КIМГЕ КҮЛКI, КIМГЕ ТҮРПI?
КIМГЕ КҮЛКI, КIМГЕ ТҮРПI?
“Отырар” жүрдек поезы Шымкентке қарай бет түзедi. Жолаушылар әңгiмеге кiрiскен.
– Бұрын жыл сайын жол ақысы көтерiлiп тұратын едi. “Қазақстан темiржолы” ұлттық компаниясына Асқар Мәмин президент болып келгелi билет құны тұрақтанды ғой.
– Жаңа басшыдан ба, әлде… Былтыр ерте көктемде компанияның экс-президентi Жақсыбек Құлекеевке бiреулер қолдан пара берудi ұйымдастырып, iстi қылды емес пе. Ол соттың iс қарауы барысында темiржолда өзiне дейiн орын алған қаншама жемқорлықтың қитұрқы жайларын ашып бердi. Бәлкiм билет құнының қымбаттамауы соған байланысты шығар.
Иә, сол сотта темiржолдағы талай айлакерлiк iстердiң бетi ашылды. Темiржолдың салалық басшы қызметкерлерi iшкi резервтердi бас пайдалары үшiн бармақ басты, көз қысты тәсiлмен молынан қымқырып-жымқырып отырмағанда, бюджетке қол жаймай, билет құнын ауық-ауық көтермей-ақ өздерiн-өздерi қажеттi қаражатпен толық қамтамасыз ете алады екен. Темiржолға қажеттi басқа құралдарды былай қойғанда, бiр ғана сүймендi бiрден бiрге алып сатқаннан қаншама қыруар ақша қолды болған. Жанар-жағар майдан тапқан пайдалары ше?.. Солардың орнын толтыру үшiн жемқорлар бас қатырып жатпады. Тұйықтан шығар ең оңай тәсiл, жолаушылар тасымалының бағасын көтеру болды. Аңғал халыққа қырық сылтау айтса жетiп жатыр.Бiрақ Құлекеевтiң сотынан кейiн халықтың да көзi ашылды. Ендiгi қырық сылтауларына жұрттың күмәнмен қарайтынын олар бiлмейдi дейсiз бе. Бiлгенде қандай!
Жолаушылар:
– Иә, Құлекеев бiраз былықтың бетiн ашып кеттi. Темiржолдың iшкi iстерiндегi осындай келеңсiздiктерiнен бұрын хабарсыз едiк. Ендi бiлетiн болдық. Сол кездегi газеттердiң ақпараттарына қарағанда Құлекеев солардың бiразына тыйым салып үлгерiптi. Ал қазiргi басшы құныққан жемқорлардың жолын толық кестi ме? Бұл жөнiнде не естiп, не көргенiңiз бар?
– Оның бұл жөнiндегi iсiн әзiрге не газеттерден оқып, не телеарналардан көргенiмiз жоқ. Бәлкiм күресiп жатқан болар.
Жүйiткiген поезд талай қашықтықтарды артқа тастады. Әңгiме жол қысқартуда.
– Жол ақысы демекшi осы орайда айта кететiн тағы бiр жайт, мына қолымызға ұстап отырған билеттердегi сауатсыздық. Поезд бағытын “Алма-Ата 2-Чимкент” деп көрсетiптi. Сонда мұны қалай түсiнуге болады? Келмеске кеткен Кеңестер Одағын қайта көксеу ме? Әлде…
– Компанияның қазiргi басшысы Мәмин iс-сапарларына тек ұшақпен қатынайтын шығар.
Елiмiз Тәуелсiздiк алғалы он сегiз жылға аяқ басты. Қалалық мәслихаттың арнайы шешiмiмен “Алма-Ата” атауы “Алматы” деп өзгертiлгенiне де он төрт, он бес жылдың жүзi болды ғой. Шымкент қалалық мәслихаты да “Чимкент” атауын “Шымкент” деп өзгерткенi қашан. Сонда ұлттық темiр жол компаниясы, заңдастырылған жаңаша атауларға қалайша қырын қараған? Бұл заңды бұзғандыққа жатпайды ма? Әлде қазақы атауларды оғаш көргендерi ме? Атам қазақ: “Өзiңдi өзiң жаттай сыйла, жат жанынан түңiлсiн”, – демеп пе едi. Өзiңдi өзiң сыйламасаң өзгеден қандай құрмет күтуге болады. Қала бердi “Алма-Ата” мен “Чимкент” мемлекеттiк тiлдiң беделiне үлкен нұқсан келтiретiнiн ұлттық компания басшылары жан-жүрегiмен, ар-намысымен сезiнедi ме екен. Әй қайдам. Сезiнсе билеттегi бағыт атауларын сауатты жазар едi ғой.
Жаңылмасақ осыдан бес, алты жыл бұрын Мақсұт Оразай деген ұлтжанды азамат “Аргументы и факты” мен “Комсомольская правда” газеттерiнiң Қазақстанға арналған нұсқаларында Оңтүстiк астананы “Алма-Ата” деп атап жазғандары үшiн сотқа шағымданып, әлеуметтiк әдiлеттiктi қалпына келтiруге ұйытқы болған. Ол әдiлеттiктi қалпына келтiрiп қана қойған жоқ, ұлтты оның тiлiн табалауға жол бермедi. Бұл хабар сол кезде республикалық басылымдардың көбiнде жарияланған. Темiржол ұлттық компаниясы басшыларының бұдан бейхабар болуы еш мүмкiн емес. Ал соны бiле тұра iштен шалғандары қалай? “Жау жағадан алғанда, бөрi етектен” деушi едi. Әлде соның керiн келтiргендерi ме? Әлде Мақсұт Оразай секiлдiлер бiзбен де соттассын деп қыр көрсеткендерi ме? Ондай да азаматтар табылады. Тек кiмге күлкi, кiмге түрпi? Соны ойлансақ еттi.
Көлбай Адырбекұлы