Ақерке ТӘЖIБАЕВА, қобызшы: ШЫНАЙЫ ӨНЕР МӘҢГIЛIК

Ақерке ТӘЖIБАЕВА, қобызшы: ШЫНАЙЫ ӨНЕР МӘҢГIЛIК

Ақерке ТӘЖIБАЕВА, қобызшы: ШЫНАЙЫ ӨНЕР МӘҢГIЛIК
ашық дереккөзі
459

Қобыз – сонау сегiзiншi ғасырдан берi қазақ тарихына өзiндiк үнiн қосып келе жатқан ежелгi аспаптардың бiрi. Ақерке Тәжiбаева осы киелi аспапты жанына серiк тұтып, қобыздың ғажап үнiн халыққа жеткiзiп жүрген жас қобызшылардың бiрi. 15-мамырда Ақерке “Мәңгiлiк қобыз сарыны” атты алғашқы шығармашылық кешiн өткiздi. Үш бөлiмнен құралған музыка кешiне Ақеркенiң өнердегi жанашыр ағалары Таңат Мамырханұлы, “НұрМұқасан” дуэтi, әншi Маржан Арапбаева және жас домбырашы Мұрагер Сауранбаев сияқты өнер адамдары қатысты. Кештен соң, Ақеркемен сөйлесудiң сәтi түскен едi.

– Ақерке, шығармашылық кешiңнiң сәттi өтуiмен құттықтаймын. Жиналған қауым концертiңе дән риза сияқты. Кеш көңiлiңнен шықты ма?

– Кеш жақсы өттi. Концертке келген адамдардың бәрi өзiңiз айтқандай риза. Тiптi, келген қонақтар уақыттың қалай өткенiн аңғармай қалды. Концерт үш бөлiктен тұрды. Ең алдымен 700 адамы бар Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестiрiнiң сүйемелдеуiмен, одан соң күйсандықтың сүйемелдеуiмен күйлер орындадым. Үшiншi бөлiмде эстрдалық жанрдағы күйлердi орындадым. Тiптi, маған телефон шалып ризашылығын, ақ тiлегiн бiлдiрiп жатқандар көп. Кештiң тыңдарман көңiлiнен шыққаны менiң көңiлiмнен шыққаны ғой. Жалпы шығармашылық кешiмдi Қазақстанға еңбек сiңiрген қоғам қайраткерi, елiмiзде алғаш қобыз класын ашқан ұстаз, қобызшы Жаппас Қаламбаевтың жүзжылдық мерейтойына арнадым.

– Шығармашылық кеш өткiзу оңай шаруа емес. Саған қолдау көрсеткендер болды ма?

– Концертiм бастамастан бiр апта бұрын ҚР тұңғыш президентiнiң қорынан “Бабалардан қалған асыл мұра-қыл қобыз” атты жұмысыммен арнайы грант ұтып алдым. Осы грант менiң концертiм өткен залдың құнын өтедi. Бұдан өзге демеушiлiк көрсеткендер болған жоқ.

– Қобыз сияқты киелi аспапты меңгеру оңай емес. Бұл өнердi қалай таңдадың?

– Мен киелi өлке Түркiстан қаласында туып-өстiм. Кiшкентай кезiмде теледидардан, радиодан естiлетiн қобыздың үнi маған ерекше әсер ететiн. Содан болар, қобызға деген қызығушылығым ерекше болды. Сөйтiп, Алматы қаласындағы Ахмет Жұбанов атындағы республикалық дарынды балаларға арналған музыкалық мектептiң, қобыз класына түстiм. 1999 жылы “Азия дауысы” байқауында алғаш үлкен сахнаға шықтым. Содан берi мiне, қобызыммен бiрге өнер әлемiнде жүргенiме 14 жыл болыпты.

– Қыл-қобыз басқа аспаптарға қарағанда, әлдеқайда күрделi аспап. Саған бұл аспапты меңгеру қиындық тудырмады ма?

– Дұрыс айтасыз, қобыздың тұлғасы қарапайым болғанымен, оны меңгеру өте қиын. Себебi қыл қобыз – табиғи, әрi философиялық аспап. Ол терiден, қылдан жасалады. Сондықтан қобыздың үнi ауа-райына, бегiлi бiр температураға байланысты өзгерiп отырады. Сонымен қатар, қобыздың күйлерi де күрделi.

– Қазiргi жастар қобызды түсiне бермейтiн сияқты…

– Мен қобыз күйлерiн екi жанрда орындап жүрмiн. Бiрi – дәстүрлi, екiншiсi – эстрадалық жанр. Көптеген азаматтар қобызды, “мұңлы, зарлы аспап” дейдi. Олай емес, кез келген күйдi, мейлi халқымызда ежелден келе жатқан күйлер болсын, мейлi шетел композиторларының туындысы болсын қобызға бейiмдеуге болады. Кейбiр адамдар: “Қобызды эстрадаға бейiмдеп, мәнiн жоғалтып алдыңдар” дегендей уәж айтады. Менiңше, қандай жанрда болмасын бiз қазiргi таңда жастарымызға, кейiнгi ұрпаққа ежелгi аспаптардың мән-мағынасын жеткiзуiмiз керек. Шығармашылық кешiме де бiршама жастар жиналды. Бұл олардың қобыздың құдiреттiлiгiн түсiнуге бейiмделiп келе жатқанын дәлелдесе керек.

– Шоу-бизнес әлемiнде жүрген өнер адамының бiрiсiң. Бүгiнгi шоу бизнесте жарқ етiп көрiнiп, жұлдыз ауруына шалдығатын замандастарың көп.

– Бiзде өзiңiз айтқандай, бiр бейнеклип түсiрiп, дандайсып кетiп, “жұлдыз” ауруына шалдығатындар өте көп. Мәселен, ақшаның күшiмен ән жазып, сахна төрiнен бiр-екi көрiнiп, артынша сөнiп кететiн қатарластарым да бар. Менiңше, өмiр үлкен теңiз, уақыт бәрiн өзi iрiктейдi. Нағыз өнердi құрметтейтiн адам бойына дарыған қасиеттi өмiр бойы кiшiпейiлдiлiкпен алып жүредi. Өйткенi, шынайы өнер мәңгiлiк.

– Жақында бiр сұхбатыңда әншiлердiң сөйлеу мәнерiне наразылық бiлдiрiп, осы мәселе жөнiнде ғылыми жұмыс қорғаймын деген екенсiң…

– Көптеген журналистердiң өнер адамдарымен, әншiлермен сұхбаттасу барысында олардың сөйлеу мәнерiне риза болмағандығын естiп жатамыз. Шынын айту керек, өнерде жүрген талантты аға-әпкелерiмiздiң екi ауыз сөздiң басын құрай алмай, өз шығармашылығы жайында толық, әрi түсiнiктi етiп жеткiзе алмайтындығы өкiнтедi. Әрине әдеби, таза сөйлеу, әншi қауымның негiзгi мiндетi емес. Дегенмен олар өз мақсат-мiндеттерiн сұхбат беру барысында жалпы халыққа түсiнiктi, жетiк тiлде жеткiзулерi тиiс. Сол себептi, “Тiл тағдырының өнермен байланысы” атты ғылыми жұмыс жазып, қорғап шықтым. Жақын арада кiшiгiрiм кiтапша болып басылады.

– Ақерке, сенiң ел арасына кеңiнен танылуыңа септiгiн тигiзген ұстаздарың бар шығар…

– Әрине, маған жол сiлтеп, осы өнердi бойыма дарытқан ұстаздарыма алғысым шексiз. Алғаш Ахмет Жұбанов атындағы мектепте қолыма қобызды ұстатып, оны меңгерудi үйреткен ұстазым Жұмабек Әбдiманап деген ағайым. Одан соң консерваторияда дәрiс берген ұстазым Базархан Қосбасаров деген профессор.

– Болашақта қандай жоспарларың бар?

– Жоспар дегенiмiз — үлкен мақсат қой. “Армансыз адам-қанатсыз құспен тең” деп жатады. Қазiр Құрманғазы атындағы консерваторияның 4-курсында оқимын. Консерваторияны бiтiрiп, оқуымды ары қарай жалғастырсам деймiн. Бұған қоса, басқа да мамандықтардың қыр-сырын меңгергiм келедi. Болашақта теледидардан бағдарлама ашсам деймiн. Түрiк тiлiн жетiк меңгергендiгiмнен Түркия елi өздерiнiң бағдарламаларын жүргiзуге шақыруда. Өз елiмдi қимаймын әрине. Ал өз шығармашылығыма келер болсам, Құдай қаласа күзде тағы бiр жеке акустикалық концерт ұйымдастырсам деймiн. Әрине, бәрi болашақтың еншiсiнде ғой.

– Өнерiң өрлей берсiн. Әңгiмеңе рахмет.

Әңгiмелескен Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары