CӨЗ АРҚАУЫ — ШӘКӘРIМ ТАҒЛЫМЫ
CӨЗ АРҚАУЫ — ШӘКӘРIМ ТАҒЛЫМЫ
Шәкәрiмнiң 150 жылдық мерейтойы қарсаңында теолог-ғалым Досым Омаровтың “Шәкәрiм шыңы” және “Шәкәрiмнiң “Үш анығы” атты екi кiтабы жарық көрдi.
Данышпанның рухани мұрасын кеңiнен игеру үшiн бұл екi еңбектiң үлкен маңызы бар. Досым Омаров кiтаптарында ойшыл ақын мұрасындағы адам болмысының қалыптасуын, болмыстағы алатын орнын, басқа жан иелерiмен байланысын жан-жақты талдап, данышпанның терең сырлы ойларын оқырман көңiлiне қонымды да, жеңiл тiлмен жеткiзе бiлген.
Досымның ойы бойынша, адам болмысының қалыптасуы мен тағдыры оның бұл дүниеге келгендегi үш жағдаймен тығыз байланысты. Мұны адам өмiрiнiң үш бастауы деуге болады. Яғни, адамның болашақта көретiн қуаныш-қайғысы, жасайтын жақсы-жаман қылықтары мен iстерi, ой-өрiсiнiң қалыптасуы, тiптi бүкiл өмiрiнiң бақыты осы үш бастаудың сапасына, iске асу деңгейiне және олардың өзара үйлесiмдiлiгiне байланысты. Халық дәстүрiнде бұл бастаулар жақсы ескерiлiп, олардың үйлесiмдiлiгi келешек ұрпақ тағдыры үшiн қатаң қадағаланып отырған. Бұл бастаулардың бiрiншiсi — ата-ананың қасиеттерi, яғни генасы; екiншiсi — өскен ортасы, яғни алған тәрбиесi; үшiншiсi — адамның жан дүниесiнiң ерекшелiктерi. Досым Омаров өзiнiң “Шәкәрiм шыңы” кiтабында ойшыл ақынның өмiрiн мысалға ала отырып және оның терең сыр сөздерiне сүйенiп адам болмысының осы үш бастауын жақсы көрсетедi.
Адам тағдырын құрайтын бұл негiзгi үш шарт бiр-бiрiнен бөлек, өзара тәуелсiз. Сондықтан бiреуiнiң кемшiлiгiн екiншiсi толықтыра алмайды. Бұл табиғи заңдылық және барлық жан иелерiне ортақ. Педагогика, психология және саяси-әлеуметтiк ғылым салалары келешек ұрпақ тәрбиесiнде, қоғамның рухани деңгейiн көтеруде мұны қатты ескерулерi керек. Мысалы, өсiмдiктiң дұрыс өнiм беруi де оның ұрығының жоғары сапалы, топырақтың құнарлы, күтiмiнiң жақсы болуы тәрiздi үш бастауға байланысты екенi биологиядан белгiлi. Егер құнарсыз топырақ болса, оған қандай жоғары сапалы ұрық егiлсе де өнiмi төмен болады. Немесе, қандай құнарлы топырақ бола отырып, қандай жоғары сапалы дән егiлсе де егер кезiнде суару, топырағын қопсыту тәрiздi агротехникалық күтiмдер болмаса, дұрыс өнiм болмайтыны белгiлi. Тiптi егiлген тұқым өнiм бермей, өлiп қалуы да мүмкiн.
Ендеше бүкiл жанды табиғатқа ортақ осы заңдылықты адам тәрбиесiнде неге үнемi есте ұстамасқа? Мұны ескермесек бала тәрбиесiнде де, ұлтымыздың сапалық қасиеттерiн өсiруде де үлкен қателiктер жiберуге болады. Мысалы, баланың туған ата-анасы жақсы болып, жас шағындағы жан дүниесi басқалардан ерекшеленiп тұрғанымен, оның өскен ортасы, алған тәрбиесi дұрыс болмаса, ол баланың өсе келе өзiнiң табиғатынан берiлген ерекше қасиеттерiн жоғалтып алуы мүмкiн. Мұны бала тәрбиесiмен шұғылданатын педагогтар жақсы бiледi.
Досым “Шәкәрiм шыңы” кiтабында Шәкәрiмнiң данышпандық, даралық құпиясын түсiну үшiн әуелi оның осы үш бастауына үңiледi. Шәкәрiм өмiрi арқылы осы үш бастаудың өзара байланысын көрсетедi.
Адам өмiрiне әсер ететiн оның ата-тегi, өскен ортасы және жан дүниесiнiң ерекшелiктерi әуелде нәрестенiң пайда болар шағында бiр-бiрiне тәуелсiз бастаулар болса да, сонымен бiрге, ана құрсағынан бастап келешек баланың қандай адам болып дүниеге келуi олардың үйлесiмдiлiгiне байланысты болады. Бұл үйлесiмдiлiкке байланысты өмiрде жақсыдан жаман туып, ал жаманнан жақсы туатын жағдайлар жиi кездеседi. Мысалы, егер анасы екiқабат кезiнде өзiн дұрыс күтiнбей, өмiрiн үйлесiмдi жасамай, табиғи заңдылықтарды бұзатын болса, онда әке қандай асыл тектен шығып, оның қасиеттерi қандай жоғары болса да, келешек баланың дұрыс болмай, оның психикасы мен дене бiтiмi әлсiз, аурушаң болуы әбден мүмкiн. Кәдуiлгi өмiрде кейбiр жағдайларда iштегi нәрестенiң өсуi ананың мiнез-құлқына қатты әсер етiп, ол ана түрлi қайғы-қасiретке ұрынады. Не болмаса, дұрыс тамақтанбай, ащы, қышқыл нәр татып, тiптi, арақ iшiп, темекi тартатын аналар да болады. Осылай жатырдағы нәрестенiң өсу ортасы бұзылып, оның басқа екi бастауы жақсы болғанына қарамастан, өмiрге қаншама көп бала зардапты кемшiлiкпен келiп жатыр!
Досым Омаров ерiк пен тағдыр байланысын да ашып бередi. Адам баласына ерiк және оны өз мақсатында дұрыс пайдалана бiлу үшiн ақыл берiледi. Ал адам баласынан басқа жан иелерiнде ондай ақыл мен ерiк жоқ. Олар инстинктпен өмiр сүредi. Сондықтан хайуанаттар ешуақытта табиғат заңдылықтарын бұзбайды. Хайуанаттар мен өсiмдiк әлемiндегiлер табиғат заңдылығы аясынан шықпайтын болғандықтан олардың жақсы тұқымынан дұрыс бағып, күту арқылы жақсы өнiм алынады.
Адам баласының табиғаты басқа. Ол өзiне берiлген аздаған ерiктi дұрыс пайдалана алмай, сезiмдерiне берiлiп, табиғат заңдылығы аясынан жиi шығып, оған қарсы әрекет етедi. Сөйтiп, кейде болмыс үйлесiмдiлiгiнен де шығып кетедi. Болмыс үйлесiмдiлiгiнен шығып, табиғат заңдылығына қарсы әрекет жасағаннан кейiн ол, әрине, дұрыс жетiле алмайды. Осылай, ол табиғаттың әдiлет заңдылығы бойынша жетiлу емес, құлдырау жолына түсiп, тағдыры өзгередi. Сонымен, қарапайым өмiрде адам баласына ерiк берiлiп, бiрақ олар оны дұрыс пайдалана алмай, табиғат заңдылығын жиi бұзатын болғандықтан, оларды селекциялау қиынның қиыны деуге болады. Хайуанаттар тәрiздi табиғат заңдылығын бұзбайтын қатаң тәртiпке алып, ерекше тәрбиелегенде ғана адам баласын хайуанаттарды жақсартқандай жақсартуға болатын шығар, деп жазады автор. Бiрақ, ондай жағдайда адамның еркiн алатын тоталитарлық тәртiп керек. Ал бұл адам табиағатына болмыстан берiлген ерiкке шек қою деген сөз. Болмыстың берген еркiне шек қойып, табиғат заңдылығына қарсы, адамға зорлық көрсеткенi үшiн, тоталитарлық тәртiп көп өмiр сүре алмай, күйреуге ұшырайды. Бұған өткен коммунистiк қоғам мен Чили президентi Пиночет сияқтылардың орнатқан тәртiптерi жақсы мысал.
Адамның рухани қасиеттерiн алатын болсақ, оларды селекция арқылы жетiлдiру тiптi мүмкiн емес. Себебi жан қасиеттерi тек қана жаннан шығады. Бұл арада селекция заңдылығы дәрменсiз. Селекция заңдылығы тек қана материалдық әлемдi басқара алады. Баланың жоғары рухани жанды болуы ата-анасының қасиеттерi ғана емес, олардың келешек ұрпақ негiзiн салу кезiндегi ниеттерiнiң тазалығы, жоғары мақсаттары, ой дұрыстығына байланысты. Егер олардың сезiмдерi таза болып, ой-өрiстерi жоғары болса, онда келешек нәрестенiң жаны да жоғары әлемдерден нәр алып, рухы таза болады. Жоғары рухтың отбасына келуi әке-шешенiң генасына және өскен ортаға ғана байланысты емес екенiн автор осылай көрсетедi.
Шәкәрiм бiлiмi — материалдық болмыс пен рухани болмысты бiрдей қамтитын толық бiлiм. Ол заттық әлем заңдылықтарын, табиғи өмiр көрiнiстерiн саралай отырып рухани болмыс сырларын ашып отырады. Осылай Шәкәрiм қазақ философиясында алғаш рет осы екi дүниенi — рухани дүние мен заттық дүниенi бiрiктiруге ұмтылып, олардың арасында қайшылықтың жоқ екенiн, керiсiнше, олар бiр-бiрiмен тығыз байланыста екенiн дәлелдеуге тырысты, дәлелдедi де.
Өз заманының бiлiмдiлерiнiң бiрi болған Шәкәрiм дiни шеңберде қалып қойған жоқ. Ол таза материалист философ та болған емес. Кiтапта Шәкәрiм дүниетанымы — рух пен тәннiң, дiн мен философияның синтезi, болмыстың екi бөлiгiн бiрiктiрген жаңа деңгей екенi көрсетiледi.
Ерлiк мiнез бен ой еркiндiгi, әрине, “Құранның шын мағынасын шатақ ұғып, Молдалар маған қоймақ кәпiр деп ат” деп ақынның өзi мойындағанындай, кезiнде ұлы ойшылға көптеген қиыншылықтар тудырды. Бiрақ, өзiнiң ойының әдiлдiгiн жақсы бiлетiн Шәкәрiм ешкiмге де мойын ұсынбады, ешкiмге де берiлген жоқ. Барлық ақиқатты тура жазып, барлық шындықты тура ашып бередi. Мұндай көркем мiнез, асыл қасиеттiң қазiргi кездерде қандай үлкен тапшылық екенi баршаға аян. Сондықтан Шәкәрiм өмiрi қазiргi бiзге де, келешек ұрпаққа да үлкен өнеге.
Ойшыл ақынның жазғандарынан өзiмiзге тосын көрiнетiн ойларды, тiптi түсiнiксiз тұжырымдарды кездестiретiн болсақ та, оларды ақыл таразысына салып қарасақ, барлығы да адамзаттың ұлы тұлғалары айтып кеткен болмыс шындығы, қасиеттi жазбалармен жақсы үндесетiн, бiрақ әлi бiзге кездеспеген дүниелер екенiн көре аламыз. Себебi, Шәкәрiм өзiнiң ой тұжырымдарын жүрек түбiнен алып, таза ақылға салып және адамзатқа берiлген қасиеттi жазбалармен салыстырып, тексерiп отырған. Осылай Шәкәрiм сана-сезiмiн ұштай отырып, философиялық ой-өрiстiң шыңына көтерiлген. “Сондықтан, оның сөздерiнде қателiк болмайды” деп тұжырымдайды кiтап авторы.
Досым Омаров екiншi кiтабында Шәкәрiмнiң “Үш анық” атты дүниетанымдық шығармасына түсiнiктеме жазады. Бұл күрделi шығарманы шама-шарқына байланысты әркiмнiң әртүрлi түсiнетiнi белгiлi. Автор Шәкәрiм берген үш анықты былай деп анықтайды. Бiрiншi анық — сезiм мүшелерi қабылдайтын болмыстың заттық көрiнiсi. Бiрақ болмыстың бұл көрiнiсi ақиқат емес, яғни толық болмысты бiлдiрмейдi. Толық болмысты, яғни ақиқатты ақыл көзiмен ғана көруге болады. Ақыл көзi дегенiмiз, адамның логикасы, немесе ақыл-ойының жұмысы. Шәкәрiм “ақыл” деген сөздi оның кең мағынасында пайдаланады. Ақыл адамның ақыл-есiн, ой-өрiсiн, сана-сезiмiн анықтайды. Сондықтан осы бiр сөзбен адамның адами қасиетi белгiленедi.
Екiншi анық — өлiмнен соңғы тiршiлiк, яғни болмыстың көзге көрiнбейтiн бөлiгi. Болмыстың бұл бөлiгi эзотерикалық, көзге көрiнбейтiн әлемге жатады.
Ал үшiншi анық — екi өмiрге де, яғни көзге көрiнетiн заттық әлем мен көрiнбейтiн әлемге де керек — ұждан.
Шәкәрiмнiң “Үш анығын” талдау барысында Досым көрнеу және көрiнбейтiн әлемдердiң байланысын көрсетiп, олардың көптеген сырларын ашып, адам о дүниеге өткеннен кейiн жасалатын жетiсiн, қырқын, жылын беру тәрiздi халық дәстүрiндегi көптеген көлеңке тұстарды түсiндiрiп бередi.
Күнделiктi өмiрде адамның болмыспен үйлесiмдi болып, дұрыс тiршiлiк құруы оның ақылына көп байланысты екенi белгiлi. Ақыл адамның нәзiк болмысына жатады.
Ақылдан ой туады. Адамның ақылы дұрыс бағытталмаса, оның ой-өрiсi төмендеп, жаман қасиет, жаман әдеттерге ие болады. Жаман оймен жақсы әрекет жасауға болмайды. Ендеше, сау емес, дерттi ақылмен адам өмiрде бақытты бола ала ма? Әрине, бола алмайды. Ой мен тағдырдың тығыз байланысы туралы автор былай деп жазады: “Ойдан әрекет туады, әрекеттен әдет туады, әдеттен мiнез туады, мiнезден тағдыр туады”. Егер шеткi екеуiнiң арасындағыларды алып тастасақ: “ойдан … тағдыр туады” болып шығады. Осылай тағдырдың оймен тығыз байланысты екенiн көремiз. Бұл “Қалай ойлауымызға және не туралы ойлауымызға байланысты бүкiл тағдырымыз құралады” деген сөз. Ой ақылдан шығады. Ал ақыл бес сезiм мүшесi арқылы хабар алады. Ендеше сезiм мүшелерiмiзбен ненi қабылдап, неден аулақ болу керек екенiн жақсы бiлуiмiз керек. Сонда өзiмiздiң ойымызды өзгерте аламыз. Ой өзгерсе — тағдыр өзгередi. Яғни, өмiрiмiздiң дұрыс болуы үшiн ең әуелi не тыңдап, не көрiп, кiммен қалай дұрыс қарым-қатынаста болуымыз керек екенiн жақсы бiлуiмiз керек екен. Әркiмнiң бақыты өз қолында дегенiмiз осы.
Автор жанның не екенiн, рухтың не екенiн және ақыл-естiң табиғатын, олардың өзара байланысын түсiндiредi. Адамның рухани болмысы жан және рухтан құралады, ал материалдық болмысы — психикадан, яғни нәзiк денеден және тәннен құралады. Адам өмiрi осы төртеуiнiң өзара үйлесiмдiлiгiне тiкелей байланысты. Адам өмiрi олардың өзара үйлесiмдiлiгiне байланысты бiрде өрлеп, бiрде құлдырап, құбылып отырады. Бұл тезис бүкiл адамзат өмiрi үшiн, сонымен бiрге, әрбiр жеке адам үшiн де өте маңызды. Бұл тезистi қолданудың екi жолы бар. Оның бiрiншiсi — бұл өмiрдiң негiзгi мақсатын түсiнiп, сол мақсатқа жетудi өзiне мiндет етiп қойған рухани жолдағы адамдар үшiн. Олар бұл тезистiң бiрiншi жартысын, яғни, рухани жағын алға қояды. Ал екiншi жартысы, яғни, материалдық жағы, олар үшiн тек қана жанды денеде сақтау үшiн ғана керек. Басқа сөзбен айтқанда, олар тәндi тек қана жан үшiн, жанның құлшылық етуi үшiн ғана пайдаланады. Олардың өмiрi — тән құмарын, нәпсiлерiн толық ауыздықтаған, аскеттiк өмiр.
Тезистi қолданудың екiншi жолы — жалпы көпшiлiкке арналған. Шәкәрiм жалпы көпшiлiктiң алдына қойған нақты рухани мақсаты болмайтынын бiлдiредi. Сондықтан олар өздерiнiң бақытын өмiрдiң қуаныш-қайғысынан iздейдi. Фәни әлемде өзiн бақытты сезiну үшiн адам рухани және материалдық жағын тең ұстауы керек. Олар үшiн бұл екi жарты құстың екi қанаты тәрiздi. Құс екi қанатын тең ұстамаса бағытынан ауытқып кететiнi тәрiздi, әрбiр адам, сонымен бiрге, қоғам, тiптi адамзат өмiрi осы екi қанатты тең ұстанбағанда дамудың тура жолынан ауытқып, құлдырау жолына түседi.
Табиғат сырлары шексiз. Табиғат сырларының шексiз болуының себебi — заттық көрнеу әлемге көрiнбейтiн эзотерикалық әлем әсер етiп, онымен тығыз байланыста болып, үнемi өз ықпалын жасап отырады. Соның нәтижесiнде заттық әлем жанданып, өңгеленiп, өзгерiп, шексiз тiршiлiк көрiнiстерiн бередi. Кiтапта адамның нәзiк болмысы нәзiк әлемнiң бiр бөлiгi екенi, сондықтан адамның ой-өрiсi мен iс-әрекетi болмыс өмiрiне үлкен әсер ететiнi көрсетiледi. Автор осылай нәзiк әлем мен заттық әлем арасындағы үзiлмейтiн байланыс сырларымен таныстырады.
Досым Омаров өзiнiң еңбектерiнде оқырманға әлемнiң нәзiк сырларын түсiндiрiп, бүгiнгi күндердегi қоғамдағы келеңсiз көрiнiстер мен экономикалық дағдарыстың себебi ең әуелi Шәкәрiм берген “ар iлiмiн” ұмытып, соның кесiрiнен рухани дағдарысқа ұшыраудан деп бiлдiредi.
Досымның көп жылдар бойы Абай дүниетанымын зерттеп, абайтану саласына елеулi үлес қосқаны белгiлi. Шыңғыс Айтматов оның еңбектерiне жоғары баға берген. Заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовпен екеумiз жақсы таныс едiк. Ол Досым Омаровтың “Абайтану” кiтабын оқып шыққан екен. Бiрде екеумiз жолыққанда ол менен: “Абайтанушы Досым Омаровты бiлесiз бе?” деп сұрады. Мен оны жақсы бiлетiнiмдi айттым. Ол “Рақым Алмабекұлы, Досымның “Абайтану” кiтабы абайтану саласын рухани жаңа деңгейге көтерген еңбек екен” деп Досым еңбегiне өзiндiк жоғары баға бердi. Кейiннен марқұм Шыңғыс Айтматов өлерiнiң алдында “Абайтану” кiтабын үлкен бiр ғылыми отырыста мақтап, оны қырғыз тiлiне аудару керектiгiн ескерткен екен. Шыңғыс Айтматовтың Досым Омаровқа деген осындай iзгi ниетi туралы Әсет Мұқашбеков өзiнiң “Рух пен тәннiң саулығы” атты кiтабында жазады.
Рақым ОРАЗАЛИЕВ, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигi