ТЕКСЕРУ: БIР ҒАНА АЛМАТЫДА...
ТЕКСЕРУ: БIР ҒАНА АЛМАТЫДА...
Мораторий аяқталған алғашқы күнi-ақ “ләббайға” зар боп отыратын салық қызметкерлерi 70-тен астам заң бұзушылықты анықтады. Ресми билiк отандық шағын және орта кәсiпкерлiктi мемлекет тарапынан қолдау жалғаса беретiнiн айтады. Ал кәсiпкерлер қауымы өздерiне толық жағдай жасау үшiн 7 кодекс, 67 заң, 1000-даған заңнамалық құжаттарға толықтырулар мен өзгертулер енгiзу қажеттiгiн көлденең тартады. Президент мемлекеттiк тексерулер санын қысқартуға бiрнеше рет пәрмен берсе де, Үкiмет оған құлақ асар емес.
Бүгiнде қазақстандық кәсiпкерлiк саласына қатысты қабылданған 10 мыңнан астам заңнамалық құжаттар отандық кәсiпкерлердiң құқығы мен мүддесiн толық қорғауға қауқарсыз. ҚР Экономика және жоспарлау министрi Бақыт Сұлтановтың айтуынша, қазiр әзiрленiп жатқан жаңа заң жобасында рейдерлiк тексерiстердi толығымен алып тастау көзделiп отырған көрiнедi. Мысалы, жоспарлы тексерулер тек қауiп-қатерлердiң алдын алуды мақсат етсе, жоспарсыз тексерулер мемлекет тарапынан жасалатын арнайы тiзiмде көрсетiлуi тиiс. Аталған заң жобасы 2011 жылға дейiн түбегейлi әзiрленiп, депутаттар талқысына ұсынылмақ. Бұл билiк пен бизнестiң арасындағы өзара қатынастың негiзi болады. Кәсiпкерлiк ортаны жақсарту кәсiпкерлiк пен билiк арасындағы келiссөздердiң белсендi жүргiзiлуiнiң арқасында ғана iске асырылатынын көлденең тартқан Сұлтанов Қазақстан кәсiпкерлерiнiң бiрiгуi нәтижесiнде қоғамдық пiкiрге ықпал етуге болатынын және мемлекеттiк органдармен қарым-қатынас орнатуға мүмкiндiк туатынын айтты.
Үстiмiздегi жылдың 1 шiлдесiнен бастап елiмiздегi шағын және орта кәсiпкерлiктi тексеруге қатысты жарияланған алты айлық мораторийдiң мерзiмi аяқталды. Отандық кәсiпкерлiктi сан түрлi тексерулерден босату тәжiрибесi Қазақстанда бұдан бұрын да енгiзiлген болатын. Билiктiң айтуынша, “осындай мораторийден кейiн қазақстандық бизнес жақсы жұмыс iстей бастады әрi салықты төлеуде де белсендiлiк пайда болды”. ҚР Президентi Н.Назарбаевтың тапсыруымен көрсетiлген бұл көмектiң мерзiмi бiтуi мұң екен салық органдарының қызметкерлерi сол 1 шiлде күнi-ақ 70-тен астам заң бұзушылықты анықтады. Азат Перуашевтың мәлiмдеуiнше, қазiргi кезде “Атамекен” мен кәсiпкерлердiң салалық ассоцицияларына кәсiпкерлер тарапынан қоңыраулар түсiп жатқан көрiнедi. Бизнесмендер шiлденiң алғашқы күнiнен бастап шегiрткеше қаптайтын тексерушiлердiң заңсыз әрекеттерге жиi жол беретiнiне алаңдайды. Ал ҚР Өндiрiс және сауда министрлiгiндегiлер болса, тек заңды бұзған немесе асыра пайдаланған компанияларға, әсiресе, шетелдiк шағын және орта кәсiпкерлiк өкiлдерi иелiк ететiн кәсiпорындарға ғана тексеру жүргiзiлетiндiгiн айтады. ҚР “Жекеменшiк кәсiпкерлiк туралы заң” қабылданғанмен, қазақ iскерлерi жиi кезiгетiн кедергiлер толық жойылып кетпегенiн сынға алған “Атамекен” одағы Қазақстан ұлттық экономикалық палатасының жетекшiсi Азат Перуашев отандық кәсiпкерлерге толық жағдай жасау үшiн 7 кодекс, 67 заң, 1000-нан астам заңнамалық құжаттарға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу қажеттiгiн көлденең тартады.
2008 жылдың ақпанынан бастап, қазақстандық орта және шағын кәсiпкерлiктi тексеруге қатысты жарияланған мораторий елiмiздегi кәсiпкер қауымды күн сайын ығыр қылатын 57 бақылау-тексеруден 1 жыл 5 ай мерзiмге құтқарған едi. Президент Назарбав отандық кәсiпкерлердi тексеретiн органдар санын қысқартуға Үкiметке бiрнеше рет пәрмен берген едi. Бiрақ тексерушiлердiң ұзын-сонар тiзбегi әлi күнге азая қойған жоқ. Тексерушiлердiң қайсысы кәсiпкер үшiн ең қауiптi екенiн де ешкiм бiлмейдi. Өйткенi, жүйкенi жұқартатын әрбiр тексеру ешкiмге ұнамасы анық. Осы орайда, ұлттық экономикалық палата өкiлдерi Үкiмет пен ҚР Бас прокуратурасына жеке кәсiпкерлердiң мүддесi мен құқығын қорғауды қамтамасыз ету туралы өтiнiш жолдады. Олар билiктi бақылау мен тексеру барысында жеке бастың қамын күйттейтiндердi тезге салуға және ондай заң бұзушылықтарға жол бермеуге шақырады. Кәсiпкер ағайындар тiптi, тексеру комиссияларының құрамына өздерiнiң өкiлдерiн енгiзуге кетары емес. Заңсыздықтарға жол берiлмес үшiн, әрине.
Өткен аптаның соңына қарай құрылтай өткiзiп, кәсiпкерлер кездесетiн қиындықтарды ортаға салған “Атамекен” одағы елiмiздегi iрi дүкен желiлерiнде отандық өнiмдердiң делдалсыз және алыпсатарлардың қатысуынсыз сатылуына жағдай жасайтын “Сауда саясаты туралы” заң жобасын әзiрлеуге ұсыныс бiлдiрдi. Ол үшiн мемлекеттiк органдар тасымалдаушыларға ақыны “қабылдау-тауар өткiзу” актiсi түзiлгеннен кейiн бiрден өтеуi тиiс. Кәсiпкерлердiң алаңдайтын, дабыл қағатын жөнi бар, өйткенi, кейiнгi кездерi мемлекеттiк органдар төлемақыны 180 күнге дейiн кешiктiрiп өтеудi әдетке айналдырған. Сондай-ақ, кәсiпкерлер қауымы “Сауда-өндiрiстiк палата туралы” заңның қабылдануына “бөрiктерiн аспанға ата” қуанып отырған жоқ. Себебi белгiлi – “отандық iскер қауым үшiн бұл заңның қандай пайдасы мен тиiмдiлiгi барлығы беймәлiм”.
Мемлекеттiк бақылаушы органдардың мәлiметтерiне сүйенсек, 2008 жылы Алматы қаласындағы 17 350 шаруашылық нысанына және 3434 шағын кәсiпкерлiкке тексеру жүргiзiлген. Бұл тексерулердiң басым бөлiгi санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы қызмет өкiлдерi тарапынан жүзеге асырылған көрiнедi. Ал тексерушiлердiң үстiнен тексеру жүргiзген прокуратура қызметкерлерi 41 тексерудiң заңды құжаттарға сәкес жүргiзiлмегенiн, мораторий жарияланғанына қарамастан, бақылаушы органдардың 25 тексеру өткiзгенiн, лауазымы мен қызметiн асыра пайдаланған 8 жайтты, тексеру жүргiзу тәртiбiн бұзған 46 оқиғаны анықтаған. Бұл – бiр ғана Алматы қаласындағы орын алған жайт.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ