ЕЛДI ТҮЗЕТУДI БАЛА ТҮЗЕТУДЕН БАСТАСАҚ
ЕЛДI ТҮЗЕТУДI БАЛА ТҮЗЕТУДЕН БАСТАСАҚ
Соңғы жылдары бiлiм беру саласын реформалау барысында бiршама олқылықтар орын алып келгенi ешкiмге жасырын емес. Кейiнгi кезде министрлiк басшылығына келген Ж.Түйемебаевтiң сондай олқылықтар жою бағытында ұнамды ұсыныстар мен батыл да нақты қадамдар жасағаны халық көңiлiнде үмiтпен сенiм туғыза бастады. Министрдiң Парламетте: «Өткен жылы мектеп бiтiрушiлердiң 40 пайызы тестiк сынақ нәтижелерi бойынша төмен баға алды» деуi, соңғы 6-7 жылдары бiлiм сапасынының күрт төмендегеннiн аңғартса керек.
Сондай-ақ 50 балдық шектi әрең жеңiп алып, студент атанған талапкерлердiң бiлiм сапасы да күмәндi. Осылайша шала бiлiмдi студент аталады, олардан бiлiмi мен кәсiби бiлiгi төмен мамансымақ пайда болады. Өйткенi жоғары оқу орындарының басым бөлiгiнде бiлiм беру деңгейi төмендеген. Себебi студенттердiң көбi ақылы бөлiмде оқып, ақшаның күшiмен диплом алады. Оған сапасыз сырттай оқуды қосыңыз.
Сырттай және ақылы оқулардың студенттерi жоғары оқу орындарының табыс көзiне айналғандықтан ақшадан қалмас үшiн ЖОО-ның басшылары талапшыл бола қалып, оқушылардан ыңғайына жығылып жүргендi дұрыс санайтын оқытушылар көбеюде. Еңбек нарығындағы бәсеке талаптарына жауап бере алмайтын мамандар осылайша пайда болатындықтан жоғары және орта кәсiптiк бiлiм саласында ақылы, сондай-ақ сырттай оқу бөлiмдерiн бiртiндеп жапқан дұрыс деп ойлаймыз. Бұл мәселеге 2008 жылы қараша айының соңында, Шымкентте өткен медицина қызметкерлерiнiң Республикалық кеңесiнде Елбасымыз нүкте қойғаны өте орынды болды.
Ұлтымыздың ұстазы Ахмет Байтұрсынов: “Әуелi бiз елдi түзеудi бала оқыту iсiн түзеуден бастауымыз керек” — деп ескерткен. Сондықтан бiз жалпы орта бiлiм беру сатысындағы жаңа министрдiң көздеп отырған мақсаты мен қойып отырған талаптарын қолдай отырып, бiрнеше ұсыныстарымызды бiлдiргiмiз келедi:
1. Жалпы орта бiлiм беру сатысындағы сапасыз бiлiм берудi үзiлдi-кесiлдi тоқтатып, орта бiлiм берудегi кешкi мектеп формасын жою керек.
2. Ұлттық бiрыңғай тестiлеу соңғы Ережеге лайық жалпы орта бiлiм берудiң барлық сатысында да қолдану қажет;
3. ҰБТ нәтижелерi бойынша әр мектептен мұғалiмдердiң жұмысын бағалап, тиiстi шешiмдер қабылдау мүмкiндiгiн мектеп басшыларына беру үшiн “Бiлiм туралы” және “Еңбек туралы” Заңдарға немесе қосымша ретiндегi заң жобасын үкiмет тез арада ұсынып, оны Парламент тезiрек бекiту керек. Мысалы, «Бiлiм туралы» Заңның 51-бабының, 3-тармағының, 2-тармақшасындағы педагогтар бiлiм беру стандарттарының талаптарына сәйкес көрсетiлген бiлiм беру қызметкерiнiң сапасын қамтамасыз етуге мiндеттi деген соң, ал педагог жұмысының сапасы ҰБТ қорытындысымен анықатылып, бағаланады деп толықтыру керек;
4. Әр жыл сайын жазғы демалыс кезiнде мұғалiмдердi аттестациядан өткiзiп осы сынақ ҰБТ нәтижелерi бойынша мұғалiмдердiң жұмыста қалу-қалмау мәселесi шешiлу керек деп Заңға өзгерiс енгiзу керек;
5. ҰБТ кезiндегi тестiк сұрақтарын жалпы орта бiлiм берудiң оқу бағдарламасының шеңберiнде құрып, орынсыз және оқу бағдарламасында жоқ сұрақтармен оқушылардың басын қатырмауды қамтамасыз етудi министрлiк тарапынан қатаң бақылау қажет;
6. Оқулықтарды әсiресе, тiл және әдебиет,тарих, география, өнер және тәрбиеге қатысты кiтаптарды ұлттық рухқа орай тарихи ақиқатпен қайта дайындап, тек аз қамтамасыз етiлген балаларға деп бөлiнбей барлық оқушыны оқулықтармен жеткiлiктi мөлшерде тегiн қамтамасыз етуге, қаржыны 2008-жылғы деңгейге қарағанда 30 пайыз артық бөлудi және бөлiнген қаржының жұмсалуын облыстық аудандық бiлiм департаменттерi, аудан әкiмiнiң мамандарынан құрылған арнайы комиссиялар арқылы жылына кемiнде 1 рет тексерiп тұрса, бiраз кемшiлiктердiң жолы кесiлер едi;
7. Мемлекетiмiздiң экономикалық жағдайының жақсаруына байланысты 2009-2011 жыл бюджетiне денсаулық саласы мен бiлiм беру саласын дамытуға жеткiлiктi қаржы бөлудi Елбасымыз ерекше тапсырып, оны Парламентте қолдап, қомақты қаржы бөлiнгенiне қуанамыз. Алайда, 12 жылдық бiлiм беру жүйесiне Лиссабон конвенциясына қол қойдық екен деп асығыс көшуге бола ма? “Сасқан үйрек артымен сүңгидi” демекшi, орны толмас өкiнiштi жағдайда қалып қоюымыз мүмкiн ғой. “Естiген құлақта жазық жоқ” — демекшi қайсыбiр шетелдерде 12 жылдық бiлiм берудi ұзақтығына байланысты мерзiмiн қайта реформалауды ойластырып жатқанда бiз неге асығамыз? Оны айтпағанда бiз егемендi ел болдық, бiздiң өз ерекшелiгiмiз бар емес пе? Сондықтан бұл мемлекеттiк стратегиялық ерекше маңызы бар мәселенi өз жағдаймызда асықпай өлшеп-саралап алып, мемлекеттiк референдум арқылы шешкенiмiз дұрыс болар. Өйткенi, ашығын айтар болсақ қазiр елiмiздiң көптеген мектептерiнде сынып бөлмелерi жетiспегендiктен оқушылар екi-үш ауысыммен оқып жатқанда бейiмдi бiлiм беруге қажет. Шеберханалар мен лабораторияларға өндiрiстiк сыныптарға жай қайда, оның барлығы кәсiптiк-техникалық мектептерге шоғырланғанын неге ұмытамыз? Ұлт ұстаздарының бiрi Мағжан Жұмабаев: “Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да – мектебiнiң қандай негiзде құрылуына барып тiреледi” — деген едi-ау. Осы тұрғыдан келгенде жалпы орта бiлiм жүйесiнiң төмендегiдей үлгiсiн ұсынған болар едiк:
1-4 сынып бастауыш мектеп, 5-9 сынып негiзгi мектеп, 10-11 орта мектеп сатысына көтерiлiп, 9-сыныптан кейiн оқушыларды қарым-қабiлетiне, бiлiмiне қарай 3 топқа бөлу керек;
бiлiм алуға құштарлары-гуманитарлық, жаратылыстану және техникалық бiлiм салалары бойынша қабiлеттi оқушылар, өнер түрлерi бойынша бейiм, шығармашыл (әншi, күйшi, бишi, суретшi, мүсiншi т.б.) оқушылар, өндiрiс пен шаруаға, шеберлiкке бейiм — (ағаш ұстасы, тас қалаушы, дәнекерлеушi, жүргiзушi, егiншi, малшы, тұрмыстық қызмет мамандары т.б.) оқушылар.
Сонымен а-топтағыларды 10-11 сыныптарға оқуға, ал қалған екiншi топтағыларды өз таңдау қабiлеттерiне қарай тиiстi колледждер мен кәсiби-техникалық мектептерге оқуға жолдама арқылы жiберу қажет. б-в топтағыларға бұрынғыдай кәсiби бiлiммен бiрге жалпы орта бiлiм беру бағдарламасын да меңгертсек Конституцияның 30-бабы мен “Бiлiм туралы” Заңның 32-бабының талаптары да бұзылмас едi. Әрi өмiрден өз орындарын ертерек тауып, еңбек нарығына қатысу арқылы өзiне де Отанына да пайдасы тиюге мүмкiндiк жасар едiк. Кеңестiк бiлiм жүйесiнiң бәрiн орынды-орынсыз терiске шығарудан ұтарымыз қайсы? Оның үстiне жоғары бiлiм алуға ықылассыз баланы мәжбүрлеп 10-11 сыныптарды бiтiрудiң бала құқығымен санаспау және пайдасынан зияны көп екенiн өмiр өзi көрсеткен жоқ па? Сондай-ақ, артықша, ырықсыз 2-3 жыл уақытын орта бiлiм алуға жұмсаған оқушы техникалық мектепке барып, орта кәсiптiк бiлiм алуға намыстанады. Сондай-ақ, баланың бәрi 100 пайыз орта мектептi бiтiргенде сапалы бiлiм деңгейiн көрсетiп алады деу қисынға келмейдi. Сондықтан қазiргi жағдайда орта мектептi бiтiрiп, жоғары оқу орнына түсе алмағандар жұмыссыздар қатарын көбейтiп, ауылда немесе қалада қалып қоятындығын көрiп отырмыз. Жұмыссыз жас қашанғы үйде отырады, ол көше кезедi, ақыры орынсыз iске ұрынады, сөйтiп қылмыскер қатары толығады. Сондықтан кәсiби-техникалық мектептердiң оқу-материалдық базасын уақыт талабына сай жарақтандырып, оқушыларды тегiн тамақпен, жатақханамен қамтамасыз етiп, кәсiби бiлiм алғызсақ, мектептердi бейiмдi бiлiм беруге дайындау әлдеқайда тиiмдi, әрi мүмкiн нәрсе болмақ. Сондай-ақ, бұл елiмiздегi тұл жетiм балалардың да проблемасын шешуге көмегiн тигiзген болар едi. Осыған жеткiлiктi қаржы бөлiнсе, мемлекеттiк әкелiк қамқорлығын сезiнiп өсер саналы жастар көбейер едi-ау. Сонымен қатар Президентiмiздiң жастарға арнап бiр бөлмелi арзан үйлер салу тапсырмасы барлық облыстарда кiдiрiссiз қолға алынып, жас мамандарға, әсiресе, тұл жетiмдерге бiрiншi кезекте пәтер беру мәселесi туралы үкiмет арнайы қаулы қабылдап, iске кiрiссе деп тiлеймiз. Әр облыста жыл сайын жастарға арналған арзан бағалы кемiнде бiр бөлмелi 200-300 пәтер салу туралы қатаң мiндет қойылса, жастарымыз мемлекетiнiң шынайы қамқорлығын сезiнiп, елiне деген сүйiспеншiлiгi артары сөзсiз.
8. Бiлiм мен тәрбие құстың қос қанатындай ажырамас категориялары. Ендi жас ұрпақ тәрбиесiне қатысты пiкiрiмiздi түйiндесек. Кемеңгерiмiз М.Әуезов: “Еккенiң тiкен болса, орғаның балауса болмас” — дептi.
Кеңес үкiметiнiң тұсында сауатсыздық жойылып орта бiлiм алуға қол жеткiзгендiгiмiздi ешкiм жоққа шығара алмас, бiрақ халықты дiннен бездiрiп, жаратушы бiр Алланы жоққа шығарғанының кесiрiнен рухани азғындап, халқымыз соның зардабын тартуда. Тек соңғы 25-30 жыл аралығында тектiлiк (генетика) iлiмiнң жетiстiктерi алғашқы жаратылған бiр түрден эволюциялық жолмен екiншi түрге ауыспайтынын дәлелдеп, жұртты шатастырған Ч.Дарвин iлiмiн жоққа шығарғаны өте жақсы болды. Ал бiздiң көшпендiлер атанған бабаларымыз бұдан 2,5-3 мың жылдар бұрын-ақ бар әлемдi жаратушы бiр тәңiр бар екендiгiн ақылмен тауып, көк тәңрiмен сыйынып келгенiн бiрiмiз бiлсек те бiрiмiз бiлмеймiз. Мiне, осындай дала философиясының негiзiнде озық сезiмге ие болған халқымызға 8-9-ғасырда Ислам дiнi кедергiсiз ағартушылық жолмен сiңiсiп кеткен тарихтан мәлiм. Президентiмiз Н.Ә.Назарбаев: “Бiз түбiмiз – түркi, ал дiнiмiз – Ислам екендiгiн ұмытпауымыз керек” — дегендi текке айтпаса керек. Сондықтан бiлiм беру жүйесiне имандылық тәрбиесiн ресми түрде енгiзу қазiргi халық талабы екенiн биiк сезiнiп, тезiрек оң шешiм қабылдау керек. Дiнтануға негiзделген, ұлттық салт-дәстүрлермен, қадiр-қасиеттерiмен бiте қайнасқан тәрбиелiк мәнi зор “Дiнтану”, “Әдеп пен адамгершiлiк” пәндерiн 3-сыныптан бастап енгiзу қажет. Ең болмағанда осы пәндердi оқу жоспарының жылжымалы бөлiгi арқылы оқытуды шешуге болады. Өйткенi, осы күнi оқытылып жүрген “Адам өмiрi қауiпсiздiгiнiң негiздерi” волеология т.б. факультатив сабақтарын берудiң пайдасы шамалы екендiгiн уақыт өзi көрсетiп отыр. Бастауыш сыныптардан бастап “Волеология” пәндерiн оқытып, жыныстық тәрбиенi қолға алғансып, бүлдiршiндердiң санасына жыныстық қатынастардың сырын түсiндiрiп, тiптi “Валентин” күнiн тойлауға мұғалiмдер мен тәрбиешiлер атсалысып жатқанын ұлттық рух пен тәрбиеден адастыруға бет алған сұрқия саясат демеске амал жоқ. Осы арада жаңадан күшiне енген «Бiлiм туралы» Заңның 28-бабының, 3-тармағында, бiлiм беру ұйымдарындағы тәрбие бағдарламалары оқу процесiннiң құрамдас бөлiгi және бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң патриоттық, азаматтық жоғары моральдық және имандылық сезiмiн қалыптастыруға, дамытуға бағытталуы тиiс деген талабын iске асыру үшiн “Дiнтану” мен “Әдеп пен адамгершiлiк” пәндерiн арнайы пән деп енгiзу – кезек күттiрмес мәселе. Ұлы ғұлама бабамыз Әбунасыр әл-Фарабидiң “Адамға алдымен тәрбие берiп, одан соң бiлiм беру керек” — деген даналы сөзiн неге басшылыққа алмаймыз. “Тәрбиесiз алған бiлiм қоғамға опат әкеледi” — деген сөзiн өмiрде көрiп жүрмiз. Ал ендi 2002 жылдан Бiлiм мазмұны енгiзiлген “Дiн тану” пәнiн оқытуға арналған оқулықтың (авторы Ғ.Есiмов) осы күнге дейiн мектептерге жiберiлмеуi, сол оқулықтың жоқтығын желеулетiп оқытпай отыру, тәрбие iсiне әдеп жасалған кесiр демеске бола ма? Оның да сұрауы болатын шығар. Ал 30-бабтың, 1-тармағындағы «Мектепке дейiнгi мекемелерде тәрбиелеуге 1-5 жас аралығындағы балалар қабылданады» дегендi, “Жас бала 3 жасқа толғанша ата-ананың аялы алақанында тәрбиеленiп, одан соң балабақшаларға, мектеп алды мекемесiне баланы 4 жастан қабылдап тәрбиелеп, алты жастан 1-сыныпқа оқуға беру керек” — деп өзгерткен дұрыс.
Сондай-ақ, келешекте бастауыш сыныптардан бастап информатика пәнiн енгiзу де қолдан қиындықтар жасаумен пара-пар сияқты. Әрбiрден соң ерте бастан комьпютерге отыру баланың денсаулығына да, ойлау қабiлетiнiң дамуына да керi әсер етуi мүмкiн. Оған Денсаулық сақтау министрлiгi ғылыми мекемесiнiң қорытындысын алып, Бiлiм министрлiгi оны мұқият зерттеп, шешiм қабылдаса жөн болар едi.
9. Жастар тәрбиесiндегi жақсы жетiстiктерге тезiрек жетуiмiз үшiн барлық бiлiм беру мекемелерiнде оқушылардың бiлiм ұялары мен көпшiлiк орындарда жүрiп-тұру әдетi туралы Ереже мен оқушылардың бiрыңғай киiм (форма) киюi туралы Бiлiм министрiнiң арнайы нұсқауы дайындалып наурыз айына жергiлiктi жерлерге орындауға мiндеттi деп жiберуге қажет.
10. Жалпы орта бiлiм беру мекемелерiнде оқушылардың таңдау мүмкiндiктерiне жағдай туғызып, өз қабiлеттерiн жан-жақты дамытуларына мүмкiндiктер жасалу керек. Әсiресе, өнер салалары, спорт түрлерi бойынша мамандар көбiрек дайындалып, мектептерге штат-бiрлiктерi (мысалы ақындық өнер мен әншi, дизайнер, жаттықтырушылар) берiлу қажет. Сонымен бiрге мұғалiмдердiң еңбекақысын кәсiби бiлiктiлiгiне, оқытқан оқушыларының бiлiм деңгейiн көтеру механизмдерiн қарастырған абзал. Тiптi, бiрте-бiрте мұғалiмдердi оқушылардың өздерiне таңдап алуына жағдай жасағанымыз жөн шығар. Сондай-ақ, мектеп басшыларының жеке жауапкершiлiгiн, беделiн арттыру, ынталандыру жолдарын қарастыру керек. Қазiргi таңда мектеп басшыларына еңбекақы төлеудiң қолданып отырған мехенизiмi жетiлдiрiлмегендiктен директор кейбiр мұғалiмдерден төмен жалақы алады. Ал оның атқарар қызметi мен жауапкершiлiгi түйедей болғанымен тайлақтай жалақы алғаны ыңғайсыз екен. Мектеп директорының оқу iсi жөнiндегi орынбасарының ауыр еңбегi де әдiл бағаланбай келгенi Бiлiм министрiн ойлантатын шығар. Негiзiнде бұл мектеп жұмысына сәл де болса кесiрiн тигiзетiн жағдай. Сондықтан мектеп басшысның еңбекақысы оқушы санына қарай үлкен мектептердегi атқарылатын жұмыстың көлемiмен өлшенуi тиiс.
Соңғы сөзiмдi ата-аналарға арнасам: «Осы бiздер қандаймыз, балаға ақыл айтуға лайықпыз ба, жүрiс тұрысымыз өнеге аларлықтай ма?» Өзiмiз ауызға темекiнi бұрқыратып отырып өзгеге қайтып, «Темекi тартпа!» деймiз, бала-шаға алдында арақ iшiп отырып, қайтып «Iшпеңдер!» деп айтамыз. Өзiмiз үлкендерге иiлiп сәлем бермесек, «Үлкендi сыйла, iзеттi бол!», деп қалай айтамыз?. Ойланайықшы, қандастарым!
Балабек ЕСБАЙҰЛЫ,
Қазығұрт ауданы.