МИНИСТР БАЛАЛАР БАСЫЛЫМЫМЕН КЕЗДЕСТI

МИНИСТР БАЛАЛАР БАСЫЛЫМЫМЕН КЕЗДЕСТI

МИНИСТР БАЛАЛАР БАСЫЛЫМЫМЕН КЕЗДЕСТI
ашық дереккөзі
277

Қазiргi таңда елiмiзде шығатын бұқаралық ақпарат құралдарының көбi жекешеленiп кеткен. Ал, мемлекеттiң қарауындағы басылымдар саны санаулы ғана. Сол санаулылардың қатарында “Қазақ газеттерi” жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiмен қатар, “Жас өркен” жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiне қарасты балалар басылымдары да бар.

Өткен аптаның сенбiсiнде ҚР Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед аталмыш басылым ұжымдарымен кездесiп, келелi мәселелер төңiрегiнде ой қозғады. Бiр кездерi жүздеген мыңға жеткен балалар басылымдарының әнебiр жылдары халi аянышты болғанын көзiқарақты оқырман жақсы бiледi. Тiптi, кейбiрi нарықтың заңдылығына шыдамай жабылуға дейiн барды. Ал, “Қазақ газеттерi” 1990 жылы құрылды. “Қазақ газеттерiнiң” құрамына кiрген басылымдар да жұмысын тоқтатудың сәл-ақ алдында қалған екен. Осыншама қиындықтарға қарамастан, басылымдар өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Бiрiнiң 80 жылдық, бiрiнiң 50 жылдық тарихы бар балалар басылымының жағдайын қайта қалыпқа келтiру де оңай шаруа емес. Оған қыруар қаржы керек. Өз кезегiнде министр де осы мәселеге айрықша тоқталып өттi. “Рас, бiр кездерi балалар басылымының қаржылық жағдайы 15 млн.-нен аспай қалған екен. Қазiр қолымыздан келгенше жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Тiптi, балалар басылымдары 90-жылдардың басындағы компьютермен отыр. Соның бәрiн ескерiп, былтырғы жылы 78 млн. теңге бөлiндi. Қазiр “Балдырған” журналының таралымы — 37 700. Ендiгi менiң арманым — осы журналдың 50 мыңға жеткенiн көргiм келедi” – дейдi министр мырза. Әрине, балалар басылымының санын көбейту басты кезекте тұрған мәселе. “Ақжелкеннiң” бүгiнгi күнгi таралымы – 6400 дана. Бұл да аз көрсеткiш емес. “Ұлан” да өз таралымының кеңейткенi абзал. “Балапанды күзде санайды” демекшi, балалардың мектепке жиналатын айларында мектеп ұжымдарымен кездесiп, басылымдардың таралымын көбейту қажеттiгi туындап отыр.

Жиынға қатысқан “Қазақ газеттерi” ЖШС-нiң бас директоры Жұмабек Кенжалин ұжыммен таныстырып, қазақ газеттерiнiң кейбiр мәселелерiне тоқталып өттi. “Ақиқат” журналына редакторлыққа келген Мұхит Салқынбаевтың бес бiрдей тiлдi бiлетiнiн естiгенде, министр: “Ақиқатты” түрiк, араб, парсы дүниесiне қарай бұрып, халықаралық дәрежедегi журнал болып шығуына жағдай жаса” дегендей құлаққағыс жасады. “Ана тiлi” газетiне жаңа редактор келгелi берi, газеттiң де бұрынғыға қарағанда сапалы, әрi түрлi-түстi форматта шыға бастағанын да айта кеттi министр мырза.

Сондай-ақ, “Жас өркен” ЖШС-i Бас директоры Жүсiпбек Қорғасбек “Ұлан”, “Балдырған” және “Ақжелкеннiң” беттерi көбейген соң, олардың типографиялық шығындарының да өскенiн айтады. Журналдарды басып шығаратын баспаханалар бағасын түсiрудiң орнына өсiрiп отырғанын жеткiздi. Жүсiпбек Қорғасбек қозғаған тағы бiр мәселе, балалар басылымы осыдан бiрер жыл бұрын бiраз ақша қарыз болып қалған екен. Ол шығынды өтеу балалар басылымына оңай болып отырмаған сияқты. Осыған орай, министр: “Биылғы жылы бөлiнетiн ақшаны бұрынғы қарызды жабуға бере алмаймын. Мұны жазылудан түскен ақшадан жабуға ғана мүмкiндiк бар” деп жауап қайырды.

Журналдардың беттерi көбейiп, қалыңдай түскенiмен, баспахана қағазының сапасы өте нашар екендiгiн өзiмiз де байқап жүрмiз. Балаларға арналған жекеменшiк журналдардың сапасына қарасаңыз, көркем суреттермен безендiрiлiп, түрлi-түстi қағаздармен шығып жатады. Әсiресе, Ресейден келетiн орыс тiлiндегi балаларға арналған журналдардың сапасы өте жоғары. Суреттерi де көрсең көзiң тойғысыз. Ал, балаларға арналған “Балдырған” осындай түрлi-түстi форматта, қатты қағазда жарық көретiн болса, көз тартып, баланың жеңiл оқуына да ыңғайлы болар едi. Сондықтан, келешекте бұл мәселелер де шешiмiн табар деген үмiттемiз.

Ең бастысы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза қазақ басылымдарының мұң-мұқтажына қанығып, проблемаларының бәрiн өз құлағымен естiп қайтты. Бұл да қазақ басылымдары үшiн министр тарапынан жасалып отырған жақсы бiр үрдiс.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары