РЕЗЮМЕ
РЕЗЮМЕ
Қанағат Әбiлқайыр — сатираға қалам тартып жүрген жас дарындарымыздың бiрi. Қоғамның келеңсiз тұстарын, адамдардың жағымсыз мiнез-құлқын әшкерелейтiн сатиралық шығармалары баспасөз беттерiнде жарияланып жүр. Жуырда ғана “Жалын” баспасынан “Жас толқын” сериясымен Қанағат Әбiлқайырдың “Қағаз қала” кiтабы жарық көрдi. Жас сатириктiң тырнақалды дүниелерiн топтастырған жинақтан Қанағаттың екi сатиралық әңгiмесiн жариялауды жөн көрiп отырмыз.
Әй, ол кiсi қанша қолқаласаңыздар да сiздерге өз еркiмен ағынан жарылып, өмiрiнiң ағы мен қарасын жiпке тiзгендей тамылжытып айтып бере қоймас. Бiлем ғой, ол кiсiнi мен көптен бiлем һәм өте жақсы түсiнем десем де болады. Егер қарсы болмасаңыздар, Басекеңнiң жүрiп өткен жолынан азды-көптi мәлiметтi мен-ақ жария қылайын. Мұны ендi өмiрбаян дейсiздер ме, резюме деп қабылдайсыздар ма, өздерiңiз бiлiңiздер.
1953-жылы дүниеге келдi.
1960-жылы орта мектепке барды. Ең алғашқы болып пионер, ең алғашқы болып комсомол қатарына кiрдi. Мектептегi ең белсендi оқушы және отряд кеңесiнiң төрағасы болды. Ең басты ерекшелiгi, он жыл iшiнде бiрде-бiр мұғалiмге қарсы келiп немесе олардан сөз естiп көрген жоқ.
1970-жылы ең таңдаулы ЖОО-на түстi.
1973-жылы ЖОО да жүрiп “Негiзi, дiн апиыннан да улы екен ғой” деген тақырыпта диплом жазды. Ең таңдаулы деген бес газет пен үш жорналға “Құдайды қойшы, кiм ол сонша”, “Құлшылықсыз да аманбыз”, “Дiншiлдiгiңнен тiршiлiгiң мықты болсын”, “Он сегiз мың ғалам комсомолдың табанының астында”, “Жұмақ партия белсендiсiнiң үйiнде” атты әрқайсысы атқа жабу болатындай көлемдi-көлемдi сын мақалалар жазды. Өзi бас болып, көненiң көзi ретiнде кейбiр ауыл, аудандарда сақталып қалған мешiт-медреселердi, тарихи орындарды бұзу шараларын ұйымдастырды. Ел сыйынып, шүберек байлап кететiн оқшау тұрған талдарақтардың бәрiн кескiздi.
1973-жылы “Бiр кезде әлем сөйлеген латын тiлi де өлдi. Оның қасында бұған дейiн малшы мен жалшының тiлi болған қазақ тiлi өлексесiн сүйретiп әлi жүр. Түбегейлi орыс тiлiне көшетiн кезiмiз жеттi. Бiр одақта бiр ғана тiл салтанат құруы керек” деп бастама көтердi.
1977-жылы коммунистер қатарына кiрдi.
1978-жылы “Қазақ пен иттiң айрықша ұқсастықтары және қоғамда алатын орны мен маңызы” деген тақырыпта кандидаттық қорғады. Онда ол қала көшелерiнде қаптап кеткен иесiз қаңғыбас иттер мен үлкен қалаларға ауыл-аймақтардан тiршiлiк iздеп ағылып келiп жатқан қазақтардың тұрмыс тiршiлiгiн салыстырып отырып жазады. “Қазақ, мамбет, калбит, баран деген сөздерге “қаңғыған ит” деген атауды еш ойланбастан қосуға болады” деп, ол одақтың үлкен мiнберiнде тұрып 14 тiлде емiн-еркiн сөз сөйлеп едi. “Қазақша бiрауыз бiрдеңе айтуға арланам” деп әзiл айтты.
1980-жылдан бастап ерiктiлерден құрылған “ал, қане, құртайық” деген топ құрып, ауыл-ауылды аралап, ел iшiндегi дiни сауаты бар адамдардың бәрiн қудалады. Екеуара отыра қалғанда сiрiңкенiң талымен немесе кәдiмгi ойын картасымен “сүйедi, сүймейдi”, “келедi, келмейдi” деп пал аша қалған қарапайым жұрт басымен қайғы болып, қаңғып кеттi. Қара суды терiс ағызатын, атан түйенi аяқ-қолын жерге тигiзбей алты сағат көк аспанда қаңтарып қоятын айтулы әулие-әмбие, бақсы-құшынаштардың қадiрi қашты.
1986-жылдан 1988-жылға дейiн желтоқсанда алаңға шыққан жастарды қаралаумен, оларды орға жығатын iстерге куәлiк етумен, олар — арандатушы, олар — ұлтшыл, олар — алқаш, олар — нашақор деген құжаттардың бәрiне қол қоюмен айналысты. Сол кездегi деректердi, болмаса, басылымдарды ақтара қалсаңыз, оның аты-жөнiн оп-оңай тауып ала қоясыз. Есiмi басқаша болып тұруы да ғажап емес. Бiрақ аты-жөнiнiң астында “Бәлен гәзеттiң бас редакторы” немесе “Халық әртiсi”, болмаса “Бәленше атындағы оқу орнының ректоры” деген аты дардай лауазымы мiндеттi түрде тұрады. Е, дейсiз.
1991-жылы бұл кiсi қаншалықты қалады-қаламады, қоғам ол кiсiмен қаншалықты ақылдасты, оны бiр өзi ғана бiледi, әйтеуiр ол уақытта елдiң сөздiк қорында көп кездесе бермейтiн ТӘУЕЛСIЗДIК келiп жеттi. (Ол осыдан үш-ақ жыл бұрын өзiн қазақ емеспiн деп мәлiмдеп, ұлтын өзгерткен болатын. Осы арада айта кетейiк, оның бала күнiнде ел iшiндегi бiр бұзақылар ұстап алып, “араларыңда қазақ болса, оңдырмаймыз” деген кезде “қоя берiңдер, басқаларды бiлмеймiн, мен сығанның баласымын” дегенi де әлi есiмiзде).
1992-жылы бiр жыл есеңгiреп және жаңа өмiрдiң аңысын аңдып жатқан Басекең “Жап-жаңа заман және ұлыдан да ұлы ұлт болашағы” деген қозғалыс құрып, қазақтардың мәселесiн көтерiп, батыл-батыл пiкiрлер айта бастады. “Осы шыдағанымыз да жетер”, “Қайтер екен десе бастан ұратынды шығарыпты”, “70 жыл езгiледiң, ендi менiң кезегiм”, “Тiл құрыса мен де құримын”, “Қазақсыз Қазақстан: ойбай, ол ақырзаман ғой” деген сериялы мақалалары аяғын жаңа ғана тәй-тәй басқан жас қоғамның көзiнiң жасын көл қылды. Көңiлi босаған қоғам ыстық жастан көзi мұнартып, қалталақтап-ақ кеткенде бiр кiсiлер осыны пайдаланып, оған “Бәрiбiр орыс тiлiнiң орны толмайды” деп сыбырлап үлгердi.
1993-жылдан бастап “Маған су да, құрлық та ыстық”, “Қос тiл — қос қанатым” атты екi мақалалар жинағын шығарып үлгердi.
1994-жылы “Құшағыңды аш, ислам әлемi” деген екi томдық шығармалары жарық көрдi. Онда ол пайғамбарлар мен сахабалардың ерен iсi мен Құдайдың мәңгiлiгi туралы, ислам дiнiнiң басқа дiндерден ерекшелiгi жайлы жеке-жеке тарау қылды. Осы жылдан бастап Құдай деген сөздi тек бас әрiппен ғана жазатын болды.
1995-жылы қажылыққа барып келдi.
Аталмыш жылдан бастап “Ақтаңдақтарды көкорайға айналдыру” атты қоғамның төрағасы болып бекiдi. Қазақтың ұзын тарихында ұлт үшiн көз жұмғандардың бәрiн жiпке тiзiп, солар жайында деректер жинауды бастады.
1995-жылдан-ақ “Желтоқсанға он жыл: қайран да менiң боздақтарым-ай” деген акцияны бастап кеп жiбердi.
1996-жылдан бастап “Әулие кейiптi халық емшiлерi” бiрлестiгiн құрып алды. Қай жерде мешiт ашылса немесе әруақтарға арналған ас берiле қалса, қалғып-мүлгiп дегенiмiз қаридың намысына тиiп қалар, құран мақамына елтiп, сол жердiң төрiнде отыратын болды. Қазiр оның “Ислам әлемiнiң көрнектi өкiлi”, “Дiн және бiз” ислам ұйымының құрметтi төрағасы деген атақ-абыройы бар.
1991-жылдан күнi бүгiнге дейiн “Тәуелсiздiкке секунд сайын тәу етем”, “Нұрлы жүзiңнен күнi-түнi айналдым”, “Жаса, жаса, жарқын күн”, “Еңсесi биiк бәйтерек, бәйтерек болмаса, қайтер ек” деген жыр жинақтары жарық көрiп үлгердi.
Ең қызығы, 2004-жылға дейiн осы қарқынымен құйындай ұшып келген ол сәл ентiгiн басқан соң күтпеген жерден бiр өнер шығарды. Қай албасты басқанын кiм бiлген, таңертең тұра сала “Елiмiзде қанша тiл бар болса, соның бәрiн бiлуге мiндеттемiз” деп ұран көтердi. Осының алдында ғана “Давай, бәрiмiз төлқұжатымызға “қазақстандық” деп, жазып алайық. Ұлттың ендi бiзге не керегi бар” деп ескi әнiн қайта қозғаған болатын. Ендi “ақпатсамның билiгi мәңгiлiк болсыншы, а” деп таңдайы тақылдап жүр едi, оны да аз көрдi ме, осы екi-үш күндiкте “орыс тiлi мен ағылшын тiлiн кез келген қазақ өз тiлiнен кем көрмеуi керек” деп сайрап отыр. Оған не дерсiз…
Жалпы, 2008 жыл жайлы ештеңе айтпай-ақ, осы жылмен қоя тұрсақ қайтедi…
Естерңiзде бар ма, жоқ па, бала күнiмiзде бiр орасан дәу өгiз жайлы ертегiнi жиi айтушы едiк қой. “Баяғыда бiр өгiз әбден өсiп, жетiлiп, үлкен болған кезiнде кеудесiне нан пiсiп, өзiнiң табынын менсiнбей, жылқылардың үйiрiне барып қосылады. Қамбар атаның ұрпағындай оттағысы, дәл солардай су iшiп, солардай пысқырынғысы келедi. Күндердiң күнiнде ол арманына да жетiп, “менiң теңiм қылқұйрықтылар ғой” деп паңдана басып жүргенде үйiрге қасқыр шабады. Жылқы бiткен желмен жарысып құйғыта жөнеледi де құйрығын қадап алып бiраз жерге дейiн қалмай жүгiрген өгiз байғұс көп ұзамай-ақ кеудесi сырылдап қалың абалақтың ортасында жападан-жалғыз қала бередi, Оның жан дауысы сәйгүлiктердi селт еткiзбегенiмен, келесi қырдың астында жатқан табындастары өре түрегелiп, бiрiге қайрат көрсетiп, әупiрiмдеп жүрiп өгiзекеңдi құтқарып алады. Ол солай тәубесiне келедi”. Ұмытпасам, әңгiменiң ұзын-ырғасы осылай.
Е, одан берi қанша мезгiл өтсе де мiнез шiркiн тұқым қуаламай тұрмайды екен? Сол өгiздiң төртiншi, әлде бесiншi, мүмкiн алтыншы ма екен, әйтеуiр бiр ұрпағы — ақ бұзау дүниеге келдi. Оның тым аппақтығы себеп болды ма, әлде өзiнiң бiр ерекше сүйкiмдiлiгi бар ма, сол бұзауды табындағы бар iрi қара қатты-ақ жақсы көрдi. Мүйiздемедi, теппедi, оған қарап жөнi жоқ алакөзденбедi. Тiптi, бұзауын емiзiп тұрған сиыр ол келiп қабаттаса кетсе де үрiп кетпедi. Бар ынты-шынтысымен емiздi, құйрығынан иiскеп, сауырынан жалап, емiренiп қоюды да ұмытпады. Қазақ мұндайды “семiздiктi қой ғана көтередi” деп қояды. Жүрген өрiсi бар, жатқан қорасы қатар, кейде бiр көңiлi түспеген кездерде қағып-соғып өте беретiн сол бiр қойларды, неге екенiн белгiсiз, ақ бұзау көп жақтыра бермейтiн. Бiрақ ол сол қойлар құрлы болмады. Күллi табынның әлпештеуi көңiлiн көтерiп, мас қылды ма, тым ерте бұзыла бастады. Бұзаудан баспақ шыққанда менмен деген бұқалардың бүйiрiнен балғын басымен түйгiштеп қоятын болды. Сабырлы бұқалар оған да мыңқ демедi. Баспақтан тана болдым-ау дегенде ұлттық маңызы бар шаруамен жүрген бұқаларға iлесiп, тiптi кедергi келтiрiп десе де болады, келсiн-келмесiн сиырларға артыла кететiндi шығарды. Бұған да маңғаз бұқалар мен сылқым сиырлар “баламысың деген, қайда әлi саған” деп жымиды да қойды. Күндер өте келе аппақ тана-бұқа тағы бiр өнер шығарды. Айдың-күннiң аманында өздерiн бағып-қағып отырған кәдiмгi бақташыларға өзiнен-өзi тап беретiндi шығарды. Аузынан сiлекейi ағып, жүн басқан көзiн әрең ашып, алартып, қазандай басын оңды-солды шайқап-шайқап қояды да, алдыңғы тұяқтарымен қара топырақты шымымен қоса қарпып алып, арқаға қарай шашып кеп жiбередi де ыңырана мөңiреп, оны да толық орындап шықпай, тамағына өксiк тығылғандай, болмаса, демi жетпегендей үзiк-үзiк қылып, мөңiреудiң де мәнiсiн кетiрiп, iшiн тартып тұрып алады. Шынымен-ақ күнi бүгiнге дейiн емiп жүрген ақ бұзау өте зор болып өсiп келе жатыр едi. Осы қарқынды өсуiнен сескендi ме, әлде әл-әзiр бiзге бұқаның керегi жоқ деп шештi ме, бiр күнi оны бақташылар жиналып келiп алып ұрды да пiштiрiп тастады. Пiштi екен деп тоқталып қалатын ол ма, құнан өгiз күнiнде-ақ алты жасар бұқаны ықтыратындай болып өсiп, жетiлдi. “Әй, осы бақташыларды-ай” дейсiз ғой кейде. Iстерiне көңiлiңiз толмағасын, кейiмеске амалыңыз қайсы? “Ойбай, не болып қалды?” дейтiндерiңiздi iшiм сезедi. Қаншалықты нән болса да өгiз болып қалғаннан кейiн маңқиып, өзiмен-өзi тиесе жүгiн тартып, болмаса күйiсiн қайырып қойып жүре беретiн бе едi, кiм бiлген?.. Қисыны қашып тұр емес пе, бақташылар оны шала пiшiптi. Бойында сәл де болса еркектiк сезiм мен сол сезiм сыйлайтын алапат бiр күш қалған аппақ өгiз, мүмкiн аппақ бұқа дегенiмiз дұрыс шығар, бала күнiнде “ақ бұзау” атанып едi, ендi олай деуге ешкiмнiң дәтi бармай бұл күнде “ағеке” болды. Ағекем қызық болғанда ұрғашы бiткендi маңынан шығармайтын бiр қырсық мiнез тапты, еркек бiткендi жас-кәрiсiне қарамай табынға жолатпайтын болды. Дәл осы арада айта кетейiк, өзiнiң туған енесi “ағекем” емуiн қойды-ау деген кезде әупiрiмдеп жүрiп ауыраяқ болып, тағы бiр бұзау тауып ала қойып едi, “бұл тұқымнан шыққан тұңғыш бұқа да, соңғы бұқа да мен боламын. Тарих менен басталуы, ол тарихтың бетiнде менен басқа ешкiм болмауы керек” деп шуынан ендi арылып, “осы мен қайда тап болдым” деп төрт аяғын зорға басып тұрған тағы бiр ақ бұзауды күллi сиырдың көзiнше тапап-ақ тастағаны…
Осындай бiр адуын көңiл-күймен жүрген ақ бұқаға-ағекеге қарсы келер табын бiткенде ешкiм болмады. Бұқа-көңiл өсе-өсе тау болуға айналды, көз ештеңенi көрмейтiн, құлақ естiмейтiн дертке ұшырады. Бұл өмiр шiркiндi қойсаңшы, қисынын табам десе оп-оңай-ау, сондай бiр паң қадаммен жүрген оның көзi жанары мөлдiреген бiр байталға түстi. “Құдай-ау, осындай да сұлулық бола бередi екен-ау” деп ойлады ол көптен ештеме ойламаған шойындай ауыр басымен. Сосын оған тәуекелi жетiп, жақындап барып көрмек болды. Бiрақ тәкаппар да көркем жылқы үшiн мың жерден аппақ болса да Зеңгiбабамен тұмсық түйiстiру тұрмақ маңында жақындату жуса кетпейтiн күнә емес пе, ол жел ғана тарап, күн ғана сүйiп жүрген құйрығын бiр бұлғаң еткiздi де, осқырынып қойып, үйiрiне қарай самғай жөнелдi. Бұған дейiн бiр рет болса да кеудесi пәсейiп көрмеген ақ бұқа да мұны бiр сәт болса да көңiлiне алмастан мүсiндей байталдың артынан тұра жүгiрдi. Кезiнде арғымақтарға арғы ата-бабасы iлесе алмағанын бәрiңiз жақсы бiлесiз, күллi денесiн май басып, өрескел семiрген “ағеке” қайдан жетсiн. Алқынып, алаөкпе болып, шаты ақ көбiктенiп тұрған бұқаның өзiне-өзi қатты жыны келдi. Дәл осы жолы ғана, тұңғыш рет ақ бұқа үшiн бұл үлкен қорлық болып көрiндi. Байталдың ең болмаса назар да аудармағанына қатты қапаланды. Сосын, “мүмкiн ол асығыс болған шығар” деген ойды өзiне озық етiп, ол өзiмен-өзi жусап жатқан үйiрге келдi. Басын шұлғып, оқшау ғана шыбындап тұрған сұлу байтал көзiне анадайдан-ақ шалынды. Ешкiмдi көзге iлмей, жолымды бiреу кеседi-ау деген ойды қаперiне де алмай бiрден солай тартқан өгiздiң iрiлiгi жылқылардың бiразына кәдiмгiдей-ақ әсер еттi.
Тай-құнандар ығысып жол берiп, биелер құлақтарын жымырысып, жақтырмаған кейiп танытып, сәурiктер оқранып айбат көрсеткенiмен жақын баруға бата алмай алыстан ғана қожаңдасып қалды. Өздерi сасыған iрi қара деп есептейтiн ашатұяқтыдан мұндай батылдықты күтпеген көркем байтал кәдiмгiдей-ақ таңданды. Сосын бұқаны тым жақындатпай тағы да ойнақтап алыс кеттi. Осы шаруаны мықтап қолға алған “ағеке де” мұрны пысылдап оның соңынан қалатын емес. Былай жүре берсе көзге түсiп сөзге қалатынын бiрден сезген ерке байтал талай үйiрдi тырп еткiзбей ұстап жүрген алаяқ қарақасқа айғырдың қасына барып паналады. Айғыр байталдың бұл батыл мiнезiн қызық көрiп, әлденеден оқыс дәметiп, искелесiп тұр едi, өздерiне төнiп келiп қалған менмен бұқаның пысылы селк еткiздi. Ендi болмаса жарып тастайтындай болып, ентелеп келiп қалған өгiздiң ай мүйiзiнен ол тiкке шаншыла қарғып аман құтылды да, жалын күжiрейткен қалпы, құлағын жымырып, көлденеңдеп бiраз жерге дейiн билеп барып, төрт аяғын тең басып тұра қалды. Осы ғұмырына дейiн сиыр тұқымынан мұндай ақкөздi кездестiрмептi, оны айтасыз, ол жаққа “барсыңдар ма?” деп назарын да салмапты. Ендi мына қызыққа қараңыз. Қателесiп қалған болар, немесе ойыны шығар дейiн десе, басын шайқап қойып ол тағы төнiп келедi. Байтал болса осыны пана тұтып, шыр айналып қасынан шығатын емес. Қарақасқа бұған қатты-ақ шамданды. Бұл оқиғаны ол заманның бұзылуы деп бағалады. Есiкте жүрген, бiзден қалғанды жейтiн жаман қарасан басынған соң азбаған немiз қалды деп терең күрсiндi. Сосын, жердi тарпып-тарпып жiбердi де құйғытқан күйi бұқаның ту сыртына шықты. Бұқа бұрыламын дегенше көкжелкеден қарбыта тiстеп, бар пәрменiмен сiлкiп-сiлкiп жiбердi. Бұған дейiн бiрде-бiр тегеурiндi қарсылықты көрмей, еркiмен кеткен өгiз бұл оқыс қимылға мүшесiн меңгере алмай желкеден басқан салмаққа шыдас бермей ол тiзерлеп қалды. Бұл уақытта желкенi қоя берiп, айналып қайта алға шыққан қарақасқа қайта орнынан көтерiлгенiмен ендi қандай әрекетке барарын әлi болжап болмаған ақ бұқаның қара тұмсығын ала бере көсiлiп тұрып тептi. Бұл егер бiр-бiрiне ескертiп айтар болса, бұқаның күллi тұқымына сабақ болар соққы едi. Таудай болып тұрған өгiз үн шығаруға шамасы келмей, сол тұрған жерiне гүрс етiп құлады. Алаяқ қарақасқа үйiрiн соңына ерттi де бiр кезде тастап кеткенiндей тағы да зеңгiбабаны жалғыз қалдырпып ұзап кеттi. Күн жатты, түн жатты, екi күн, екi түн дегенде өгiзге жан бiттi. Өзiн шыр айналып, азан-қазан болып, өкiрiп-бақырып жүрген табынды көрдi. Басын қозғай алмайды, аузын ашуы тiптi мұң, үнi де шықпайды, пұшайман болған бұқа табынға қарар бетi жоқ, айтайын десе жiбi түзу уәжi жоқ, мелшидi де қалды. Бiрақ, көз алдынан сол бiр байталдың бейнесi әлi де кетер емес…
Күндердiң күнiнде өзiне-өзi келген бұқа айды аспанға бiр-ақ шығарды. Ендi бiздiң бұзаулардан бастап барлық сиыр атаулы жылқы тiлiн де үйренетiн болсын, одан қалса күнде таңертең бәрiмiз он шақырымнан жүгiретiн болайық. Бұл бiздiң болашағымыз үшiн, басқа малдармен тiл табысуымыз үшiн, солардан кем болмауымыз үшiн аса қажет дедi. Бұл күнде бұқаның ұсынысы талқыланбайды, орындалады деп айтып па едiм, айтпасам мiне, ендi айтып отырмын. Зеңгi баба тұқымы елде жоқ есiрiк мiнездi, өздерiне тумысынан жат қылықты бастады да жiбердi. Таң атпай азан-қазан болып, буындары сыртылдап, сүйектерi сықырлап буаз екенiне, кәрi екенiне қарамай, бұзау, тана демей бәрi алашапқын болып жүгiретiн болды. Арада ай өтпей-ақ сауын сиырдың бәрiнiң желiнiнi суалып, кексе сиырдың бәрi көксауға айналып, жаңа туған бұзаудың бәрi сүт жетпей iшi өтiп, көздерi алайды да қалды. Iрi қара бiткен көкмайса маусымда-ақ көтеремге айналды. Бұған ендi өмiрiн мөңiреумен өткiзiп келе жатқан мүскiндердiң кiсiней бастағанын қосыңыз. Ақ бұқаға жақын жүрген жағымпаздау сиырлар кәдiмгiдей-ақ кiсiнейтiн болды. Олардың даусынан жылқы үнiнiң сәл де болса ұқсастықтары табыла қалса көзi жасаурап, тебiнерiп, ақ бұқа кәдiмгiдей-ақ шалықтайтын болды. “Бұл ұлттық менталитетке қарсы, бiз сиыр болып қалуымыз керек” деп күңкiлдеп жүрген басқа бұқа-өгiздердi ағеке бiр-ақ күнде тентiретiп жiберген. Бiрақ соңғы кездерде оның өзi де табынынан оңашаланып, көркем байтал көрiнетiндей жерге барып жататынды шығарды.. Оның бұл қылығын табындағылар терiс көргенiмен мазаларын алмай солай аулақ жүргенiне кетары емес.
Әл-әзiр үйiр де, табын да қасқырдан аман… Алда-жалда аты жаман абалақ үйiрге не табынға шаба қалғандай болса, дәл осы жолы “ағеке” жалғыз қалады-ау…