МЫРЗАХМЕТОВ МЫРЗАЛЫҚ ТАНЫТПАДЫ

МЫРЗАХМЕТОВ МЫРЗАЛЫҚ ТАНЫТПАДЫ

МЫРЗАХМЕТОВ МЫРЗАЛЫҚ ТАНЫТПАДЫ
ашық дереккөзі
194

Оңтүстiкте субсидияның қаржысын талан таражға салғандардың бiразы сөгiс алып, бiразы қызметiмен қоштасты, бiразының үстiнен қылмыстық iс қозғалды

“Түркiстан” газетiнде жарық көрген “Әшiмов “ақын” болып кеттi, Мырзахметовтың “жыры” ендi басталды” деген мақаламызда Оңтүстiк Қазақстан облысында ауыл шаруашылық саласына бөлiнген субсидия қаржысының талан-таражға түскендiгiн оқырмандарға хабардар еткен едiк. Келесi мақаламызда бұл тақырыпқа кең көлемде қайта оралатынымызды ескерткенбiз. Сол уәдемiзде тұрып, оңтүстiктегi субсидия “жырына” қатысты қандай шаралар қолданылғанын айтып бермекпiз.

Мақаламызда облыс әкiмi Асқар Мырзахметов осы былыққа қатысты жауапты азаматтарға тәртiптiк шара қолданатынын естiп, былай деп ой тұжырымдаған болатынбыз: “…Субсидия бөлуде көзбояушылық, қызмет бабын асыра пайдалану кең етек алған. “Сенген қойым сен болсаң, күйсегенiңдi ұрайын” демекшi, сенген лауазым иелерi бармақ басты, көз қыстыға жол берген. Ауру қалса да, әдет қалмайтыны рас. Сондықтан субсидия бөлуде жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлыққа жол берген лауазым иелерi қызметiнен аластатылып, заң алдында жауап беретiн кез келер. Әсiресе осы былыққа жол берген аудан әкiмдерiнiң орынбасарлары бiр күнде қызметте отыруға моральдық құқы жоқ. Облыс әкiмi Асқар Мырзахметов жоғарыдағы айтқан уәдесiнде тұрса, оларды қызметтен шеттететiнi шындық. Бұл жерде облыс әкiмiнiң қаншалықты принципшiлдiгi, сыбайлас жемқорлыққа ымырасыздығы, ауылдағы қарапайым дихандарға қаншалықты жанашырлығы барын байқайтын боламыз. Бiз осы кезде облыс әкiмi сөздiң емес, iстiң адамы екендiгiне көз жеткiземiз. Облыс әкiмiнiң әрбiр iс-әрекетiн, айтқан сөзiн 2,5 млн. халық бақылап отыр емес пе?”. Осы сараптама мақаламыздан кейiн жаңадан тағайындалған облыс әкiмi қандай қадамдарға барды. Мырзахметов екi сөйлемейтiн азамат болып шықты. Субсидияны талан-таражға салғандар Оңтүстiк Қазақстан облысында қатаң жазаланды. Бүгiнгi таңда субсидия қаржысының заңсыз жұмсалуына қол қойған ведомоствоаралық комиссия мүшелерi тегiс жұмыстан босатылды. Заңсыз субсидия қаржысын босатуға қатысы бар азаматтар жұмыстан шеттетiлiп қомай, бiразының үстiнен қылмыстық iс қозғалды. Облыс әкiмi құзырлы органдарға заңсыз жұмсалған субсидия қаржыларын мемлекет қазынасына қайтаруға тапсырма бердi. Бұл қаржы қалай қайтады, аман болсақ оны да көре жатармыз. Дегенмен, прокуратураның мәлiметi бойынша ауыл шаруашылығын қолдауға бөлiнген қаржының 125 млн. теңгесi заңсыз жұмсалғаны айдан анық болды.

Бұл жөнiнде облыс әкiмi аппараты баспасөз қызметi нақты мәлiметтер таратып, суға кеткен субсидияға қатысты жаза алған азаматтардың аты-жөндерiн жалпақ жұртқа жария еттi.

Сарыағаш ауданында ведомствоаралық комиссия (ВАК) егiлуi тиiс егiс көлемi мен iс жүзiнде атқарылған жұмыстың сәйкестiгiн тексерместен, мәлiметтерi расталмаған актiге қол қойған. Мәселен, “Аль-Барака” ЖШС-нiң 1640 га жерге мақсары еккендiгi және аталмыш көлемдегi алқаптан өнiм алғандығын растап, ведомствоаралық комиссия тұқым егу мен қабылдау актiлерiне қол қойған.

“Салахит” ЖШС-i де 556 га жерге егiлмеген бидай үшiн 366960 теңге субсидияны заңсыз иеленiп кеткен. Тексеру жұмыстары көрсеткендей, бидай өнiмi жинап алынбақ түгiлi, тұқым да себiлмеген. Сценарийi ұқсас екi ЖШС-iнiң директоры да бiр адам — Н.Кенегесов. ҚР ҚК-iнiң 177-бабы 3-тармағына және 325-бабы 2,3-тармақтары бойынша Н.Кенегесовтың үстiнен қылмыстық iс қозғалып, қазiргi уақытта iс сотқа өткен.

Осыған байланысты аудан әкiмiнiң орынбасаы Ә.Илиясов, ауыл шаруашылық бөлiмiнiң бастығы О.Үкiбаев, осы бөлiмнiң жетекшi маманы Б.Байров жер қатынастар бөлiмiнiң бас маманы Қ. Тасилов, Жылға ауылдық округi әкiмiнiң орынбасары М.Елемесов және маман-жер инспекторы Б.Есимов қызметтерiнен босатылды.

Түлкiбас ауданында ведомствоаралық комиссия қол қойған актi бойынша бiр өндiрiстiк кооперативi көктемгi егiс жұмыстарын жүргiзуге және 625,92 га жерге өсiмдiк дақылдарын егiп, өнiм сапасын арттыру мақсатында 1 млн. 172 мың теңге субсидия қаржысын алған. Аталмыш дақылды жоғарыда көрсетiлген гектар көлемiнде жерге кооперативтiң егiн еккендiгiн растап, комиссия куәландырылған. Бүгiнгi таңда аталмыш кооператив төрағасы К. Ақылбаевтың үстiнен ҚР қылмыстық кодексiнiң 177-бабы 2-тармағына және 194-бап 1-тармағына сәйкес қылмыстық iс қозғалып, сотта қаралу үстiнде. Түлкiбас ауданы бойынша ауылшаруашылық бөлiмiнiң бастығы М.Ботбаев, осы бөлiм бастығының орынбасары А. Төлепбергенов, Машат ауыл округiнiң әкiмi Ш. Төреев, осы ауыл окiрiгiнiң бас маманы Ж. Нүсiрәлиев қызметтерiнен босатылды.

Ордабасы ауданында ведомствоаралық комиссия қол қойған актiге сай “Мәдi ата” шаруа қожалығына (төрағасы Б.Мәдi) 16,64 гектарға ауыл шаруашылық өнiмдерiн егуге, 2 гектар бау-бақшасын дамытуға, 1 гектар жерге көкөнiс және 2 гектарға жоңышқа егу мақсатында 48434 теңге субсидия бөлiнген. Бiрақ тексеру барысында анықталғандай, құжатта көрсетiлген бiрде-бiр жұмыс атқарылмаған. Заңсыз 48434 теңгенi иеленген төрағаның үстiнен ҚР Қылмыстық Кодекстiң 310-бабының 2-тармағы және 177-бабының 2-тармағымен қылмыстық iс қозғалып, 2 жылға мемлекеттiк қызмет атқару құқығынан айырылды және120000 теңге айыппұл төлеу туралы шешiм шығарылған.

Сол секiлдi “Ақ орда-Б” ЖШС-i 400 гектар жерге ауылшаруашылық өнiмдерiн өсiру мақсатында 1 млн. 920 мың теңге субсидия алған. Алайда, ведомствоаралық Комиссия қол қойған актiдегi жұмыстардың бiрде-бiрi атқарылмаған. Аталмыш серiктестiктiң директоры Б.Бекбосынов 1 млн. 920 мың теңге заңсыз субсидия алғаны үшiн ҚР Қылмыстық Кодексiнiң 177- бабының 3-тармағы және 325-бабы 1,3 тармақтары бойынша қылмыстық iс қозғалып, 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айрылды.

“Несiбе” ӨК-i 331 200 теңге субсидия қаржыларын заңсыз иемденген. Заң бұзушылықтарға жол берген. Ордабасы ауданының ауыл шаруашылығы бөлiмi бастығының орынбасары (бұрынғы ауыл шаруашылығы бөлiмiнiң бастығы) Ш.Қоңырбай, аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмi бастығы (бұрынғы Қажымұқан ауыл округi әкiмi) В.Герд, Қажымұқан ауыл округi әкiмi аппартының бас маман-жер инспекторы А. Омар Шұбар ауыл округi әкiмiнiң орынбасары (бұрынғы Шұбар ауыл округi әкiмi) Ш. Досымбек осы ауыл округ әкiмiшiлiгiнiң бас маман- жер инспекторы Ш.Дiлдiбай, Бөген ауыл округi әкiмi Ә. Жорабек, бас маман-жер инспекторы А. Ералы қызметтерiнен босатылды.

Түркiстан қаласында субсидия қаржысының жанар-жағармайға бөлiнген 40200 теңгесiн Шорнақ селосының тұрғыны Е.Битасов заңсыз пайдаланған. Ал, Шорнақ селосының тұрғыны Х. Данияров мақта өсiруге алған 60000 теңге субсидияны жоңышқа егуге пайдаланған. Осындай жолдармен мемлекет қаржысын заңсыз иемденген Е. Битасов пен Х. Данияровтың үстiнен Қаржы полициясы ҚР ҚК-iнiң 177- бабы 1-тармағына сәйкес қылмыстық iс қозғады.

Мемлекеттiк қызмет лауазымын терiс мақсатта пайдаланған Жүйнек ауылының әкiмi В. Жұмадуллаев осы ауылдың тұрғыны М. Романовқа заңсыз 211 700 теңге субсидия қаржысын бөлдiрткен. Ал, акт бойынша 17 га жерге мақта егiлуi тиiс. Алайда тексеру қорытындысы көрсеткендей, М. Романов бар-жоғы 6,7 га жерге мақта тұқымын сепкен.

ҚР Қылмыстық кодексiнiң 307-бабы және 314-бабы 3-тармағы В. Жұмадуллаевтың үстiнен қылмыстық iс қозғалып, қазiргi уақытта тергеу-тексеру жұмыстары жүргiзiлуде. Осыған байланысты Түркiстан қаласы әкiмiнiң кеңесшiсi О.Егiзбаев, ауыл шаруашылығы бөлiмнiң бастығы С.Әбдухаликов, осы бөлiмiнiң бас маманы Т. Төлемiсов , Жүйнек ауылы округiнiң әкiмi В . Жұмадуллаев, жер қатынастар бөлiмiнiң бас маманы Б.Неметов қызметтерiнен босатылды. Отырар ауданында “Көпен “ шаруа қожалығы төрағасы мiндетiн атқарушы Б.Зұлпыхар 200 га жерге ауыл шаруашылық өнiмдерiн өсiру мақсатында ведомствоаралық комиссия қол қойған 748300 теңге көлемiнде субсидия қаржысын алған. Бiрақ 105 га жерге тұқым себiлген. Осындай жолмен “Көпен “ шаруа қожалығының 561400 теңгенi заңсыз иемденгенi анықталды. Сөйтiп Б.Зұлпыхар мемлекетке 1 072 795 теңге көлемiнде шығын келтiрген. Оның үстiнен ҚР Қылмыстық кодексiнiң 177-бабы 3-тармағына және 325-бабы бойынша қылмыстық iс қозғалып, қазiргi уақытта тергеу-тексеру жұмыстары жүргiзiлуде.

Осыған байланысты ауыл шаруашылығы бөлiмiнiң бастығы С.Тастанов, жер қатынастары бөлiмiнiң бастығы Н. Бесеубай, Ақтөбе ауыл округi әкiмi С. Сейiлбек, маман-жер инспекторы Б.Абылай қызметтерiнен босатылды. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлiмi бастығының орынбасары Қ. Сержановқа қатаң сөгiс, осы бөлiмнiң бас маманы Қ. Бұралхиевқа ескерту берiлдi.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бойынша басқарма бастығының орынбасары Қ. Оспанбековке және бас бухгалтер К. Дауылбаеваға сөгiс берiлдi.

Айрықша атап өтетiн жайт, 4 облыс әкiмi А. Мырзахметовтың тапсырмасына сәйкес субсидия қаржысының заңсыз жұмсалуына қол қойған және жауапкершiлiктi ұмыт қалдырып, бақыламаған ведомствоаралық комиссия мүшелерi тегiс жұмыстан босатылғанымен, олардың заң бұзушылықтарға қатыстары анықталған жағдайда үстiлерiнен қылмыстық iс қозғалатын болады.

Осы фактiлерге қарап, Оңтүстiк Қазақстан облысында жемқорлыққа жол бергендер, ауылдың жағдайын аяқасты еткендер қатаң жазаланғандай сияқты. Дегенмен субсидия қаржысын талан-таражға салғандардың iшiнде Қазығұрт ауданының “Мақсат-Келешек” шаруа қожалығы да болатын. Бұл қожалық “жемiс-жидек, жүзiм өсiремiн” деп 7 276 557 теңге алып, небары 6 га алқапқа осы дақылдарды егiп, 6,7 гектар алқапты пайдаланбаған. Бұл жағдай жоғарыдағы шаруа қожалықтарының көзбояушылық тiрлiктерiнен асып түседi. Бұл шаруа қожалыққа қаржы алуға ықпал еткен ауыл әкiмi А. Мәмбетәлиев қызметiнен босатылғанмен не аудан әкiмi Н. Әжiметовке, не орынбасарына, не лауазымды тұлғаларға шара көрсетiлмеген. Сондай-ақ облыстың ортақ қазынасына көп ортақтасатын ауданның бiрi — осы Қазығұрт. Облыстағы 3 қала мен 12 ауданның iшiнде жерi шырайлы, табиғаты қолайлы бола тұра бұл киелi өңiр бюджет кiрiстерiнiң небары 7,3 пайызын құрайды. Және аудан 93 пайыз көлемiнде дотация алып, мемлекеттiң мойнында масыл болып отыр. Шалғайдағы Созақ ауданының кiрiсi 39,1 пайызды құрап, облыста екiншi орында тұр. Созақтың соңында салпақтап жүрген Қазығұрт ауданының шенеунiктерi не ойлап жүргенiн түсiнбейсiң.

Басқа аудан әкiмдерi де осындай күй кешiп отыр. Түркiстанда тындырмаған шикi тiрлiктерiңдi тiзбектейтiн “геройлар” жеткiлiктi. Олар нақты фактiлердi қолыңызға ұстатып, жариялыққа шығаруға ой тастайды. Бұл фактiлерден түлкiбұланға салып, жалт бұрылып, жалтарып кете алмауың мүмкiн. Осындағы жолдарға жұмсалған, этнографиялық гүлдер құрылысына кеткен облыс, қала бюджеттерiнiң қаржылары өз мақсатына жұмсалды ма? деп iздеу салып жатқандар бар. Бұл жерде бiр шикiлiк бар ма, бiлмедiк. Миллион, миллион қаржылар құмға сiңген судай iзiм-ғайым жоғалса, қаржы полициясы, прокуратура дабыл көтеретiнi шындық. Бiз бұл дабылды мiндеттi түрде өз оқырмандарымызға жеткiземiз.

Сондай-ақ, Сайрам ауданындағы субсидияға қатысты сорақы тiрлiк орын алғанын ел-жұрт жақсы бiледi. Екi лауазым иесi А. Абдусаттаров пен ауыл шаруашылығы бөлiмiнiң бастығы А. Есалиев пара алу үстiнде ҰҚК қолына түскен болатын. Бұл оқиғаға қатысты ешкiмге де шара көрiлмептi. Осылай субсидия бойынша тәртiптiк жаза қолдануда неге екенi түсiнiксiз жағдайлар орын алған. Мүмкiн бiз бұл сұрақтың жауабын жаңадан тағайындалған облыс әкiмi Асқар Мырзахметовтың өз аузынан еститiн шығармыз. Соңғы екi аудан әкiмiнiң қызметi өсiп жатса, оған да таңданбаймыз. Мырзахметовтың “ары таза азаматтар қызметке өседi” деген әңгiмесiне көпшiлiк күмәнмен қарап жүрмесе болғаны.

Тағы бiр айтатын жайт, ауыл шаруашылығы басқармасының лауазымды тұлғаларына көрсетiлген тәртiптiк шара “екiншi рет сотқарлық жасама “ деп ата-анасының баласын басынан сипаған тiрлiкке ұқсайды. Ауыл шаруашылығы саласының басшылары ауылға бөлiнген қаржыны бақыламаса кiм бақылайды? Сонда тәртiптiк шара көруге ұсынатын прокуратура қызметкерлерiне сенгенiмiз жөн бе?

Балтабек ТYЙЕТАЕВ

Серіктес жаңалықтары