ЖАСАНДЫ ДӘРI КӨП

ЖАСАНДЫ ДӘРI КӨП

ЖАСАНДЫ ДӘРI КӨП
ашық дереккөзі
379

Iшкi нарықтағы жасанды дәрi-дәрмектiң арқасында пайдаға шаш-етектен кенелетiндер қылмыстық жазаға тартылуы тиiс деген ұсыныс айтқан денсаулық сақтау министрлiгiндегiлер заң бұзушыларға салынатын айыппұл көлемiн ұлғайтуға және оларды тiптi, абақтыға қамауға құлшынып отыр. Ал кеденнен кедергiсiз өтiп кететiн шетелдiк жасанды дәрiлер ҚР азаматтарының денсаулығы мен өмiрiн улауда.

ҚР Денсаулық сақтау министрлiгi Фармацевтiк бақылау комитетiнiң төрағасы Сыздық Баймұқанов iшкi нарықта жалған дәрi-дәрмек таратушыларды қылмыстық жазаға тарту керек деген пiкiр айтты. Оның айтуынша, заң бұзушыларға қатаң жаза қолданғанда ғана азаматтардың өмiрi мен денсаулығына сапасыз әрi заңсыз өндiрiлген дәрi-дәрмек өнiмдерiнiң кесiрiнен төнетiн қауiп-қатердiң алдын алуға мүмкiндiк бар. Сондықтан аталған өзгерту мен толықтыру үстiмiздегi жылдың соңына дейiн Денсаулық сақтау туралы заңға енгiзiлуi тиiс.

Негiзi жалған дәрi жасап, шаш-етектен пайдаға кенелгiсi келгендерге дамыған және дамушы елдердiң бiрқатарында қатаң жаза қолданылады. Мәселен, Францияда заңсыз дәрi жасаған не таратқандарды 300 бен 500 еуро көлемiнде айыппұл төлеп, 3 жылдан 5 жылға дейiн бас бостандығынан айыруға дейiн барады екен. АҚШ-тағы осындай мәселеге орай салынатын айыппұл көлемi 2 млн. доллардың көлемiнде, ал қапасқа қамалу 5 жылға дейiнгi мерзiмдi қамтиды.

Министрлiктiң дабыл қағуына елiмiздегi жалған әрi сапасыз таратуға қатысты 30 оқиғаның тiркелуi себеп болған. С.Баймұқановтың мәлiмдеуiнше, өзi басшылық ететiн комитет ҚР экономикалық және ұйымдасқан қылмысқа қарсы агенттiк (қаржы полициясы) өкiлдерi Астана қаласындағы Мәжитова деген кәсiпкердiң жеке дәрiханасынан “Эссенциале форте Н” дәрiсiнiң заңсыз жолмен дайындалған iрi көлемдегi жасанды көшiрмесiн тапқан. Өнiмнiң жасанды екендiгiн тауар өндiрушi компанияның зертханасы мен Ұлттық дәрiлiк заттарды зерттеу орталығының мамандары дәлелдеген. Осы оқиға бойынша iс қозғалып, Астананың әкiмшiлiк сотына жөнелтiлген. Мұндай заңсыздықтардың республика аумағында көптеп кездесерi сөзсiз. Заңсыз дайындалатын дәрiлер арасында әсiресе, елге кеңiнен танымал фирмалардың өнiмдерi жиi жолығады екен. Мысалы, “Но-шпа”, “Бисептол”, “Фестал”, “Валокардин”, “Фастум гель” т.б. Ал дәрiлiк өнiмдердi тарататын делдалдар мен алыпсатарлардың көптiгi соншалық жасанды тауарды таратқандарды анықтауға кедергi жасайды. Қазақстандық заңнамалық құжаттарға сәйкес, жасанды дәрi таратқан заң бұзушылар небары 150 айлық жалақы (1 АЖК – 1296 теңге) көлемiндегi айыппұлмен шектеледi. Демек, ешқандай талаптарға сай келмейтiн күмәнсiз дәрi-дәрмектердi сату және таратумен күнелтетiн отандастарға бұл тамаша мүмкiндiк. Медицина мен фармацевтика саласының мамандары басы ауырып, балтыры сыздай қалған азаматтарға дәрiнi тек арнайы лицензиясы бар дәрiханалардан сатып алуға кеңес беруде. Ал қолдағы дәрi сертификатталған және оған берiлген түсiндiрме қағазы қазақ және орыс тiлдерiнде болуы шарт.

С.Баймұқанов Денсаулық сақтау министрiлiгi тарапынан дәрi-дәрмектiң бiрегейлендiру, яғни, идентификаторы әзiрленiп жатқанын, бұл тәсiл дәрiлiк заттардың жасанды көшiрмелерiн тез әрi оңай анықтауға мүмкiндiк беретiнiн айтады. Ал отандастар болса, сатып алған дәрi-дәрмектiң сапасына күмәнданса, мiндеттi түрде Фармацевтикалық бақылау комитетiнiң аймақтық не жергiлiктi бөлiмшелерiне хабарласуы керек. Бұл талай адамның өмiрiне төнген қатердiң алдын алуға жағдай жасауы ғажап емес.

Министрлiктiң бұл бастамасын депутаттар қауымы қолдап отыр. Үстiмiздегi жылдың 24 маусымында Мәжiлiс депутаты Ерболат Әпсалямов ҚР Денсаулық сақтау министрiне жолдаған депутаттық сауалында Қазақстан аумағына заңсыз жолмен жасанды дәрi-дәрмектердi әкелген, таратқан, сатқан және сақтаған азаматтарды қылмыстық жазаға тарту туралы ұсыныс жасаған болатын. Сол кезде депутат 2008 жылы кеден қызметкерлерiнiң тексерулерi нәтижесiнде жалпы сомасы 1 млн. 664 764 мың теңгеге бағаланған жасанды дәрiнi елiмiзге әкелген 11 оқиға тәркiленгенiн көлденең тартқан едi. Бүгiнде Фармацевтiк бақылау комитетiне жүктелетiн басты мiндет – отандық дәрi-дәрмек нарығына қатысушылардың жауапкершiлiк мiндетiн айқындау және оны жақсарту мақсатында, дамыған елдермен бiрге жасанды дәрi таратқандарды қылмыстық жазаға тарту талаптарын түзуi тиiс.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары