РАХМАН НҰРЫ ШАЙҒАН КӨГIЛДIР КҮМБЕЗ
РАХМАН НҰРЫ ШАЙҒАН КӨГIЛДIР КҮМБЕЗ
“…Мен дүниеде жиырма-ақ жыл жасамадым ба? Бiрақ дәл қазiр ересек адаммын деуге болады. Мен жиырмадамын, бiрақ мендегi ой ақсақалды, байсалды, талай белдi артқа салған адамның ойындай.
Мен — шығыс адамымын, батысқа кетiп барам. Бiраз жерге келiп те қалдық. Менiң елiм жақтан шығатын алтын күн менi ұзақ күн бойы жылытады, ол қашанда қасымда”, — деп қыршын жас Баубек Бұлқышев қанды 1942 жылы “Өлiм мен өмiр туралы” тебiренiспен толғанған екен.
Көне шаһар — Түркiстанға әр келген сайын сол Баубектi қамығып ойға аламын. Пенделiк күйбең тiрлiк пен бұла жастық шiркiн аңсауға құмар асқан ерлiк туралы ойлаймын. Қас қағым сәт пен мәңгiлiктiң байланысын пайымдасам деп басым қата сарсаңға түсемiн.
Небары жиырма жастағы офицердiң ерекше жаратылысын — өмiр мен өлiм салмағын безбендеуге ұмтылысын ұғына алмай салым суға кетедi. Адам ерлiкке алдын ала дайындала ма? Қыршын жастың сұңғыла кемеңгерлiгiнiң мәнiсi неде? Әлде бiзден бұрынғылардың бәрi шынымен ойшыл, анағұрлым ақылды болған ба? Сөйте тұра кемеңгер Спинозаның “Азат адам өзгеден гөрi өлiмдi аз ойлайды: оның данышпандығы өлiм емес, өмiр туралы ойлардан туады” дегенiн де жадымнан сызып тастай алмаймын ғой. Иә, мәңгiлiк қалада мәңгiлiк туралы, өмiр туралы ойлар ерiксiз қаумалайды кiсiнi.
…Түркiстанның аспаны қою нiлденiп, баюға беттеген алтын күн етекке төмендеген сайын бұрынғыдан әрмен зеңгiрленiп барады. Мөлдiреген көгiлдiр аспанның арғы жағы мәңгiлiк, қиял жетпес шексiздiк! Вагонның бұлыңғыр терезесiнiң де ар жағы iлкiде сағынышқа айналып сала берген секiлденiп, жүрегiмдi жаулаған нәзiк қимастық бiрсiн-бiрсiн жұмбақ өкiнiшке ұласып бара жатқандай. Киелi мекенде көбiрек бола алмағаныма iшiм удай ашиды, өз-өзiмнен құлазимын.
Қомақты, зiлдей қол жүктерiн тiрсектерi майыса көтерiп, перронда әрлi-берлi сапырылысып жүрген анау бейтаныс жандарды бiртүрлi қимайтын сияқтымын. Мынау күн шуағына шомған жарқын қала, сүйкiмдi бейбiт шаһар бәрiмiз бiрге туып-өскен Жерұйықтай. Анау көгiлдiр аспан да iңгәлап дүние есiгiн ашқанымда ең алғаш көрген түпсiз аспан — шексiз мұхиттан аумайды. Өйтетiн жөнi де бар: қазақтың кең жазира сайын даласы, көгiлдiр шексiз аспаны, кеуденi кернеген жұпар ауасы бәрiмiзге ортақ. Бәрiмiз де Баубек айтқан шығыстың адамымыз, қайран қазақтың қарадомалақ ұлдарымыз ғой. Содан да аз ғана күнде мынау бейтаныс жандарға — жан дүниесiн жақсылық, iзгiлiкпен жуатын түркiстандықтарға әбден бауыр басып кеткенiм рас. Олардың көбi де қарапайым қазақтар, бiрақ… бiрақ өзгелерге ұқсамайтын ерек жандар. Рухы бай, ұяты таза, әр iсiн құдыреттi Жаратушыға сиынудан бастайтын, тәубесiн тiлiнен тастамайтын арлы әлеумет. Өйткенi, бұлар қасиет тұтар киелi орын — қасиеттi Қожа Ахмет Ясауи кесенесi бар қауым. Сан ғасырлардан берi бұзылмай, бүгiнгiлерге дiн-аман жеткен кесене мұндағылар үшiн әлдеқандай аңыз, әлдебiр абстрактiлi дүние емес, қайталанбас ғажайып құндылық, сұлулығы мен салтанатын суреттеуге тiл жетпейтiн бабалардың өлмес мұрасы. Зиярат етiп, тәу етуге келген қарапайым пенде әр iсiн, iзгi ниетiн қасиеттi есiмге — Қожа Ахметке байланыстырып, сол арқылы Алланың шарафатына шомсам деуi де заңды. Оның:
“Менiң хикметтерiм Алладан пәрман,
Оқып-ұққанға бар мағынасы — Құран”, — деген ұлағатын iштей күбiрлеп айтатын көпшiлiк аспанның көгiлдiр күмбезi мен кесенедегi көгiлдiр күмбезден символикалық нышан — мәңгiлiктiң үзiлмейтiн байланысын iздейдi…
— Iһiм-iһiм… Iнiшек, мұнда тiзе бүксем бола ма? — Сұйқылтым тартқан бурыл шашын қысқа қидырып, шалқайта тараған ақсары қарияның үнi шаршаңқы естiлдi. Көзiлдiрiгiнiң қалың әйнектерiнiң тасасынан қой көздерi сығырая қараған жұқалтаң кiсi. Қолындағы ақшыл бейсболкасымен бетiн желпеуiштеп, үстiн-үстiн жөткiрiнедi. — Асығамыз деп әптер-тәптерiмiз шыққанын қарашы. Ортекедей ойнақтаған жастық шағың зу етiп өткен соң, жiлiгiңнен май қашып, жүрегiң де түкке жарамай қалатын көрiнедi.
— Жайғасып отырыңыз, аға. Ендi дiттеген жерiңiзге жеткенше ештеңеге алаңдамауға да болады. Вагон — бiздiң үйiмiз, жолсерiк — жиенiмiз…
— Ә-ә, жиен жақсы ғой, бiрақ тоқтай қалшы! Әлгiлер не iстедi екен? Көрiнбей қалды ғой әуелi, — деп табанасты әбiгерге түскен қария жан-жағына жалтақтап:
— Әй, Мақсат, Ләйлiм… қайдасыңдар? Осындамысыңдар өздерiң? — деп дауыстап жiберген. Түпкiр жақтағы тар қуыстан басын қылтитқан бозбала мен қарақат жанары жарқ ете қалған талдырмаш, жұқа гүлдi көйлектi, иығына төгiлген сүмбiл шашы сәл бұйралана көрiнген өрiмтал қыздың сұлбасы қысқа сәтке елестендi де:
— Ата, осындамыз ғой, — деген бозбаланың ыңғайсызданған үнi естiлдi.
— Бәрекелдi, өте жақсы, — дедi ақсары кiсi табанасты жүзi мияттанып. Вагонның қаптамалы титiмдей отырғышына шалқая, қайтадан ыңғайланып жайғасып:
— Тiптi, жақсы болды ғой. Ендi жақсылап жайғасып алыңдар, — дедi тағы да нығарлап. — Iнiшек, i-i.., әлде балам деймiн бе өзiңдi, жол болсын! Көрдiң бе, адам қартайғанда немерелерiнiң қас-қабағына көп қарайды екен.
— Әлей болсын, ағасы. Қалай десеңiз де өкпелейтiндердiң санатына жата қоймаймын, сондықтан оңтайыңызға жаққанын айта берiңiз. Өздерiңiздiң де жолдарыңыз оңғарылсын. Қатты әбiржулi көрiнесiз…
— Жо-жоқ, еш әбiржулi емеспiн. Әшейiн, мынау қаланы, анау қасиеттi кесененi iштей қимағандықтан шығар. Тiптi, өзiме көңiлiм толмай қонылтақсимын ба, немене?!
— Неге? — Шынымен-ақ аң-таң қалдым. Бұл кiсiлердiң ғажайып кесененi, аспанмен астасқан, биiктiгi бас айналдыратын көгiлдiр күмбездi әлдебiр iшкi толқын, сапырылысқан сезiммен аралап жүргендерiн кеше түс әлетiнде-ақ байқағанмын. Кейде жаны нәзiк, сезiмтал адамдардың жалт еткен жанарынан-ақ терең сыр ұғуға болады ғой. Аракiдiк ғана тiл қатысып, өзi айтып түсiндiре алмайтын ерекше толқуға берiлген үшеуiнiң бейнесi зиярат етушiлердiң арасынан айрықша болып байқалған-ды. — Менiңше қуануыңыз керек шығар. Бойыңызда қуат барда еркелерiңiзге қасиеттi кесененi емiн-еркiн аралатып шықтыңыз. Ерекше үлгi көрсеттiңiз, ендiгiңiзге не жорық?!
— Немерелерiм ғой… Қартайғанда тiптi тәттi боп кетедi емес пе, бұл немелер. Баяғыда қарт адамдардың, “немере тәттi” дегенiн түсiне алмаушы едiм, ендi өз басыма келiптi.
— Е-е, оны түсiнiп отырмын, ағасы. Әлгiнде көңiлiңiз толмағандай көрiнген.
— Иә, адам нелiктен үш ұйқтаса ойына кiрмейтiн әрекет жасайтынын түсiнбеймiн. Бiз де еш дайындықсыз табан асты Түркiстанға тартып кеттiк. Алматыда абдырап бала, аң-таң боп келiн қалды. Бiздi қасқыр жейтiндей содан берi қалта телефондарына тыным жоқ. Көптен берi әлдене жаныма маза бермей жүргенiн оларға қайтiп түсiндiремiн?! Белгiсiз бiреулер алыстан үн қатқандай бола ма, алыс жолға шақыра ма, әйтеуiр мазам қашты. Жүрек шымырлайды, белгiсiз бiр мұңды үн жүйкенi сыздатады…
Бұлыңғыр терезенiң ар жағына үңiлдiм тағы да. Пойыз ақырын қозғалып, перронда қимылсыз тұрып қалған адамдардың сұлбасы бiртiндеп артта қалып барады.
Қош бол, қастерлi Түркiстан! Аман бол, ардақты кесене!..
— Бұрын сондайда ата-бабаларымыз тұлпар атқа мiнiп, көсiле шауып, кең дүниенi шарлап кеткен шығар. Алыс қиырларды ылғи сағынатындықтан бiр орында байыз таппаған болар. Ал бiз үйкүшiкпiз ғой, қазiргiлер қашықтықтардан зәре иманы ұша қорқады. Үн естiледi деймiсiз?! Орысша “зов предков” дейтiнi сол шығар…
— Мүмкiн, солай шығар. Кесiп те айта алмаймын, — дедi қария бейсболкасын әрлi-берлi төңкерiстiрiп. Жүзiнен қан қашып, бозара түскенiн аңдадым. — Әйтеуiр немерелерiмдi соңымнан ертiп, әлдеқайда, бұрын көрмеген жаққа кеткiм келдi. Теңiз бе?! Бiрақ шалқыған көкпеңбек судан басқа не көресiң онда. Құдайым-ау, қаншама жылдарымды құр бос өткiзгенмiн десеңшi. Оқу деп, жақсы қызметтiң соңында тiлiм салақтап жүре бергенмiн ғой. Қасиеттi атын ылғи естiсем де, мұнда тек дауасыз дiншiлдер, өмiрiн бос өткiзушiлер ғана келедi деп терiс ұғыппын. Өзiмнiң терiс ұғымымды тура жол санаппын. Ехе-хей, ендi өкiнгеннен не пайда?!
— Бәрiмiз де сондаймыз, ағасы. Әлi күнге солай ойлап, лағып жүрген алаш азаматтары аз емес.
— Қасиеттiнi қастерлемеген, ұлылыққа табынбаған адамның ниет-пейiлi тым ұсақтайды екен. Қайдан бiлейiн… Сөйтiп жүрiп қысқа өмiрiмде не тындырдым, кейiнгiлерге қандай жақсы үлгi қалдырам, а?! Дүние-мүлiк пе? Ертелi-кеш ол да тозады. Дүниеде тозбайтын не бар, кезi келсе күл болып кетер. Үй ме, өзiңнiң көзiң кеткен соң сатылып тынады ол да. Кейiн қып-қызыл дауға, таласқа айналмаса де.
— Қойыңыз, ағасы. Ендi… — Iлкiде аузыма сөз түспей, қатты абдырап қалдым. — Ендi… өйтпейтiн шығар.
— Әй, әке-шешеден қалған мүлiкке итше таласқандарды естiп те, көрiп те жүрмiз ғой. Менiң балаларым мен келiндерiм солардан әулие деймiсiң? Әшейiн, жамандыққа қимай емексисiң. Әйтпесе замананың өзi солай боп тұр емес пе, осыған дейiн титiмдей баспанаға зар болған қазақ бойындағы бар жақсылығын үмiтпен бiрге жоғалтқан секiлдi. Әсiлi, бұрынғы шалқар кеңiстiктен тар қалаға келген адам көп қасиетiн мүлдем жоғалтады екен. Бар өмiрiмнiң зая өткенi өкiнiштi! Айттым ғой, сосын немерелерiмдi соңыма ертiп, Түркiстанға тартып кеттiм. Осы немелердiң есiнде, жүрегiнде iз қалдыратын ерекше бiрдеңе iстегiм келдi. Өзiм көп естiген Қожа Ахмет Яссауиге тәу етпек болдым. Ал айтшы, осыным айып па?
— Жо-жоқ, ағатай. Қайта өте орынды iстегенсiз. “Жақсыны көрмек үшiн” деген…
— Қате ме, жоқ па, бiлмеймiн. Кхә-кхә… — Бойындағы толқуын баса алмаған қария үстемелей жөтелiп, вагондарды ерсiлi-қарсылы кезiп, кәкiр-шүкiр сатып жүрген әйелдерге аяушылықпен қараған күйi жүзi одан әрi мұңға батсын. — Пендешiлiк жанталастан әбден жалықтым мен. Күйбең тiршiлiкпен арпалысып жүрiп, ақыреттi ойлайтын жасқа келгенiмдi де аңғармаппын. Ендi Қожа Ахмет Яссауидi ойласам… Келген жолымды көз алдымнан қайта өткiзсем… бәрi де бiр күнгiдей емес екен. Бiлесiң бе, балам, осында келе жатып жолда кiлемдей қызғалдақ жапқан тұтас алқаптарды көрдiм. Беу, шетсiз-шексiз созылып, шалқар теңiздей толқып, дала бiткен ерекше алаулап тұрды. Бала кезiмде де дала сондай көркем едi, көктемде осылай өртенiп тұратын. Көктемде сиырдың да, қойдың да сүтi ерекше қызғылтым тартып, майы қызғылт болатын. Сол кездегi сүт те ерекше дәмдi, әлдеқандай хош иiстi болатын. Япыр-ай, биыл да солай болған шығар. Қайдам, мен туған жерге бармағалы талай жыл болды ғой, қазiр бәрiн ұмыта да бастаппын. Пендешiлiк қой!.. Сол кезде ауылдағылар осы гүлдi “ит қызғалдақ” дейтiн сияқты едi…
— Ә-ә, ал бiздiң жақта мұны “қой қызғалдақ” дейдi…
— Бәсе, мыналарың дұрыс екен. Әйтпесе әп-әдемi гүлдi “ит қызғалдақ” деу құлаққа түрпiдей, ыңғайсыз естiледi екен. Қой қызғалдақ, ә?! Қызыл гүлдердi терiп жейтiн қойлар, ә?! Көз алдыға әдемi сүгiрет келедi екен… Қарай гөр, адам қартайғанда жаны жұмсақ келедi, мен де сұлулыққа құштар болып кетпесем де. Ең бастысы… Түркiстанға текке келмеген сияқтымын. Мұндағылар бiзден әлдеқайда бақытты екен. Таңертең көк аспанмен астасқан көгiлдiр күмбездiң дiн-амандығына Құдыретке тәубе етедi, кешқұрым жалпақ дүние қалың ұйқыға батарда, айнала ақырын маужырағанда адамдар киелi кесененiң жанында үнсiз отырып, мәңгiлiкпен iштей тiл қатысады. Күйбең тiршiлiктiң кiрi мен ласынан жан сарайларын тазалайды. Әнi, солай!.. Адамдардың жаны тазалықтан айрылған қазiргi елең-алаңда осының өзi шексiз бақыт емес пе?
— Байқаймын, жүдә көп ойланған екенсiз, ағасы! Опалаң-топалаң дүниеде бiр сәт терең ойлануға уақыт та таба алмай күйiнесiң көбiне…
— Е-е, пенде байғұс әманда асығыс қой. Алқын-жұлқын. Өмiрiн таусылмайтындай көредi де. Жаны жәннатта болғыр Қожа Ахметтiң тағдырын ойладым… таңқалдым… Кхә-кхә… тым ұзақ өмiр сүрдiм деп, өз еркiмен қылуетке — жер астына кiрген, ә. Күнiне бiрер құрма, бiр үзiм нан жеген шығар… Шiркiн-ай, сонда ол кiсi не ойлады екен?! Кеше кешкiсiн ана кiшкентай қызым: “Ата, бiздi мұнда ертiп келгенiңiз өте жақсы болды. Менiң ендiгi өмiрiм мүлдем басқаша болуға тиiс”, — дедi қипақтап. Құдайым-ау, қаршадай қарғамның тебiренгенiн айтсайшы… Ұлдың iшiнде не жатқанын қайдам, үндемедi. Құдайым-ау, тек солардың саналарында сәуле қалса екен. Аман болсам, Түркiстанға тағы келемiн ғой.
Вагонның бұлыңғыр терезесiнен сыртқа қараймын. Қою қараңғылық дүниенi тұмшалап, бауырына басып жатыр. Әлдеқайдан тым алыстан әлсiз жарықтар көрiнедi ара-тұра. Ай әлi көкжиекке көтерiлмептi. Өз сапарым туралы ойладым…
Көне Түркiстанның тарихын ойладым… Тарихи тұрғыдан өздерiн ұлы халықтардың қатарына қоса алмай, екi жүз, үш жүз жылдық шежiресiнен естен таңдырар оқиға iздеп әуреге түсетiн, азын-аулақ жәдiгерлiк атаулыны ең қасиеттi мұрадай қастерлеуге құмар, титiмдей тарихи затты шексiз әспеттейтiн американдықтарға әрi сүйсiнесiң, әрi iштей күлесiң. Динозаврлар дәуiрiн айналшақтайды сосын, байғұстар. Беу, қазақ халқының тарихындай ұлы тарихты солардай қастерлей алсақ қой…
Ұлы тарих тарихшылардың қолымен жасалмайды, халықтың өз қолымен жасалады. Екi мыңдыққа созылған тарихы бар қалалар әлемде көп пе?! Қасиеттi жерiнде мемлекет басшылары — 21 хан, 130-дан астам аузы дуалы билер, ел қорғаған батыр мен бағландар, өз халқының өшпес тарихында өшпес iз қалдырған бiрегей тұлғалар жерленген қала әлемде бар ма, жоқ па? Бiлмеймiн. Бар болса, кез келген халық оны мәңгiлiк мақтаныш ететiнi сөзсiз. Ал бiз Есiм хан (1628), Жәнiбек хан (1643), Жәңгiр хан (1680), Тұрсын хан (1717), Тәуке хан (1718), Қайып хан (1718), Болат хан (1723),Сәмеке хан (1738), Жолбарыс хан (1740), Сейiт хан (1745), Барақ хан (1750), Сығай хан (1750), Әбiлмәмбет хан (1771), Абылай хан (1780), Әбiлфейiз хан (1783), Бөкей хан (1819), Тоғай хан (1826), Есiм хан (ХIХ ғ. басы), Болат хан (ХIХ ғ.басы), Тәуке хан (ХIХ ғ.басы), Әлике хан (1859) сүйектерi жатқан Түркiстан қазақ тарихының темiрқазығы екенiн түсiне де алмаймыз. Ұғуға тырыспаймыз.
Әлгi қария қайта айналып келер тағы да қасиеттi жерге, ал мұнда келудi де ойламайтындар, ата-баба аруағына бас иiп, өзiн ұлы қазақ халқының титiмдей бөлшегi екенiн пайымдауды ойға алмайтындар қаншама?! Туған халқымен тарихи байланысы барлығын мойындағысы келмейтiн тоғышарлар неге көп?! Әр халық өз тарихын қалыптастырып қана қоймайды, сол тарихы арқылы тәрбиеленетiнiн ұмытпасақ қой, шiркiн!
Тарихшылардың айтуынша, IХ-Х ғ.ғ. жазба деректерiнде қазiргi Түркiстан қаласы мен ауданы орналасқан жерде Шауғар атты орталық қаласы бар аймақ болғандығы рас. Ал ХI ғасырда Шауғар құлдырау кезеңiне аяқ басады және ХII ғасырда бiржолата қаңырап қалады. Аймақтың орталығы болып Иасы қаласы бой көтередi. Осы кезден бастап қасиеттi Түркiстанның қайталанбас тарихы қазақ халқының тарихымен бiржола бiте қайнасып кеттi. Алашты айтсаң Түркiстанды айналып өте алмайсың, Түркiстанға келсең көз алдыңа алаш тарихы киноленталардай үздiксiз тiзбеленедi.
Иасы атауы жазба деректерде тұңғыш рет ХIII ғасырдың ортасында пайда болады, бұған себеп болған армян патшасы Гетум бiрiншiнiң моңғол хандары Батый мен Мөңкенiң сарайларына сапар шегуi едi. Гетум елшiлiгiнiң жол жазбасында Иасы “Асон” деген атаумен қайтар жолда кездескен iрi қалалардың бiрi ретiнде аталғаны белгiлi. Онда: “…переправившись через реку называемую Илансу, перевалив через отроги Таврских гор, прибыли в Далас (Тараз)… Потом повернув с запада на север поехали в Хутухчи, Пергант, Сухул-хан, Уросо-хан, Кайкант, Хузах (Сузак), т.е. Камоц, в Хундахойр и Сгнак (Сыгнак), т.е. горам Харгун (откуда происходят Сельджуки)… Оттуда они поехали к Сартаку, сыну Батыя. Оттуда они отправились в Сгнах и Савран (Сауран), который очень велик, (затем) в Харгук (Карачик) и Асон (Иасы), в Саври и Отрар, Зурнух и Дизак (Джизак)”, — деп жазғаны мәлiм. Алайда белгiлi тарихшы Е.Смағұлов пен археолог М.Тұяқбаев Асон қаласының бұған дейiн де сандаған ғасыр бойы өмiр сүргендiгiне еш күмән келтiрмейдi. “Түркiстанның ортағасырлық тарихы” кiтабында: “Бiрақ, соңғы кездегi нумизматикалық табыстар мұндай атаулы елдi мекеннiң моңғол дәуiрiне дейiн де өмiр сүргендiгiн көрсеттi. Мемлекеттiк Эрмитаждың Шығыс коллекциясынан В.Н.Настич кезiнде Хорезмшах Мұхаммед ибн Текеш II-нiң Иасыда соғып шығарған екi күмiс тиынын тапты. Олардың датасы жазылмаған, бiрақ зерттеушi, Мұхаммед ибн Текеш құрамына сол кездегi қазiргi Түркiстан қаласы да енген Фараб аймағын (Отырар оазисi) жаулап алғандығын еске ала отырып, тиындар 1210 жылдар шамасында шығарылған деген шешiмге келедi. Сонымен бiрге ол, Хорезмшахтың Сырдария жағасындағы басқа да қалалармен қатар Иасыда да ақша соқтыруы тек саяси мәнге ғана ие болған жоқ, Иасыда қасиеттi суфий Қожа Ахметтiң мазарының мұсылман әлемiндегi рөлi де есепке алынып, дiни-идеологиялық астарға да ие болды деп есептейдi”, — деп жазған едi.
Иә, Мұхаммед ибн Текештiң астарлы ойы айқын. Ол бұл арқылы Иасы қаласын хорезмшахтың қамқорлығымен ислам әлемiне қосу Жаратушының өзi қалап, қолдаған қадам екендiгiн атап көрсетпек болған шығар. Сiрә, бұл шешiмдi тәңiрi әлдеқашан әрi мәңгiге қабылдағандықтан, қаланың аты және Сұлтан Мұхаммедтiң есiмi мен атағы қатар жазылған соң, келешектегi пенделер құдыретiме күмән келтiрер ме деп шешкен шығар… Беу, адамдық астамшылық-ай, әйтпесе жылын да шекiте салса ғой, қазiр түрлi жорамал жасап әуреге түспес едiк-ау.
Иә, Түркiстанға келсең амалсыздан тарих қойнауына сүңгисiң. Ұлы тарихтан тағылым iздейсiң…
(Жалғасы бар)