“ДIНТАНУ НЕГIЗДЕРI” СЫНАҚ ЖҮЗIНДЕ ОҚЫТЫЛМАҚ
“ДIНТАНУ НЕГIЗДЕРI” СЫНАҚ ЖҮЗIНДЕ ОҚЫТЫЛМАҚ
Ресейдiң бiр-екi жыл көлемiнде “Православ мәдениетiнiң негiздерi” пәнiн жалпы бiлiм беретiн мекемелерде сынақ түрiнде, ал 2010-2012 жылдары мiндеттi пән ретiнде енгiзiп жатқандығын газетiмiздiң бетiнде талай рет тiлге тиек еткен едiк. Мұндағы мақсат – кәдуiлгi “үйрен де жирен” тәсiлiн меңгерiп, көршi мемлекеттiң өз болашағы үшiн жасаған көп шаруаларынан үлгi алу ғана.
Әрине, Ресей бұл пәндi енгiзу мәселесiн бүгiн ғана қолға алған жоқ-тұғын. Әуелi жергiлiктi халық iшiнде сол жердiң ауасын жұтып, суын iшiп отырған басқа да дiн өкiлдерiнiң пiкiрiне құлақ түрдi. Түрлi басқосу мен шараларда арнайы күн тәртiбiне қойылып, дiни тұрғыдағы пәннiң аса қажеттiлiгi өзiнен-өзi айқындала бастады. Соңғы үш-төрт жылдың көлемiнде жиi әңгiме арқауына айналған “Православ мәдениетiнiң негiздерi” пәнi ресейлiк бiлiм ошақтарында биылдан бастап мектеп бағдарламасына iлiгетiн болды. Десек те, бұны бүгiнге дейiн құптап немесе бiрауыздан қарсылық танытып келгендер жоқ емес. Мәселен, ислам дiнiн ұстанатын отбасының баласы өз еркiнен тыс проваслав дiни ағымын оқыса, оның кiм боп шығатыны беймәлiм. Мiне, осы сынды түсiнiспеушiлiктерден соң, ата-аналар бұл пәндi мiндеттi түрде емес, әр баланың қалауы бойынша оқытуды ұсынған едi. Бiрақ, мұсылмандардың бұл уәжi қанағаттандырылмайтын түрi бар.
Бiз осы тақырыпқа орайластырылған әр мақаланың түпкi мақсатында елiмiздiң мектептерiнде “Ислам дiнiнiң негiздерiн” енгiзсек деген ойды ортаға салатынбыз. Тақырып барысында дiнтанушылардың, теолог-мамандары мен мешiт имамдарының пiкiрлерiн берiп, миссионерлердiң құрсауына қармалып жатқан оқушылардың, жастардың мұсылмандық дiни сауатын ашуға байланысты дәл осындай пәннiң ауадай қажеттiлiгiн ашып айтқан едiк. Бiр қуаныштысы, осы сынды пiкiр мен көзқарастың қайсыбiрiн алсаңыз да, бұл шараны тездету керектiгiн алға тартқан-ды. Мiне, көптiң тiлегi қабыл болып, Бiлiм және ғылым министрлiгi жоғары сынып оқушыларына “Дiнтану негiздерi” сабағын енгiзiп отыр. Министрлiк өкiлдерiнiң айтуынша, бұл пән барлық сынып оқушыларына жүргiзiлмейдi. Әзiрге қосымша сабақ ретiнде 9-сыныпқа өткiзiледi. Аты айтып тұрғандай, мұнда мұсылман бауырлар ұстанатын Ислам дiнiн ғана емес, барлық дiни ағымдардан жалпылама түрде мағлұмат берiледi. Бүгiннiң өзiнде, елiмiздегi кейбiр БАҚ “Дiнтану” сабағын мiндеттi пән ретiнде оқытылады деген ақпарат таратты. Алайда, бiз Бiлiм және ғылым министрлiгiне хабарласқанымызда, аталмыш пән мiндеттi емес, әр оқушының өз еркiне қарай оқитынын ескерткен едi.
Негiзi “Дiнтану негiздерi” пәнi мектепте оқытылмаса да, жоғары оқу орындарында өткiзiлiп келдi. Бiрақ одан нақты бiр дiннiң тарихын, мәдениетiн, жөн-жоралғысын толыққанды бiлу әсте мүмкiн болмады. Мағлұмат алу бiр бөлек те, оның бүге-шүгесiне дейiн зерттеп әрi зерделей бiлу екiншi мәселе. Ал, онсыз кез келген оқушы “әр шөптiң басын шалғанмен” тең дүниеге тап келедi. ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң ресми өкiлi Нұрғали Аршабеков болса, “Дiнтану негiздерi” сабағының қажеттiлiгiн дiннiң тарихы мен мәдениетiмен таныстырумен теңестiредi. Ата-аналар тарапынан естiлiп жатқан әңгiме ауаны – бұл пәндi жоғары сыныптарда ғана емес, бiрiншi сыныптан бастап енгiзу керектiгi. Бiрақ оған елiмiздегi бiлiм ұяларының оқу базасы мен оқулық қоры мүмкiндiк бермейтiнi айдан анық.
Бiлуiмiзше, “Дiнтану” сабағын тарих мұғалiмi оқытады. Яғни, әр дiннiң тарихынан қысқаша мәлiмет берумен ғана шектеледi. Ал, одан терең түрде дәрiс беретiн дiнтанушы-мұғалiмдер жоқтың қасы. Арнайы “Дiнтану негiздерi” пәнi үшiн мұғалiмдердi дайындау министрлiктiң, жоғары оқу орындарының еншiсiндегi шаруа. Қазiргi кезде бiз тұрмақ, Ресейдiң өзi де дiни сауаты бар мұғалiмге зәрулiк танытып отыр. Ол үшiн алдағы үш жылдың iшiнде арнайы мамандар дайындау көзделген. Егер бiз де бұл пәннiң қолдану аясын кеңейтiп, бастауыш сыныптан бастап енгiземiз десек, дереу арада дiнтанушы-ұстаздарды оқытып, бiлiктiлiгiн арттыруға мән берген дұрыс.
Айтпақшы, биылдан бастап, жоғары сынып оқушылары қосымша көлiк жүргiзу ережелерi, қаржы бiлiмi бойынша жаңа пәндердi оқитын болады.
Бiлiм жүйесiне жаңа “Дiнтану негiздерi” пәнi енгiзiлiп жатқанда, Алматыдағы Орталық мешiттiң ескi ғимаратынан дiни насихатты мықтап қолға алатын медресенiң тұсауы кесiлдi. Бұл елiмiз бойынша ашылып отырған жетiншi медресе. Дiн жолына түскен жастарды, жасөспiрiмдердi дiни сауатына қарай әңгiмелесу негiзiнде қабылдайтын оқу орнына елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен келiп оқуына әбден болады.
“Бұл елiмiздiң дiни өмiрiндегi елеулi жаңалықтардың бiрi. Оның iшiнде қала орталығынан ғалым Әбу Ханифа есiмiн иемденген медресенiң ашылуы мұсылман қауымы үшiн ерекше оқиға” дедi жаңа бiлiм мекемесiнiң ашылу салтанатында сөз алған Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының бас мүфтиi Әбсаттар қажы Дербiсәлi ағынан жарылып. Әйтсе де, осыдан 100 жылдай бұрын бұл жерде медресе болған екен. Кейiннен бұл ғимарат бұзылып, орнына мешiттiң iргетасы қаланыпты. Бұл да көп ұзамай бұзылып, орнына жаңа ғимарат тұрғызылып отыр. Оқу орнының бiр қабаты дәрiс аудиториялары мен кiтапханадан тұрса, екiншi қабатында жатақхана мен асхана орын тепкен. Дiни кiтаптардан тапшылық жоқ.
Әрине, бүкiл Қазақстан бойынша 7 медресе тым аздық етедi. Әйтеуiр, мемлекеттiң қолдауы нәтижесiнде Нұр-Мүбәрак университетi бой көтердi. Бас-аяғы сегiз жылдың iшiнде жыл сайын 30-40 имам даярланып, жер-жердегi мешiттерге орналасып үлгеруде. Дегенмен, мұның өзi жеткiлiксiз. Тiптi, кейбiр елдiмекен, ауылдық аймақтарда дiни тұрғыдан жастарға уағыз жүргiзетiн дiндарлар жоқ.
“Бұдан былай жастарды шетелдерге дiни бiлiм алуға жiберудiң қажетi шамалы. Ендi өзiмiздiң дiнтанушы мамандар дайындауға қауқарымыз жетедi. Егер кез келген сауатты жас медресенi үздiк тәмамдаса, Нұр-Мүбәрак университетiне түсiп, бiлiмiн жетiлдiре алады. Ал оны да үздiк бiтiрсе Каирге барып, магистратураға, доктарантураға түсуiне үлкен мүмкiндiк бар” деген бас мүфти дiни мамандарды ең бастысы отансүйгiштiкке баулуымыз керек деп қорытты. Медресеге жылына 22 талапкер қабылданады. Оқу мерзiмi 2 жыл 7 ай.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ