РЕСЕЙ МЕН ҚАЗАҚСТАН ДАҒДАРЫСТАН БIРIНШI БОЛЫП ШЫҒА МА?

РЕСЕЙ МЕН ҚАЗАҚСТАН ДАҒДАРЫСТАН БIРIНШI БОЛЫП ШЫҒА МА?

РЕСЕЙ МЕН ҚАЗАҚСТАН ДАҒДАРЫСТАН БIРIНШI БОЛЫП ШЫҒА МА?
ашық дереккөзі
404

Дағдарыс қос бүйiрден қыспаққа алған кезеңде әлем елдерi бiр-бiрiн қиындыққа қарсы бiрiгiп күресуге, өзара тәжiрибе алмасуға шақырып жатқаны мәлiм. Бұл орайда Қазақстанның жаһан талқысына тастаған тың ұсыныстарына, ел iшiнде қолға алған дағдарысқа қарсы бағдарламасына көршiлес мемлекеттер қызығушылық танытып отырғанын айта кеткен жөн.

Жуырда елорда төрiнде “Дағдарысқа қарсы саясатты қалыптастыру мен жүзеге асыру iсiне бизнестiң қатысуы” атты дөңгелек үстел өткен болатын. Аталған халықаралық деңгейдегi алқалы жиынға Ресей Федерациясы Мемлекеттiк Думасының депутаттары, зерттеу институттарының басшылары, iскер топ өкiлдерi ат салысты. Олар тығырықтан шығу жолында Қазақстан Үкiметi қолға алған маңызды шараларға, билiк партиясына жүктелген жауапкершiлiкке, отандық iскер топтардың ұстанымына қанықты.

Үкiмет басшысының орынбасары Серiк Ахметов ресейлiк өкiлдердiң алдында Қазақстанның дағдарысқа қарсы бағдарламасында шағын және орта бизнеске қаншалықты маңыз берiлiп отырғанын дәйектеп бердi. Оның айтуынша, Ұлттық қордан кәсiпкерлiктi қолдауға 127 миллиард теңге бөлiнген. Осы қаражаттың 70 пайызы бұрынғы жобаларды одан әрi жалғастыруға, қалған отыз пайызы жаңа жобаларды жасауға, сол арқылы қосымша жұмыс орындарын қалыптастыруға жұмсалмақ.

– Жаңа жылдан бастап елiмiзде жаңа салық кодексi күшiне ендi. Онда шағын және орта бизнеске салынатын салықты барынша төмендету қарастырылған. Мәселен, 2010 жылдан бастап салық көлемi 17 пайызға дейiн, ал 2011 жылдан бастап 13 пайызға дейiн азаяды, — дедi вице-премьер.

Дөңгелек үстел басында Қазақстанда шағын және орта бизнестi тексеруге уақытша мораторий жарияланғанынан хабардар болған ресейлiктер бұл тәжiрибенiң өз елдерiнде де қолданылғанына ниеттi екендiктерiн жеткiздi. Мәселен, коммерциялық емес әрiптестiк ұйым “Бизнес — Солидарность” қорының директоры Виталий Седнев:

– Қазақстандық билiктiң кәсiпкерлермен арада емен-жарқын байланыс орнатып, өзара диалог құрғаны құптарлық құбылыс. Сiздер дағдарыстан шығатын жолды бiрiгiп iздегенде ғана қандай да бiр нәтижеге қол жеткiзуге болатындығын айқын түсiнiп отырсыздар. Бiздiң елде оған ендi ғана көңiл аударылып жатыр, – дейдi.

“Қазақстан мен Ресей ТМД елдерiнiң iшiнде дағдарыстан ең бiрiншi болып шығады!” Осындай ақжолтай пiкiрдi “Дағдарыс кезiндегi әлем” қорының атқарушы директоры Екатерина Широва жеткiздi.

– Сарапшылардың пiкiрiнше де, қарапайым халықтың көзқарасы бойынша да, Қазақстан мен Ресей ТМД көлемiндегi дағдарысқа қарсы саясатты ең қарқынды жүргiзiп келе жатқан елдер болып саналады. Дәл қазiр осы мақсатқа бөлiнген қаражат мөлшерi бойынша бұл екi елдiң алдын орайтын ешкiм жоқ. Қазақстан IЖӨ-нiң 15 пайызын, ал Ресей 12 пайызын дағдарысты жеңу жолына жұмсауда, – дейдi сарапшы. Алайда, ресейлiк сарапшы өз елiндегi әлеуметтiк-саяси ахуалдың нашарлап бара жатқанын жасырмайды. “Өз басым, Ресей дағдарысқа дейiн қол жеткiзген әлеуметтiк-саяси тұрақтылықты бұдан әрi сақтап қала алады дегенге күмәнмен қараймын. Сөз жоқ, тұрақтылық мәселесiнде Қазақстандағы жағдай бiзден көш iлгерi” – дейдi ол.

Соңғы кездерi елдiң әлеуметтiк-экономикалық тыныс-тiршiлiгiнде сезiле бастаған қиындықтарға байланысты, билiк партиясының иығындағы жауапкершiлiк жүгi де арта түскенi анық. Бұл орайда, “Нұр Отан” ХДП төрағасының орынбасары Дархан Қалетаев:

– Партия Үкiмет қолға алған шаралардың жүзеге асырылуын, дағдарысқа қарсы бағытталған қаражаттың тиiмдi кәдеге жаратылуын қадағалауға ерекше мән берiп отыр. Қазiр бiз аймақтарға жиi барып тұрмыз, кәсiпкерлермен тығыз байланыс орнатуға тырысудамыз. Үкiметтен бөлiнген қаражат кәсiпкерлерге жеттi ме? Кәсiпкерлiктi дамытуға қандай кедергiлер бар? Осы тектес мәселелердi анықтау, олардың шешiмiн iздеу бiздiң мiндетiмiз, – деп отыр.

Ресей Федерация Мемлекеттiк Думасының депутаты Михаил Гришанков:

– Қазақстан мен Ресейдiң экономикалары өзара тығыз байланыста, бiзге бiрiгiп әрекет еткен тиiмдi. Дағдарыстан жалғыз шығу қиын. Сондықтан тезiрек күш бiрiктiрген жөн. Қай елдiң озық тәжiрибесi болса, соны пайдалану екi жақ үшiн де тиiмдi болады, – деп санайды.

Мемлекет пен жеке кәсiпкерлiк арасындағы екi жақты тиiмдi әрiптестiк байланыстар қиындықты қиналмай жеңуге көмектесетiн негiзгi фактор екендiгiне бiздiң билiктiң көзi өтiп отыр. Шағын және орта бизнес субъектiлерiн қамқорлыққа алу арқылы Үкiмет дағдарысқа тойтарыс беретiн маңызды қадам жасады. Көршi елдердiң Қазақстанға көп қызығатын тұсы да осы.

Айбын АҚПАТША

Серіктес жаңалықтары