ШЫҢЖАҢНАН ЖЕТКЕН 7 ТОМ

ШЫҢЖАҢНАН ЖЕТКЕН 7 ТОМ

ШЫҢЖАҢНАН ЖЕТКЕН 7 ТОМ
ашық дереккөзі
504

Шыңжаң қазақтарының ауыз әдебиетiнiң үлгiлерi мен музыкалық мұраларын жинақтаған Долда Кенешұлы екен. Ол кiсi бұл бай мұраны жинауға отыз жылға жуық уақытын сарп етiптi.

Түбi елге келсем, жарыққа шығады ғой деген үмiтпен қазақ халық әдебиетiне қатысты дүниелердiң бәрiн шашауын шығармай жинап жүрiптi. Ауыз әдебиетi үлгiлерi мен қазақтың бай музыкалық мұрасын да шет қалдырмаған этнограф ғалым бұл туралы белгiлi ақын Ұлықбек Есдәулетке құлаққағыс қылады. Қазақтың мәдени мұрасынан жинақталған тың дүниелерiне ақын да бей-жай қарай алмаса керек.

Кiтаптар сериясын жарыққа шығарушылар төте жазумен жеткен әдеби үлгiлердi кириллицаға, ал аудиотаспамен келген музыкалық мұраларды қазiргi нота жазуына түсiрiп, баспаға дайындау үшiн екi жарым жылдай еңбек етiптi. Ал, бұл мәдени мұрамызға қосылған теңдесi жоқ дүниелердiң жарыққа шығуына Астана қаласының әкiмi Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов мұрындық болыпты.

Шыңжаң қазақтарының музыкалық мұралары бұрын-соңды осыншалық тұтас, мейлiнше толық жинақталған күйiнде классикалық нота жазуына түсiрiлмеген екен. Өйткенi Қытай елiнде музыкалық шығармаларды сандық нота жазуымен өрнектеу қалыптасқаны белгiлi. Ал, бұл мұраларымызды нотаға түсiрген Алматы консерваториясының профессоры Бiләл Ысқақов пен сыбызғышы Едiл Құсайынов және әкелi-балалы композиторлар Айтқали мен Арман Жайымовтар екен.

Жетi томдық шығармалар жинағының алғашқы төрт томы Астананың 10 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрсе, қалған үшеуi биыл жарыққа шығып отыр. Алғашқы екi томына мақал-мәтелдер мен өлең-жырлар, толғаулар, көне айтыстар топтастырылса, үшiншi томға Алтай-Тарбағатай өңiрiнiң сыбызғы күйлерi, төрт пен беске халық әндерi енгiзiлiптi. Қалған екi томға домбыра күйлерi нотасымен енiп отыр.

Осыншама көл-көсiр мұра “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында жасалған игiлiктi шаралардың бiрi. Бұл шығармаларды мәдениетiмiзге қосылған тың жаңалық деуiмiзге де негiз бар. Өйткенi, бұрын елiмiзде сыбызғының 12 күйi ғана белгiлi болса, бұл томдықта нотаға түсiрiлген 125 сыбызғы күйi мамандарымыздың қолына тиетiн болды.

Шыңжаң қазақтарының ауыз әдебиетiн дайындап шығарған “Атамұра” корпорациясы. Аталмыш корпорацияның президентi Рахымғали Құл-Мұхаммед томдықтардың тұсаукесер рәсiмiнде:

“Елбасының өзi мәдени мұраға, ұлттық құндылықтарымызға үлкен көңiл бөлiп, осы салада қыруар жұмыстардың атқарылып жатқаны белгiлi. Ал бүгiнгi iстелiп отырған мәдени шара, сол үлкен iстiң жалғасы деп қабылдаған жөн. Бұл кiтаптың өзi жетi том болып шығуы, оның өзi Астананың тойына сәйкес келуi, ырымшыл қазақтың баласы ретiнде жақсылықтың белгiсi деп санаймын”,- дедi.

Жетi томға жинақталған асыл мұраны халық қазынасына қосылған сүбелi еңбектер деп мойындағанымыз ләзiм. Жан-жаққа шашырап кеткен мәдени дүниелерiмiздiң алды жинала бастады. Ал, халық мұрасына қосылмай жатқаны қаншама дерсiз. Сондықтан, қазақтың рухани дүниесiн жинақтау әлi де жалғаса бередi.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары