САНАҚТАН ДА ШИ ШЫҚТЫ

САНАҚТАН ДА ШИ ШЫҚТЫ

САНАҚТАН ДА ШИ ШЫҚТЫ
ашық дереккөзі
235

Қазақ елi биылғы санаққа үлкен үмiт артты. Елiмiз тәуелсiздiк алғаннан кейiн екiншi мәрте өткiзiлген ауқымды әрi әлеуеттi шараға бiр кiсiдей қатысуға асықты. Әрине, жалпыұлттық маңызы бар санаққа әрбiр азаматтың iлiгуi әуелгi кезекте ел үкiметiне, сосын демографиялық саясаттың iлгерi қадам басуын таразылайтын пайымдауларға түрткi болатыны анық. Десек те, санақтан қалыс қалып, қазақтың қатарына қосыла алмай, намыстан кеудесi от болған тұрғындардың шырқыраған даусы әр-әр жерден құмығып естiлiп жатты.

“Айдағаның бес ешкi, ысқырығың жер жарады”. Биылғы санаққа деген дайындық барысы көз алдымызға тура осы мәтелдiң кейiпкерiн елестеттi. Жер-жерде санақ өткiзуге байланысты алдын-ала басқосулар мен жиындар жиi ұйымдастырылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында санақтың жай-жапсары мен әр адамның маңыздылығы жөнiнде үзiлiссiз жарнама берiлдi. Көшеде, қоғамдық көлiктерде, мемлекеттiк мекемелерде билбордтар мен плакаттар iлiндi. Соған қарағанда, Статистика агенттiгi бұл санаққа жұмылған жұдырықша кiрiскен шығар деп iштей қуандық. Бiрақ қуанышымыз ұзағынан сүйiндiрмедi. Басқа облыс орталығын, қаланы айтпай-ақ қояйықшы, бiр Алматының өзiнде санақтан қалып, санатқа iлiкпегендер қаншама. Тiптi, редакциямызға телефон шалып, “Бұл санақ кiмдi санайды?” деп ренiшiн бiлдiргендер де жетерлiк. Оның үстiне жергiлiктi статистика бөлiмдерi дайындаған санақшылар өзiне тиесiлi аумақ тұрғындарын түгел аралауға құлық танытпаған. Бәлкiм, санақшы он күн бойы аяғынан тозып, үй-үйдi аралаған еңбекақысын ала алмады ма, әлде мойнына жүктеп алған мiндетiне немқұрайлылықпен қарады ма, әйтеуiр санаққа енбеген жұрт көк сөмке асылып, көк бөкебай тағынғандарды көрмеген болып шықты. Бiрақ, Статистика агенттiгiнiң әлеуметтiк және демографиялық статистика департаментiнiң директоры Әсия Қасенова ханым: “Ешкiмнiң қалып қоюы мүмкiн емес. Бiз бәрiн тексерiп жатырмыз” деп шаң жуытқысы келмегенде, бұл пiкiрiмiзге селкем түсiрмеп едiк.

Сонымен, хош, бұл санақтың нәтижесi Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмовке сүйiншi сұратты. Елiмiзде мемлекет құраушы халықтың саны 16 миллион 402 мың 862 адамға жетiп, 1999 жылғы санақ деректерiмен салыстырғанда Қазақстан халқы 1,5 миллион адамға өскендiгi айтылды. Бiр кезде Ахмет Байтұрсыновтың: “Әлхамдулла, 6 пайыз қазақпыз” деген сөзi сауырға қамшы салса, кеше Кәрiм Мәсiмовтiң “67 пайыз қазақпыз!” деген жағымды мәлiметтi жария етуi бiрқатар бастамаларға мұрындық болды. Ең әуелi Үкiмет басшысының өзi қазақтың 67 пайызға жетуiн күтiп жүргендей, бұдан былай Үкiмет отырыстарын қазақ тiлiнде өткiзуге мейлiнше тырысып бағатынын айта келе, “Қазақстанның негiзгi халқы — қазақтың саны 67 пайыздан асты, бiзге мемлекеттiк тiлде сөйлеу керек болады” деп ағынан жарылды.

Бұған да бөркiмiздi аспанға атып, балаша қуандық. Алайда, Үкiмет басшысы көпке үлгi боларлықтай қалып таныта алмағандықтан ба екен, күллi министрлiктер мен шенеунiктер мұны құлағына да iлмеген сияқты. Қай-қайсысының да жиындар мен отырыстарды мемлекеттiк тiлде өткiзiп жатқаны шамалы. Әуелi сол билiк тiзгiнiн ұстап отырғандардың өзi мемлекеттiк тiлдi қорлауға көштi. Бiздi, яғни, қазақтарды алдарқатып сөзiнiң бiсмiлләсiн “қазақша” бастайды да, әрi қарай ресми тiлде зырылдай жөнеледi. Былайша айтқанда, “кiрiспе сөздi, яки, амандасуды қазақша айттым ғой. Қазақ тiлiне соның өзi жетедi” деген пиғылмен көзбояушылық жасайтындар көбейiп кеттi. Бiрақ, бұған несiне жатып кеп өкпелеймiз? Қазақта “Арбаның алдыңғы дөңгелегi қайда жүрсе, соңғы дөңгелегi солай жүредi” деген әдемi мақал осыған толықтай жауап бермей ме? Бiле бiлгенге, осы бiр тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнi бiраз жайтты аңғартса керек.

Не десек те, санақтың алғашқы қорытындысы шыққанда дүйiм халық, оның iшiнде, үлесi басым болған — қазақ ұлты арқаны кеңге салып, марқайып қалған едi. Тiптi, Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмовтiң берген уәдесiнен кейiн “Ендi бәрi қазақша сөйлейтiн болды” деп жүрегi жарылардай күй кештi. Бiрақ, неге екенi белгiсiз, интернет беттерiнде қазақтың 67 пайызға жетуiне күмән туғызатын сарындағы материалдар жарияланды. Соның бiр парасын мысалға келтiрсек.

“…Елiмiздiң тұрғындар саны 2008 жылдың 1 шiлдесiндегi мәлiмет бойынша, 15676, 9 мың адамды құраған. 2009 жыл басымен салыстырғанда, бұл көрсеткiш 105, 4 мың адамға артқан. Егер дәл осындай қарқынмен кете берсе, жыл соңына дейiн тағы да 110 мыңға өсуi мүмкiн. Ал бұған 2009 жылдың алғашқы айларын, яғни, 50 мың жанды қоссаңыз, есептiк көрсеткiш 15837-нi құрауы тиiс едi. Бiрақ та екiншi жалпыұлттық санақ бойынша, әуелгiде 16,33 млн., сосын 16,5 млн.-ға жеттiк. Ә дегеннен мұндай үлкен көрсеткiшке қалай қарғып кеттiк? Және басқа ұлттарға қарағанда, жергiлiктi ұлт — қазақтың саны 67 пайызға қалай жетiп отыр? Шын мәнiнде, қазақтар 67 пайызды көрсетсе, онда қазiр республикадағы қазақтың саны 11, 055 млн. болғаны ма?” деп санақтың нәтижесiн студенттiң курстық жұмысындағы сандық көрсеткiштерге теңегiсi келген Б. Никифоров (“Родимые пятна казахстанской статистики. Ничего страшного: 5 процентов “туда”, 5 процентов “сюда”) таңданысын жасырмапты. Ол сондай-ақ, “Халықтың санын бiлу керек. Санақ алдымен қанша мектеп пен аурухананың қажеттiлiгiн айқындау үшiн, салық мөлшерi мен тауар өндiрудiң көлемiн бiлу үшiн ауадай қажет. Алайда, ұлттың санын анықтауға келгенде нелiктен саясатқа ойысып кетемiз? Бiздiң статист-мамандар нелiктен басқа ұлттарды азайтып айтады да, керiсiнше бiр ғана этносты көбейтiп көрсеткендi қалайды?” деп күйiнiшiн бiлдiрiптi.

Бұл мақала астарындағы бүкпелi ой ненi меңзейдi? Басқасын былай қойып, бүгiнгi күнге дейiн басқа ұлттардың санын азайтпақ түгiлi, “түймедейдi түйедей” етiп көрсетiп, “елiмiзде 130 ұлт пен ұлыс өкiлдерi тұрады” деп дабырайтып келдiк. Тiптi, газетiмiзге сұхбат берген бас демографымыз Мақаш Тәтiмов “көпұлттың санын 150-ге жеткiзу керек” деп Айды аспанға бiр-ақ шығарғанда, “әй” дейтiн әже болған жоқ. Мiне, осыдан соң, “Басқа ұлттардың өсiп-кемелденуiне тежеу салынды. Олардың саны азайтылып айтылып жүр” дегенге кiм сенедi, айтыңызшы?

“Жұрт не десе, о десiн” деп осы сынды толып жатқан кертартпа материалдарға да назар аударуды қойдық. “Қазақтың жерiнде қазақ 67 пайызға жетiп жатса, оның несi айып?!” деп өзiмiздi жұбаттық та. Бiрақ, биылғы санақ айналасындағы дау-дамай мұнымен тоқтап қалмаған сияқты. Жақында Статистика агенттiгi төрағасының орынбасарлары Нұрман Баянов пен Бiрлiк Меңдiбаев халық санағын өткiзуге бөлiнген бюджет қаражатын талан-таражға салды деген күдiкпен қамауға алынды. Экономикалық қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiнiң ресми өкiлi Мұрат Жұманбайдың айтуынша, санақ жүргiзу құрал-жабдықтары бойынша мемлекеттiк сатып алу туралы ашық байқауға 13 ұсыныс келiп түскен. Алайда, Баянов төрағалық еткен комиссия оларды негiзсiз қайтарып, құрал-жабдықтар бiр ғана — “КИIК” фирмасынан сатып алынған. “КИIК” фирмасы болса, бiрнеше фирма арқылы, кезiнде байқауға қатысып, өтпей қалған петерборлық “Типография взлет” жабық акционерлiк қоғамынан 183 млн. 300 мың теңгеге құрал-жабдықтарды сатып алып, өзi тек 144 млн. 900 мың теңгеге құрал-жабдық дайындаған. Бюджет қаражатын ұрлауға ықпал еткенi үшiн “КИIК” фирмасының құрылтайшысы Серiк Тұржанов пен бас директор Александр Нисанов та қамауға алынды. Статистика агенттiгiнiң аты аталған лауазымды тұлғаларының бюджеттiк сұранысты дайындау кезiнде сатып алу сомасын асыра көрсеткенi анықталды. ҚР Экономикалық қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiнiң ресми өкiлi Мұрат Жұманбай: “Агенттiк бюджеттiк сұранысында артық көрсетiлген 764 млн. 800 мың теңге ысырап етiлген, оның 497 млн. 800 мың теңгесi жалған кәсiпорындардың есеп-шоттары арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылды. Бүгiнгi күнi барлық кәсiпорындарда кешендi тексерулер жүргiзiлуде, олардың есеп шоттарына тыйым салынды” деп мәлiмдеген-дi.

Он жылда бiр рет өткiзiлетiн жалпыұлттық санақтың жақсы нәтиже бергенi бәрiмiзге абырой болса керек. Бiлуiмiзше, бұл мақсатқа бюджеттен 6 млрд. теңге бөлiнген. Бұл қаражат он күндiк санақтың кем-кетiгiн түгендеп, еш кедергiсiз өтуiне жетiп артылады. Бiр өкiнiштiсi, осыншама қыруар ақша көзделгенмен, Статистика агенттiгi мамандары санақ туралы сайттың толыққанды қазақша нұсқасын жасай алмады. Алдымен ресми тiлде iске қосылған сайттың қазақшасы сол тiлдiң жетегiндегi сапасыз аударма арқылы жасалынды. Сөйтсек, бәленiң бәрi “үнемдеу” саясатында екен ғой. “Қазаншының өз еркi қайдан құлақ шығарса” демекшi, қолында барды қонышынан басқан басшылар Қазақстан Республикасының, қазақ ұлтының әрi қарай дамуы мен өсуiнiң экономикалық-әлеуметтiк әл-ауқатын нақты көрсететiн шара — санаққа бөлiнген қаржыны өз пайдасына асырған. Негiзi, бұл науқанға 60 мыңдай санақшы тартылған-тұғын. Олар мемлекеттiк мекеме қызметкерлерi (мұғалiм, дәрiгер), студент жастар, жалпақ тiлмен айтқанда, “күнкөрiске сеп болсыншы” деген әлеуметтiк топ өкiлдерi. Неге екенi белгiсiз, әуелгi кезде 20-22 мың теңге төлеймiз деген санақ ұйымдастырушылары “қайығы судан өткеннен кейiн”, ақшасын толық бермей, 6-ақ мың теңгемен құтылыпты. Есептесек, 60 мың санақшыға бар-жоғы 360 мың теңге кетедi екен. Сонда 6 млрд. теңгенiң бiрден төрт бөлiгi нендей мақсатқа жұмсалған? Ең сорақысы, Статистика агенттiгi төрағалығының орынбасарлығына қонжиған екi орынбасардың бiрi — Бiрлiк Меңдiбаев “Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелде бiлiм алып келген. Билiк басына бармай жатып, ұятты жағдайға қалған жас басшының маңдайалды маман болып оралғандығын осылай дәлелдегенi ме?

Айтпақшы, санақ аясынан шығып жатқан шидан соң, Парламент Сенатының депутаты Ғани Қасымов биылғы санақ нәтижесiне көңiлi толмайтындығын айтып, алдағы күзде қайтадан өткiзуге ұсыныс жасады. Бәлкiм, сенатор бәзбiреулер сияқты, қазақтың үлес салмағының артып, 67 пайызға жеткенiне дүдәмал көзқарас танытты ма, ол жағы белгiсiз. Қалай десе де, бұл ұсыныстың билiк тарапынан қолдау табуы қисынсыз, әрине. Өзi де дағдарыстан есiн жия алмай жүрген жұрттың басын тағы да санақпен қатырсақ, не болғаны? Оның үстiне дағдарыс арқылы даму мен жаңаруға ұмтылған Үкiметтiң ортақ бюджетiн ортайтып, қайтадан ақша шашудың қажеттiлiгi бар ма?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары