“NABUCCO” ҚАЗАҚСТАНДЫ АЙНАЛЫП ӨТЕДI
“NABUCCO” ҚАЗАҚСТАНДЫ АЙНАЛЫП ӨТЕДI
Жалпы ұзындығы 3300 шақырымға созылатын еуропалық газ құбырына Қазақстан қатыспайды. Өйткенi, қазақтарда құбырға құятын басы артық шикiзат жоқ. Есесiне, күнi кешеге дейiн Еуроодаққа кесiмдi жауабын айтпай, күлтебiлтелендiрiп келген Ашхабад түркiмендердiң “Nabucco” құрылысын салуға кетары еместiгiн жеткiздi.
Дүйсенбi күнi түрiктердiң астанасы Анкарадағы кездесуде Түркия мен Еуропалық Одаққа мүше елдердiң өкiлдерi – Румыния, Болгария, Австрия, Венгрия АҚШ пен ЕО-ның энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудегi басты жобаларының бiрi – “Nabucco” газ құбыры жобасын жүзеге асыру туралы келiсiмге қол қойды. Кәрi құрлыққа жыл сайын 31 млрд. текше метр “көгiлдiр отын” тасымалдауға қауқарлы бұл құбырдың ұзындығы 3300 шақырымнан асады. Каспий теңiзiнiң жағалауындағы орталықазиялық елдерден бастау алып, Таяу Шығыс пен Әзiрбайжан, Грузия, Түркия, Болгария, Румыния, Венгрия жерi арқылы Австрияның қаласына жетiп тұйықталатын “Nabucco” Еуроодақты ресейлiк көмiрсутегiлерге деген тәуелдiлiктен құтқару үшiн маңызды. Баку-Тбилиси-Ерзұрым газ құбырының жалғасы болып табылатын құбыр Батысқа қажеттi көмiрсутегiнiң 5-10 пайызын қанағаттандыра алады. 2011 жылы басталуы тиiс жоба 2014 жылы пайдалануға берiледi деп жоспарлануда. Бұған дейiн “Nabucco” туралы жағымды жаңалықтардан гөрi сын-ескертпелерге “жомарттық” танытқан батыстық басылымдардың өзi былтырғы уәде бойынша, 2009 жылдың 13 шiлдесiнде мүдделi тараптар Анкарада келiсiмге келедi деп әсте күтпеген едi. Алып-қашпа әңгiмелерге толы болған еуропалық бұл жобаның тараптарға беретiн пайдасы мен тиiмдiлiгi, яғни, нақты шарттар әзiр бұлыңғыр. Өйткенi, екi құрлықты жалғастыруда басты транзиттiк ел саналатын Түркияның еуропалықтардан қанша көлемде газ алуға құқылы екендiгi әлi күнге белгiсiз. Нақты шешiмдi Еуропалық Одақ пен Түркия жыл соңына дейiн нақтылап үлгеруi тиiс.
Тағы бiр маңызды жайт, құбырды көмiрсутегi шикiзатына толтыруда кепiл болатын мемлекеттер айқындалған жоқ. Ұзақмерзiмдiк жоспарда Қазақстан, Иран, Ирак, Түркiменстан мен Египет тұр. Алайда, Қазақстанның “Nabucco” құбырына беретiн басы артық шикiзаты жоқтығын 2009 жылдың 26 маусымы күнi ҚР Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрi Әсет Мағауов мәлiмдедi: “Қазiргi уақытта бiз екi iрi жобаны қолға алдық. Бiрiншiсi – 10 млрд. текше метр газ жөнелтетiн Каспий жағалауы құбыры. Екiншiсi – қытайлықтармен бiрге салынатын құбыр”. 2009 жылдың 27 сәуiрiнде ҚР Парламентiнiң Сенаты 2007 жылдың желтоқсанында Қазақстан, Ресей және Түркiменстан үкiметтерi арасындағы Каспий жағалауы газ құбырының құрылысын салу туралы келiсiмiн заң жүзiнде бекiттi. Аталған құжат бойынша жыл сайын түркiмендерден – 10 млрд. текше метр газ, қазақтардан 10 млрд. текше метр газ Ресейге жөнелтiлiп тұруы тиiс. 2010 жылы пайдалануға берiлуi тиiс бұл құбырдың жалпы ұзындығы 1700 шақырымнан асады. Каспий жағалауының бойымен Қазақстан арқылы орыстар жерiне тартылатын құбыр ескi құбырдың жаңартылған жобасы ретiнде iске қосылмақ. Демек, “Nabucco” Ресейдi ғана емес, Қазақстанды да айналып өтуi әбден мүмкiн.
Күнi кешеге дейiн кесiмдi жауабын айтпай келген Ашхабад жобаға қатысуға келiсiмiн бердi. Үстiмiздегi жылдың 10 шiлдесiнде Еуропалық Комиссияның президентi Жозе Мануэл Баррозу мен ЕО энергетика iстерi жөнiндегi комиссар Андрис Пиебалгис Түркiменстан президентi Г.Бердiмұхаммедовтiң “Nabucco” жобасына қатысатындығын мәлiмдегенiн жеткiздi. Алғашқыда газ құбырының жылдық тасымалдық қуаты 10 млрд. текше метрге жуық болатын: Әзiрбайжан мен Ирактан – 7-8 млрд. текше метр, Египеттен – 1-2 млрд. текше метр газ. Бiрақ жуырда Баку жыл сайынғы тасымалданатын газ көлемiн 15 млрд. текше метрге де көбейте алатынын айтты. Мәскеу болса, өз территориясынан айналып өтетiн кез келген көмiрсутегi жобасына үзiлдi-кесiлдi қарсылық танытатыны айқын. Өткенi, әлемдiк саяси сахнаға мұнайы мен газы арқылы үстемдiк етуге ұмтылатын Ресей Еуропалық Одақтың кез келген әрекетiне кедергi жасауға мүдделi. “Nabucco” құбырына басты бәсекелес ретiнде Румыния, Венгрия мен Түркияға, Еуропалық Одақтың беделдi мүшелерiнiң бiрi Германияға “Газпромның” Қара теңiздiң түбi арқылы Балқан түбегiне жол тартатын жобасы – “Оңтүстiк ағын” газ құбырын, ал орталықазиялық аймақтағы елдерге Каспий жағалауы газ құбырын жиi көлденең тартуы сондықтан. Ресей бос жатқан Қиыр Шығысын жаулап алады деп қауiптенетiн қытайлармен де көмiрсутегi мәселелерiнде серкiтестiк орнатуға талпынады. Өйткенi, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан аспанасты елi көмiрсутегi тапшылығына ұрынбас үшiн инвестицияны Орталық Азия елдерi мен кез келген мұнай мен газға бай мемлекеттерге құюға жанталасуда. Әлемдiк экономиканы тығырыққа қаржылық дағдарыстан аман шығуға ұмтылатын әрбiр ел Қытай сияқты экономикасы қуатты елдiң тарапынан көрсетiлген көмектен бас тартпасы анық.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ