ЖЫЛ САЙЫН – 430 МЛН. ДОЛЛАР ШЫҒЫН

ЖЫЛ САЙЫН – 430 МЛН. ДОЛЛАР ШЫҒЫН

ЖЫЛ САЙЫН – 430 МЛН. ДОЛЛАР  ШЫҒЫН
ашық дереккөзі
236

Қалтасы “тесiк” тұтынушы заңсыз жолмен, жалған тауар өндiрушiлердiң қалтасын қампайтуға сеп. Осының кесiрiнен Қазақстан жыл сайын 430 млн. доллардан астам көлемде шығын шегуге мәжбүр. Сорақысы сол, сапасыз да арзан жалған тауарлар адам өмiрiне қауiп төндiруде.

Дүниежүзiлiк кеден ұйымының хабарлауынша, 2008 жылы жасалған жасанды тауарлардың әлемдiк бөлшек саудадағы үлес салмағы 7 пайызға, яғни, 815 млрд. долларға тең болған. Бүгiнде Жер шарына танымал фирмалар мен компанияларға тиесiлi өнiмдердiң түпнұсқаларын “көшiрiп” басуға машықтанғандардың шеберлiгiнде мiн жоқ. Өйткенi, сарапшылардың өздерi кейде өнiмдердiң қайсысы жасанды, қайсысы түпнұсқа екендiгiн тап басып айтуға қиналады. Мемлекеттiк емес құрылымдар қауiпсiздiгiнiң халықаралық серiктестiгi жөнiндегi ассоциация өкiлдерiнiң мәлiмдеуiнше, сапасы сын көтермейтiн жалған өнiмдердi сатудан Қазақстан экономикасына жыл сайын 430 млн. доллардан астам көлемде шығын келедi екен. Дүниежүзiне танылған компаниялардың брендiн өз пайдасына жұмсайтын алаяқтар әрбiр тауардың сапасына қатысты берiлуi тиiс мiнездеменi дайындауда өтiрiк айтатыны анық. Ал Қазақстандағы базарлар мен дүкендерде сатылатын тауарлардың 95 пайызға жуығы елiмiзге контрабандалық жолмен әкелiнетiнi және олардың сертификат атаулыдан жұрдай болатыны туралы отандық мамандардың дабыл қағып келе жатқанына бiрнеше жылдың жүзi болды. Отандық шағын және орта кәсiпкерлiктi дамыту, әсiресе, iшкi нарықты отандық өнiмдермен қамтамасыз етуге мүдделi әрi қауқарлы компанияларға жағдай жасау жайлы Үкiмет мәселе көтеруден кенде емес. Тек шыққан нәтиже шамалы.

Тұтынушылық сұраныс бар жерде тауар өндiру қарқыны өнiмдi болары белгiлi. Арнайы сауалнама жүргiзген кезде отандастарымыздың 90 пайызға жуығы қазақстандық нарықтағы тауарлар көп екендiгiне шүбә келтiрмейдi, бiрақ сатып алудан қашпайды. Тұтынушылардың небары 8 пайызы ғана алаяқтардың қылмысынан бейхабар көрiнедi. Есесiне, 54 пайызы отандық және шетелдiк өнiмдер “көшiрiлiп басылатынына” сенiмдi.

Әлемге танымал кәсiпорындардың ғасырлар бойы жинаған беделiн, яғни, жүздеген жылдар бойы қалыптастырған брендiн ұрлап алуда Қытай алда тұр. Жер шарына танымал талай компания азық-түлiк, киiм-кешек, дәрi-дәрмек, гигиеналық заттар мен косметиканы “көшiрiп алатын” қытайлардың үстiнен талай рет шағым айтты. Өкiнiшке қарай, оған құлақ асатын аспанасты елi жоқ. Керiсiнше, “сендердiң аттарыңды жаюға үлесiмiздi қосып жатырмыз. Бiзге алғыс айтпайсыңдар ма?!” деп олардың өздерiне “ренжидi”. Дүниежүзiлiк сауда ұйымының сарапшылары брнедтiк тауарларды компаниялардың арнайы дүкендерiнде және сол кәсiпорындармен тiкелей байланыста болатын делдалдарда болатынын айтады. Әрине, “қарабазардағы” бағадан әлдеқайда қымбатқа. Ондай өнiмдердi сатып алуға кез келгеннiң қалтасы көтере бермейтiнi белгiлi. Сападан гөрi бағаға көңiл аударатын тұтынушылар тауардың таза еместiгiн бiле тұра, көзжұмбайлық танытатыны сондықтан. Жалған өнiмдер әсiресе, базарларда көп. Мысалы, Алматыдағы “қарабазарда” ересектерге арналған заттарды былай қойғанда, балалардың жөргектерiне дейiн қытайлық жасанды тауарлар. Тiптi, жалған өнiмдердi көтерме сауда бағасымен сататын арнайы қатарлар көп. Тиiстi орындардың жауапкершiлiксiздiгiнiң кесiрiнен кеденнен кедергiсiз өткен сапасыз тауарлар келешек ұрпақтың денсаулығына ғана емес, өмiрiне де қатер төндiруде. Өйткенi, бейресми деректер Қытайда өндiрiлген балалардың жөргектерiнiң құрамында өскелең ұрпақты бедеулiк пен белсiздiкке әкеп соғатын зиянды заттар барлығын айтады. Ал оны тексерiп, тергеп жатқан ешкiм жоқ. Билiк басындағы кейбiр жемқор шенеунiк аспанасты елiнен келетiн контрабандалық өнiмдердi iшкi нарыққа өткiзу арқылы пара алып, пайдаға шаш-етектен кенелуде.

Жуырда ҚР бәсекелестiктi қорғау агенттiгiнiң Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстiк Қазақстан облыстары бойынша аймақаралық инспекциясының қызметкерлерi Шымкенттегi әлемге танымал косметиканың “көшiрмелерiн” көтерме және бөлшек саудада аса iрi көлемде сатқандарды анықтады. Жасанды тауарлар арасында әсiресе, “Черный жемчуг”, “Чистая линия”, “Визаж” т.б. ресейлiк компаниялардың өнiмдерi көптеп кездескен. Сондай-ақ, Cottonclab компаниясы шығаратын сулы майлықтардың жасандылары түпнұсқаға қарағанда көлемi кiшi әрi хош иiстiң орнына резеңкенiң исi шығады екен. Қытайлар шығаратын мұндай сапасыз өнiмдер негiзiнен Алматыдағы “қара базарда”, анығында, “Ялян” базарында сатылатыны анықталған. Iшкi нарықтағы бәсекелестiктi қалыптастыруға мiндеттi агенттiктiң өкiлдерi бөлшек саудамен айналысатындарды емес, шекара сыртынан өте үлкен көлемде таситындарды құрықтау керектiгiн көлденең тартады. Осы себептi, тәркiленген тауарларға қатысты деректер кеден қызметiне жолданған. Ал заңсыз өндiрiлген тауарларды сатылымға шығарған шымкенттiк саудагерлерге әкiмшiлiк ескерту жасалған. Егер олар ескертуге құлақ аспаса, яғни, агенттiк назарына екiншi рет iлiксе, ҚР Қылмыстық кодексiнде көрсетiлген баптар бойынша жазаға тартылмақ. Әлбетте, нан табудың түрлi тәсiлiн ойлап табатындарды заңмен қорқыта алмайтын оқиғалар жиiлеп кеттi. Сондықтан мұндай адам өмiрiне қауiп төндiретiн өнiмдердi кеденнен өткiзбеудiң жолдарын қарастырып, iшкi нарыққа сапасыз әрi арзан тауарларды енгiзуге мүдделi кейбiр жемқорды ауыздықтау қажет.

Халықаралық сарапшылар заңсыз жолмен өнiм өндiретiндермен күрестi әлемдiк деңгейде жүргiзу керектiгiн көлденең тартады. Ал әлеуметтiк ахуал деңгейi жоғарылаған сайын тұтынушылардың талғамы өсiп, сапалы да қымбат тауарларды таңдауға ұмтылады. Мамандардың айтуынша, кейiнгi кездерi Қазақстандағы аяқ киiм, киiм-кешек, тұрмыстық техника, сыра, косметика сияқты басқа да күнделiктi тұтынатын тауарларға жасалатын жарнама мен насихаттау жұмысында қалыптасқан бәсеке нәтижесiнде адамдардың оңай ақпарат алуына жағдай жасалған. Бүгiнде аталған өнiм түрлерiнiң қайсысы жалған, қайсысы түпнұсқа екендiгiн көзi қарақты тұтынушы ажырата алатындай деңгейде. Дүние жүзiне танымал марка қожайындарының түн ұйқысын төрт бөлген басты проблема – бренд неғұрлым беделдi болған сайын жалған өнiм өндiрушiлердiң қызығушылығын тудыру қаупi соғұрлым жоғары. Тұтынушылар арасында жүргiзiлген сауалнамада сұраққа жауап берушiлердiң басым бөлiгi кез келген өнiмдi сатып аларда оның құрамын, сақталу мерзiмiн анықтайтын сертификатқа және өндiрушi кәсiпорынның атауына назар аудару керектiгiн айтқан. Сондай-ақ, тауарды көшелерден емес, дүкендерден алу; бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын мақалаларға назар аудару; қажеттi ақапаратты дер кезiнде алып отыру; сатушыдан лицензия мен сертификатты талап ету; арзан да сапасыз өнiмдерден гөрi бағасы қымбат сапалы өнiмдерге көбiрек иек арту; жалған тауарлармен және сол тауарларды өндiрушiлермен күресу, осы мақсатта тиiстi органдарға шағымдану т.б. ұсынылған. Экономикалық дағдарыстың күнi бүгiнге дейiн оңалмауы Дүниежүзiлiк сауда ұйымын алаңдатып отыр. Себебi, қалтасына салмақ түскен тұтынушы артық шығынды ауырсынатындықтан, жалған тауарлар саны арта түседi. Отандық кәсiпкерлер болса, қазақ қоғамын iштен iрiткен жемқорлықтың кесiрiнен жалған тауар өндiрушiлердiң Айы оңынан туа беретiнiн айтады. Мемлекеттiк тұрғыда контрабандалық тауарлармен күрестiң белгiлi бiр жүйесi қалыптаспағандықтан, мемлекетке материалдық тұрғыда ғана емес, моральдық тұрғыда да орасан зор көлемде зиян келуде. Өкiнiштiсi сол, жалған тауарлар адамдардың денсаулығына қауiп төндiредi, көлеңкелi экономиканың көлемi артады, республикалық бюджеттiң жоғалтары шаш-етектен.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары