Қабылсаят ӘБIШЕВ: МАҚСАТЫМЫЗ — ҚАЗАҚТЫ КӨПТЕП КӨШIРIП ӘКЕЛУ

Қабылсаят ӘБIШЕВ: МАҚСАТЫМЫЗ — ҚАЗАҚТЫ КӨПТЕП КӨШIРIП ӘКЕЛУ

Қабылсаят ӘБIШЕВ: МАҚСАТЫМЫЗ — ҚАЗАҚТЫ КӨПТЕП КӨШIРIП ӘКЕЛУ
ашық дереккөзі
463

Биылғы халық санағы көрсетiп бергенiндей елiмiзде негiзгi ұлт қазақтардың үлес салмағы 67%-ға жеттi. Бұл нәтижеге шеттен келген 1 миллион қандастарымыздың есебiнен жетiп отырғанымыз мәлiм. Дегенмен, көшi-қон саласының түйткiлдерi әлi де шаш етектен. Көшi-қон мәселелерiне құзырлы орган Қабылсаят Әбiшевпен арадағы әңгiмемiз осы бiр толғауы тоқсан көшi-қон мәселелерiне арналды.

— Қабылсаят Әзiмбайұлы, былтыр Бердiбек Сапарбаев Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi болып тұрған кезiнде “Нұрлы көш” атты бағдарлама қабылдаған едi. Оған депутаттар батасын берiп, Парламентте бекiтiлген де болатын. Қазiр шеттегi қазақтар осы бағдарламаға көбiрек үмiт артып отыр. Келесi жылдан бұл бағдарлама жүзеге аса бастайтын болады. Оның қазiргi беталысы жайында айтып өтсеңiз?

— Үкiметтiң Қаулысымен 2008 жылдың желтоқсан айында “Нұрлы көш” бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама үш жылға бағытталған болатын. Оған сәйкес 23 мың отбасын көшiрiп әкелу жоспарланған.

Биылғы жылы алғашқы 3 жоба жүзеге асуы тиiс едi. Бiрiншiсi, Шымкенттегi “Асар” шағын ауданы, онда 570 үй салынуда, екiншiсi, Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласы, онда 200 үй жөндеуден өткiзiлмек, үшiншiсi, Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласының жанынан Қызылжар атты елдi мекен салынып, 270 коттедж тұрғызу жоспарланған.

Қазiр соның алғашқыларының бiрi болып Шымкенттегi “Асар” шағын ауданының 69 үйi пайдаға берiлдi. Бұл Шымкенттегi салынып жатқан кешеннiң өз ерекшелiктерi бар. Онда 1725 үйге жер телiмi бөлiнген. Оны жүргiзiп жатқан адамдар бұрынғы оралмандар, қазiргi Қазақстан азаматтары.

Екiншi жоба — Қызылжарда да құрылыс жүрiле бастады. Олар да күзге дейiн 270 үйдi аяқтауға уәде берiп отыр. Үшiншiсi — Шығыс Қазақстандағы Курчатов қаласы. Мұнда қараусыз қалған үйлерге жөндеу жұмыстары жүргiзiлмек. Бұл ауылдардың инфрақұрылымына жергiлiктi бюджеттен қаржы бөлiнуде.

Демек, “Нұрлы көш” бағдарламасы бойынша жұмыс жүре бастады. Алайда, осы жерлерге келетiн адамдарды табу мәселесi қиындайтын түрi бар. Мәселен, Көкшетау маңайындағы Қызылжар ауылына 270 отбасы керек. Қазiр оған ниет еткендердiң саны 70 отбасына жеттi.

— Қаржы мәселесi жергiлiктi бюджетке жүктелген бе, сонда?

— Жоқ. Республикалық бюджеттен бөлiнген қаржы Әлеуметтiк ұлттық корпорацияға бөлiнедi. Олар үйдi салып, банкiге өткiзедi. Банкi оралманмен 15 жылға келiсiм-шартқа отырады. Олар осы уақыт арасында 4 пайыздық үстемемен аталған қаржыны төлеп бiтiруi тиiс. Үкiмет банк арқылы өз қаржысын қайтарып алады, банк өз үстемесiн алып қалмақ. Қазiр Көкшетауда салынған үйлердiң бiр шаршы метрi 270 доллар болып бекiтiлдi.

— Сiз, жалпы, бұл бағдарламаның жүзеге асуы үшiн оған мүдделiлердiң саны көп болуы керек дейсiз. Оларды қалай таратасыздар, арнайы барып көшiрiп әкелесiздер ме?

— Республикалық бюджетте арнайы көшiрiп әкелу iсi қарастырылмаған. Сондықтан, осында көшiп келген, әлi квотаға енiп үлгермеген адамдарды тартуды жөн көрiп отырмыз. Сондай-ақ, осындағы оралмандардың қоғамдық ұйымдарын пайдаланып, солар арқылы үгiт-насихат жұмыстарын жүргiзiп жатырмыз. Өңiрлердегi Көшi-қон департаментiнiң басшыларын iс-сапарға жiберiп, өзге елдегi қандастарымыздың тамырын басып бiлуге аттандырудамыз. Бұл жерде тағы бiр мәселе бар. Қытай, Өзбекстан, Моңғолия мемлекеттерiнiң қай-қайсысы да адамынан айрылғанды ұнатып отырған жоқ. Сондықтан, бiз мемлекет тарапынан барып, тiкелей үгiт-насихат жүргiзе алмаймыз. Бұл екi ел арасындағы қарым-қатынастарға керi әсерiн тигiзуi мүмкiн. Сол себептi де “Нұрлы көштiң” үгiт-насихатын қоғамдық ұйымдар арқылы жүргiзiп, оның басқа да тетiктерiн iздестiру үстiндемiз.

Ал, мемлекеттiк үгiт-насихат арқылы көшiрiп алу үшiн мемлекеттiк көшi-қон келiсiмiне қол жеткiзу керек. Бұл оңай iс емес. Әзiрге бұндай келiсiмге қол жеткiзгенiмiз — Түркия мен Иран. Шiлде айында осы екi мемлекетке арнайы ұшақ жiберiп, 100 адам әкелмекпiз.

— Соңғы кездерi “оралман” терминiн талқылау үрдiске айналып кеттi. Бұл қандай қажеттiлiктен туындап отыр?

— Бiзде “Көшi-қон туралы” жаңа заң дайындап жатырмыз. Мақсат — биылғы жылдың аяғына дейiн қабылдап үлгеру. 1997 жылы қабылданған “Халықтың көшi-қоны туралы” заңның үстiрт жерлерi көп. Онда еңбек көшi-қоны мәселесi, миссионерлер мен заңсыз мигранттар және этникалық көшi-қон мәселелерiнде бүгiнгi заман талабына орай қайта қарайтын тұстары көп. Былтыр Үкiметтiң арнайы шешiмi бойынша, оған тек өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлмек едi, алайда оған кiрiсе келе заңның 90% өзгерiске ұшырайтындығына көзiмiз жеттi. Сөйтiп жаңа заң қабылдауды жөн деп шештiк.

Осы заңда “оралман” деген категория бар ғой. Бұл — феномен. Олай дейтiнiм, бұл жекелеген адамның немесе ұлттың атауы емес, сондай-ақ, жағымсыз пiкiр тудыратын атау емес. Бұл бiр әлеуметтiк топты айшықтап бөлiп алып, соның статусына байланысты, мемлекет тарапынан жасалатын шараларды айқындайтын құқықтық мәртебе.

Бұл мәселе неге талқыланып жатыр? Былтыр Президентпен журналистердiң кездесуiнде осы атауға байланысты өз көңiлдерiн бiлдiргендер болыпты. “Бұл бiр қазақты екiге жару ғой. Басқаша атау жоқ па?” деген сауал жолданыпты. Президент: “Ендеше, осы атауға байланысты ойланып көрiңдер” деген тапсырма берiптi. Жаңа заңда бұл категория қалай аталуы керек? Бiз осыған орай талқылаулар өткiзiп жатырмыз. Мен осы қызметке тағайындала салысымен, наурыз айында комиссия құрып, Алматыда, Астанада және басқа да қалаларда дөңгелек үстелдер өткiзiп, зиялы қауымға, филологтарға, ономастикамен айналысушы азаматтарға ой тастадық.

Қалай дегенмен де, көшiп келген адамды қандай да бiр атаумен атауымыз керек. Бұл оның Кеденнен өткеннен, Қазақстан Республикасының азаматы атануына дейiнгi аралықта белгiлi бiр жеңiлдiктерге ие болуы керек. Бұл үшiн бiз қандай терминдi қолдансақ дұрыс? Әлде әлемдiк термин “репатриант” деген сөздi қолданамыз ба? Осыған орай, бiраз талқылаулар болғаны мәлiм.

— Қандай тоқтамға келiп отырсыздар?

— Қазiр бiзге келiп түскен атаулар тiзiмi бiразға жеттi. Айталық, депутат Уәлихан Қалижан бастаған бiр топ “этникалық отандас” деген ұғымды ұсынып отыр, тағы бiр топ — “отандас” деп атайық дейдi. Ендi бiреулерi — “оралған” деген сөздi ұсынса, төртiншiлерi — “репатриант” дегенге тоқталған жөн дейдi. “Оралман” сөзi қала берсiн дегендер де бар.

Бүгiнде “оралман” сөзi құқықтық категория ретiнде 41 заңда және 200-ге тарта құжатта кездеседi екен. Бiз атқарушы билiкпiз. Қоғамдық пiкiрге құлақ аса отырып, көпшiлiк қандай тоқтамға келедi, соны қолданатын боламыз.

— Ал жаңа заңда ең басты ненi ескеретiн боласыздар?

— Бұнда көшi-қонға қатысты бүкiл үрдiстер қамтылмақ. Оның iшiнде еңбек мигранттары, заңсыз гастарбайтерлер, студенттер мен туристер, миссионерлер мәселесi де жеке-жеке блок болып енбек. Ең бастысы — этникалық миграция мен iшкi миграцияны реттеу мәселесiне ерекше назар аудармақпыз.

Бұған дейiнгi қолданыстағы “Халықтың көшi-қоны туралы” Заңға 12 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында бiз аталған заңның осал тұстарын байқадық. Қай жерде ақсап жатыр, қай жерде жемқорлыққа жол берiледi, осы мәселелердiң барлығын ескерiп отырмыз.

Негiзгi артықшылықтары — қазақтың көбiрек көшiп келуiне мүмкiншiлiк жасау. Көшiп келгеннен кейiн, тез бейiмделiп кетуiне мүмкiндiк тудыру. Көшi-қон бүгiнге дейiн стихиялы түрде жүргiзiлiп келсе, оны белгiлi бiр жүйеге түсiру.

Әрi бұл заңның солқылдақтығы салдарынан, бiз жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа мүмкiндiк берiп отырмыз. Мәселен, көшi-қон квотасына үмiткерлер бiздiң басқармаларға Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құжат тапсырды деген тiлдей анықтама бередi де сол арқылы көшi-қон квотасына бөлiнген қаржыға қол жеткiзе алады. Олардың арасында квота қаржысына қол жеткiзгеннен кейiн, азаматтығын тоспай келген мемлекетiне қайтып кеткендерi де, азаматтығы шығып қойса да, алмай жүргендерi де бар. Бiз ол адамдармен кезiнде шартқа отыруымыз керек едi, немесе сенiмхат арқылы құжат тапсыруға мүмкiндiк бар едi. Кейбiр алаяқтар 50-70 адамның төлқұжатын жинап әкелiп, сенiмхат арқылы квотаны қолға түсiрiп алып, оны не иелерiне бермей, не үкiметте қалдырмай жоғалып кеткен. Қазiр төлқұжатынан айрылып қалған қандастарымыздың бар екенiн де естiп, бiлiп жатырмыз. Демек, жаңа заңда осы мәселелердiң барлығын ескерiп, квотаға үмiткерлермен арада азаматтық келiсiм-шарт жасасып, сенiмхат арқылы құжат өткiзуге жол бермеу жағын қарастырып жатырмыз.

— 2008 жылдан берi “Көшi-қон квотасының жаңа Ережесi” туралы Қаулының күшiне енгенi белгiлi. Онда әрбiр отбасы мүшелерiнiң бiлiмi және жан саны басты назарда болады делiнген едi. Бұл Қаулыға өзгерiстер енгiзiле ме?

— Бұл Қаулыда бiлiмiн бiрiншi кезекке қойып, балаларының санын екiншi кезекке ысырып қойған. Дәл осы мәселе — жеңi ұшынан жалғасқан жемқорлыққа да, жалған құжат жасаушылыққа да жол берiп қойған. Қалай дейсiз ғой? Шетелден келген әрбiр қазақ оқу бiтiргенi жөнiндегi құжатты қолдан жасап, бiр адам 10 мамандықтың иесi болып шыға келген. Ал “Квота туралы” Заңның солқылдақтығының кесiрiнен бiздiң көшi-қон қызметкерлерi әр мамандыққа 10 баллдан берiп отырған. Қазiр бiз осы бiр критерийдi жойдық.

— Сонда №858 Қаулының күшi жойылды ма?

— Жоқ. Жаңа заңның қабылдануына орай оның да күшi жойылады. Қазiр өзiмiздiң iшкi инструкцияларымыз арқылы жұмыс жасап жатырмыз. Келген қазақты алаламай, бәрiне квота берiп жатырмыз. Өйткенi, бiздiң квота беретiн мүмкiндiгiмiз бар. Сондықтан, мен осы қызметке кiрiскен күннен бастап, арнайы бұйрық берiп, Қазақстан азаматтығын алып үлгермеген, бiрақ квотаға да қол жеткiзе алмай жүрген оралмандардың барлығын тiркеп, квотасын берiп жатырмыз. Сондықтан, сiздердiң газеттерiңiздi пайдалана отырып, шеттегi қандастарымызға: “Келiңiздер, көшi-қон квотасын алыңыздар. Араға ешқандай делдал салмаңыздар. Ешқандай қиындықсыз тиесiлi квоталарыңызды алуға мен кепiлдiк беремiн” деген үндеу салғым келедi. Құдайға шүкiр, қазiр Iшкi iстер министрлiгi мен Қауiпсiздiк комитетiмен бiрлесе отырып, көшi-қон саласындағы жемқорлыққа тыйым салдық. Бүгiнде Қостанай қаласында жалған құжат жасаумен айналысып келген өзбекстандық қылмыстық топ құрықталды. Олар бұған дейiн жалған құжат жасау арқылы, қазынаның 169 миллион теңгесiн қымқырып кеткен. Қаржының бәрi өмiрде болмаған адамдарға аударылып, алаяқтардың қалтасына түсiп отырған. Бұған дейiн квотаға конкурс жариялау арқылы, оны саудаға салып жiбергенбiз. Бүгiн соның зардабын өзге емес, елiмiздiң қазынасы тартып отыр. Әрине, бұл жерде жемқорлыққа жол берген бiздiң саланың қызметкерлерiнiң де кiнәсi шаш етектен.

Бүгiн бiз Қазақстан Республикасының азаматтығын алып үлгермеген қазақтарға: “Әуелi квотаңды алып, сосын азаматтыққа тапсыр” деген нұсқау берiп жатырмыз. Өйткенi, бұл олардың қабырғасын жаппаса да, атамекенiнен алуға тиесiлi ерулiгi.

— Жалпы, соңғы кездерi көшi-қон қаржысының талан-таражға түскенi жайлы әңгiмелер жиi айтылып кеттi. Қылмыстық топ бiресе Ақтөбеде, бiресе Шымкентте, ендi Қостанайда қолға түсiп отыр. Барлығы да Өзбекстаннан келген қандастарымыз. Олар жалған құжаттарды жасауға шебер болып алғандығы сондай, тiптi, Iшкi iстер министрлiгiнiң Көшi-қон полициясының “ҚР азаматтығына өткiздi” деген анықтамасының өзiн қолдан жасап отырған.

— Көшi-қон квотасы кейбiреулер үшiн — ақшаның көзiне айналған. Баспахананың шарықтап дамып кеткенi соншалық, көшi-қонға қатысты барлық құжаттар қолдан жасалып, өмiрде жоқ Гогольдiң “Өлi жандары” секiлдi адамдарға квота төленiп келген. Әсiресе, Солтүстiк пен Батыста бұл тiптi кәсiпке айналып кеткен.

Заңдағы ең үлкен кемшiлiк — оралман мен Қазақстан үкiметi арасында арнайы келiсiм-шартқа отыру туралы баптың жоқтығы. “Егер, сен Қазақстан Республикасының азаматы атанбасаң, осында тұрақты тұрып қалмасаң, көшi-қон квотасына бөлiнген қаржыны қазынаға қайта құясың” деген арнайы бап болуы қажет едi. Өкiнiшке қарай, ондай талаптың жоқтығы салдарынан қаржы алаяқтарға жем болған. Егер, осындай келiсiмс-шарт жасасқан болса, әлгi адамды iздеп барып, сол құжат арқылы қылмысқа тарта алар едiк. Болмаса, көшi-қон квотасына бөлiнген қаржы оған үмiткер адамның депозитiне аударылып, Қазақстан азаматтығын алғаннан кейiн ғана иелiк ете алатындай механизм ойлап табу керек едi. Бұған дейiн “азаматтыққа құжат өткiздi” деген Көшi-қон полициясының анықтамасы болса жететiн едi. Оны бiздiң кейбiр қызметкерлерiмiз де сатып келгенiн мойындау керек.

Бұның кесiрi, квотадан шынайы үмiткер, 5-6 баласы бар, қарт адамдары бар немесе қазақтың ақыны, композиторы, бишiсi сияқты қарапайым адамдарға тиiп келген. Олар әлi күнге дейiн квота ала алмай жылап жүр. Өзiм Астанада 5 балалы жесiр әйелдiң квотасын алып бердiм. Көшi-қон қызметкерлерiнен “Ол неге квота ала алмайды?” деп сұрасам, “Балы жетпейдi. Оған квота беру заңсыз” дейдi. Квота алуға балы жетiп тұрғам адамдарды қарасам, отбасы мүшелерiнiң бiреуiнде 5 диплом, екiншiсiнде 3 диплом деген сияқты, қитұрқылықтарға тап болдым. Мен бұл мәселелердi арнайы бұйрықтармен ретке келтiрдiм.

Қазiр алаяқтық құрықталғаннан берi оңды-солды шашылған көшi-қон квотасының 2 миллиардтай қаржысы әзiрге игерiлген жоқ. Бұрын жарты жылдың iшiнде 1000 отбасын қабылдап қоятын облыстарымызға биыл 100 отбасы ғана келген жағдайлар бар. Дегенмен, бiз бұл қаржыны ақ адал жолмен игеремiз деген ойдамыз. Жыл аяғына дейiн үгiт-насихат жұмыстарын күшейтудi қолға алмақпыз. Өз басым Қытай, Моңғолияны аралап, келем деушiлермен шартқа отырып, қай жерге бару керектiгiн де нұсқасам деймiн. Қазiр Моңғолиядан 160 отбасы Көкшетауға келуге дайындалып жатыр.

— Сонда бiр кездерi “Квотамен келген отбасыдан, квотадан тыс келгендердiң жаны үш есеге артық” деген әңгiмелердiң өзi осындай жүйесiздiктен туындаған ғой.

— Әрине, бұл жерде қазақтың ешқандай кiнәсi жоқ. Бұл жерде мәселе — заңның солқылдақтығынан және квотаны беруге тиiстi 3 орган — Көшi-қон саласының қызметкерлерi, Iшкi iстер министрлiгiнiң Көшi-қон полициясы және Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң бiрлесе iс атқармауында.

Жалпы, Қазақстанда көшi-қон квотасымен арнайы көшiрiп алу деген жоқ. Ол өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында Еңбек шарты бойынша көшiрiп алу болған. Одан кейiн қазақтар өздерi келе бастады. Ал, Израиль мен Германия бiздей емес, жабық мемлекет. Бұл елдерде көшi-қон квотасы жұмыс iстейдi. Көшiп баруға ниет етушi адам оларға ұсыныс айтады. Көшi-қон қызметi ол адамның келетiн мекенiн, тұратын үйiн, iстейтiн қызметiн және баласының оқитын мектебiн дайындайды да, ол адамды шақырады. Бiзде ондай жүйе жоқ. Бiздiң қазақтар өздерi келiп көшi-қон квотасына енедi.

— Сондай-ақ, “Оралман куәлiгiнiң” мәртебесi жайында айта кетсеңiз. Мен жақында Алматы облысы, Жамбыл ауданының Ақтерек деген ауылында болып едiм. Ол жерде Моңғолиядан көшiп келген ақсақалдар отыр екен. Әлгi адамдар көшiп келгенiне 2 жыл толса да, азаматтығын ала алмапты. “Оның себебi, — дейдi олар, — Алматы облыстық Көшi-қон басқармасының Талдықорған қаласында орналасқандығы. Азаматтыққа өткiзген құжаттарының бiресе анаусы дұрыс емес, бiресе мынаусы дұрыс емес, деп қайтып келедi. Ал, Ақтерек пен Талдықорған арасы 500 шақырым. Оған жиi қатынау қиын. Оның үстiне тұрақты тiркеуiмiз Талдықорғанда. Сол себептi де, бiз әлi әлеуметтiк көмектерге де қол жеткiзе алмай отырмыз”. Бiрiншiден, бұл адамдар оралман куәлiгiн алған күннен бастап, әлеуметтiк көмектерге ие болуы тиiс қой. Екiншiден, Алматы қаласы маңындағы оралмандар үшiн Талдықорғанға қатынау қиындық тудырып отыр. Облыстық көшi-қон басқармасының өкiлдiгiн Алматы қаласынан ашуға болмас па екен?

— Көшi-қон квотасын алды деген сөз – олардың құжаты азаматтыққа қабылданды дегендi бiлдiредi. Неге осы уақытқа дейiн азаматтығын ала алмай отырғанын мен түсiнбедiм. Екiншiден, бiз Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен келiсiп, оралмандардың құжатын бұрын 6 ай бойы сүзгiден өткiзiп келген болса, ендi 1-2 айдың көлемiнде қарап беру туралы арнайы бұйрық шығарттық. Ол бұйрықтың шыққанына көп бола қойған жоқ. Осыдан былай азаматтық алу мәселесi 6 ай немесе 1 жылға дейiн созылмайтын болады.

Ал, азаматтық алу мәселесi бiзден гөрi Iшкi iстер министрлiгiне қатысты. Алматы қаласындағы Көшi-қон басқармасының жанынан бiр кабинет бөлiп, Алматы облысының оралмандарын аптасына екi рет қабылдайтын өкiлдiк ашып қоюға болады. Бiрақ, бiз облыстық Көшi-қон басқармасын түбегейлi Алматыға аударып бере алмаймыз. Территориялық тұрғыдан бөлiнетiн қаржы, тiркеу мәселелерi барлығы да Талдықорғандағы басқарма арқылы жүзеге асады.

Оралман куәлiгi — азаматтығын алғанға дейiн Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей жеңiлдiктерге ие болуға құқылы дегендi бiлдiредi. Демек, бұл құжат арқылы оралман әлеуметтiк жеңiлдiктер, соның iшiнде зейнетақысын рәсiмдеуге, балаларының жәрдемақысын алуға және жұмысқа орналасуға құқылы.

— Оралмандардың алдынан кездесетiн тағы бiр қиыншылық – тұрақты түрде тiркелу мәселесi. Шеттен келген қазақ квота рәсiмдеу үшiн де, азаматтыққа құжат өткiзу үшiн де, бiр жерде тұрақты тiркеуге тұруы қажет. Әсiресе, бұл қалалы жерде қиындық тудыратыны жасырын емес. Осы мәселенi қалай реттеуге болады?

— Иә, бұл үлкен кедергi болып келгенi анық. Бiз осы жақында арнайы Қаулы арқылы, Көшi-қон департаменттерiнiң жанында уақытша тұру және орталықтарына тiркеуге алуға бұйрық бердiк. Бұған көшi-қон полициясы да өз келiсiмiн берiп отыр. Егер, әр адам тiркеуге тұру үшiн 5000 теңгеден төлеп келген болса, биыл келетiн 90 мың адамның 450 миллион теңгесiн өз қалтасына қалдырып отырмыз. Бұның жақсылығы да бар екен. Бұл бағанадан бiздiң айтып отырған алаяқтардың алдын кесуге мүмкiндiк бередi.

— Қытайдан келген кейбiр оралмандардың құжаттарында тек аты ғана жазылады екен. Бұл да белгiлi деңгейде қиындықтарға душар етiп жатқан көрiнедi. Бұл азаматтарға қандай көмек көрсете аласыздар?

— Иә, Қытайдың үш аймағында адам аттарын солай жазу үрдiсi бар екен. Олардың өз аттары 2 әрiптен ғана тұрады. Ал, 5 әрiптен кем емес қандастарымыздың атын оалры аты және фамилиясы деп түсiнген. Қазiр бұның жалғыз ғана жолы — аты-жөнiңдi сот арқылы реттеу. Яғни, 4 адам сiздiң аты-жөнiңiздiң кiм екенiн растап қолхат беруi керек. Екiншiден, бiз жаңа заңда бұл мәселенi де бiр жақты етудi жөн санап отырмыз. Әдiлет министрлiгiнiң комитет төрағасы Марат Шабақбаевпен келiсiп, заң жобасын жасап қойдық. Онда төлқұжат алар кезде оралманның өзiнiң айтуы бойынша аты-жөнiн жазып беруге болатын механизм енгiзiп отырмыз.

— Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары