ЖАНСЕЙIТ ТҮЙМЕБАЕВҚА ЖАЗЫЛҒАН АШЫҚ ХАТТЫ ҚОЛДАЙМЫЗ!
ЖАНСЕЙIТ ТҮЙМЕБАЕВҚА ЖАЗЫЛҒАН АШЫҚ ХАТТЫ ҚОЛДАЙМЫЗ!
Дос Көшiмнiң “Түркiстан”, “Қазақстан-Zaman” газеттерiнде сәуiр айында жарияланған министр Ж. Түймебаевқа жазған ашық хатына орай
Жалпы бiлiм беретiн диаспора тiлдерiндегi (негiзiнен орыс) мектептерде әлi күнге дейiн әдебиет пәнiнiң негiзгi құрамын орыс әдебиетi құрайды (бiлуiмiзше, 60%-дан кем емес). Әлем жаппай жаһандану заманына бет бұрып жатқан кезде, елiмiз осы үрдiстен қалыспай, өркениеттi елдердiң қатарында болуға ұмтылып келе жатқан жағдайда, ұрпақты, мейлi қай тiлде дәрiс беретiн оқу орны болса да, тек орыс әдебиетiмен шектетпей, әлем әдебиетiнiң, соның iшiнде дүниеге ортақ ғұлама — заңғар жазушы классиктердiң шығармаларымен неге сусындатпасқа?! Сонау әлем таныған Шығыстың ғұлама жазушы-философтары, классиктерi Абу Райхан Бируни, Юсуф Баласагунилерден, не одан да әрi ғасырларда өздерiнiң мәңгi өшпес мұрасын қалдырып кеткендерден бастамаймыз. Бертiндегi Шекспир, Байрон, Гете мен Марк Твен, қазiргi заманның классиктерi Шыңғыс Айтматов т.б., бiрнеше мыңжылдықты өркениетi бар Шығыс елдерiнiң заңғарларымен, Достастық елдерiнiң классиктерiмен неге таныстырмасқа?! Сөз жоқ, әлемдiк орны бар орыстың классиктерiн — Толстой мен Лермонтов, Пушкинi, тағы бiрнеше ғұламалары оқытыла бередi. Бiрақ та оларға басқа да әлемдiк классиктермен тең қатарлы орын беру керек. Өйтпеген күнде, шынында да аталмыш мақалада жазылғандай, тек орыс әдебиетi ұлы, ал басқа дүние жүзiнiң әлем таныған классиктерi Қазақстан үшiн көңiл аударуға тұрмайтын бiреулер секiлдi. Ыңғайсыз да күлкiлi жағдай. Ал екiншi деңгейдегi (әр халықта да әр деңгейдегi жазушылар болатынына ешкiм күмәнданбайды деп ойлаймыз) орыс әдебиетiнiң орнын әлем классиктерiмен толтыру әбден шегiне жеткен сияқты. Елiмiздiң көзi ашық, көкiрегi ояу әр азаматы өздерiн, әсiресе балаларын әлем елдерiнiң бiрiнiң ғана (орыстардың) классиктерiмен сусындауын шектетiп қоймай, бүкiл дүниенi мойындатқан, ең таңдаулы әлем классиктерiмен сусындатқысы келедi. Бiздiң ойымызша, егер аталмыш мақалада көрсетiлген сауалнамаға ақырғы санақ бойынша 67 % жеткен қазақтар қатысса, олардың әлем әдебиетi жөнiндегi ой-пiкiрi, сауалнаманың жалпы нәтиже пайызын анағұрлым арттырып, асып түсетiнiне күмәнданудың керегi жоқ. Тағы айта кететiн мәселе, мақалада орын алып отырған қазақ әдебиетi, төл әдебиетiмiздiң есебiнен, мектептердегi оған бөлiнген сағаттардан ешуақытта қарастырылмауы керек. Мемлекетiмiз тұрғанда, оның орны да, жалпы бiлiм беретiн мектептердегi сағат мөлшерлерi де негiзгi мәселе болып қала бермек.
Жоғары айтқандармен байланысты тағы бiр жайтты айта кетуiмiз керек. Ол мектептегi тарих пәнiнiң оқытылу жүйесi. Егемендiк жылдары Қазақстан тарихы аздап кеңейтiлгенi болмаса, түбегейлi, әсiресе жиырмасыншы ғасыр бойы қазақтарды орыс үкiметi, әсiресе Кеңес үкiметi неше дүркiн, және қалай қырғаны туралы кеңiнен көрсетiлмеген. Осы кезде бiлiм шенеунектерiнiң ұлтаралық қатынас тыныштығын алға тартуы мүмкiн. Бiрақ ол бекер. Ешкiмнiң қазiргi таңда сол фактiлер үшiн соғыс жариялау қаперiне де кiрмейдi. Бiрақ жас ұрпақ санасына отансүйгiштiк сезiм, ешқашан басқа елдiң боданы болмау бағытымен жүруге жетелейдi. Соны бiлiп өскен баланың егемендiктi бағалап, сол үшiн Отанын әрқашан қорғау қажеттiлiгi сезiмi қалыптасады. Тағы көрсетiлмегенi — қазақтардың Ресейдiң отарлауына қарсы күресi, оның қазақ жерiнде 150 жыл жүруi (ата-бабамыз өз жерлерiн табанды қорғағанының арқасында) тағы көрсетiлмеген. Осы тарихи кезеңдер бейнеленген кезде ұлт болашағының рухын асқақтатуға, ұлттық сананың өсуiне ықпал ететiнi сөзсiз.
Дүниежүзi тарихына келсек, ол еш өзгерусiз десе де болады. Кеңес заманындағы орыстардың мектепке жүйелендiрiп қалыптастырған европацентризмнен және оседлоцентризмнен арыла алмай отыр. Мейлi, көне тарих Шығыс елдерiнен — ежелгi Египет, аз ғана — Үндiстан, Қытай көрсетiлсе, араб елдерi тобымен — он шақты елге атүстi шолумен тәмәмдалған. Орта ғасырлардағы Шығыс елдерi көрсетiлмеген. Бiр қызығы — өз көршiлерiмiз, арғы атамыз бiр, орта азиялық түркi елдерi тарихы мүлдем жабулы жатыр. Осы жағдай, әрине, еш сын көтермейдi. Есесiне, Европа елдерi, жүйелi түрде әр тарихи кезеңде, революцияларының даталарына, қатысқан адамдарына шейiнгi егжей-тегжейi әбден қамтылған. Осы орайда туындайтын сұрақ, бiз қай құрылықта тұрып жатырмыз, не себептi ең алып, Азия құрылымын мекендейтiн құдайы көршiлерiмiздiң тарихын бiлмейтiн дүмше ұрпақ тәрбиелеймiз. Не үшiн Ұлы көшпендiлер, түркi-моңғол елдерi қамтылмаған. Көне түркiлердiң үшмыңжылдық металлургия саласынан бастап адамзат өркениетiне қосқан философия, математика, астрономия сынды, басқа да толып жатқан салалардағы сол кездердегi жаңалық үлестерiн неге көрсетпеймiз? Көшпендiлер тарихынан қамтылғаны арабтар ғана, оның өзi жоғарыда айтылған деңгейде. Әрине, адамзат тарихының барлық кезеңдерiндегi әр елдiң тарихын қамту мүмкiн емес, бiрақ қазiргi европацентристiк, Кеңес заманынан қалған тарихты барынша екшелеп, жаңа, объективтi жүйемен қалыптастырып, жас ұрпақтың санасына соны жеткiзуiмiз парыз.
Руза Бейсенбайтегi,