң тұяғы бойына бiткен асыл қасиеттерi, еңбекқорлығы нәтижесiнде де жүрген жерлерiне айшықты iздер тастап кеттi.

ҮШ ҚАЛАНЫ ҰРШЫҚША ҮЙIРЕ БIЛДI

Үш бiрдей үлкен қалаға әкiм болу кез келгеннiң пешенесiне жазыла бермейдi. Сонымен қатар аса қиын кезеңдерде жүктелген жауапкершiлiктi нардай көтерiп, қиындықтарды жампоздай жарып өту екiнiң бiрiнiң қолынан келмесе керек.

Болаттың Тараз қаласына әкiм болып барған кезiн еске алайық. Жылу жарытымсыз, жарық жоқ. Еңбекақы, зейнетақы уақытылы берiлмейтiн. Сондықтан да оған тiзгiндi тартыңқырап ұстап, қатаңырақ болуға тура келдi. Бiрақ, қатал боламын деп адамгершiлiктi ұмытқан жоқ. Бiреудiң соңына түсiп қудалауды бойына дарытпады. Қызмет барысында бiреудiң кемшiлiгiн көрсе, әрине ұрысты. Алайда, жүрегiне кек сақтамады. Әлгi бүгiн ұрысқан адамы ертесiне жақсы жұмыс iстесе арқасынан қақты.

Кадр iрiктегенде адалдыққа, рухани тазалыққа, ар мен жан мөлдiрлiгiне ерекше көңiл бөлдi. Отансүйгiштiк сезiмi жоғары, елге қызмет iстейтiн азаматтарды өз жанына топтастыра бiлдi.

Болат Жамбыл облысына барғанда облыс орталығы әлi ұлы жыраудың есiмiмен аталатын. Кейiн қалаға тарихи атауы қайта берiлдi. Б.Жылқышиев Тараз есiмдi қаланың тұңғыш әкiмi атанды. Бiрақ айтарымыз бұл емес. Болат Таразда жоғарыда айтылған қиындықтарды жеңе бiлдi. Қаланы көрiктендiру, көгалдандыру, энергия қуатын, газ, жылу беру жұмыстары жолға қойыла бастады.

Ендi Б.Жылқышиевтiң Кентауға әкiм болып барған кезiн көз алдымызға елестетiп көрелiкшi. Мұндағы өндiрiс орындары жұмыстарын тоқтатып, халықтың жұмыс iздеп жан-жаққа сабылып кетiп жатқан тұсы едi. Жылу, жарық, су бiрде бар да, бiрде жоқ. Қала тұрғындарының ертеңге деген сенiмi сетiнеп-ақ қалған екен.

Мiне, осы қалаға Болат әкiм болып барды да қала тынысына қан жүгiре бастады. С.Бәйтереков атындағы республикалық жас әншiлер байқауы аншлагпен өттi. Оған республикамыздың түкпiр-түкпiрiнен жас талапкерлер келдi. Қаланың құрылғанына 40 жыл мерейтойы айтарлықтай деңгейде аталып өтiлдi. Кентаудан түлеп ұшқан өнер тарландары бас қосты. Қаланың көркiн ашар аттракциондар, балалар ойын алаңдары көптеп салынды. Мектептер мен ауруханалар күрделi жөндеулерден өтiп жатты. Жас қаланың Жылқышиевпен жаңа тынысы ашылып келе жатты. Тынысы тарылып, тiршiлiгiн тоқтатқан “Кентау эксковатор зауыты”, “Трансформатор зауыты”, “ТЭЦ-3” мекемесiне жан кiрiп, қимыл-қозғалыс басталды. Кәсiп пен нәсiп қуып кеткен кеншiлер сүйiктi қалаларына қайта орала бастады. Осы тұста оны Шымкент қаласына әкiм етiп жоғарылатып әкеттi.

Шымкент те шылқып тұрмаған болып шықты. Тағы да күрес, тағы да қарбалас. Жалпы, Жылқышиевке жығылмас, жасымайтын жiгер берген екен. Сол жiгер оны алға үнемi сүйреп келедi.

1998 жылдан берi қозғалысы тоқтатылған темiржол үстiндегi көпiр қайта iске қосылды. Бұл күнi қуаныштың куәсi болуға жақын маңдағы елдi мекендердiң тұрғындары көп жиналды. Көпiрлердi жөндеу бiрiншiден, Президентiмiз Н.Назарбаевтың әкiмдерге мiндеттеген 11 тапсырмасының бiрi болса, екiншiден, бұл игi iс тәуелсiздiгiмiздiң 10 жылдығына тамаша тарту болды.

Қаланың жаңа басшысы басты көшелердiң бiрiне айналатын Д.Қонаев бульварын, Ж.Адырбеков, Б.Момышұлы, Қабанбай батыр атындағы көшелердi асфальттауды жедел бастатты. Шымқала шырайлана түстi.

Болмыс-бiтiмiндегi бөлекше даралық менмұндалап тұратын iскер әкiм Елбасының көзiне iлiкпей қалған жоқ. Президент ендi оған облыс тiзгiнiн сенiп тапсырды.

Ақсұңқар тектес азамат облысты төрт жылдан астам басқарғанда аты бөтен сөзбен былғанған жоқ.

КЕЙБIР КЕРДЕҢ КIНӘ ТАҒЫП КЕТЕДI

Қойындарына тас тыққан қиянатшыл топ Жылқышиевтi де жамандап бағуға тырысып қалатынын әр-әр жерде сезiңкiреп қалып, бойымыз суынады. Солардың бiр легi “Болат әкiм болып тұрғанда саябақтардың жер телiмдерi жекеменшiкке берiлдi” деген де әңгiменi құлағымыз шалып жүр. Сол кезеңдi қайта ой елегiнен өткiзiп көрiңiз. Бюджеттiң бүйiрi қабысып тұрған. Саябақтар қараусыз қалып қойды. Бұл тек Шымкентте ғана солай емес-тi. Бiз киген кептi бүкiл республика қалалары да көрдi. Содан барып 1998 жылдары саябақтардағы жер телiмдерiн жекеменшiкке беру туралы Үкiмет қаулысы шықты. Ал, әкiм Үкiмет шешiмiн орындамай тағы тұра алмайды. Мәселен, бiр кездегi Пионерлер саябағы (қазiргi “Кеңбаба” этносаябағы) қандай күйде едi? Шалшықтан аттап баса алмайтынсыз. Саябақ iшiндегi шiрiген ағаштар, құлаған бұтақтар, қираған ескерткiштер мен орындықтар кiрген кiсiнiң зәресiн ұшыратын. Оны осы күйiнде қоя салу керек пе едi? Ендi барып көрiңiз. Тамаша демалыс аймағына айналды емес пе? Тiптi Елбасымыздың өзi аралап, риза болып кеттi. Ендеше, бiз аққа күйе жағуды доғарайық.

Осы ретте бiр ойды бiр ой жетелейдi. Болат Астанаға ауысқанда жалғыз кеттi. Ал, Оңтүстiкке қора-қорасымен келiп, қопара асап, қарбыта жеп, мемлекеттiк бюджеттi шеңгелдеп, сүлiкше соратын “командалардан” әбден ығыр болды. Жалықты. Астанаға қарай ағылған үйлi-баранды көшi-қон күнi бүгiнге дейiн үзiлген жоқ. Астанадан асығыс жеткен “алтын кадрлардың” артынып-тартынып әлi көшiп үлгере алмай жатқанын халық бiледi.

Дайын асқа тiк қасық болып шаңғы тепкендер, қазақ менталитетiне өзгерiс енгiземiн деп киiз үйлердi алдыртып, ұлттық киiм кигендерге қасқырдай қарсы шыққандар да қазақпыз деп кеуде керiп жүр-ау.

Болаттың бұл былықпен дерттi болмағанына қуанамыз.

ЖҮРЕКТЕ ЖАНҒАН НҰР

Ғұлама ғалым әл-Фарабидiң “Қайырымды қала” атты данышпандық кiтабы бар. Ел басқарудың, көпшiлiктi ұйыта бiлудiң жолдары осы еңбекте айқын да жерiне жеткiзiле жазылған. Қазiргi ел басқарып жүрген азаматтар осы еңбектi бастарына жастанып жатса жаман болмас едi.

Бiрақ қайдам. Басына кiтап жастанып ұйықтайтын адамды бүгiнде майшаммен iздеп таппайсыз. Жастықтың астында бәлкiм бiр атқанда жалп еткiзер мылтық жатуы әбден мүмкiн.

Қазiр қолына қомақты қаржы түскен кәсiпкердiң өзi қасына қос-қос қорғаушы ұстайтын болған. Қарапайым адам қастарына жолай алмайды. Кейбiр шенеунiктер бүгiнде ел iшiнде отырып жау алатындай, есiктерiне қабат-қабат күзет қояды.

“Болмысы жаман қамысты су iшiнде өрт алар,

Болмысы жаман жiгiттi ел iшiнде дерт алар”.

Мiне осының дәл өзi.

Ел iшiнде отырып, көлеңкесiнен үрейленетiндерден қорқу керек.

Осы тұрғыдан алғанда билiк басындағы Болаттың болмыс-бiтiмi бөлек болды. Ол қарапайым халықпен қоян-қолтық араласып жүрдi. Үлкенмен де, кiшiмен де тең дәрежеде сөйлестi. Халықпен етене жақын жанды жұрт та өзiне жақын тұтты.

Жасырып-жабулағанмен жалпақ жұрттан ештеңенi бүркемелей алмайсыз. Ана бiр жылдары Оңтүстiкте рушылдық дертi iрiңдi iндеттей өршiп, ата-атаға бөлiнушiлiк белең алды. Осы кесiрлi кеселдiң жолын кесемiз деп көптеген көшелi кiсiлер ел арасына шығып өршiген өрттi сөндiре алмай күйiнгенi бар.

Облыс тiзгiнiн қолға алған жаңа әкiмнiң ауласына да осы өрттiң лаңы тиiп кетпесе екен деп талай жанашырдың дөңбекшiгенi рас. Иә, атына қара күйенi бiр жұқтырып алған жанның одан тазаруы да қиын.

Алайда, көптiң күдiктене күткенiндей болған жоқ. Көп кешiкпей-ақ облыста рушылдық дертi бәсеңсiп, бiрте-бiрте қоламтаға айналып жоғалды. Бiр-бiрiне қарай алмай қалған адамдардың достық құшақтары қайта айқасты. Құдалар қутыңдап қалды. Шал-шауқан шайын алаңсыз iшетiн болды. Ақсақалдар бата берiстi.

“Батамен ер көгередi”. Елдiң ауызбiрлiгi жарасқан сол жылдары үш бiрдей жергiлiктi мәслихат, Мәжiлiс және Президент сайлаулары ың-шыңсыз, дау-дамайсыз ынтымақты әрi жоғары деңгейде өттi.

Облыс экономикасы өркендеп, ел ортақ мүддеге топтаса түскен осы бiр тұста Әбжаппар аға тәрбиесi, әзиз әкенiң ұлының жүрегiне жағып кеткен нұры тағы да есiмiзге түскен.

ТҮЙIН

Оңтүстiктiң жазы жаңбырлы болды. Жусан исi аңқыған, ақ селеуi, бидайығы мен киiк оты тербелген күрең бел қырмызыдай құлпырды. Сырбаз суы сылдыраған жағасы жайсаң, керiм-кербез Ақсу, Арыс өзендерi кербез қыздардай сылқ-сылқ күлiп, еркелей ақты. Түктi кiлемдей түрленген сайын даланың сағым жосыған кербез келбетiне қарап тұрып сағынышымызды жұтар едiк.

Сондай бiр сағынышты күндерi ҚР Парламентi Сенатының депутаты Болат Жылқышиев Оңтүстiкке тағы да оралды. Халықпен жүздесiп, елiмiздiң әлеуметтiк әлеуетi, қабылданып жатқан заңдар, халықаралық жағдайлар жөнiнде, Елбасымыздың сара саясаты турасында толымды ойларын жеткiздi.

Сындарлы саясаткер, қарымды қайраткер, тұғырлы тұлғаға қарап сүйсiндiк. Елбасымыздың, халықтың сенiмiн арқалаған атпал азаматтың, елiн сүйген ердiң жүрегiн жарқыратып, жан шуағын шашып жамиғатпен бiрге жүргенi қандай жарасымды.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ