ТАЙҚАРТАС ПЕН ТАСЫРҚАЙ АРАСЫНДА

ТАЙҚАРТАС ПЕН ТАСЫРҚАЙ АРАСЫНДА

ТАЙҚАРТАС ПЕН ТАСЫРҚАЙ АРАСЫНДА
ашық дереккөзі
261

(Монғолия жерiндегi ғылыми экспедицияның күнделiгi)

20.07.2008. Ханүй – Қайырқан – Эрдэнетi

Ертесiнде Ханүй жазығындағы ғұндардың обасын араладық. Осынау аңғарлы жазықтан осыдан жиырма бес жыл бұрын Қаржау 256 қорған санапты. Бұл – ұлы қоныс екен. Ежелгi грек, қытай, ассирия жазбаларындағы Кир мен Дарииге, Ескендiр Зұлқарнайынға көшпелiлердiң: “Сен мықты болсаң бiздiң ата бабаларымыздың әруағы жатқан қасиеттi әруақтар қорымына тисiп көр. Мiне, сонда сазайыңды тартқызамыз”, – дегендегi “ұлы әруақтар көмбесi” осы-ақ болар.

Енi бес жүз, ұзындығы бiр шақырымдай төрт бұрышты таспен қоршалған майдан. Батысында есiгi бар. Оң қанатта 15-20 қорым бiр сызықтың бойына тiзiлген. Содан кейiн тура сол тәртiппен қатар-қатар қойылған көмбелер солтүстiктегi бұрышқа тiреледi. Содан кейiнгi аралық ашық. Қақпаның босағасынан басталған тас белдеу қорымның ортасындағы төбеленiп тұрған ұлы қорымды жанай өтiп келесi басына барып тiреледi. Қақпаның тура қарама-қарсысында ұлы қорым. Кiрер босасағасы оңтүстiк жағында. Қорымның солтүстiк қанатын белтасты сызық бойлап өтедi де қорымның шығысындағы белдеуге түйiседi. Шығыс бетiндегi қорымдар солтүстiктегi қорымдарға ұласады. Шығыс солтүстiгi, ұлы қорымның алды ашық. Ортасындағы ұлы қорымнан дүниенiң төрт бұрышы түгел көрiнедi. Шаршықорымның шығыс солтүстiк бұрышына биiктiгi үш-үш жарым метрлiк бұғытастар андағайлап тұр. Ханүй жазығындағы екi жүз елуден астам “ұлы көмбенiң” барлығы да осындай бiр мәнерде тұрғызылған. Әрине, үлкендi-кiшiлi болып келедi.

Бұл аңғарлы жазық көне түркiлердiң көктемгi, күзгi ұлы сауындарын өткiзетiн рәсiм даласы болса керек, ұлы шайқас өттi деп те жорамалдауға болар. Бiрақ ақылға салсаң, сондай қырғынды шайқастан соң дәл осындай ойластырылған “әулиелер көмбесiн” тұрғызуға жаугершiлiктен кейiн мүмкiн бе? Бұл сан жылдар бойы тәртiппен, байыппен салынған көмбелер және Қаржаубай айтқандай, екi жүз елуден астам қорым екенi нақтыланса, ондай құрылысты бiр мезетте тұрғызу да мүмкiн емес.

Әрбiр үлкен көмбелердiң оңтүстiгiнде шағын көл бар. Бұл осы қорымдарды тұрғызу барысында қазылған шұңқырдың орны болса керек. Оны кейiн құрылысқа су көзi ретiнде пайдаланғаны анық. Ханүй өзенi бес шақырымдай жерде Орхон мен Селенгiге қосылу үшiн жыландай бұраңдап, көгiлдiр түспен иiрiле, шұбатыла созылып барады. Арғы беттегi Ханжүй тауларындағы жартастарда монғолдың бiтiк жазулары қашалған. Бұл ендi Шыңғыс ханның дәуiрiне қатысты тарих, яғни, найманның Таян ханының хатшысы Тататұнға негiзiн салған дәстүрлi жазу мәдениетiнiң үлгiлерi басталады.

“Әулие қорымдардың” бұрышындағы сынтастар мен бұғытастардың салтанаты ерекше. Андыздай бойын созып тұр. Денi жерге шынтақтап, ұзынынан сұлап жатыр. Қазба жұмыстарының iзi аңғарылады. Бiрақ та монғол археологтары заттық мұраларға назар салып, оның түркi тарихына қатысты тарихи салыстыруларға немқұрайлы қарайтын сияқты. Мүмкiн кеңестiк идеология олардың да мысын басқандықтан да шығар. Олардың тынысы ендi-ендi ашылып, Жапония, Германия, Қытай, Франция ғалымдарымен үйiрлесе бастапты. Қазақстандықтар да бүйiрден қосылды. Ал бұл ескерткiштiң сырын Қаржаубайдан артық бiлетiндерi кем де кем сияқты. Бұл да бiз үшiн үлкен басымдылық. Тек соны ұқсатып пайдалана алсақ жарайды. Әй, қайдам… Көне түркi қарпiнiң сұлбасын танымайтын түркi жазбасының “мамандары” оның үстiнен домалақ арыз “домалатып”, орыс тiлiнiң маманына түркiтануды басқартып қойған соң, не жорық. Әйтеуiр, жосынсыз iске жора көп, жөнге жүрер дос қайда?

Осынау бiр үндiстердiң, жоқ, Тоқырауынның бойындағы Беказы – Дәндiбай әулиеқорымынан еш айырмасы жоқ. Шарбақтастарды қиыстыруы да, орналастыруы да бiрдей. Мұндай ұқсастықтар кездейсоқ емес. Бұл екi арасы бес мың шақырымды қамтитын кеңiстiктегi қорымдардың өзара егiздесiп жатуы, сол дәуiрде көшпелiлер әлемiнде отақ қорымдық сәулеттiң дәстүрлi үлгiсi қалыптасқандығын айғақтайды. Тас қорғанын еске салатын табиғи ұлы ескерткiшке таңдана-таңдана жолға аттандық.

Алдымызда ұлы, иә, ұлы екiншi көк түрк қағанатының негiзiн қалаған Ел-Етмiш қағанның төре жайлауы… Жер мен ел жөнiн жөргеп жүрген Қаржаубай бiздi тағы бiр елдi мекенге алып келдi. Таулы үстiрттегi көк жазық, көгiлдiр белдеулер, құрғақ ауа. Бұл үйiрiлсе лезде суытады, сәл ғана күн көзi көрiнсе ысып сала бередi. Қанғай үстiртiндегi күн сәулесi өткiр. Қазақтың: “Жаман қатынның тiлi ащы, Бұлттан шыққан күн ащы”, – дейтiнiндегi ащы күн.

Эрдэнемандалды басып, Ханүй мен Ханжүй өзенiнiң тоқырауынындағы Қайырханға талтүсте жеттiк. Шағын ауылдың шетiндегi пұтханаға ат басын тiредiк. Оңаша, қараусыз қалған тақуажай ма, әйтеуiр, күтiмсiздiкпен күн кешiп тұрған құжыра екен. Биiк шарбақпен қоршалыпты. Қақпасын қисынымен ашып iшке кiрдiк. Ауланың ортасында ұзынынан сұлап Ел-Етмiш қағанның (Құтлық Елтерiс қағанның), қағанның ғана емес, барша түрк жұртының береке-бiрлiгiнiң киетасы жатыр. Ол осыдан 60 шақырымдай, Ханүй мен Хұни өзенiнiң тоқырауынындағы Шивэтiұлан (Қызылқорған) жотасының үстiнде 682 жылы қойылған. Мұнда екiншi түрк қағанатын құрған 55 тайпаның таңбасы қашалып жазылған. Қағанаттың қайта орда тiгуiнiң құрметiне орнатылған. Бұл таңбалы тастың қасында төрт құбыладан күзетiп тұрған төрт қасқырдың, қошқардың, он адамның мүсiнi тұрғызылыпты. Мына тас содан әкелiнiптi. Жоғалмасын, бүлдiрмесiн, пұтханада тұрса қолды болмас деген сияқты. Менiң ойымша, осы тастарды орыстың бiркезбе ғалымы әкетеп бара жатып, қолға түсiп қалған соң, амалсыз тастап кеткен сияқты көрiндi де тұрды. Ендi оны орынына кiм апарып қойсын!.. Сергек денелi, қағылез Хайролла алдымызды орап бәрiмiзден бұрын барды да, ұзына бойынан етпетiнен түсiп киетасты құшақтай жығылды. Тасты сүйiп жатыр.

Тастың бетiнен ерiннiң емес, көз жасының табы бiлiнедi. “Алаштатып” ұрандап, қазақтың тоқсан томдық ру шежiресiн шығарып жатқан жанкештi ғалымның тайпа, ру таңбаларына тағзым етуi бiздi де шiмiркендiре, иiте бастап едi, бiр кезде …

…көзiнiң жасы тез кеуiп кеттi ме, кiм бiлсiн, орнынан атып тұрып менi жетектей жөнелдi. Қалың таңбалы көктастың үстiне бiздi де ұзынымыздан сұлата жатқызып, тасты сүйгiзiп, бiр уақытта: “Көзiңдi аш!”, – дедi. Аштық: “Не көрдiң?”, – дедi жаналғыштап. Қарадым…Тура маңдайымның алдында, жаңағы 56 таңбасының бас таңбасы болып “ұ” таңбасы ойылыпты. Бұл екiншi түрк қағанатын құрушы, оған ұйытқы болған басты ел – осы тайпа деген үкiм. Иә, бойым шымырлап, ең алдымен басыма: “Түрк қағанатының мұрагерi қазақтар екенiн дәлелдейтiн нақты заттай айғақ қой мына таңба. Табылғаны қандай керемет болды. Бұрын жорта жорамалдасақ, ендi нақты дәлелге жүгiнетiн болдық қой”, – деген ой миымда найзағайдай жарқылдап өттi.

Хайролла сияқты емiнтал да, Қаржаубай сияқты қайыңбез де емеспiн, дегенмен де ешкiталдай иiлiп қалдым-ау деймiн.

Соны аңғара қойған екi бiз екi жағымнан сұққылап, менi шаныша жөнелдi. Сонда ғана көктасқа қашалған 56 таңбаның iшiндегi Бас таңба (ұ) – найман таңбасы екенiн түйсiндiм. Алдында алшын мен шектiнiң, ақ таздың таңбасын тауып арқаланып, “қараторының әдемiсi” боп көрiнiп жүрген “таңбашы” Хайролланың қабағына қарадым. Күлiп тұр, бiрақ жетiскен шүлен күлкi емес. Ендi екеулеп Қаржаубайды қаржалауға көштiк. Тарихшы Меңдiгүл мен Нұржан екеуi арғынның көз, дулаттың шөмiш таңбасын ажыратып жатты.

Бұл көктас қазақ тарихының Бас оқулығы. “Алаш” тарихи-зерттеу орталығы бұл таңбаларды түптеп, тектеп, түбегейлi тұжырым ұсынатынына сенемiн. Өйткенi олар дайындап жатқан 90 том шежiренiң бастау көзi осы пұтхананың iшiнде жатқан көктастағы таңбалар. Бiздiң тарихымыздың Бас әлiппесiне көз мейiрiңдi сала жүр, пұт құдайы – деген тiлеумен тағы да iлгерi аттанып кеттiк. (Айтпақшы, Ел-Етмiш қағанның бас мүсiнi – Еуразия университетiнiң “Жаз тарихы” мұражайында).

Содан Мойыншор қағанға орнатқан тасжазуға бет алдық. Қос төбенi шыр айналып шықтық. Көк жазықтың ортасында, шалғынды, күжiрейген төмпешiкте тұр екен. Екi тасжазуы бар. Бақатасы да сақталыпты. Мұндағы мәтiндер толық оқылмаған. Қаржаубай жазуды бұрын қалыпқа түсiрiп, қаттап, хатқа тiзiп алыпты. Ендi аумағы мен айналасын бейнетаспаға жазды.

Күн қораланып келе жатқандықтан да, беталысымыздағы Орхон мен Бұлғын қалалары асудың арғы бетiнде болғандықтан да жолға асығыс қамдандық.

Өкiнiштiсi, Ханүй мен Ханжүй өзенiнiң қиылысында, шағыр шоқының үстiнде Ел-етмiш қағанның қорымы қалды көз ұшында. Қарай-қарай көз талып, ойлай-ойлай өзек талып, бабаларымыздың “бастыны идiрiп, тiзелiнi бүктiрiп, елiн – қағанды ел еткен”, бөрiлi байрақты iлген көк жайлаудың сүр етiн көңiлiмiзге түсiрүге тырыстық. Қазiр де сол көк мұнар көзiмдi жұмсам жанарымды қамайды. Алыстан фотоға, бейнетаспаға алып ек, бұлыңғырдың арасындағы бұлдыр бояу ғана болып жайылып кетiптi.

Сайханға қарауыта жетiп, жотаның жолын қуып Орхонға бет алғамыз. Онсыз да таулы үстiртте жүрмiз, бiрақ үстiрттен де биiк асу бар. Адасып жүрiп жол тауып, аңғар-аңғар асудан құлдилап, қаба-қаба шаң жұтып, түнделетiп, түн ортасында Эрденетке жеттiк.

Қонақ үйге кiрiп келгенде бiрiмiздi-бiрiмiз танымастай боп шаңға көмiлгенiмiздi бiлдiк. Үстi-басымызға шаң емес, құм құйылған екен. “Қараторының әдемiсi” Хайролла қызылторыланып, ағы да қызыл, торысы да қызыл, тортасы айырылып шыға келiптi. Қоңыр құбақандау бiз де бабымызға кеп шыжғырылыппыз. Бiрден себезгiге ұмтылдық…

Өндiрiстi, алтынды, мырышты, “жұмысшы табына” сүйенген қала екен. Мамандарының денi кеңестiк орыстар болыпты. Қазiр мұнда жетекшi инженерлер мен жұмысшылар қазақ екен. Мен “өзi құжыр-құжыр, өлеңi бұжыр-бұжыр” деген …ақын да осында тұрады екен. Даяшы монғол бозбаланың елi қоңырат екен. Iздесек әркiмнiң туысы табылатын. Тек Хайролла ғана үмiтсiз пенде кейпiнде. Неғұрлым солтүстiкке қарай жылжыса, соғұрлым оның да мүмкiндiгi зор. Тым құрығанда Барабыдаласына iлiккен соң естектердiң етегiнен ұстайды ғой деп, өзiңдi-өзiң желпiгендей боласың. Бiрақ дiңкеңдi құртқан ұзақ жолда бiр ұрттам ыстық, қою, қызыл шай мен ұйқыдан артық дос табыла қояр деймiсiң.

Бұл – ғылыми-iздестiру экспедициясының соңғы түнi. Ертең бе, ертең, Монғолияның көмiр астанасы Дархан арқылы Ұланбатырға бет бұрамыз. Дашилен арқылы тура жолға түссек деген де ұсыныс болды. Менiң төбе шашым тiк тұрды. Былтырғы азап-тозағым есiме түстi.

21.07.08. Эрдэнет – Ұланбатыр.

Ертеңiнде Эрденеттiң мұражайына бардық. Онда Ел-Етмiш қағанның басынан алынған адам мен бөрiнiң, тағы да бiр бiз бiлмейтiн күш иесiнiң – тарбығаның мүсiн тастары тұрды. Бәрi де үш жерiнен үзiлген. Музейден бүкiл монғол тарихын Мықан ағашының бейнесiнде суреттеген ескерткiштiң үлгiсiн көрдiм. Үш әлемдi бейнелеген үш сатылы Мықан ағашының саясындағы жауынгерлердiң мүсiндерi шаршытақталанып жасалған, Мықан ағашы шаңырақ арқылы қосылған. Бұл мәңгiлiк елдiктiң, мәңгiлiк өмiрдiң, мәңгiлiк рухтың белгiсi.

Дархан арқылы Ұланбатырға жеттiк. Түнде “Марко Полоға” бардық. Кәдiмгi орыстың ожарлау, можантопай күтiмi екен. Орын ауыстыруға тура келдi.

22.07.2008. Ақот

Күндiз Тоныкөктiң Ақоттағы жазу ескеркiшiне бардық. Былтырғыдан гөрi шаңдауытқан сияқты көрiндi. Күзетшi монғол шал орынында екен. Түркiнiң намысын күзеткен осы адамға қандай сыйлық жасаса да орынды-ау.

Жолда Шыңғыс ханның алып ескерткiшiне соға қайттық. Былтыр салынып жатыр едi. Биыл бiтiруге таяп қалыпты. Өзi жолдың шетiндегi төбеде. Биiктiгi – 60 метр. Алып тұлға аспаннан атпен түсiп келе жатқандай. Асты киiз үй сияқты дөңгелек ресторан. Бұл ел бұрынғы империясына ұмтылып келедi.

Кештетiп Байқоңырға – Байхонгорға Қаржау, Еркебұлан үшеумiз ұшақпен ұшып кеттiк.

Қараторының әдемiлерi – Хайролла, Меңдiгүл, Нұржан, Әсемғазылар Баянөлгейлетiп Алматыға ертең ұшады.

Байқоңыр Құба Алтайдың астанасы сияқты, шөлдiң шүмегiнде тұрған қала… Былтырғы шыжғырған күн мен қаталатқан шөл көз алдымнан көшiп өттi. Бармасқа болмайды. Монғолияға келуiмiздiң басты мақсатының бiрi сол сапар. Бiздi үлкен жаңалық күтiп тұруға тиiстi.

23.07.2008. Байқоңыр – Галуты – Шандымын

Бұл ерекше күн болды. Машина жалдап Галуты сұмының Көпкөл ойпатындағы Шандымын Тасырқайындағы көне түркi ескерткiшiне келдiк. Бiздi алып жүрген жолаушы – Баты, ұлы Темiркүлiк. Биыл археология факультетiне түсiптi. Алғашқы тәжiрибесiн жақсы бастаған сияқты.

Жол бағытына қарасақ Қанғай үстiртiнiң оңтүстiк бүйiрiнен шаншыла кiрiп бара жатқандай екенбiз. Сол арада картаға қарадым. Былтыр мен биыл бүкiл Монғолияны шаршылай шарлап жүрген жерiмiздiң барлығы екi ендiк пен бойлықтың арасы екен. Қанғайдың сiлемi мен аңғарын қузап, шыр айналып, көлiктiң жолын қуып жүре берген екенбiз. Ал мұны көшпелiлердiң көш жолына түсiретiн болсақ, асуды асып Теркен қатынға, қиғаштай қиып Орхонға, шығысқа жүрiп Тоныкөкке барады екенбiз. Әрине, мың шақырымның шеңберiнде. Ал бұл қыстауы, көктемесi, жайлауы, күзеуi бөлек-бөлек орналасқан ел үшiн азапты сапар емес. Кәдiмгi өмiр жолы.

Былтырғы алтын кенiшiнiң маңынан бүйiрлей өттiк. Шандымын деген “үштiктi” бiлдiредi екен. Үш қараш, Үш биiк, Үш Мерке деген сияқты. Жөн сұрап жүрiп жөнiмiздi таптық. Осы ескерткiштi тапқан шопанның үйiнен дәм таттық. Ақырында Шандымынға да келдiк. Тостағандай тоспа көл бар екен. Аққу мен қаз ұшып-қонып жүр. Мұны кейiнгi кезде Көпкөл деп атапты. Бәрi де бұлақтан жиылып, көл болған тоспалар.

Шандымынымыз, Шандымын десе – Шандымын – Үш шоқы екен. Қазақтар мұндайды әдетте Үшбиiк деп атайды. Үш шоқының алдындағы Тасырқайдағы (монғолша да солай) ескерткiшке де келдiк.

Бiзден бұрын ежелгi танысымыз, археология профессоры Байыр Дөвгой қазып кеткен екен. Шарбақтастар қиынды-жиынды боп ретсiз жатыр…

Тағы да таң қалмасқа болмайды, ұзындығы үш, енi бiр жарым метрдей керегелi шарбақтастағы оюлар қазақтың тұскиiзiнiң оюынан айнымайды-ау, айнымайды.

Ал Пазырықтағы тұс алашаның тас көшiрмесi десе де болады мұны. Егерде Баянөлгейдегi жеңгелерiмiз бен келiндерiмiздiң, құдашаларымыздың биыл басқан сырмағы мен тұскiлемiн әкеп, Тасырқайдағы керегетастың бетiне баса қойса, бiрiнiң оюын бiрi басып шыға келетiнi кәмiл. Қаржау екеумiз шарбақтастарды шыр айналып жүргенде пәдiретшi Еркебұлан, жолшы Батал және оның биыл ғана археология факультетiне түскен баласы Темiркүлiк үшеуi казды.

Таңертең Байқоңыр аймақтық мұражайына барып, Қаржау тиiстi рұқсатын алған. Мұражайдың алдындағы арыстанның мүсiнiне қызыға қарағамыз. Алайда бала көтерiп тұрған әйелдiң мүсiнiн көргенде әлгi қызығушылық су сепкендей басылды. Өйткенi, әлемдегi 20 мыңға тарта көне түркi балбалдарының денiн бiлетiн Қаржаубайдың өзi де басын шайқап кеткен. Өйткенi ол да бала құшақтаған әйелдiң мүсiнiн тұңғыш рет көрiптi. Тағы да бiр салауатты еркектiң мүсiнi қатарласа тұрған. Мiне, сол мүсiндер осы Тасырқайдағы мына шарбақтастардың басынан алынып, мұражайға апарып қойылған екен. Демек, бiз қазып жатқан көр емес, көр болса да, бұрынғы көрлерден мазмұны өзгеше болуы тиiс…едi.

Шындығында да, бұл көр емес, бөгi дiнiндегiлер орнатқан ғибадатхана екен. Күннiң көзi жуасыған кешкi тымықта жазуы бар керегетас та табылды. Үлкен оюлы шарбақтастың бiр шетiне тiзiлген екi жарым жол жазу екен.

Ой, қуанғанымыз-ай! Мұндай ұлы жаңалықтың ашылуына тұңғыш рет куә болуым.Қаржаубай көрге түсiп, қалам қарындашын алып, тасқа басымен кiрiп кеттi. Бөгет жасамас үшiн күнделiктiң осы беттерiн толтырдым.

Айтса – айтқандай, бұл бiр ұлы iс болды. Бiр кезде Қаржаубай: “Тә! Ал жаз!”, – дедi. Жаздым.

“Iзгiлiк Шор сегiз қасиетке ие болды. (Сол үшiн) тастан еб (барық, ғибадатхана) орнаттық”.

Керегетастың бiр бұрышы сынған. Онда:

– “Құтты болсын” – деген сөз жазылуы мүмкiн, – дедi қарындашын құлағына iлiп тұрып.

Қ.Сартқожаның айтуынша бұл: екiншi түрiк қағанаты құлап, бiрiккен қағанат басталғанда жасалған барық. Себебi: ол кезде мүсiн тас қойылмаған. Будда дiнiн ұстанғандар кейiннен балбал тастарды: басыңды кестiм – деп мүсiннiң мойынынан қиған, белiңдi үздiм – деп белiн үзген. Сөйтiп бiр мүсiн үшке бөлiнген. Байқоңырдағы еркек пен әйел мүсiнiнiң де бастары жоқ.

Ал осы сегiз қасиет не?

Мұның сырын ашу келешектiң iсi. Iзгiлiк Шор кiм? Мүмкiн әулие деген сөз шығар. Бiзге қалған қазiргi жұмыс: ескерткiш Байқоңыр аймағының Галуты сұмының Көпкөл ойпатындағы Шандымын тасырқайынан табылды.

Байынқонғар аймағы Галуты сұмылының жерiндегi Көпкөл ойпатының Шандымын Тасырқайынан табылды. Онда көне түркше:

“Iзлiк Шор сегiз iкiгу қазғанты. Қатық ташық еб барқын”, – деп жазылған. Мұны сөзбе-сөз аударғанда:

“Iзлiк Шор сегiз көгудi (қасиеттi) игердi. Сол үшiн қаттаған тастан еб (орын) барық (орнаттық) (сынып қалған жер) құтты болсын”, – деген сөз шығады.

Бұл мәтiннiң үстiрт оқылғандағы нұсқасы. Нағыз мағынасы ғылыми зерттеулер жүргiзiлiп, тарихи салыстырулар мен талдаулар жасалып, сегiз киенiң тегi тектелген соң ғана ашылмақ. Бiз жазушылығымызға сүйенiп, ұшқырлық танытып отырмыз. Әзiрше айтарымыз, бұл Қаржаубай Сартқожаұлының түркi жазуындағы ашқан жаңалығы болып табылады. Алғашқы ғылыми жарияланым да соның құзырындағы иелiк.

Кеш мамыражай батты. Суық мәзiрдi тәбетiмiз ашыла қарбытып, шатырымызға кiрдiк. Қанша ата-бабамыз дегенмен де, бөгiнiң барығы болғандықтан да сескене көз iлдiм.

Жалғасы бар.

Серіктес жаңалықтары