ҚАЗIРГI ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТI ҚАНДАЙ?
ҚАЗIРГI ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТI ҚАНДАЙ?
Қоғамның немесе өркениеттiң дамуы үшiн қажеттi алғышарт – ол мәдениеттiң өркендеуi. Мемлекеттiң iргесi берiк болып, қоғам тұрақты дамуы үшiн оның тұғыры берiк, стратегиялық бағдарламасы тұрғылықты ұлттың менталитетi мен елдiң географиялық орналасу ерекшелiгiне негiзделген және адамзаттың озық ойы мен тәжiрибесiн тиiмдi пайдаланатын болуы қажет. Яғни, мемлекеттiң тұғыры бiр тiл, бiр дiн, бiр мораль, бiр философия, яғни бiр мәдениеттен, және осылардан құралған бiр идеологиядан тұрады. Ондай мемлекет тұрақты дамып мәңгi жасайтын болады. Мәдениеттiң мiндетi мәңгiлiк туындылар жасау болса, мемлекеттiң мақсат-мұраты осындай мәдениеттiң арқасында мәңгi жасау.
Тәуелсiздiк жылдарындағы мәдениеттiң жетiстiктерiне алдымен әлем әдебиетi, философиясы, тарихы, психологиясы т.б. гуманитарлық салалардағы адамзаттың ең үздiк туындыларын қазақ тiлiне аударып, халқымыздың бай мұраларын жүйелеуде, археология, этнография, туризмдi дамытуды iске асырып жатқан “Мәдени мұра” бағдарламасын айтуға болады. Осы бағдарлама бойынша көне Отырар мен Түркiстан қалаларында тарихи, археологиялық және этнографиялық музейлердiң жаңадан ашылуы мен зерттеулердi жүйелi жүргiзiп, туризмдi дамытуда Оңтүстiк Қазақстан облыстық әкiмшiлiгiнiң ғылым, бизнес және жергiлiктi билiктi жұмылдыру тәжiрибесi басқа аймақтарға да ендiретiн оң iстер. Бұл аймақтағы билiк басындағылардың ерекшелiктерi – олардың қоғам дамуындағы мәдениеттiң маңызды рөлiн түсiнгендiгiнде болса керек.
Сонымен қатар Музыка академиясы, Астана мен Шымкентте алғаш рет опера театрларының ашылып, Оралда қазақ драма театры ғимаратының салынуын т.б. мәдениеттегi оң iстер деп бағалауға болады.
Бiрақ, осы iстелiп жатқан шаралар мемлекеттiң жан-жақты дамуы мен тәуелсiздiгiн қорғауды қамтамасыз ете ала ма? 1991 жылға дейiнгiмен салыстырғанда елдегi кiтапханалардың бүгiнгi саны 60-65 пайызға (бар кiтапханалардың өзiнде соңғы жылдарда шыққан кiтаптардың көбiн таппайсың), бала-бақшалар саны бес есеге, клуб, кинотеатр, мәдениет үйлерiнiң саны үш-төрт есеге, қазақ тiлiнде шығатын жорналдар мен кiтаптардың тиражы 40-50 есеге дейiн … азайған. Мысалы, өткен ғасырдың 80-шi жылдары кезiнде тиражы 200 мыңға жеткен “Жұлдыз” жорналының қазiргi таралымы үш мыңнан аспайды.
Бiреулер, қазiр интернет заманында қажет ақпаратты осы әлемдiк шырмауықтан аламыз деуi мүмкiн. Бүгiн елдегi интернетпен қамтылу тәуелсiз деректерге сүйенсек орташа алты пайыз да, ресми дерек бойынша 10-11 пайыз. Бұл екi көрсеткiштiң де оңып тұрғаны шамалы. Әрине, барлығы да салыстырмалы түрде көрiнедi. Қазақстан тұрғындарының интернетпен қамтылуы Ресей мен Украинадан екi есеге төмен болса, өнер адамдарының орташа табысы 1,5-3,0 есеге, ақын-жазушылардың қаламақысы 6-8 есеге дейiн кем екен. Сонымен қатар бiзде шығатын кiтаптардың орташа құны жоғарыдағы елдерден 2-5 есе, ал мектеп жасына дейiнгi балаларға арналған кiтаптардың құны 7-8 есеге дейiн қымбат. Бiздiң қылқалам шеберлерiнiң жағдайлары Орта Азиядағы көршiлерден тәуiр деуге өзбектiң 8 ақын-жазушысының халық қаһарманы екенiн көрiп тұрып айтудың өзi ұят.
Бұл ТМД аймағындағы жағдай болса, мысалы Париждiң барлық музейлерiн көрiп шығу үшiн 50 жылдай уақыт керек болса, АҚШ-та 4600-ден астам симфониялық оркестр бар екен. Оның 1200-i Нью-Йоркте. Бұл мысалдарды келтiргендегi мақсат, бiздiң мәдениет қандай болуы керек деген сұраққа жауап iздеу.
Мәдениеттегi осы атқарылған және iстелiп жатқан шаралар мемлекеттiң тұрақты дамуын қамтамасыз ете ала ма? Қоғам дамуында өмiрлiк маңызы бар осы саланы өркендетудiң жолдары қандай? Бұл бүгiнгi қоғам алдында тұрған бiрiншi және негiзгi мәселе. Себебi, бұл мәселе шешiлмей елдi дамыту туралы қабылданған стратегиялардың барлығы утопия болып, Қазақстан алдағы 40-50 жылдан кейiн XIX ғасырдың аяғында шетелдiк капиталдың құрсауынан арылған, бiрақ қоғамы дамымаған Латын Америкасы елдерiнiң жағдайында қалатынын болжау қиын емес. Қазақстан сияқты табиғаты бай, бiрақ экономикаларын шетелдiк капитал билеген осы құрлықтағы елдер әлi күнге нашақорлық пен кедейлiктен арыла алмай келедi.
2050 жылдары Қазақстан халқының саны 13 миллионнан аспайды деген БҰҰ-ның болжауы осындай сараптамаларға негiзделген.
Тәуелсiздiк кезiнде, “алдымен экономика, содан кейiн мәдениет, әлеуметтiк сала дамиды …”, – деген ұран ресми саясатқа айналып, соңғы жылдары мәдениеттiң деңгейi уақыт өткен сайын қоғам дамуын қамтамасыз ететiн күшке айналудан қалып бара жатқанын көремiз. Бiзде коммерциялық мәдениет пен коммерциялық экономика қалыптасуда. Оған қазiргi экспортқа шығатын тауарлардың 100 пайызының шикiзаттан тұратыны және халық тұтынатын тауарлар мен азық-түлiктiң 60-75 пайызының сырттан келетiнi дәлел. Ал, дұрысында мәдениет сананы билеп жаңа технология арқылы дамитын экономиканы қалыптастыру керек едi. Кезiнде, кеңестердiң мал өсiрiп, егiн егетiн аграрлық республикасы және сынақ полигондар аймағы болған Қазақстанға технологиясы дамыған индустриалдық мемлекетке айналу үшiн қоғамның барлық салаларының бiрдей дамуын қамтамасыз ететiн түпкiлiктi өзгерген мәдениет қажет.
Сонда бiздiң тәуелсiздiк жылдары алғанымыз қандай бағыт, жүргенiмiз қандай жол? “Мың жол бар адамзатты адастырар, Бiр жол бар жақсылыққа жалғастырар”, – дегеннiң алғашқысы емес пе? Егер ол солай болса, бiз адасып жүрген жоқпыз ба? Бұл сұрақ ерте ме, кеш пе қойылады. Әрине, ол уақытында қойылып оң шешiмiн тапқаны елдiң болашақ сара жолды анықтауы үшiн пайдалы. Бүгiнгi әлемдiк дағдарыс кезiнде бiздiң қоғам ғана емес, әлемнiң барлық елдерi осы сұраққа жауап iздеуде.
Бiз де бұл мақалада жоғарыдағы сұрақтарға жауап iздеп, тәуелсiз ел мәдениетiнiң қоғамдағы рөлi мен болашақтағы мiндеттерiне тоқталмақпыз.
Қазақстан сияқты ұлттық мемлекет мәдениетiнiң философиялық негiзi – ол ұлттық идея, яғни Қазақ идеясы. Оның қоғамға қажеттiлiгiн түсiну үшiн мәдениеттiң салаларының қоғам дамуындағы рөлiн әлемдегi тәжiрибелермен салыстырмалы түрде қарастырған дұрыс.
Философия. Қазақ философиясы Қорқыт, Әл-Фараби, Әбу Ад-дин Хафиз аль-Кедери, Қожа Ахмет Иассауи, Асан Қайғылар сияқты тек қазақ пен түркi халықтары ғана емес, адамзаттың ой-санасын қалыптастыруда белгiлi рөл атқарған ұлы ойшылдардан басталады. Қазақ философиясы мұсылманның классикалық және Ұлы дала көшпендiлерiнiң философиясынан тұрады. Қазақ философиясы ұлттық ойды қалыптастыратындай жүйеленiп, толық зерттелiп болған жоқ. Ол бiзде философия жоқ деген емес. Керiсiнше, бiз сияқты бай да терең философиясымен мақтанатын халықтар жер бетiнде саусақпен ғана санарлық. Соңғы деректерге қарағанда Сыр бойындағы Түркiстан, Кедер, Сайрам, Иассы, Отырар т.б. қалалардан шыққан әл-Фарабидiң деңгейiндегi оннан астам философ бар екенi анықталды. Бұл өңiр орта ғасырлардағы философтардың “Меккесiне” айналғаны белгiлi. Алдағы 25-30 жылдағы мiндет осы аталған ойшылдардың еңбектерiн қазақ тiлiне аударып, тәржiмалау.
Осылардың iшiнде қазақ тiлiне негiзгi еңбектерi аударылып, Батыс пен Шығысқа танымал болған әл-Фарабидi XX ғасырдағы немiстiң ұлы ойшылы, “Закат Европаның” авторы О.Шпенглер ұлы немiс философтары Гегель мен Канттардан жоғары қойды. Жаңа дәуiрдегi батыс ойының биiк шыңы немiстiң классикалық философиясы екенi белгiлi. Ал, Гегель мен Канттар осы шыңның төбесiне шығып тұрған алыптар. Шпенглердiң бiздiң жерлесiмiздi осы алыптардан жоғары қоюы – ол түркiнiң ғылымы мен мәдениетiнiң жетiстiктерiне берген жоғары баға. Әл-Фарабидiң “Екiншi ұстаз” немесе “Шығыстың Аристотелi” аталуы Стагирит Аристотельден дәреже жағынан кейiн болғанынан емес, дүниеге тарихи кезек жағынан кейiн келгенiнен. Әл-Фараби энциклопедист ойшыл ретiнде заманындағы ғылым, философия және өнердiң барлық салаларына атсалысып, өшпес iз қалдырды.
Орта ғасырлардағы музыка дәстүрiн жалғастырған Әл-Фарабидiң “Музыка туралы” трактаты XVII ғасырға дейiн Еуропадағы музыка теориясындағы ең үздiк шығарма болып саналса, оның христиан дiнiн дамытудағы шығармасы XVIII ғасырға дейiн Батыстың және Ресейдiң шiркеулерiнде қолданылғаны белгiлi. Егер Әл-Фараби мұсылман болмағанда, ол Августин, Аквинскийлер сияқты христиан дiнiнiң пайғамбары болар едi. Сонымен қатар, Әл-Фараби мемлекет басқару өнерiнiң негiзiн салған ұлы ғалым. Оның “Қайырымды қаланың тұрғындары туралы” атты еңбегi қазiргi құрылып жатқан мемлекеттер үшiн маңызын жоймаған құнды дүние.
Тәуелсiз Қазақстанның ұлттық идеясын қалыптастыруда жоғарыдағы ойшылдармен қатар Ж.Баласағұнның “Құтты бiлiгi”, Қазтуған, Досмамбет, Бұқар жырау, Махамбет, Абай, Шәкәрiм, Ғұмар Қараштардың, сонымен қатар Ахмет Байтұрсынов бастаған алашордашылардың еңбектерiнiң маңызы зор. Қазiргi қолданыстағы “Жер туралы” заңнан бiздiң билiктегiлер алашордашылардың еңбектерiмен таныс емес екендiгiн немесе түсiнбегенiн көремiз. Ұлттық идеяның принциптерi сақталмай, елдегi азаматтардың пайдалары қаралмаған (Салық кодексi т.б.) заңдар, мемлекеттiк мүдде ескерiлмей экономиканы шетелдiк компанияларға ондаған жылдарға басқаруға (шетелдiк компаниялар Қазақстан экономикасының 80 пайыздайын билейдi) және елдiң болашағын ойламай кенорындарын трансұлттық компанияларға таратып берген “стратегиялық бағдарламалар” – ол тәуелсiз мемлекеттiң болашағына балта шабатын парақорлық пен сыбайлас жемқорлық қоғамға сыналап кiрiп, оның қалыпты нормасына айналуда. Ондай қоғамдағы билiкте негiзiнен ғылым мен өнерден алыс, ел болашағын ойлауға қабiлетсiз алаяқтар мен арамза молдалар қаптайды.
Абайдың кезiнде қазақ баласын тiлмаш, болыс болсын, қала бердi молда болсын деп оқытса, бүгiнде министр, әкiм, болып қазынаның қаржысын не несиесiн бөлетiн тендерге қол жеткiзiп байыса, немесе прокурор, сот болып пара алса деп оқытады. “Ұры-қары жиналып, Ұлағатты ел болмас”, – дейдi Әбубәкiр Кердерi ақын. Заман өзгердi, бiрақ мораль сол күйiнде қалды. Сонда қоғам қалай түзеледi? Бұл тәуелсiз елдiң ұлағатты (мәдениеттi) қоғам болу жолындағы шешiмiн табуды талап ететiн маңызды мәселесi.
Қазақ философиясының негiзгi мiндетi – ол жалпы философияның кредосына айналған Сократтың, “Өзiңдi бiлiп үйрен” (Познай самого себя), – дегенiн, яғни ұлттың өзiн-өзi танып бiлу, немесе Ұлттық идеяны iске асыру.
Әдебиет. “Әдебиет ардың iсi”, – деген едi академик Зейнолла Қабдолов. Шынымен, ар болмаған жерде әдебиет те, өнер де болмайды, яғни мәдениет те болмайды. Мәдениет қоғамды имандылыққа тәрбиелеп, ар мен намысты оятып, адам бойындағы асыл қасиеттердi, оның iшiнде махаббаты жырлайтын абсолюттi Рухтың саласы.
Ел тәуелсiздiк алғалы ғасырлар бойы тапталып келген ұлттың ары мен намысын оятып, санасын шыңдауда, болашақ ұрпаққа тәрбие берiп, ұлтты қалыптастыруда зиялылардың рөлi зор. Жалпы, зиялылары жоқ халық ұлт болып қалыптаса алмайды. Сондықтан, тәуелсiз мемлекеттiң төрт құбыласын түзеуде мәдениеттi қоғам құрып, ұлтты қалыптастыратын зиялыларға негiзгi мiндет жүктелiп, көп үмiт артылады. Сонда зиялылар деген кiмдер? Зиялы деп ел мүддесi үшiн күресiп, ақиқаттың ақ жолымен жүрген иманды, пенделiк тiршiлiк – пәни дүние кiрiптарлығы мен мұқтаждығынан құлан таза құтылып абсолюттi рухқа қол жеткiзген адамды айтады. Қазақстанның қазiргi даму жағдайында билiктен ақиқатты жоғары қойғанды зиялылықтың бiр белгiсi деймiз.
Бүгiнгi мәдениеттiң даму деңгейi қоғам талабына сай ма? Әрине, мәдениеттегi “талап” деген шартты ұғым, бiрақ ол қоғамның өркениеттiлiк деңгейiн және ел дамуына қажеттiлiгiн анықтау үшiн қажет. Бұл жердегi мәселе қазақтың романдары мен картиналары, күйлерi мен балетi т.б. туындылары және ғалымдарымыздың жетiстiктерi қоғамның жан-жақты дамуын қамтамасыз ете алады ма және елдi шетелдерге белгiлi деңгейде танытып жүр ме? Таныта алмаса оның себебi неде?
Бiз неге өзiмiздiң шығармалардан гөрi шет тiлден аударылғандарды оқуға, шеттен келген әртiстердi тамашалауға құмармыз, немесе өзiмiз киiм шығарудан гөрi Қытайдан шыққанды киюге, ана тiлден гөрi орыс тiлiнде сөйлеуге, ата дiннен ауытқып әртүрлi секталарды қабылдауға … бейiмбiз? Осылардың барлығының артында ұлттық идеяның қалыптаспауынан тоталитарлық жүйе кезiндегi мәңгүрттiктiң жалғасып, тобырлық психологияның қоғамдық санаға айналуы жатқан жоқ па?
Мәдениеттiң қоғамға қажеттiлiгi де, оның заман жүгiн арқалап мәңгiлiк туындылар шығаруы да оның алдына қойған мiндеттерiне байланысты болса керек. Бұл жерде алдымен А.Эйнштейннiң, “Достоевский маған басқалардың бәрiнен, Гаустен де көп бередi”, – дегенiнен әдебиеттiң физикаға, яғни ғылым мен техниканың дамуына оң әсерiн, ал К.Маркстiң, “Мен өзiме керек материалдарды ХIХ ғасырдағы экономистердiң еңбектерiнен емес, Бальзактың шығармаларынан алдым”, – дегенiнен әдебиеттiң қоғамның даму заңдылықтарын анықтап, оның iшiнде экономикаға әсерiн көрсек, Бальзактың шығармаларын оқыған Н.Назарбаевтың елдегi казинолар мен түнгi клубтарды жабу туралы шешiм қабылдауынан, осы ұлы жазушының зерек оқырмандарға мемлекет деңгейiнде шешiм қабылдауға ой салатынын көремiз.
Әлiшер Науаидiң алдына келген жас жiгiт, “сiз сияқты ақын болу үшiн не iстеу керек?”,- дегенде, ұлы ақын, “алдымен өзiңе дейiнгiлердiң шығармаларын жаттап алып, сосын оларды ұмыту керек …”, – деген екен. Бүгiнгi тәуелсiз Қазақстанның жас мәдениетi де ұлы ақынның алдында тұрған жас жiгiттей. Осы уақытқа дейiнгi әдебиет, өнер, ғылымдағы шығармалардың денi негiзiнен орысқа елiктеуден шыққан туындылар. Мәселе орыс мәдениетiнде емес, мәселе жалпы елiктеудiң ұлттық мәдениеттi дамытуды екiншi кезекке қалдырып немесе оны тоқырауға әкелетiн терiс әсерiнде. Ал, қандай да болса көзсiз елiктеу – ол мәдениеттен тыс нәрсе. Сондықтан, өнерге, әдебиетке т.б. мәдениеттi дамытамын дегендер Гесер мен Одиссейдi, Ләйла мен Мәжнүндi, Фауст пен Татьянаны, яғни әлем әдебиетi мен өнерiндегi ұлы шығармаларға елiктемей, оларды жаттап алып содан кейiн ұмыту керек. Одан кейiн шыққан туындылардан жасандылығы жоқ ұлттық бояу, ұлттық нақыш, ұлттық мiнез, ұлттық болмыстың табиғи тұрпатын көремiз. Ол елдi әлемге танытатын шынайы өнердiң, ұлттық мәдениеттiң туындылары. Осындай туындылармен тәрбиеленген ұрпақ болашақ өркениеттi ұлттың негiзiн қалайды. Яғни, ұлттың қалыптасуы осы жерден басталады.
Әлем мәдениетiне үлес қосатын өнер мен әдебиеттегi әрбiр ұлы туынды – ол ұлттық мәдениет арқылы шығатыны аксиома. Адам өзiн адамзат алдында ұлттық болмысы арқылы танытады. Одан өзгенiң барлығы адам табиғатынан тыс, мәдениетке жат, саяси этикетке негiзделген қоғамды адастыратын жалған нәрселер.
Ал, бiздiң осы уақытқа дейiн ұлы туындылар деп жүргендердiң көпшiлiгi елiктеуден, негiзiнен орыстарға елiктеуден шыққан дүниелер.
Осы уақытқа дейiнгi ұлттық мәдениеттi дамытуға үлес қосқан қандай дүниелер бар едi дегенде, алдымен әлемде теңдесi жоқ ұлы эпостар мен жыраулардың шығармалары, күйлер мен айтыстар, Махамбет, Ықылас, Құрманғазы, Ж.Аймауытов, Б.Майлин, М.Әуезов, I.Есенберлин, Ш.Мұртаза, М.Мақатаевтар, сурет өнерiнде Ә.Қастеев, Телжанов (“Көкпар”), М.Қалымовтар, кинода “Қыз Жiбек”, “Гаухартас” фильмдерi, драмалық шығармалардан Ә.Мәмбетовтың қойылымдары т.б. қазақтың ұлттық болмысы мен табиғатын терең көрсететiн дүниелер жатады.
Әрине, жоғарыдағы туындылар төрт құбыласы тең ұлт болып қалыптасуда отарлық және кеңестiк кезеңдердегi керi кеткен ұлттық сана мен қазiргi жаһандануға тойтарыс беруi екiталай екенiн тәуелсiздiк кезiнде ана тiлдерiн бiлмей өсiп шыққан бiр ұрпақ пен елде қаптаған дiни секталардан көремiз. Яғни, ұлттық болмысты түзеп, мемлекеттiң төрт құбыласын түгендеу үшiн күрес пен шығатын шыңдардың үлкенi алда
Соңғы кезде республикалық басылымдар мен телеарнада iнiлерiнiң Мұхтар Шахановпен сөзсайысы үдеп, осындай “айтыстар” сәнге айналып бара жатқан сияқты. Жалпы, қазақ әдебиетiндегi Мұхтарлардың қай-қайсысы да классиктер ғой. Сондықтан, олармен таласу “әлiн бiлмеген әлектiң” тiрлiгi болады. Жүрегiне екi рет операция жасалған пайғамбар жасындағы Шахановпен осындай таласқа баратындар екiншi Қарасартов болып қалмауларын да ойланғандары дұрыс. Соңғы 20 жылда ана тiлдiң намысын жыртып, “Өркениеттiң адасуы” сияқты ЮНЕСКО әлемдегi елбасшылардың барлығына оқуға ұсынған шығарма жазған жалынды ақын ағаларынан жастардың үйренерi көп. Жақсыдан үйрену де бiр өнер. Жалпы, әдебиет, өнер, ғылымға келгендер қолжазбалардың жанбайтынын ұмытпағандары дұрыс.
Бiздiң ақын-жазушылардың 10-15 томдық жинақтарының шығуы жақсы дәстүрге айналды. Осылардың iшiнде ең көлемдiсi, “Мәдени мұра” бағдарламасымен шығып жатқан М.Әуезовтың 50 томдық жинағы. Әрине, ол 100-150 томдық Гете, Сименон, Дюма т.б. әлем әдебиетiнде ең көп шығармалар жазған классиктерiнiң жинақтарымен салыстыруға келмейдi.
Тiл. Абыз Абай, “Өнер алды қызыл тiл”, – дейдi. Бұл жердегi қызыл тiл – ол ана тiлдiң байлығын өнерге айналдыратын шешеннiң дуалы аузынан шыққан асыл да нақыл СӨЗ. Алдымен СӨЗ, сондан кейiн АДАМ пайда болғаны белгiлi. Жалпы, тiл мәдениеттiң барлық салаларын бiрiктiретiн және оны дамытатын бiрден-бiр маңызды құрал. Яғни ол ұлттың жаны. Әрбiр ұлт басқалардан алдымен ана тiлiмен ерекшеленедi. Тiлi жоқ ұлт та болмайды. Сондықтан да А.Пушкин, “Тiлге сену керек. Барлық құдiрет тiлде”, – деген едi. Тәуелсiз ел мәдениетiн, яғни қоғамның жан-жақты дамуын қамтамасыз етiп өркениеттi мемлекеттi құруда қазақ тiлiнiң өмiрлiк маңызды рөлi осындай. Мемлекеттiң мәңгi жасауы, оның тiл мәдениетiн дамытуына тiкелей байланысты. Ал, тiлден тоқсан тұғыр iздеп елдi жан-жаққа тартқан аққу, шортан, шаяндардың тiрлiгi – ол мемлекеттiң тамырына балта шабатын мәңгүрттердiң әрекеттерi. “Надандарға дес берме …”, – дейдi Абай атамыз.
Елдегi мәдениет мемлекеттiк институттарды дамытатын күшке айналу үшiн алдымен оның салаларын өзара байланыстырып, оларды жүйелi бiрiктiретiн бiрден-бiр күш – мемлекеттiк тiлдi дамытып қоғамның барлық салаларына енгiзу қажет. Бiр тiлде сөйлеп, бiрдей ойлаған елдiң азаматтарында ортақ мүдде, ортақ Отан, ортақ мораль, ортақ мәдениет қалыптасады. Осындай принциптерге негiзделген мемлекеттiң мүддесi айқын, мақсаты белгiлi, iргесi берiк болады. Ондай мемлекет экономикасын өзi басқарып, тұрақты дамитын мәдениеттi (өркениеттi) қоғам құра алады. Тәуелсiз Қазақстанды дамытудың негiзгi формуласы – ол мемлекеттiк тiл арқылы мәдениеттi қоғамның негiзiнде өркениеттi мемлекет құру болып табылады.
Қазақ тiлi мен әдебиетiнде түзелмей келе жатқан келеңсiз iстердiң бiрi репрессияға ұшыраған А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытовтардың қазақ тiлi, психология, педагогикадағы еңбектерiн пайдаланған және өмiр бойы қазақ тiлiне және жоғарыдағы арыстардың ақталуына қарсы болған Кеңесбаев сияқтылардың плагиаттық iстерiнiң жалғасуы. Бұл жердегi мәселе тек плагиаттықта ғана емес, имандылықтан ада болғандардың сатқындығының отаршылардың қолшоқпарына айналып елдегi моральды бұзуы және қазақты бiрiктiруге, яғни ұлттың қалыптасуына кедергi келтiруiнде.
Қазақ диалектологиясының негiзiн салған академик Шора Сарыбаев екенi белгiлi. Жасы сексеннен асқан ақсақал осы салада алпыс жылдай еңбек етiп келедi. Ш.Сарыбаевтың редакциясымен шыққан “Қазақтың аймақтық терминдерi” атты еңбегiнiң атын “Диалектологиялық сөздiк” деп өзгертiп академиктiң сөздiгiн плагиаттар сол күйiнде басып шығарыпты.
Қоғамдағы моральдi бұзатын осындай келеңсiз жағдайлар өзiмiздiң принципсiздiгiмiз, “түлкi алмайтын тазыларды” жетелеу, “құлагерлердi мерт қылып, ауылдың тайын алға шығару”, талантқа тасты айырбастау сияқты әдiлеттiң ала жiбiн аттаған қоғамның тiрлiгiнен болады. Жалпы бұл өнерге деген мәдени көзқарас қалыптаспаған қоғамның бiр белгiсi. Осындай қылықтарды өркениеттi елдерден көрмейсiң. Осындайлардан арылмай тұрып тiл мен әдебиеттiң, жалпы қоғамның түзелуi қиын. Ондайларға шек қоятын механизмдi, яғни шығатын кiтаптарға экспертиза жасайтын құзырлы комиссия болуы керек және мерзiмдi басылымдар ондайлардың тiзiмiн жиiрек шығарғаны дұрыс.
Әдебиетке аудармашы болып келген Герағаң (Г.Бельгер) Ғ.Мүсiрепов, А.Жұбанов, Х.Есенжанов, Ә.Нұрпейсов т.б. қазақ әдебиетi мен өнерiнiң классиктерiнiң еңбектерiн орысшаға аударуда көп еңбек сiңiрсе, оның қаламынан Әйтеке биден бастап … Ж.Аймауытов, I.Жансүгiров, М.Симашко, А.Сүлейменов, талантты жас ақын-жазушылар да тыс қалған жоқ. “Қан мен тер” триллогиясының орыс тiлiне тамаша аударылуына Герағаң үлкен үлес қосып, Нұрпейсов-Бельгер творчестволық достықтары көпке үлгi болатын аңызға айналды. Ұлттық кiтапханадағы оның 340-тан астам библиографиясында әдебиет пен өнердiң, оның iшiнде қазақ әдебиетiнде қалам тартпаған саласы кемде кем.
Сан салалы Герағаң творчествосының шыңы – ол Абайдың өлеңдерiн немiс тiлiнде сөйлету арқылы оны Батысқа танытуы және қазақ мәдениетiне реформаторлық жаңалық әкелген “Гете және Абай” монографиясы. Себебi, Абай өлеңдерi осы уақытқа дейiн бiр жағынан орыс тiлiне аударылып жарымаса, екiншiден оны басқа ұлы ақындармен салыстырғанда “Татьянаның әнiнен” әрi аса алмай жүрген болатын. Г.Бельгер еңбегiнiң ерекше құндылығы – онда Батыс пен Шығыстың рухын жете түсiнген осы ұлы ақындардың басқалардан ерекше қырлары ашылып оларды жақындастыра түседi.
Герағаңның бұл монографиясындағы реформаторлық iсi – ол осы ұлы ақындардың фаустық рухтарының ұқсастығын, олардың шығыс поэзиясының алыптарын терең меңгерген творчестволарын жан-жақты салыстырмалы саралау арқылы ашу едi.
90-шы жылдары тәуелсiз ел өмiрлiк құндылықтар мен қоғамдық қатынастарды өзгерту арқылы жаңа мемлекеттiң негiзiн құрып жатқан күрделi кезде Абайдың фаустық рухын елге және оның шығармаларын Батысқа танытуда М.Әуезовтен кейiн жаңа реформаторлық iс атқарып, ұлағатты принциптерден айнымай мемлекеттiк тiлге тiрек болып келе жатқан зиялыларымыздың бiрегейi осы Герағаң. Ондайды қазақ, “Нар жолында жүк қалмас”, – дейдi.
Түркiлер әлемдегi өнерi бай халықтардың қатарына жатады. Немiс ғалымы А.Фон Габен, “Еуропа мен мұсылманның миниатюралық кескiндемесi живопись ұйғырлардан, яғни түркiлерден шыққан”, – дейдi. Бұл болашақта зерттеудi талап ететiн тақырып.
Эпостар – ол көне түркiден қазаққа мұра болып қалған көшпендiлер өркениетiнiң асыл қазынасы. “Гесер”, “Манас”, “Алпамыс”, “Ер Тарғын” т.б. эпостың тамаша үлгiлерiн көшпендi түркiлер және “Рамаяна”, “Веда”, “Ригведа” сияқты эпостарды арийлер шығарып әлемге таратқан. “Орта Азиядан шыққан көшпендiлер эпостарды басқа халықтарға таратып өмiрдегi қайғы, драма дегендердi үйреттi”, – дейдi А.Вебер. Сондықтан, бiзде бүгiнгi драма театрларында қойылатын дүниелер ұлттық мәдениет туындылары – эпостарға негiзделгенi дұрыс.
Жақында Дж.Вердидiң “Аида” операсының Астанадағы қойылымы республикалық телеарналардың барлығынан көрсетiлiп, оған ұлттық туындылардың ешқайсысына көрсетiлмеген құрмет жасалып, мәдениеттегi елеулi құбылыс етiп көрсетiлдi. Әрине “Аидадай” бiр ғасырдан берi сахнадан түспей келе жатқан ұлы туындының бiзде қойылғаны дұрыс және ол опера театрлары үшiн үлкен сын. Бiрақ, оған ұлттық өнердiң тамаша туындыларынан да артық көңiл бөлiнуi – ол бiзде ұлттық өнер мен сана-сезiмнен гөрi басқаға елiктеудiң басым, яғни төл мәдениетiмiзге деген жанашырлықтың ауылының алыс екенiн көрсетедi. Бiзде сондай туындылар болмай жатса жөн ғой. Кезiнде “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырымен танысқаннан А.Пушкин, оның сюжетiн У.Шекспирдiң шығармаларынан жоғары қойған болатын. Бiздiң “Қыз Жiбек”, “Ұлбике”, “Еңлiк-Кебек”, “Ер Тарғын”, “Алпамыстар” әлемдiк сахналардың кез-келгенiн көркейтетiн құнды дүниелер. Жалпы, түсiнген адамға “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Қыз жiбек”, “Еңлiк-Кебектер” адамзаттың сезiмi мен рухының абсолюттi шарықтау шегiне жеткен махаббат жырлары. Бiз осындай асыл туындыларды неге шетке шығарып, барымызды көрсетпеймiз? Әрине, “өнерге әркiмнiң де бар таласы”, – дегендей ағайын сынды түсiнедi деп ойлаймыз.
Өнер саласында шеттен әртiстер шақырып, олардың қойылымдарын сахналағаннан гөрi Еуропадағы ең үздiк финнiң хорына халықтың және Абайдың әндерiн қазақша айтқызып, АҚШ пен Норвегияның жетекшi режиссерлерiне “Тiлек пен Сара” операларын әлем сахналарында қазақ тiлiнде қойғызып жүрген кәсiпкер-меценат Сапар Ысқақовтан неге үлгi алмаймыз? Қазақ өнерiн әлемге таратуда С.Ысқақовтың бiр өзi бүгiнде бiр министрлiктiң жүгiн арқалап жүр.
Қазақтың музыка өнерiнiң негiзi – ол құдiреттi күйi. Күй әлемдегi халықтардың iшiнде тек қазаққа ғана тән өнер болғандықтан, оны музыканың басқа жанрларымен (симфония т.б.) салыстыруға болмайды. Басын эпостар сияқты көнеден алатын күй тарих пен өмiрдiң барлық салаларын қамтыған музыканың әмбебап саласы.
Күй өнерiнiң шарықтау кезеңi – ренессансы ХIХ ғасыр болып табылады. Құрманғазы, Дәулеткерей, Ықылас, Тәттiмбет, Қазанғап т.б. сияқты ұлы күйшiлердiң шығармалары сол ғасырда дүниеге келдi. Ендi ондай алтын ғасырдың қай уақытта қайтып оралары белгiсiз.
Күй мен домбыра егiз ұғым. Күй, күйшiлiк, күй өнерi туралы аз жазылған жоқ. Жалпы, күй туралы жазудан гөрi оны тыңдау керек. Қазақ болу үшiн күй тыңдай бiлу керек. Қазақтың басқалардан ерекшелiгi де, артықшылығы да оның күйi мен домбырасында. Iлияс Жансүгiров күй мен домбыра туралы:
“Домбыра сенде мiн бар ма?
Мiнсiз болсаң – тiл бар ма?
Тiл жоқ деуге бола ма,
Тiлден анық үн барда?
Домбыраның күшi мол,
Көмейiнде күй барда”, –
деп жырлаған. Күй ренессансының уақыты өткенiмен оның әлемнiң төрт бұрышына тарайтын уақыты алда. Ол қазақ өнерiнiң болашақтағы мiндеттерi.
Осы уақытқа дейiн күй, толғау, айтыс т.б. дәстүрлi қазақ өнерiнiң мектеп бағдарламасына кiрмегенi тiптен түсiнiксiз. Түсiнiксiз емес, ол салақтан олақ жаманның тiрлiгi. Тарихты, оның iшiнде мәдениеттi де жасайтын белгiлi тұлғалар. Сондай тұлғалардың iшiнде өткен ғасырдың 20-шы жылдары жаңадан өнер, әдебиеттi, жалпы мәдениеттi жасауда Темiрбек Жүргеновтiң орны ерекше. Елде кәсiби актер, музыканттар, әншiлер мен мамандарды дайындайтын мектептер құрылмаған жағдайда ол сырттан Брусиловский, Ерзакович, Мацуцин т.б. композиторларды шақырды. Ал, олар өз кезектерiнде “Құрманғазы” оркестрiн құрған Ахмет Жұбанов, қазақ киносының негiзiн салған режиссер Асқар Тоқпановтарды т.б. дайындады. Алматы консерваториясы мен Құрманғазы оркестрлерi сол кезде ашылды.
Ильяс Омаров болса кеңестiк өнердi дамытқан “Гүлдер”, “Алматының жас балетi”, эстрадалық студия, хореографиялық училище, “Дос Мұқасан” бастаған бiр топ вокальдi-инструменталдық ансамбльдердiң құрылып дамуына атсалысты.
Одан кейiнгi министр Өзбекәлi Жәнiбеков өнердi ұлттық бағытқа бұрып “Алтынай”, “Салтанат”, “Сазген”, “Отырар сазы” (Н.Тiлендиев), “Адырна” сияқты ұлттық дәстүрдегi фольклорлық ансамбльдер құруды ұйымдастырды. Барлық облыстық филармониялардың жанынан фольклорлық ансамбльдер ашылды.
Жоғарыда аталған тұлғалармен қатар Шаяхметов, Оңдасынов, Д.Қонаевтар өткен ғасырда ел мәдениетiнiң дамуына елеулi үлес қосумен қатар бiзде бұрын болмаған саяси мәдениеттi қалыптастырды. Саяси мәдениет дегенiмiз – қоғамдағы барлық топтардың (билiк, зиялылар, оппозиция т.б.) арақатынасының өркениеттi жүруiн қамтамасыз ету. Оны түсiну үшiн тарихқа қасқаша шолу жасайық. Мысалы, Бiлге мен Күлтегiн қағандарда Тоныкөк, Жәнiбек ханға Асан қайғы оппозицияда болса, Есiм ханға Жиембет жырау, Абылайға Бұқар жырау, Нұралыға Сырым Датұлы, Жәңгiр хан мен патшаның саясатына Махамбет пен Исатай, одан кейiн билiкке оппозицияда Ахмет Байтұрсынұлы бастаған барлық алашордашылар мен Шоқай, Бекмаханов, Әуезовтер. Қонаев кезiндегi билiкке Сәтбаев, Тәшенов, Есенов, Букетовтер, одан кейiн Есеналиев, Тайжан, Әбiлсейтов … кезiнде “Азамат” және ҚДТ-ын қолдаған зиялылыр т.б. Қарап тұрсақ, тарихта қазақ зиялыларының iшiнде барлығына жуығы оппозицияда болған және олар ақылгөй-кеңесшi мiндетiн атқарған абыздар болғандықтан мемлекеттiң негiзгi тiрегi болған. Себебi ханның бәрi ақылды бола бермеген. Сондықтан да Тоныкөк дүниеден өткесiн басынан бiрлiк-береке кеткен Ұлы түрiк қағанаты ыдырады немесе мемлекет ретiнде өмiр сүруiн тоқтатса, Жәнiбектiң жеңiлтек iстерiн сынаған Асан қайғының айтқандары бiрнеше ғасырдан кейiн айна қатесiз келдi, Бұқар жыраумен тiл табыса алмағаннан кейiн Абылайдың басынан бақ тайып, нөкерлерiмен Көкшеден көшуге мәжбүр болды.
Оппозиция, яғни қоғамның жоғын жоқтап ондағы кемшiлiктердi түзетiп болашақ жолды көрсететiн зиялылардың қоғам дамуындағы қажеттiлiгi заңды құбылыс. Оппозициясыз қоғам – ол Асан қайғы бабамыз айтатын “бақалардың мекенi – шiрiген батпақ”. Осыны түсiнбеген қоғам дамымай тығырыққа тiреледi. Оған дәлел елдегi зиялылармен бiрге билiкке бақталастардың барлығын репрессияға ұшыратып елдi қанға бояған Сталиндiк және фашистiк режимдер.
Сол кезде Республиканы басқарған Ж.Шаяхметов Оңдасыновты шақырып алып екi папка ұсынып тұрып, “… бұның бiрiншiсiндегiлердi құтқара алмаймыз, екiншiсiндегiлердi құтқаруға болады. Оның iшiнде Әуезов те бар. Үлгере алсаң iске кiрiс”, – деп тапсырма берген. Әуезов бастаған көптеген зиялылардың тiрi қалғаны осындай азаматтардың арқасында.
Қазiр “қараңғы бөлмеден қара мысық” iздеген кейбiр швондерлердi көргенде, олар бүгiн арамызға Абай тiрiлiп келсе, оны да түрмеге қамаудан қаймықпас деген ой келедi.
Ғасырлар бойы аңсаған тәуелсiздiкке қол жеткiзсек тұншығып жатқан мәдениетiмiз жан-жақты дамитын болар деген үмiтiмiз әзiрге ақталған жоқ. Қайта керiсiнше, соңғы 20 жылда тоталитарлық жүйе кезiнде жоғарыдағы ағаларымыз салған даңғыл жолдан айырылып бара жатқан сияқтымыз. Елдi бiр енжарлық пен масылдық жайлаған. Бәрiнiң күтетiнi Шварцтiң айдаһары. Айдаһар өлдi десең сенбейдi. Сенгендер көлеңкесiнен қорқады. Бастық болған әрбiреудiң табанын жалаудан әрi аспайтын ондайлардан не үмiт, не қайыр.
Әдеби және балаларға арналған кiтаптардың құндарының жасанды түрде бiрнеше есе өсуi, авторлардың қаламақысының бiрнеше есе кемуi айналып келгенде кiтап шықпайтын және шыққан аз кiтаптың өзiн алуға мүмкiндiгi жоқ оқырман аз уақыт iшiнде кiтап оқымайтын мәдениетсiз қоғамға айналып, қаламақысыз қалған зиялылар елге тiрек болмақ түгiл отбасыларын асырай алмайтын жағдайға жеттi. Бұл азатын қоғамның келбетi. Оны аздырып отырған парақорлардың елге зияны шегiрткедей қаптаған заңсыз секталардан кем емес.
Ақпараттың да жағдайы сондай. Қазiр мемлекеттiк тiлдегi ең мықты сайттарды жүздеген миллион қаржы бөлiнген құзырлы орган емес, Монғолиядан шыққан екi қазақ студентi мен жорналшылар ашқан екен. Жыл сайын бюджеттен аудармалар жасап, сайттар ашуға бөлiнген қаржы қайда кетiп жатыр? Бөлiнген қаржы орта жолда талан-таражға түскесiн мәдениет қалай дамымақ? Бұл тәжiрибе көп мәселенiң (оның iшiнде экономика мен ауыл шаруашылығы) тек қаржы бөлумен ғана емес, жақсы мамандардың адал ниетiмен шешуге болатынын көрсетедi.
Елдегi орыстiлдi газет-жорналдар т.б. басылымдар қаламақы төлейдi де, қазақ тiлдi басылымдар төлемейдi. Сондықтан да қазақ басылымдары дамымайды.
Ел болашағы қандай болмақ? Бұл, өтпелi уақыттың өтiнде, жерiңе қызығып отырған екi алып империяның ортасында отырған Елге, Елбасына, бәрiмiзге ойланатын мәселе.
Э.Хэмингуейдiң, “По ком звенить колокол?” дегенi, – ол Қызылқұм мен Арқадағы, Атырау мен Алтайдағы, шетте жүрген барлық исi қазақ пен осы елдiң барлық азаматтарының Қазақстанның тағдырына бiрдей жауапты екенiн көрсетедi.
Қазақстан, туысқан түрiк халықтарымен бiрге дамығанда мәңгi жасайтын болады. Қазақ мәдениетi дамуының базалық негiздерi – эпостық жырлар, түркiнiң сәулет өнерi және халықтың әнi мен күйлерi. Осылардың негiзiнде дамыған ұлттық өнер мен ғылым технологияға бағытталған экономика мен мәдениеттi қоғамды қалыптастырады.
Мәдениет деген қасиеттi ұғымды аяқасты етпей, мақсатымыз айқын, рухымыз биiк болу үшiн алдымен, ақын Қонысбай Әбiлдiң,
Осылардың салмақта артық-кемiн,
Жөнiң бар ма шалқақтар шалқып сенiң.
Жоғалтып ап, ел болып таппай жүрген,
Хан Кененiң басынан артық па едiң? —
дегенiн, содан кейiн Жюль Верннiң “Курьер царя” романындағы Кенесарының өз рухын түсiнгенде бiз де төрт құбыласы тең ел боламыз.
Жанұзақ ӘКIМ, Еуропа Ғылым академиясының мүшесi