“ҚАРА АЛТЫН” ТАҒЫ ҚҰНСЫЗДАНДЫ

“ҚАРА АЛТЫН” ТАҒЫ ҚҰНСЫЗДАНДЫ

“ҚАРА АЛТЫН” ТАҒЫ ҚҰНСЫЗДАНДЫ
ашық дереккөзі
456

Саясат пен экономикалық заңдылықтар әсерiнен сан құбылған мұнай нарығы тағы да тұрақсыздыққа ұрынды. Осыдан тура 1 жыл бұрын 140 доллардан асып түскен бiр баррель “қара алтын” бүгiнде 60 доллардың төңiрегiнде. Сарапшылардың кейбiрi жыл соңына дейiн энергетикалық қорлар құны 30 доллардан да төмендеуi мүмкiн деген болжам айтады.

Халықаралық ұйым — ОРЕС үстiмiздегi жылдың 13-шiлдесi күнгi есеп бойынша “қоржынындағы” 1 баррель мұнайдың бағасын 59,66 долларға (-$20) бағалады. ОРЕС “қоржынындағы” баға мұнайдың 12 сорты — Saharan Blend (Алжир), Girassol (Ангола), Oriente (Эквадор), Iran Heavy (Иран), Basra Light (Ирак), Kuwait Export (Кувейт), Es Sider (Ливия), Bonny Light (Нигерия), Qatar Marine (Катар), Arab Light (Сауд Арабиясы), Murban (Бiрiккен Араб Әмiрлiктерi) мен BCF 17 (Венесуэлла) сортының орташа арифметикалық көрсеткiшi ретiнде анықталады. 2008 жылдың 3-шiлдесi күнi әлемдiк нарықта бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткiшке жеткен “қара алтынның” бiр баррелi 140,73 долларға бағаланған болатын. Көмiрсутегiлердi саяси сахнаға шығарғысы келетiн кейбiр саясаткер сонда мұнайдың құны 200 долларға дейiн шарықтайды деп сәуегейсiген. Алайда әлемдiк экономиканы алқымнан алған қаржылық және экономикалық дағдарыс соңы халықаралық нарықтағы энергоқорлар бағасын күрт төмендетiп жiбердi. Дүниежүзiлiк экономиканы тығырықтан алып шығуға жанталасқан G7 елдерiнiң көсемдерi күнi кеше жасаған мәлiмдемелерiнде мұнайдың бiр баррелi 70-80 долларға дейiн көтерiлуi керектiгi айтты. Франция президентi Н.Саркози мен ағылшын премьерi Г.Браун “The Wall Street Journal Europe” басылымындағы сұхбаттарында мұнай өндiрушi алпауыт елдердi баға саясатындағы ауызбiршiлiкке шақырды. Батыстық саясаткерлердi алаңдатқан басты мәселе — соңғы екi жылда тұрақсыздыққа тап болған мұнай бағасы экономикалық заңдарға керi әсер етедi. Оның үстiне, екi шенеунiк те “күтпеген жерден шарықтап шыға келетiн көмiрсутегiлер өндiрушiлер мен тұтынушыларға зиянын тигiзедi” деген сенiмде. Ол үшiн “әлемдiк мұнай нарығында тұрақтылық орнатып, жариялылыққа қол жеткiзу керек және нарыққа қатысушы операторлар алыпсатарлыққа ұрынбас үшiн олардың қызметiн қатаң бақылауға алып, мүдделi елдер мен халықаралық ұйымдардың тiзе қоса отырып, әрекет етуiн жақсарту қажет”.

Қос саясаткер осылайша кеңес берiп жатқанда, BNP Paribas сарапшылары 2009 жылдың тамызына қарай халықаралық нарықтағы мұнай құны 45 долларға дейiн арзандауы мүмкiн екендiгiн көлденең тартты. Оған АҚШ-тағы мұнай өнiмдерiне деген тұтынушылық сұраныстың күрт төмендеуi себеп. Құрама Штаттар — жанар-жағар майды аса iрi көлемде пайдаланатын негiзгi мемлекет. Тiптi, экономикасы қарқынды дамып келе жатыр деген аспанасты елiнiң өзiнде Америкадағыдай тұтынушылық сұраныс деңгейi аса жоғары емес. Құрама Штаттар Жапония, Франция, Германия мен Ұлыбританияға қарағанда да әлдеқайда алда. Франциядағы Орталық банктiң сарапшысы Гарри Чилингарян АҚШ-тағы белең алған жұмыссыздықтан көңiлдерiне алаң кiрген америкалықтар қолдағы қаражатын жұмсағаннан гөрi жинауға ден қойғанын айтады. Дүниежүзiлiк бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған бағаға қатысты болжамдар арасында ресейлiк сарапшылардың да пiкiрi бар. Мысалы, Жаһандану және әлеуметтiк қозғалыстар институтындағы Экономикалық зерттеулер орталығының мамандары 2009 жылдың соңына дейiн “қара алтынның” қазiргi деңгейден екi есеге дейiн құнсыздануы мүмкiндiгiн жоққа шығармайды. Өйткенi, экономиканың нақты саласында қордаланып қалған қиындықтар мен алыпсатарлар қолындағы қаражат қорының сарқылуы мұнайдың тағы да күрт арзандауына себеп болмақ. Сарапшылар пiкiрiнше, небары екi аптаның iшiнде 70 доллардан 60 долларға дейiн арзандаған мұнай 30 долларға дейiн құлдырауы мүмкiн. Маңызды жайт, бұл нақты әрi соңғы көрсеткiш емес. Яғни, “қара алтын” 30 доллардан да төмендеуi әбден мүмкiн.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары