АТЫ –”ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЗАМАТТЫҚ АЛЬЯНСЫ”, АЛ ЗАТЫ?..

АТЫ –”ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЗАМАТТЫҚ АЛЬЯНСЫ”, АЛ ЗАТЫ?..

АТЫ –”ҚАЗАҚСТАННЫҢ  АЗАМАТТЫҚ АЛЬЯНСЫ”, АЛ ЗАТЫ?..
ашық дереккөзі
451

“Қазақстанның азаматтық альянсы”, яғни, “Гражданский альянс Казахстана” деген ұйымды қысқаша ГАК деп атайды. Бұл өзi Қазақстанның барлық “Үкiметтiк емес ұйымдарын” (ҮЕҰ) жинақтап алған орталық екенiн екiнiң бiрi бiледi. Дегенмен, мәселе оның атында емес, затында жатқанын көбiмiз бiле бермеймiз. Мәселен, “Қазақстанның азаматтық альянсының” өзi не үшiн құрылды, құрылуының себебi неде? Алдымен осы сұрақ төңiрегiнде ой қорытайық.

Азаматтық альянстың құрылуы Қазақстанда, анығын айтқанда, қазақ елiнде азаматтық қоғам құрудың алғышарттарын жасап, тәуелсiз Қазақ мемлекетiн азаматтық қоғамға айналдыруды мақсат еткендей.

Алайда, бiз қазақ тiлiнде шығатын бұқаралық ақпарат құралдарының беттерiнде тәуелсiздiгiмiздi алғаннан берi ГАК өзiнiң дегенiн жүйелi түрде жүзеге асырып келе жатқанға ұқсайды.

Мұны аз десеңiз, гендерлiк саясатты “гендерлiк бюджетке” салып, қомақты қаржыны да игерiп алғандықтары ендi ғана бiлiнiп жатыр.

ГАК пен үкiметтiк емес ұйымдардың (ҮЕҰ) Үйлестiру Кеңесiнiң белсендiлгi сонша, аз уақыттың iшiнде азаматтық форумның аймақтық конференцияларын өткiзiп те жатыр.

Ал, ГАК пен үкiметтiк емес ұйымдардың (ҮЕҰ) Үйлестiрушi Кеңесiнiң пәрмендiлiгiне келетiн болсақ, осы Азаматтық форумдарда кейбiр министрлiктер бұлардың алдында есеп бергендей тақылдап тұрады. Бұл да құдiреттi ГАК-тiң белсендi еңбектерiнiң жарқын бiр көрiнiсi екенi түсiнiктi.

Бұдан бiрер жыл бұрын, яки 2007 жылы 18 қазанда, Астана қаласында өткен III Азаматтық форумның қатынасушылары мен Қазақстан азаматтарына қабылдаған Қарарын оқығанда ерiксiз осындай ойға қалғанбыз. Сонымен бiрге, бұл құжатта жасампаз жобаларды iске асыруды, Қазақстанның азаматтық қоғамының жоғары әлеуметтiк күш-қуатын сезiнiп, азаматтық қоғамның 2006-2011 жылдарға арналған өсiп-өркендеу тұжырымдамасын бiртiндеп жүзеге асыруға ұмтыла отырып, қазiргi өмiр сүрiп жатқан қоғамымызды реформалау процесiне үкiметтiк емес секторды тартқан мемлекет саясатына қолдау көрсете отырып, үшiншi Азаматтық форумның нұсқауына орай, азаматтық құрылымға арналған институттардың мемлекет, бизнес және үкiметтiк емес ұйымдармен (ҮЕҰ) үйлесiмi, тең дәрежеде және әрiптестiк қарым-қатынас орнату мақсатында өзара әрекеттесетiн және оны Үкiмет деңгейiнде күнделiктi орындалатын қажеттi құжат түрiнде қабылдау үшiн стратегиясын жасауға, билiк, бизнес және азаматтық сектордың қарым-қатынасы мен пiкiр-сайыс мәдениетiн өркендету үшiн пiкiр алмасу алаңдарын орнатуға атсалысу қажеттiлiгi белгiленген.

Және мұнда Мемлекеттiк билiктiң барлық деңгейiнде жұмыс iстеп жатқан барлық үкiметтiк емес ұйымдар арқылы мемлекеттiк бағдарламаларды қоғамдық сараптамадан өткiзiп енгiзу керектiгi жазылған.

Бұнымен қоса 2008 жылдың мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыстарындағы (МӘТ) лот тақырыптарын, Қазақстанның Азаматтық альянсы мен ҮЕҰ-дың қатысуымен анықтап, қалыптастыру керектiгi, жергiлiктi атқарушы органдарға Азаматтық қоғамды өркендету тұжырымдамасына сәйкес және III Азаматтық форумның шешiмiн жүзеге асыру үшiн, ҮЕҰ үйлестiрушi — ресурс орталықтарын құру керектiгi жайлы, барлық деңгейдегi әкiмдердiң азаматтық қоғам алдында есеп беру тәртiбiн де жүргiзу қажеттiлiгi айтылған.

Сондай-ақ, жергiлiктi өзiн-өзi басқару құзыретiне жататын орталықтарды ашу арқылы, жергiлiктi өзiн-өзi басқарудың кадрларын дайындап және қайта жарақтандыру үшiн үкiметтiк емес ұйымдардың әлеуетiн пайдалану керектiгi де ұмыт қалмаған.

Және… Қоғамдық кеңестермен басқарылатын облыстық қайырымдылық корпоративтi кадрларды құру да қарастырылса,шағын және орташа бизнестiң толық қамту аясында азаматтық қоғам институттарын 2009-2011 жылдар кезеңiнде уақтылы басқару технологиясын алға тартуға арналған ұлттық бағдарламаны жасақтау керектiгi, экологиялық төлем және экологиялық айыппұлдар, ҮЕҰ мен бизнестiң, жергiлiктi билiктiң қамқоршы (попечительский) кеңестiң басқаруымен алынатын барлық аймақта экологиялық қорларды ашу қажеттiлiгi де сөз етiлген.

Әсiресе, үкiметтiк емес ұйымдардың нақты, әрi белсендi қатысуымен 2006 жылдан 2016 жылға дейiн Қазақстан Республикасының гендерлiк (дұрысы “отбасылық құндылық” деген жөн болар едi ) тепе-теңдiгiне арналған “стратегиясы “ да жасалған.

Жергiлiктi атқару органдарымен өзара әрекеттесуi жөнiндегi кеңестердi үкiметтiк емес ұйымдардың конференциясымен бiрлесе отырып, Президент жанындағы осы Ұлттық комиссия бiрiншi рет жүзеге асырған болатын. Алдыңғы кеңестердiң бiрi осы Қостанай облысында ашылған едi.

Осы құрылымның белсендi жұмысының арқасында әйелдерден ҚР-ның Парламентiндегi мәжiлiс депутаттарының санын көбейтуге ықпал еткен едi. Қостанай облысының мектептерi айырықша белсендiлiк танытты. Соның нәтижесiнде Қостанай облысының әйелдерi мәслихаттың соңғы сайлауында сенiмдi жеңiске жеттi.

Ұлттық комиссия, республикалық шағын жеке кәсiпкерлiктi дамыту қорымен де, өзара байланыстағы Меморандумға қол жеткiздi. Соның арқасында шағын қордан жеке кәсiпкер әйелдердiң “жобаларына” 2 миллиард теңгеден артық қаржылық қолдау көрсетiлген. “Бұл не деген батпан құйрық, теп-тегiн жатқан құйрық” демекшi, бұл қаржылық қолдаулар не үшiн көрсетiлгенiн де бiлу қиын.

Бiздiң билiктiң мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты” өткiзгенде (МӘТ), гендерлiк саясатты, “хартия — адам құқы үшiн” деген қазақ халқының мүддесiне жат шаралар жоспарын, Батыстың және басқа да қоғамдық ұйымдардың талап-тiлектерiн мүлтiксiз орындап жатқандай көрiнедi. Сонда бұл ненiң белгiсi екенiн әрбiр қазақтың, әрбiр қазақстандықтардың бiлгiсi келетiнi айдан анық?!

Әсiресе, Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған гендерлiк тепе-теңдiк стратегиясын жасауда, үкiметтiк емес ұйымдар бiршама нақты, әрi белсендiлiк танытқан. Қазiргi уақытта үкiметтiк емес ұйымдардың қамтылуымен Үкiметтiң осы стратегияны орындау барысында таяу жылдарға арналған орта мерзiмдi “шаралар жоспарын” iске асыру жүргiзiл жатыр. Ол отбасылық қарым-қатынаста гендерлiк тепе-теңдiкке жету үшiн, әйел мен балаларға көрсетiлген зорлық-зомбылықтың қандай түрлерiне болса да қарсы тұру үшiн, еркек, жасөспiрiм және әйелдердiң бала тууға қабiлеттi денсаулығын сақтау үшiн, олардың саяси және экономомикалық жағынан қамтылуына арналған 45 iрi шаралардан тұрады.

Бұның бәрi айналып келгенде, әйелдердi жәбiрлеудiң барлық түрлерiн түбiрiмен құрту жөнiндегi БҰҰ-ның Конвенциясына барып тiреледi-мiс дейтiн көрiнедi.

Дегенмен, жер-жаһанның осы гендерлiк саясаты қазақ халқының ұлттық мүддесiмен сәйкес келе ме? Бұл ойлантарлық мәселе. Менiң ойымша, бұл “жасанды” жер-жаһанның “гендерлiк саясаты”, керiсiнше аз ұлттардың отбасылық құндылықтарымен есептеспестен, олардың жанұяларын “жарымжан” етiп, еркек пен әйелдi ырылдастырып, әйел затын билiк пен саясаттың көшбасшылығына тартқан болып, оның табиғат болмысынан не үшiн жаратылғанын да ұмыттырып, қазақ қоғамының арасына сына болып қағылып, ұлт болып ұйыған қазақ отбасыларының шаңырағын шайқалтуға құрылған секiлдi. Осы жерде мен де ұлтымның бiр өкiлi ретiнде, ертедегi қазақ қоғамының әйел теңдiгi жөнiндегi “ дала заңына” тоқталғым келедi.

Ол уақытта, қазiр де қазақтар қыздарын төрге отырғызып, хан көтерген. Бүкiл бiр “ауылдың анасындай” болған барлық дауды, бар мәселенi бiр-ақ ауыз сөзбен шешкен әжелерiмiз де мiне, сол кездерде ғана өмiр сүрген едi ғой. Менiң бұл жазғандарыма тарих куә. “Қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған” сол замандарда гендерлiк саясатсыз-ақ әйел еркiндiгiн, әйел теңдiгiн орнатқан. “Бетiң бар жүзiң бар” демейтiн, тура сөйлеп, тiлiп түсетiн, сонымен бiрге өз орнын да бiлетiн әйелдерден қайын аталары да, қайын ағалары да “аяғын тартып” сөйлеген. Өйткенi, “Оның себебi неде?” дейтiн болсаңыздар, ал “тентек” әйелдiң артында тұтас бiр ауыл, немесе тұтас бiр рулы ел тұрған едi ғой. Сондықтан, ол уақытта да әйелдi сабау үшiн себеп керек болатын. Ал, ақылды әйелдер өз мiндетiн мүлтiксiз орындағандықтан отағасыдан тек алғыс қана алатын болған.

Қазiр бiз, керiсiнше еркектердi жасытып, әйелдердi басынтып жiбергенiмiз және бар. Соның кесiрiнен әке тәрбиесiн көрмеген ұл да, қыз бала да, әкенi де, шешенi де сыйламастан дарақы болып өсiп келедi және осылай шамасы өсе бередi де! Мұндай тәрбиеден кiм ұтады, кiм ұтылады?!

Қысқасы, қазiргi қазақ қоғамының жер-жаһанның гендерлiк саясатымен жеткен жерi осы болды! Сондықтан бiзге өткен ғасырлардағы, кең сахарадағы “Дала заңын” орнатқан жөн болар едi-ау!

Ендi, ГАК-тiң “гаккуiн” тағы бiраз тыңдап көрелiк. Оның “қамқоршыларының” бiрi, жоғарыдан құрылған Ұлттық комиссия болатын болса, оның өзi де үкiметтiк емес ұйымдардың конференциясының үйлестiрушi кеңесiнiң “өкiл әкесiне” айналғандай. Бұл үрдiс осылай жалғасын тауып келе жатыр.

Мұны аз десеңiз, бұл аты аталған ұйымдар Ұлттық комиссия, ГАК және үкiметтiк емес ұйымдардың конфедерациясының Үйлестiрушi Кеңесi ендi билiктiң жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына да бағдарламалар стратегиясындағы өздерiне қажеттi баптарын нақтылай енгiзiп жатыр. Атап өтсек, ал өз ойларын ашық айтатын диспут, пiкiр-сайыстарын өткiзуге арналған алаңдарды жабдықтау үшiн қоғамдық тұрғыда басқарылатын орталықтар ашу болатын. Бұл үрдiстi де өз мүдделерiн көздеген ұйымдар “жүйелi” түрде жүргiзiп отыр.

Президент жанындағы осы Ұлттық комиссия, әйелдердiң статус федерациясымен және ЮНИФЕМ, Ф.Эберт секiлдi тағы басқа да шетелдiк, халықаралық қорлар арқылы “Гендерлiк бюджет үшiн қоғамдық кеңес” атты “алғашқы жобаны” да жүзеге асырған.

Бұл “алғашқы жобаның” ауқымында жергiлiктi атқарушы, көрнектi органдар мен үкiметтiк емес ұйымдардың өкiлдерiн жергiлiктi бюджеттен өңiрлiк бағдарламаларды гендерлiк сараптау тәсiлдерiмен оқыту үшiн 6 облыстық семинарлар да өткiзiлген. Қазiргi кезде бұл “жоба” өзiнiң әрi қарата өркендеу үрдiсiн тауып, кеңейiп дамып келедi. Оның бiр көрiнiсi ретiнде айтарым, ЮНИФЕМ-нiң өңiрлiк офисiмен бiрлесе отырып, “Қоғамдық мәселелердi сараптау орталығы”, Қазақстандағы “әлеуметтiк (гендерлiк) бюджеттер” атты жобаны да жүзеге асырып жатқандықтары белгiлi.

Мiне, өмiрге сатылап енген гендерлiк бюджеттiң жарқын бiр көрiнiсi. Сонымен бiрге, бұл орыстiлдi үкiметтiк емес ұйымдардың белсендi қарым-қабiлетi мен ұйымдастырушылық шеберлiктерiн де көрсетiп тұр. Мұндай нәтиженiң себебi неде деп ойлайсыздар?!

Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған гендерлiк тепе-теңдiк стратегиясын жүзеге асыруда билiк үкiметтiк емес ұйымдарды келешекте де тарта беретiн болады. Ең негiзгiсi, осы Ұлттық комиссия саяси жобалардың ықпалымен гендерлiк бюджеттi кiргiзе беруге көмек көрсету әбден мүмкiн.

Бұл үкiметтiк емес ұйымдар қалайша пәрмендi болып кеткенiн қалай түсiнуге болады?! Осы сұрақтың iрге тасында Үкiметтiң үкiметтiк емес ұйымдар мен қарым-қатынасы жөнiндегi 2005 жылы желтоқсан айының 21 жұлдызында Қоғамдық кеңесiн құрған, №1262 нөмiрлi Үкiметтiң қаулысы жатқанға ұқсайды.

Бұл аты аталған үкiметтiк емес құзырлы ұйымдар жұмысын жүйелi түрде жүргiзе отырып, Тәуелсiз мемлекетiн құрып жатқан қазақ ұлтының мүддесiмен санаспастан, Үкiметпен ауыз жаласа отырып, билiктiң жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына да “өз дегенiн” iстетпекшi. Сөйтiп, қазақ қоғамына азаматтық қоғам институттарын кiргiземiз деген “желеумен” Батыстың “былықтарын” әкелiп, жөн-жосықсыз жабыстырып жатқандай!

Бұл үрдiстiң аса бiр қауiптiсi “алдын-ала” жасалған сценарий бойынша, әкiмшiлiктерге Үкiметтiң осы “стратегиясын” мiндеттеп жатыр. Оның бәрi, Үкiметтiң өзiнiң шығарған қаулысымен үкiметтiк емес ұйымдардың конфедерациясынан Үкiметтiң жанынан құрылған Қоғамдық Кеңестiң пәрмендiлiгiнiң арқасында жүзеге асып келедi.

Ол аз болса, ГАК-тiң үнi қазақ мектептерiнiң бiлiм беру сапасын “тексеруге” шыққан шетелдiк “қамқоршылары” (попечитель) бар үкiметтiк емес ұйымдардан құралған қазақ тiлiн бiлмейтiн, мүмкiн менсiнбейтiн, немесе тiптi бiлгiсi де келмейтiн “Қоғамдық комиссиядан” да естiлiп жатыр.

Сонымен бiрге, өздерi қазақ тiлiн бiлмесе де осы жоба аясында бiлiм жүйесiндегi мемлекеттiк тiлдiң даму саясатының зерттелуiн де қарастыратын көрiнедi.

Қазақ тiлiн бiлмейтiн Қоғамдық комиссияға қазақ мектептерiнiң бiлiм беру сапасын “тексерудiң” не қажеттiлiгi болды екен?! Сондықтан мәселе оның бiлiм беру сапасында емес, тексерудiң басты мiндетi – қазақ мектептерiнде Азаматтық форумның “қазақстандық ұлт”, “үш тұғырлы тiл”, “гендерлiк саясаттың” мiндеттемелерi қалай орындалып жатқаны туралы” “тыңшылықпен” мәлiмет жинауы секiлдi болып көрiнедi.

Екiншiден, осы Қоғамдық комиссияның аса ыждаһаттылықпен тексерген қызметiнiң нәтижесiнде, қазақ мектептерiнiң бiлiм беру сапасының төмен екендiгiн жасанды түрде болса да “тауып алып”, бұл келеңсiздiктi бүкiл республика жұртшылығына жария ету. Сөйтiп, балаларын қазақ мектептерiне беруден ата-аналарды “жирендiру”!

Бiрақ, ГАК-тiң “Гаккуы” қазақ қаласын қойып, даласына да жеттi. Алайда, әкiм мен министрлерден тiзерлетiп қойып есеп алатын ГАК-тiң “тәжiрибесi” үкiметтiк емес қазақ ұйымдарына да қалай белсендi жұмыс iстеу керектiгi жөнiнде ой салғандай. Бұл да билiктiң бетiн берi қаратқан “ерлiк” демеске лаж жоқ!

Бiз болсақ, мемлекет деңгейiнде Үкiмет өзiнiң жанында құрылған, үкiметтiк емес ұйымдардан құралған Қоғамдық кеңестiң кiмдермен ақылдасып шешетiнiн бiлмесек те, Алматы қаласында әкiммен ақылдасатын үкiметтiк емес ұйымдардың 28 мүшесi барын ғана анықтай алдық.

Ақыры, соған да тәуба дедiк!

Асқар Сәрсенбай, әдебиеттанушы

Серіктес жаңалықтары